«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».
Н. А. Назарбаев
Басты бет » Есімнама » Ілияс Есенберлиннің туғанына 100 жыл

Ілияс Есенберлиннің туғанына 100 жыл

Ілияс Есенберлин 1915 жылы 10 қаңтарда Ақмола облысы Атбасар қаласында дүниеге келген.

Ілияс Есенберлин 1915 жылы 10 қаңтарда, Ақмола облысы Атбасар қаласында дүниеге келген. Кеңестік әдеби шығармашылардың арасында саны жағынан алғанның өзінде ең көп романдар мен басқа да жанрда жазылған шығармаларымен ерекшеленген жазушының есімі ондаған тілде сөйлейтін оқырмандар есінде, әрине, өзінің «Көшпенділер» трилогиясымен таныс.

Оқырмандар жүрегінен әсіресе өзінің тарихи шығармаларымен орын алған жазушының келесі, 2015 жылы, дүниеге келгеніне 100 жыл толуына байланысты меретой әлемдік-деңгейде тойланбақшы. 2012 жылдың қаңтар айында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттары Е. К. Астаев, С. Ақылбай, К. Айтаханов, М. Алтынбаев, М. Бахтиярұлы, А. Бижанов, С.Қ. Еңсегенов, Ж. Е. Ерғалиев жазушы Ілияс Есенберлиннің 100 жылдық мерейтойын әлемдік-деңгейде ЮНЕСКО-ның эгидасында тойлау туралы ұсыныс жасап, үкіметтің атынан осы халықаралық ұйымға ықпал ету туралы cұраныс жасаған.

2013 жылы 5–20 қазан аралығында Париж қаласында өткен Бас конференцияның 37 сессиясы қабылдаған Актіге сәйкес қазақ жазушысы Ілияс Есенберлиннің 100 жылдық мерейтойы аталған халықаралық ұйымның өткізілетін шаралары тізіміне еніп отырғаны өте қуанышты.

Жазушының өмірі мен творчестволық жолдарын зерттеуге байланысты еңбектер аз емес. Оның үстіне, жазушының туған қаласы — Атбасар қаласындағы «Есенберлин әдеби мұражайы» қызметкерлерінің де ондаған жылдар бойы жүргізген ізденіс жұмыстары, нәтижесінде мұражай қорынан орын алған естеліктер мен басқа да деректер Ілияс Есенберлиннің балалық шағы, жастық кезі мен еңбек жолы туралы насихат жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беріп отырғаны сөзсіз.

Осылайша, өзімізше қанағат тауып жүргенімізде, біз, Ақмола облысына қарасты Державин қаласында жазушының жақын туысы Шәкіш Абдрахманқызы Есмағамбетова тұрады екен деген мәлімет алдық.

17954f4e3a75b1a37e0f758a5f9c7c75.jpg

1946 ж. Шәкір апай (Клава Шакирова — оң жақта 1-ші) 7-сынып оқушысы. Құрбыларымен бірге

Шындығын айту керек, Ілис Есенберлин туралы біраз мәліметті оның інісі Раунақтың хаттары мен естеліктерінің негізінде жүйеге келтіру әрекетінде жүрген біз үшін жазушы туралы қандай да болмасын тың дерек өте маңызды. Соның ішінде, мысалы Ілияс, ағамыздың өзі көп еске алатын «Балуанкөл» деген жердің нақты қай маңда орналасқанын, ашаршылық кезінде жазушының Қарсақпай аудандық партия комитетінің хатшысы Теляевтің атына жазған хаты болған екен дегенді анықтау үшін Жезқазған, Қызылорда облыстық мұрағаттардан деректер таба алмай жүргенде, сексен жастан асқан Шәкіш апаймен кездесіп, сұқбаттасу біз үшін өте қажет болатын.

Бірнеше рет телефон арқылы әңгімелесіп, ақырында кездесу мүмкіндігі осы жылдың 1 сәуіріне тұспа-тұс келді. Державин қаласында тұратын Әнуарбек Райымбеков деген азаматтың ұйымдастыруымен сол күні Шәкіш апаймен кездестік.

d4b84ceb3db651c7c7580df8ed56b79e.jpg

Шәкіш Әбдірахман қызы Есмағамбетова. Державин қ. 2015 ж. 1 сәуір

Әрине, тарихшы болғаннан соң біз біріншіден Шәкіш апай айтқан әңгімелердің деректілігіне (әсіресе туыстық жағына) назар аударғанымыз да шындық. Міне, сол апайдың алғашқы көрсеткен фотоқұжаттарының бірі Ілияс Есенберлиннің жұбайы — Диляра апайдың суреті болды.

Бұл фотосурет оқырмандарға Асан Номадтың еңбегі арқылы да таныс. Бірақ, Шәкіш апайдың қолынан әбден ескірген суреттің түпнұсқасын көргенде, апайдың Дилярамен шыныменен кездескені туралы ешқандай күмән болмады.

e8ec56a144151e7ebe525678568e43f7.png

1946 ж. Диляра мен қызы Раушан (сурет жеке қордан алынған. Державин қ. 2014 ж.)

Шәкіш апай мен Диляраның кездесу 1946 жылы Алматы облысы Түргенннің жанындағы Жаңаталап деген ауылда болған. Осы жылы мектепті енді бітірген Шәкіш апай Жаңаталап ауылы басқармасы Шәкір, ағасының үйінде қонақта болғанда Дилярамен кездескен. Фотосурет сол жолы силанған. Ал Ілияс Есенберлиннің бұл үйде болғаны да дау тудырмауға тиіс. Өйткені, Түрген совхоздарының біріне туған жездесінің директор қызметіне орналасуына Ілияс көмектесті деген дерек бар.

Өкінішке орай Шәкіш апай Ілияс пен Раунақ Есенберлиндер жөнінде көп әңгіме айта алмады. Осылай деп отырсақ та, ол кісіден естіген Есенберлиндер шежіресі, мүмкін, тағы да біраз туыстарды тауып алуға түрткі болар ма екен деген ойдамыз…

Шәкіш апайдың айтқандарына қарағанда, Есенберлиндер төмендегі аталарынан тарайды: Алтай — Байдолы, Сеңгірбай, Жанұзақ, Мамырбай, Өтеміс, Бітеубай, Есмағамбет, Әбдірахман. Солардың ішінде Есмағамбеттен туғандар тоғыз ұл, бір қыз (солардың ішінде Шәкіш апай атағандары: Есенберлі, Тоқмағамбет, Жұппай. Әбдірахманнан 5 ұл, 5 қыз болған (солардың бірі — Шәкіш апай). Әбдірахман болса Бітеубаев болып жазылған.

2001 жылы Есенберлин қоры шығарған кітапта (Есенберлин И. Сокровенное: мысли. Изречения. Воспоминания. — Сост. Козыкорпеш Есенберлин. — Алматы. — 2001) Есенберлиндер шежіресі сәл басқаша екенін ескертеміз: Алтай — Есімбек, Сегірбай, Мамырбай, Аймолда, Жекебатыр, Бітеубай, Есенберлі.

Ілияс пен Раунақ Есенберлиндер туыстары, ағайындары туралы көп мәлімет қалдырмаған. Әкелері қайтыс болғаннан кейін, өгей әкелерімен тұрған. Ал шешелері қайтыс болғаннан кейін Раунақ Жұмабек деген, ағайынының қолында қалып, Ілияс болса біршама уақыт өгей әкесінің қолында болып, кейін аралары ашылып кетіп, біршама уақыттан соң енді ғана ашылған балалар үйіне қабылданады. Ол кезде оны «жетімектер паналайтын жер» деп атайтын дейді Раунақ.

Осыған қарамастан әсіресе Раунақтың туыстары туралы естеліктері өте сезімге толы. Ол інілерінің әрбір жетістіктеріне әрқашанда қатты қуанышта жүретін әпкелері Назымның өнегелі тәрбиесін жылы лебізбен еске алып, әкелері Есенберлінің өзінің жақын бауыры Жұппаймен бірігіп қаланың шет жағындағы салған үйде Атбасарда бәрі бірге өткізген соңғы жаз туралы жиі еске алып отырады.

Ілиястың болсын, Раунақтың болсын бала кездерінен есте қалған оқиғаның бірі — Атбасар қаласына Қызылжардан (Петропав — А.Қ.) педагогикалық техникумы студенттерінің келуі екен. Бұл сол кездегі Атбасардағы болған елеулі сәттердің бірі болса керек. Студент жастар қаладағы халық үйінде көптеген спектакльдер қойылымын ұйымдастырса, солардың ішінде С. Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлары», М. Әуезовтың «Еңлік — Кебегі», «Арқалық батыры», т.б. болған. Біржан мен Сараның айтысын көрсетіп, басты рөлдерді орындаушы Есенберлиндердің атастырылған апаcы Базарайым Хасенова еді.

Өз естеліктерінде Раунақ ол апаларының өте әдемі, ақкөңіл екендігін еске ала келе, апаларының кейін Алматыда жауапты қызметтерде жүргенде арақатынастарының үзіліп кеткендігі және ол туралы Ілияс пен екеуінің талай өкінгендерін айтады. Өзінің бір әңгімесінде Базарайым Хасенова өткен күндерді еске алғанда Ілиястың бала кезінен өте пысық болғандығына назар аударған. Әртіс апасы Петропавловскіден келерде ол қалалық Советке барып, көмекке он сом, ақша сұрап алады. Сөйтсе ол жердегілер оның он сомның көлемінде, ақша ұстатып және-де оны ылғи бір сомдықтармен берген көрінеді. Ілияс оны жатса-тұрса да уысында ұстап жүріп, апасы келген күні қолына ұстатқанын айтып еске алады ол кісі.

Осыған қарағанда, Ілияс пен Раунақ туыстарының оларға деген жақсылығы ешқашан естен шығармаған. Бар өкініштісі, пендешілікпен 

a6d20e9a68b4ec950e3b86d27f847df9.jpg

Шәкіш апайдың әкесі Әбдірахман мен анасы Бибімариям (сурет жеке қордан алынған. Державин қ. 2014 ж.)

жасаған қателігі үшін түрмеге түсіп, оны өтеп Атбасарға келген кезінде қол ұшын бере алмаған елі мен туыстарына деген өкпе…

Шәкіш апаймен кездесу барысында біз бір-екі мәселені анықтап алғымыз келді. Соның ішінде, мысалы, 1946 жылдары апасы Назымның Қарсақпайдан Алматыға көшіп келуі. Кейін апасының соңынан еріп келген жездесі Сейітқалидың Түрген маңындағы бір совхозға директор болып тағайындалуының тікелей Ілияспен байланыстырылуы туралы дерек болатын. Байқап отырсақ, бұл жерде-де Ілиясқа әкесінің ағайыны Жұппайдың ұрпақтарының көмегі-де жоқ емес сияқты…

Раунақтың болсын, Ілиястің өз айтқандары болсын, Есенберлиндердің өмірлік көзқарастарының жас кезден бастап ерекше қалыптаса бастауына әсер еткен уақиғалардың бірі — Атбасардан қырық шақырымдай жерде орналасқан Балуанкөлдің маңында өткізген кездер. Әсіресе Кәкбай есімді қырғыз, ақыннан естіген көптеген, аңыз-әңгімелер. Қырғыздар ішінен шыққан бұл, ақын домбыраның сүйемелдеуімен қазақ батырлары туралы жырлары мен эпостарды, лирикаға толы дастандарды көп орындайтын болса, көпшілікпен бірге оны аса құмартып тыңдайтындардың бірі Ілияс Есенберлин болған. Кәкбай, ақыннан Ілияс алғашқы рет Асанқайғы, Бұхар жырау, Едіге, Қобыланды, Абылай, Кенесары, яғни өзінің болашақ шығармасы «Көшпенділердің" бас кейіпкерлері туралы естіген. Қазақ ауыз әдебиетіне деген ерекше қызығушылық оның бойында осылайша орын ала бастаған.

«Кеш түсе ауыл адамдары үлкен оттың басына жиналатын. Алтыбақан орнатылып, жастар өлең айтып, түрлі ойындар ұйымдастырып көңіл көтеретін. Шамалы уақыттан соң бұл жерге осы ауылға өте құрметті Кәкбай (Какбай) келетін. Ол домбырада ойнауды әбден меңгерген, қазақтың жырлары мен, аңыздарын көп білетін. Жиналған жұрт болса, ақынды қоршап отыра қалып, домбыраның сүйемелдеуімен бір шығарманы орындап беруді сұрайтын. Домбырасын қолына алып, реттей бастағанда жұртпен бірге жүрген Ілияс пен Раунақ міндетті түрде, ақынға жақын орын табушы еді» — деп еске алатын да Раунақ Есенберлин.

Міне, осы Балуанкөлдің қай жерде екені туралы деректер әртүрлі болып кеткен. Раунақтың естеліктеріне негізделе отырып, өлкетанушы, Ілияс Есенберлин туралы көптеген деректер жинап, кезінде жазушының өзімен-де кездескен, ал, ағамыз дүниеден өткен уақыттан кейін оның есімін мәңгілік ету барысында Атбасар қаласында Есенберлин атындағы әдеби мұражайдың ашылуына көп еңбек сіңірген Клара Әмірқызы, Балуанкөлді Атбасардан қырық шақырымдай жерде орналасқан деп көрсетеді. Атбасарға жақын жерден Балуанкөлді таба алмай, мүмкін ол Балкашино ауданына қарасты бір жерлер емес пе екен деп жүргенде, мәселе басқаша болып шықты.

Шәкіш апаймен әңгіме барысында білгеніміз, Жұппайдың қыздарының бірі Тазагүлдің қырғыз руының жігітіне тұрмысқа шыққан. Мұқажан есімді сол жігіттің тұрған жері — Балуанкөл. Бұл төңірек бізге Қарақойын деген атаумен белгілі. Яғни, қазақтардың жайлауы. Тіпті, кеңестік заманның өзінде жаз түсе Атбасар және көршілес жатқан аудандардың малшылары көп малдарын сол жаққа жайлауға көшіретінін білетінбіз. 1960–70 жылдары осы аймақта арнайы «ХХІ партсъезд», «Гагарин», «Титов», Фурманов, Чапаев, Ленин атындағы совхоздар да ашылған.

ae337ba6177a42831c714ea9132b45f8.jpg

Шәкіш апай мен Атбасардағы Есенберлин атындағы әдеби мұражайдың директоры Ұлбосын Камбатурова 2014 ж. 1 сәуір

Бізге дерек жинауға көп көмектескен Әнуарбек Райымбековтың айтуынша Мұқажан 1954 жылдардың төңірегінде Державин ауданына көшіп келген. Осы маңда қайтыс болып, жерленген. Есенберлин Ілияс пен Раунақтың жаз шыға Балуанкөлге кететіні — Мұқажан жезделері мен Тазагүл апаларының арқасы болса керек.

Әрине, бізді қызықтырып отырған Балуанкөл ғана емес. Десек те, осындай кездесулер «уақытынан озған» жазушы Ілияс Есенберлин туралы көп мәліметтер берері сөзсіз. Ал Есенберлин мұражайы болса Шәкіш апай туралы аудио, бейне деректермен толықтырылды…

Амангелді Қашқымбаев.
Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары.
Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент

  • Аты
  • Ілияс Есенберлиннің туғанына 100 жыл
  • Қызмет саласы
  • Ғалымдар, зерттеушілер