«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».
Н. А. Назарбаев
Басты бет » Есімнама » Халел Досмұхамедұлы – мұраттанушы ғалым

Халел Досмұхамедұлы – мұраттанушы ғалым

XX ғасырдың 20-30 жылдары еңбек еткен қазақ зиялыларының ішінде Халел Досмұхамедұлының қайраткер ретінде де, қаламгер ретінде де орны алабөтен.

Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейханның, Ахмет Байтұрсынұлының, Мұхамеджан Тынышбаевтың, Халел Досмұхамедұлының халқымыздың рухани мұрасын жинауда, зерттеуде және жариялауда маңызды істер атқарғаны белгілі. Айталық, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы халық ауыз әдебиеті үлгілерін, Мағжан Жұмабаев Базар жырау, Ақан сері мұраларын, Халел Досмұхамедұлы Мұрат Мөңкеұлы жырларын, Мұхамеджан Тынышбаев қазақ тарихына қатысты деректерді жинап, зерттегені, жариялағаны бүгінгі күндері көпшіліктің игілігіне айналып отыр.[1] XX ғасырдың 20–30 жылдары еңбек еткен қазақ зиялыларының ішінде Халел Досмұхамедұлының қайраткер ретінде-де, қаламгер ретінде-де орны алабөтен. Халел күрескерлік жолмен ел арасында жүріп, көнеден қалған мұраларды жинауға белсене кірісті. Оның осы саладағы еңбектері кейінгілерге дерек көзі ретінде мол пайдасын тигізді. Х.Досмұхамедұлының осындай маңызды еңбектерінің бірі — қазақ әдебиеті тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі — Мұрат Мөңкеұлының шығармашылығымен байланысты. Ол 1924 жылы Ташкент қаласында «Мұрат, ақынның сөздері» деген атпен жинақ шығарды. Бұл жинаққа өзі алғысөз жазып, ақын шығармаларында кездесетін тарихи атауларға, ру аттарына, топонимикалық атауларға, көне сөздерге түсініктер берді. Жинақтың басты маңызы: бүгін біз білетін Мұрат, ақын өлеңдері, толғаулары, дастандары осы Халел Досмұхамедұлы арқасында жетіп отыр. Бұл рухани аз олжа емес. Қазақ поэзиясының алтын қорынан өзінің лайықты орын алатын Мұраттың «Үш қиян», «Сарыарқа», «Қазтуған», «Қарасай-Қази», «Шалкез жыраудың айтқаны» сияқты әйгілі шығармалардың біздің заманымызға жетуіне зор үлес қосты. Кейінгі зерттеушілер, қазақ әдебиеті үлгілерін жинақ етіп құрастырушылар Халел Досмұхамедұлының осы еңбектерін пайдаланды. Олардың көбісі заманында «осыларды жинаған Халел Досмұхамедұлы еді» деп айта алмады, заман айтқызбады. Олай деп әділ бағасын беруге мүмкіндік күні кешеден бері ғана туып отыр. Ендігі жерде Мұрат Мөңкеұлы шығармашылығына қатысты зерттеулерде, ақын өлеңдері енген жинақтарда Халел есімі аталуы тиіс. Х.Досмұхамедұлы Мұрат, ақын өлеңдерін жинап бастырумен бірге, ең алғаш оның өмірбаянын да жазған кісі. Мұраттың шыққан тегі жөнінде «Мұрат, ақын туралы қысқаша мағлұмат» деген алғысөзінде Халел: «Мөңке баласы Мұрат 1843 жылы туып, 1906 жылы 63 жасында опат болды. Кіші жүздегі Байұлы Беріш деген рудың Қаратоқай деген арысынан, Аққұлы деген бөлімінен болады. Туған жері Орал облысы, Гурьев (Үйшік) уезі, Қарабау деген жер. Жүрген жері — Бөкейлік, Орал, Маңғыстау. Мұраттың ата-тегі мал баққан шаруа қазақ. Туған, ағасы Матай деген, ақын болған. Мұраттың нағашысы Адай Азамат, Саламат, Сәмет дегендер заманында айтқыш адамдар екен. Мұрат жасында аз-кем молдаға оқыған, қара танып, хат жазарлық қана оқығаны болған. Мұрат бала күнінен-ақ өлең айта бастаған. Он бестен асқан соң той-тобырда өлең айтқанды мүсе тұтпай, заманындағы айтқыштардың бәрін айтысып, жеңген. Айтысқа өте шебер болған. Мұраттың өмірінде айтыстан жеңілген орны болмаған» — деп жазады[2].

Халелдің осы алғы сөзін оқып отырғанда, автордың екі мәселеге айрықша назар аударғаны байқалады. Біріншісі — Мұрат Мөңкеұлы шығармаларындағы тарихтық негізі бар деректер, екіншісі — ақын өлеңдерінің тілі. Осы көлемі шағын алғысөзден көптеген жер-су аттарын, ру атауларын, адам аттарын оқуға болады. Сонымен қатар Халел Мұрат өмір сүрген дәуір мен, ақын шығармашылығы арасындағы табиғи байланысты өте білгірлікпен ашып бере алған. Оны Халелдің мына бір пікірлерінен, аңғарамыз: «Мұрат бір жағынан өткенді білген шежіре болса, екінші жағынан халықтың мұңын, елдің зарын айтатын әлеуметшіл, ақын. Қазақ елі елдігінен айырылып, „штатқа“ көніп, нағыз болдырып тұрған кезде Мұрат өмір сүрді. Мұраттың заманы — бостандық үшін „егескен ердің бәрі жер тіреген“ заман. Патша хүкүметінің қазаққа құрған саясатының гүрлеп тұрған заманы, қазақтың бұрынғы тұрмысы өзгере бастаған, қазақтың бұрынғы кең қоныстан, сүйкімді әдеттен, еркін салттан айырыла бастаған заманы» — дей келіп, ақынның әйгілі «Үш қиян» толғауынан мына шумақтарды келтіреді:

Бұл қоныс жеті жұрттан қалған қоныс,
Ноғайдың көшіп талақ салған қоныс.
Қазтуған, Асан Қайғы, Орақ, Мамай,
Біз түгіл осыларды алған қоныс.
…………………………………………………………..
…………………………………………………………..
Кемелсіз қонған елін көп тоздырған,
Қайырсыз осы секілді неткен қоныс?
……………………………………
………………………………….
Кетейін десе жөн таппай,
Адыра қалған Үш қиян,
Қол ұстасып жүрген жер.

Мұраттың өлеңдерін талдаудан Халел Досмұхамедұлының қайраткерлігі байқалады. Сыншының ондай қайраткерлігі, ақын шығармаларындағы отаршылдыққа қарсы сарындарды талдауынан, саяси, әлеуметтік, қоғамдық пікірлерінен байқалады. Мәселен, ол: «Мұраттың өлеңдерінде патша хүкүметінің қазаққа жұмсаған саясаты айқын байқалады. Хүкүметінің жақсы жерлерді тартып алғаны, ел қамын жегендердің қуылғаны, өлтірілгені анық айтылады» — дейді.

Мұраттың отаршылдыққа қарсылықтан туған шығармаларында, көбінесе, отаршылдардың қазақ жерін тартып алуы, байырғы жұртты ығыстыруы көбірек жырланатын. Өткен ғасырдың екінші жартысында жазылған Мұрат шығармашылығы туралы зерттеулерде осы мәселе үнемі айтылатын. Мұрат, ақынның осы ерекшелігін Х.Досмұхамедұлы өте дұрыс байқаған.

Халел Досмұхамедұлының «Мұрат, ақынның сөздері» атты еңбегіне жазылған алғысөзінде мынадай жолдар бар: «Мұраттың сөздерінде жерлердің аттары көп ұшырайды. Бұлардың көбі ескі аттар. Осы аттардың бірқатары осы күнде Еділ, Жайық алаптарында ұшырайды. Бұл жерлерде қазақ қай мезгілде жүрген? Боқсақты, Теңгелік, Өгізтау, Бесешкі, Бадашы, Қараша, тағы талайлар қай жер? Құбанда қазақ қай уақытта жүрген?

Асан Қайғы, Қазтуған, Айсаның ұлы Әнет, Қараның ұлы Сидақ, Жаңбыршының ұлы Телағыс, басқа да айтылған бөтен батырлар кім? Бұлар қай уақытта болған? Ноғайлы деген кім? Қазақтың Ноғайлыға не жақындығы бар?

Мұраттың өлеңдерін оқып отырғанда осы сұраулар өз-өзінен ойға келеді.

Қазақтың тарихын жазған адам Мұрат секілді, ақындардың сөзін елеусіз тастай алмайды»[3].

Біз өз тарапымыздан Халел Досмұхамедұлының осы сұрақтарына, ақын шығармаларындағы деректер арқылы жауап беруге тырыстық.

Мәселен, Мұраттың «Үш қиян» атты толғауын қарастыратын болсақ, одан қазақ тарихына байланысты төмендегі жайттарды кездестіруге болады. Шындығында Мұрат, Ноғайлы заманында және одан кейінгі кезеңдерде өмір сүрген Сыпыра жырау, Асан Қайғы, Қазтуған, Шалгез, Доспамбет, Жиембет жыраулардың шығармаларын біздің заманымызға бірден-бір жеткізуші болды. Оның қазақ тарихы үшін зор маңызы бар. Алтын Орда ыдырағаннан кейін Маңғыт ұлысы едәуір салмаққа ие болды. Ноғай ордасына түрік тайпалары: қыпшақтар, қаңлылар, қоңыраттар, керейіттер, наймандар, арғындар және басқалар, яғни қазақ халқының құрамына кірген тайпалар ұйытқы болды. Қазақтар мен, ноғайларды тілдерінің жақындығы ғана емес, материалдық және рухани мәдениеті-де туыстастырады. Бұл этностардың жері-де шектес болатын: «…Хвалын теңізі мен Астрахан арасында қазақ ордалары және Жайықтың басынан Еділге қарай үлкен, ноғайлар орналасқан. Ноғай Ордасындағы XYI ғасырдың екінші жартысындағы өзара қырқыстар, Ноғай Ордасының ыдырауына, олардың бір бөлігінің Кавказға (Кіші, Ноғай Ордасы немесе Қази ұлысы) көшіп кетуіне әкеліп соқты, ал Жайық өзенінде қалған, ноғайлар (бұрын 1563 жылы бекзада Жүсіптің балалары өлтірген сұлтан Ысмайылдың, қоластындағылар) қазақ халқының құрамына және оның этноаумақтық бөлігі — Кіші жүзге кірді»[4].

Мұрат жеткізген, ноғайлы заманының «Қырымның қырық батыры»,өзінің төл туындылары «Үш қиян», «Сарыарқа», «Қазтуған» толғауларында осы кезеңдегі, яғни XY-XYII ғасырлар аралығында орын алған оқиғалар суреттеледі. Енді Мұрат жыраудың толғауларында кездесетін жер-су аттары, тарихи тұлғаларды саралайтын болсақ: Едіге — Алтын Орда дәуіріндегі тарихи адам. Ол Алтын Ордаға 1396–1411 жылдар билік еткен[5]. Өз кезінде Алтын Ордадағы ең айлакер, саясатшыл, батыр да батыл билеушілердің бірі болды. Ол сол кезеңде бір-біріне жау Әмір Темір мен Тоқтамыс хан арасындағы күрделі қарым-қатнастарды шебер пайдалана отырып, Еділ мен Жайық аралығындағы жерлерді жиырма жыл жеке билеген. 1419 жылы Сарайшық қаласының түбінде Едіге Тоқтамыстың баласы Қадірбердінің қолынан қаза тапты[6].

Едіге жөніндегі атақты «Едіге» жырынан басқа да тарихи деректер баршылық. Араб тарихшысы ибн Ғарибшах Едіге туралы былай жазған: «Аса, ақылды, білгір саясатшы еді. Досына мейірімді, дұшпанына қатал болды. Шариғат амалдарын орындай отырып, ғылым-білім, өнер туралы кітаптарды да жиып, оқып-біліп отырды. Жиырма жыл Дешті-Қыпшақта төре болып тұрды»[7]. Бұл деректен Едігенің қазақ тарихына тікелей қатысы бар тұлға екенін көреміз.

Мұраттың «Әттең, бір қапы дүние-ай!» толғауында мынадай өлең жолдары бар:

«Қабыршақты, Қарасу
Ол — Қазтуғанның қонысы еді
Алты атаның ар жағы,
Талөкпенің бер жағы,
Мынау Сақмар деген суыңыз
Ол — Едіге бидің қонысы еді
Бесешкі, Еділ бетінде
Бұлыңғы таудың шетінде,
Бадашы деген кең тоғай
Ол — Ер Сидақтың қонысы еді
Адырмақты Алатау,
Ол — Ер Орақтың қонысы еді»[8].

Бұл өлең жолдарынан XIY ғасырдың аяғы, XY ғасырдың бас кезінде Еділ мен Жайық арлығында Едіге мырза мен оның тұстастары Сидақ, Орақ сынды батырлардың өмір сүргендігі көрініп тұр. Мұрат — ақын шығармашылық өнердің адамы. Сондықтан осы толғаудың кейбір тұстарында «Самар суын жайлаған Самарбай», «Еділ суы Еділ байдың қонысы», «Жайық деген суыңыз Жайықбай байдың қонысы», — деген жолдар кездеседі. Яғни, бұл есімдерді, ақын ұйқастық үшін пайдаланған болуы мүмкін. Ал Едіге мырза, Ер Сидақ, Ер Орақтардың қоныстарын айтқан кезде, ақынның ондай әдістерді қолданбағаны, керісінше тарихи жер-су аттарын дәл атағанынан — бұл кейіпкерлердің тарихта өмір сүргендігінің айқын дәлелі ретінде қабылдаған жөн. Мысалы, Қабыршақты — Жайықтың оң бетіндегі бір саласы. Қарасу — жердің аты. Сақмар — Жайықтың саласы.

«Ер Орақтың қонысы — Адырмақты Алатау» — дегені Маңқыстау өңірі болуы мүмкін. Олай дейтініміз, кезінде академик А.Жұбанов Құрманғазының «Алатау» атты күйінің Маңқыстау тауларына байланысты шығарылғанын дәлелдеген болатын[9].

Ақынның «Үш қиян» атты толғауынан:

«Ақтөбе мен Қорғанша
Асанқайғы бабаның
Қызыл тастан үй салдырып,
Он жыл тұстас отырып,
Әңгіме құрып кеткен жер», —

деген өлең жолдарын кездестіреміз[10]. Мұнда Асан Қайғы отырып кетсе, онда қала XY ғасырда салынған болады. 2006 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Тарих» мамандығына оқитын студенттері т.ғ.к. М.Қасеновтың жетекшілігімен Қорғанша қаласының орнына археологиялық қазбалар жүргізді. Қаланың қазіргі орны Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Қаракөл ауылының солтүстік-шығысында 15 шақырым қашықтықта, Жаңақора мекенінен 8 шақырым оңтүстік-батыста, Ақши мекенінен 6 шақырым солтүстік-батыста орналасқан.

Қала туралы, Асан Қайғы туралы бірден-бір жазбаша дерек Мұрат, ақынның толғауы. Ақын сол өңірде Қарабау, Тайсойған өңірінде туып өскен. Ел аузындағы, аңыз-әңгімелерді, дастандарды жадына сақтап, өз шығармаларына пайдаланған. Сондықтан Мұраттың өлең-жырларын өлке тарихының дерек көздері ретінде пайдалануға әбден болады.

Тарихта Қобыланды батырдың «Қорғанша» қаласы туралы, аңыз бар.
Қарабау өңіріндегі Қорғанша қаласын Қобыланды батыр салдыруы да мүмкін. Кейбір тарихи деректерде, жырларда Қобыландының XI ғасырда өмір сүргендігі айтылады. Батыр кезінде Фердаусидің отандастары қызылбастармен-де, олардың қас жауы турандық билеуші Афрасиабпен-де соғысқан. Ондай қуатты да, іргелі мемлекеттермен соғысуға қол астында сан мыңдаған тұрақты әскері бар қолбасшының ғана қолынан келетіні бесенеден белгілі. Тұрақты да қуатты әскердің жан-жақты дамыған мемлекеттерде болатынын ескерсек, Қобыланды батырдың Қорғанша сияқты астанасы болуы әбден мүмкін.

Бұл туралы академик С. П. Толстов қала III-Y ғасырларда салынған, тарихқа «Қорғанша» деген атаумен мәлім болған, қалада қазақ және қарақалпақ халықтарының эпостық жырларында кездесетін Қобыланды батыр тұрған деген мәлімет келтіреді[11]. Бұл пікірді профессор Т.Қоңыратбаев та қолдайды[12].

Ал Шынияз Шанайұлы (1819–1875 жж.)Қорғаншаны өз жырларының бірінде Кіші жүз ханы Нұралы салдырған дейді.

«Хан болған одан кейін Нұралы еді,
Төренің арқар деген ұраны еді.
Хан ауылын Сырым шауып тоздырғанда,
Ақылды Алдар биден сұрап еді.
Қараға хан баласы әкім болған,
Ежелден келе жатқан мұраң еді.
Тұрғызып Тайсойғаннан Қорғаншаны,
Он жылдай мекен еткен тұрағы еді»[13].

Археологиялық қазба жұмыстарының бастапқы кезеңі Қорғанша қаласының тарихта болғандығын дәлелдеп отыр. Сонымен бірге Батыс өлкеде әрісі XIII ғасырдан бастап, берісі XYII–XYIII ғасырлар аралығында көптеген қалалар мен қала-бекіністер болған. Олардың қатарына Сарайшық, Қызылқорған, Қарабау, Ақтөбе, Ақтөбе-Лаэти және т.б. қалаларды жатқызуға болады.

Кіші жүздің хандары Әбілқайырдың, Нұралының, Жәңгірдің т.б. хандарының өз қала-бекіністері болған. Бұл туралы Мұрат, Шынияз, Жиембет, Ығылман жыраулар шығармаларынан деректер кездестіреміз. Ал, Қорғанша қаласының өзіне келетін болсақ: бұл қаланы Қобыландының да, Асан Қайғының да, Нұралы ханның да өздері өмір сүрген кезде салдырғанын жоққа шығаруға болмайды. Қанша уақыт өтсе-де, қанша ғасыр өтсе-де қалалардың аты да, оны салдырған тұлғалар есімі-де халық жадынан шығарылмай, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіліп отырған. Ал жыраулар болса ол деректерді өз жырларының мазмұнына арқау еткен. Әлемдік тарихтың ұлы оқиғалары болып табылатын грек-троя соғыстарының тарихын жазғанда ғалымдар Гомердің «Илиада», «Одиссея» дастандарына сүйенгені белгілі. Троя қаласының да, грек-троя соғыстарының да болғанын неміс археологы Г. Шлиман XIX ғасырда бүкпесіз дәлелдеді. Бұның қазақ тарихына қандай байланысы бар дейсіз ғой? Біздіңше, тікелей байланысы бар.

Грек халқының ұлттық мақтанышы Гомердің дастандары Грекия тарихының дерек көздері ретінде пайдаланылғандай, Мұрат шығармаларын да Қазақстан тарихының дерек көздері ретінде пайдаланатын уақыт жетті. Сол Шлиманның өзі Троя қаласының бір емес бірнеше рет өртке ұшырағанын, яғни Гомер жырлаған Троя қаласынан бұрында, одан кейінде талай өркениеттердің тарих сахнасынан келіп, кеткендігін дәлелдесе, біздің мысалымызда да Қобыланды Қорғаншаны өз заманында, Асанқайғы өз заманында, Нұралы хан өз заманында өмір сүргендігін ешкім жоққа шығармасы керекті.

Сондай-ақ Мұрат, ақын жырларында ұшырасатын Естерек ұлы Ер Тарғын, Көлектің ұлы Қартқожақ та тарихи адамдар, Ноғайлы заманында XIY-XY ғасырларда өмір сүрген, Едігенің тұстастары деп топшылауға болады. Бөкей өңірінде Тарғын деген өзен бар. Ондай деректер жырау толғауларында көптеп табылады[14].

Белгілі өлкетанушы Сабыр Ғабдолкәрімнің пікірінше Мұратты он тоғызыншы ғасыр ауыз әдебиетінің шырқау биігіне шығарған — ғасырлар бойы бабаларымыздың ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап келген қасиетті қонысының талапайға түсуін, қазақ мемлекетінің құлдырауын дөп басып көріп, жалынды жырмен тебірене толғауы, қасіретаке толы қазақ қоғамының айнасы болған шығармалары — «Үш қиян», «Сарыарқа» толғаулары, «Қазтуған», «Қарасай-Қази», «Шәлгез» жырлары. Ақынның жыраулық өнері-де зор болғанын, «Қырымның қырық батырын» ел арасына таратуда елеулі үлес қосқанын ескерсек, оның өмірінің де, шығармаларының да негізгі арқауы — халықтың қамы, отаршылдықтың салдарынан қонысынан айырылған ел, халқы үшін өмірін құрбан еткен ерлер, аяқ асты бола бастаған қазақтың салт-дәстүрі екені көрініп тұр. Бұл жағынан Мұратты дәстүрін жалғастырушы деп қарауға болады.

«Сарыарқа», «Үш қиян» — шоқтығы биік туындылар. Бұл — тарих, берісі алшын, әрісі — алаш тарихы, сонау, ноғайлы заманынан бергі халқымыздың шерлі шежіресі. Ол — желмаямен жер қараған Асан Қайғы; алдаспандай жарқылдап өткен Орақ, Мамай, Қарасай, Қази, Шора, Телағыс; кейінгі ұрпаққа салқынын салады деп өзге дінділерден сескеніп, қонысты талақ еткен, Еділ мен Жайықтың берексінен айырылып, елім деп еңіреген Қазтуған; аумалы-төкпелі заманда Алтын Ордадай қуатты мемлектті, Ноғайлыдай қырық ру елді билеген Едіге; «жеті жұрт көшіп жол салған, адыра қалғыр Үш қиян»; қара құрымдай қалмақтардың дүмпуімен Сырға, Қаратауға көшкен ел-жұртты Үш қиянға қайта қоныстандырған кете Әжібай, беріш Есболай, адай Шотан. «Әуелі жеңіп орыс Еділді алды, Сарытау, Аштарханның жерінде алды. Артынан Еділден соң Нарынды алды, Тоғайдың ағаш, қамыс, талын да алды… Қуалап Исатайды өлтірген соң, Заманның содан бері тарылғаны… Ерлігі бір қазақтың Махамбеттей, оны да, аңсыз жерде жазымдады… Соңынан Әлім менен Табынды алды, тоздырып, ақсүйектің тағында алды. Қазақтың хан — шегесі, жер — мұрасы, Тағынан хан тайған соң бақыр қалды» — дейтіні анық тарих. Бұл шағын мақала арқылы ғылыми ортаның назарын отан тарихына байланысты күрделі мәселелердің бірі — жыраулар шығармаларын тарихтың дерек көздеріне айналдыру мәселесіне аударғымыз келді. Және-де мақаламыздың соңын Аманқос Мектептегінің сөзімен аяқтаймыз: «Халық поэзиясының ақпа-төкпе өкілі Мұрат, ақынның қазақтың мұңы мен зарын, Ноғайлы заманынан бері келе жатқан шежіре сырын жырлаған көркем туындылары Халекең боолмаса бүгінгі ұрпаққа жетер ме, жетпес пе еді?»

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Құл-Мұхаммед Мұхтар. «Халел Досмұхамедұлы — Мұрат, ақын шығармаларын жинаушы һәм зерттеуші».
2. Бұл да сонда.
3. Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы., А., 1998, 94 б.
4. Қазақстан тарихы, бес томдық. 2-том, А.,1998, 310-311бб.
5. Аманжолов К., Рахметов К. Түркі халықтарының тарихы., А., 1997, 41 б.
6. Бартольд В.В Отец Едыгея. История творческого общества истории, археологии и этнографии.,Т.1., Симферополь 1927.
7. Қ. С. Э. 4-том, 105 б.
8. Мөңкеұлы М. Әттең, бір қапы дүние-ай!, А. 1991.
9. Жұбанов А. Ғасырлар пернесі., А., 1958.
10. Мөңкеұлы М. Үш қиян., А., 1991, 112 б.
11. Толстов С.П. по следам древнехорезмийской цивилизации. М., 1978, с.21–22.
12. Қоңыратбаев Т. Эпостың жырдағы кісі, жер атауларының негізі // хабаршысы. ЧТТУ. № 5 (41)., 2003, 3 б.
13. Шанайұлы Ш. Бойында үштемірдің Әлім жүрген. Алқаласа әлеумет. А., 1991, 98 б.
Нағымов Ш. Мұрат Мөңкеұлы шығармалары — өлке тарихының айнасы., БҚМУ хабаршысы., 2007, 167 б.


Нағимов Ш.Н., педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері

  • Аты
  • Халел Досмұхамедұлы – мұраттанушы ғалым
  • Қызмет саласы
  • Ғалымдар, зерттеушілер