«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».
Н. А. Назарбаев
Басты бет » Есімнама » Әлкей Хақанұлы Марғұлан

Әлкей Хақанұлы Марғұлан

Ғалым, археолог, тарихшы, этнограф, шығыстанушы, филолог, профессор, Қазақстан ҒА-ның академигі.

Ә. X. Марғұлан 1904 жылы 11 мамырда  Павлодар облысы,  Баянауыл ауданы, бұрынғы Ақбеттау болысының № 2 ауылында кедей шаруа семьясында дүниеге келді. 1985жылы 12 қаңтарда Алматы қаласында қайтыс болды.

Алғашқыда ауылдық мектепте оқып, бастауыш білім алды. 1919 жылдың соңында Павлодар қаласындағы мұғалімдік курсқа түсіп, оны 1920 жылы бітіргеннен кейін туған аулына қайта оралып, 1-дәрежелі 2-Далбы мектебінде мұғалім болып істеді. Білімнің әлі де жеткіліксіздігін сезген ол 1921 жылы Семейдегі педагогикалық техникумға түсіп, оны 1925 жылы ойдағыдай бітіріп шықты.

1925 жылы Әлкей Хақанұлы Ленинградқа барып, ондағы Шығыс институтының филология факультетіне оқуға түседі. Бұл института оқи жүріп, ол Ленинград университеті мен Өнер тарихы институтында да лекциялар тыңдайды. Ленинградта оқи жүріп Ә. X. Марғұлан сан ғылымдар негіздерін жете меңгерумен бірге қазақ халқының тарихы мен мәдениетін жан-жақты зерттеп, қыруар әдеби және архив деректерін жинады. Осы жылдарда ол көркем әдебиет саласында да біраз  іс тындырды. Оның, аудармасы бойынша қазақ қауымы орыстың және шетел жазушыларының көркем шығармаларымен танысты.

1926—1927 жылдары ол СССР Ғылым академиясының одақтас және автономиялық республикаларды зерттеу жөніндегі Ерекше комитеті академик А. Е. Ферсманның және профессор С.И. Руденконың басшылығымен ұйымдастырылған Қазақстан және Алтай экспедицияларының жұмысына қатынасты. Ә. Марғұланның қазақ мәдениеті мен тұрмысын, әдет-ғұрпын,  салт-санасын жетік білетіндігі экспедицияның антропологиялық отрядының жұмысына өлшеусіз септігін тигізді.

1929 жылы Ә. X. Марғұлан Абай творчествосы туралы жазылған  диплом жұмысын ойдағыдай қорғап, институты тамамдады.  Институтты бітірген соң ол Қазақ ССР Оқу ағарту Комиссариатындағы Жаңа алфавит комитетінде қызмет істейді.

1931 жылы Әлкей Хақанұлы Ленинградтағы Мемлекеттік материалдық  мәдениет тарихы академиясының аспирантурасына түседі.

1943 жылы «Хандар жарлығының тарихи маңызы» атты тақырыпта  кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты.

1936 жылдан 1938 жылға шейін ол стажер, сонан кейін СССР ҒА Қазақ филиалы Тарих институтының ғылыми қызметкері.

1938 жылы СССР ҒА Президиумының ұйғаруы бойынша СССР ҒА Қазақ филиалына жіберілді.

 1941—1946 жж. ол тарих секторын басқарды, 1946—1951 жылдары археология секторын, ал 1957 жылдан 1976 жылдарға дейін Қазақ ССР ҒА Ш. Уәлиханов атындағы Тарих археология және этнография институтының этнография бөлімін басқарды. 1976 жылдан ол палеолит бөлімінің аға ғылыми қызметкері.

Ә. X. Марғұлан  Оңтүстік Қазақстанда Сырдария, Талас және Шу өзендерінің бойынан ежелгі қала мәдениетінің  іздерін ашып зерттеді.  Отырар, Тараз, Сайрам және Сығанақ қалаларында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізумен бірге сан алуан көне аңыз әңгімелер, ертегілер мен эпикалық жырлар нұсқаларын ел арасынан көптеп жинады, қазақтың материалдық және рухани мәдениетімен жіті  шұғылданды.

  Оның жан-жақты жүргізген археологиялық және этнографиялық зерттеулерінің нәтижесі 1950 жылы басылып шыққан Қазақстандағы көне қалалар тарихы жайындағы көлемді монографиялық еңбегі  болды. Бұл кітапта бірінші рет көне Қазақстандағы барлық қала цивилизациясының, негізгі орталықтарына түгелдей жан-жақты ғылымисипаттама, терең талдау жасалған. Сондықтан да Ә. X. Марғұланды Қазақстандағы археология ғылымыныңнегізін салушылардың бірі деуіміз әбден орынды.

  1945 жылы «Қазақ халқының эпикалық жырлары»  туралы докторлық диссертация қорғады.

1946 жылы СССР Ғылым академиясының Қазақ филиалы Қазақ ССР Ғылым академиясына айналды да, республиканың көрнекті ғұлама ғалымы Ә.X. Марғұлан академияның корреспондент-мүшесі, ал 1958 жылы толық мүшесі болып сайланды. 1960 жылы оған профессор атағы берілді. 

30 жылдан астам уақыт ішінде Ә. X. Марғұланның басшылығымен Орталық Қазақстанда жүйелі түрде археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, қола дәуірінің және алғашқы көшпенді тайпалардың мәдениеті жан-жақты зерттелді. Орталық Қазақстанда  жүргізген археологиялық зерттеулердің алғашқы қорытындысы есебінде Ә. X. Марғұланның, басқаруымен және оның тікелей қатысуымен жазылған іргелі монографиялық еңбек Орталық Қазақстанның көне мәдениетін  талдауға арналған.  Орталық Қазақстанда археологиялық зерттеудің екінші кезеңі Әлкей Хақанұлының Беғазы-Дәндібай мәдениеті туралы арнайы монографиясында және бес томдық Қазақ ССР тарихында қарастырылған.  Ә.X.Марғұланның жұмыс стиліне тән ерекшеліктердің бірі оның бірнеше мәселені зерттеу ісін қатар жүргізе білуінде. Осы мәселелердің әрқайсысын орындау үшін ондаған ғалымдар көп жылдарын жұмсаған болар еді.

1957-1967 жылдары Ш.Ш.Уәлихановтың таңдамалы шығармалар жинағының 5 томдық академиялық басылымын басқарды.

Көп жылдар бойы Ә. X. Марғұлан 300-ден астам ғылыми зерттеу жұмыстарын жариялады. Оның жетекшілігімен 50 ден аса докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғалды.

1961 ж. Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері атағы берілді.

1964 ж. Қазақ ССР Жоғарғы Советі Құрмет грамотасымен марапатталды.

1967 ж. «Орталық Қазақстанның көне мәдениеті» атты монографиясы үшін Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Қазақ ССР ҒА-ның сыйлығына ие болды. Осы жылы Ленин орденімен марапатталды.

1970 ж. «Ерлік еңбегі үшін. В.И. Лениннің туғанына 100 жыл толуы құрметіне» медалімен мараппатталды.

1973 ж. Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет Грамотасымен марапатталды.

1974 ж. Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.

С 1976 ж. Қазақ ССР ҒА-ның Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының этнография бөлімінің аға ғылыми қызметкері.

1982 ж. Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

1984 ж. Халықтар достығы орденімен марапатталды.

1991 жылғы 6 қыркүйектегі Қазақ  КСР Министрлер Кабинетінің  арнайы № 73 Қаулысымен  Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының Археология орталығы  негізінде Археология институты құрылып,  оған көрнекті ғалым археолог, тарихшы, этнограф, шығыстанушы, филолог, академик  Ә.Х. Марғұлан есімі берілді. 


Әлкей Хақанұлы Марғұлан
  • Аты
  • Әлкей Хақанұлы Марғұлан
  • Қызмет саласы
  • Ғалымдар, зерттеушілер
  • Туған күні
  • 1904
  • Туған жері
  • Павлодар облысы
  • Қайтыс болған күні
  • 1985
  • Қайтыс болған жері
  • Алматы қаласы