«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».
Н. А. Назарбаев
Басты бет » «edu.e-history.kz» электрондық журналы » Пәнаралық зерттеулер » Дінтану » Қорқыт ата жырларындағы дұғалардың лингвомәдени дәйектілігі

Қорқыт ата жырларындағы дұғалардың лингвомәдени дәйектілігі

Бұл жыр әдебиет, тіл, дін, әдет-ғұрып, мақал-мәтелдер, тарих, география және педагогика секілді бірнеше салада зерттеу жұмыстарына негіз бола алады. Қай салада зерттесе де жырдың баға жетпес құндылығы көрінеді.

Жырлардың алғаш айтушысы Қорқыт ата екені белгілі. Ол жырларда білгір, таңғаларлық іс жасаушы, әулие, тақуа адам ретінде көрінеді. Қобызын тартып, нақыл сөздер айтқан және дұға қылған Қорқыт атаға үлкен құрмет көрсетілген. Осы құрметтің арқасында оғыздар маңызды мәселелерін онымен ақылдасқан, балаларына ат қою және құда түсу сияқты рәсімдер үшін Қорқыт атаны арнайы шақырып отырған [1].

Жырларда Қорқыт ата керемет әрі рухани күшке ие. Оның кереметтерінің бірі –  ғайыптан хабар алуы: «Қорқыт ата былай деді: Ақыр заманда хандық қайтадан Кайыға өтеді. Ешкім қолдарынан алмайды, ақыр заман болып қиямет күні болғанға дейін. Және де бұған ұқсайтын көптеген сөздер айтты» [2].

Және бір кереметі халқының, хандардан шопанға дейін, бәрінің оның сөзін тыңдауы, Қорқыт ата Оғыз тайпасының қиындықтан шығуының жолын табатын, қандай да бір іс болмасын Қорқыт атамен кеңеспей жасамайтын, не бұйырса да қабылдап, айтқан сөзін екі етпейтін.

Қорқыт атаның ең маңызды кереметі –  дұғаларының Алла тарапынан қабыл болатыны. Не десе де орындалатын. Ғайыптан түрлі хабарлар айтатын. Алла тағала оның көңіліне дем беретін [3].

Қорқыт ата мұсылман түріктердің рухани атасы және көсемі. Қолындағы  қобызымен дүниені аралаған Қорқыт ата, оғыздардың ұлттық рухани құндылықтарына ие болып, олардың күшті қауым болып, ұрпақтарының жалғастыру үшін күш салып, көптеген жерлерді аралаған, барған жерлерінде өз ізін қалдырған. Азербайжанның белгілі жазушысы Анардың айтуы бойынша ғасырлар бойы бүгінге дейін жеткен, келешек ұрпаққа тарту болған Қорқыт ата сөзіне, Қорқыт ата медетіне, Қорқыт ата дұғасына бүгінгі күні бұрынғыдан да көп мұқтажымыз бар [4].

  Араб тілінде даа – шақыру етістігінен туындаған дұға сөзі қазақ тілінде екі түрлі фонетикалық вариантта айтылып, екі түрлі мағына береді.

Дуа – 1) зов; 2) мольба, просьба; 3) молитва, запись молитвы; 4) проклятие.

Дұға түрінде айтылуы дұға ету, дұға бағыштау тіркестерінің құрамында келіп, құранның аяттарын оқу мәнін берсе, дуа түрінде айтылуы “теріс оқу” мағынасында, яғни біреуді жадылау, сиқырлау деген ұғымда қолданылады.

Ислам дінінде Аллаға жетудің ең маңызды жолының бірі болған дұға Қорқыт ата жырларында да кең көлемде орын алған. Қорқыт атаның дұғаларымен тайпалар ғана емес, жырдағы кейіпкерлер де жиі дұғаға жүгінген. Дұғаның күшіне сенген ескі түріктер, ескі заманнан бүгінге дейін күнделікті өмірлерінде оған үлкен мән берген. Ескі түріктердегі сияқты мұсылмандықта да дұға, құдайға құлшылық етудің маңызды бөлігі. Өйткені ислам түсінігінде Алла – мәңгілік мейірім, қайырымды күш иесі. Тек қана Алладан көмек күтіп, қол жайып жалбарынады. Себебі Алла, Кұран керімде, адамдарға жақын болғанын және өзіне дұға қылып, олардың дұғаларын орындайтынын айтады: «Пенделерім мені сенен сұрайтын болса, шүбәсіз мен оларға жақынмын. Маған дұға қылғанның дұғасына жауап беремін. Олай болса, олар менің шақыруыма жауап берсін және маған сенсін. Дұрыс жолды көрсетсін» [4].  Қорқыт ата жырларында да жиі дұғаға жүгіну түркі халықтарының ескі нанымдары мен жаңа нанымдарының бір-біріне жақындығын байқау деп қабылданады.

Қорқыт ата жырлары алғы  «Бисмилла» сөзімен басталады. Жырларда  Қорқыт атаның  хан үшін қылған дұғаларын оқи аламыз: «Ақылсыз балаға ата дәулетінен қайран жоқ. Уа, хан ием, сізді тәңірім сондай істің сәті түспегендерден сақтасын. Тәңірі сізді жамандықтан сақтап, бақ дәулетіңіз арта берсін. Уа, хан ием, мынау жарық дүниеде тәңірім адастырып, жарты жолда қалдырмасын» [5,8].  

  Алғы сөздің соңында өсекші, жалқау, қонақты ұнатпайтын, еріне бағынбайтын әйелдерге айтылған: «Ондай әйел өсіп-өнбесін, сіздің ошағыңызға кез бола көрмесін. Хан ием, сізді Алла осындай әйелдерден сақтасын» деген дұғалары сияқты, жақсы, қонақжай әйелдерге байланысты: (Бұлар Айша мен Фатмадан бата алған әйелдер. Хан ием, мұндай әйелдер мыңдап өссе де көп емес, бәлки аз. Сіздің ошағыңызға сондай әйел кез болсын» деген дұғаларды таба аламыз [5,9-10].  

Қорқыт ата жырларында жас баладан кәріге дейін дұға қылады. Ислам принциптеріне қарсы келмейтін дұға түрлері жырларда көп кездеседі. Құрбандық шалып, кедей адамдарға көмектесіп, қайыр қылып, көпшілікпен немесе жеке үш рет қайталап, қол жайып қылған дұғалары назарымызды аударады.

«Дирсеханұлы Бұқашжан туралы жырда» баласы болмағанына налыған ханға, әйелі жұбату айтады: «Уа, Дирсе хан, көтер басыңды жерден, жайлауға ала шатырыңды тіктір де, жылқыдан айғыр, түйеден үлек, қойдан қошқар сойғызып той қыл, оған ішкі оғыздар мен сыртқы оғыздардың бар жақсысын шақырып, ашты тойындыр, жалаңашты киіндір, жүдеп, кедейленгендердің қарызын өте. Ет таудай болып үйілген, қымыз көл болып аққан ұлы той болсын. Сол тойда асыл туған бір ер бата берсе, тәңірі бізге ұл берер»-депті [5,12]. Дирсе хан бұлардың бәрін жасағаннан кейін тойға келгендер қол жайып, бата береді. Тәңірі олардың дұғаларын қабыл алып, бір ұлды болады.

Қорқыт ата жырларында дұғалардың қабыл болуы үшін кейбір іс-әрекеттердің де болуы керектігі жайлы айтылады. Мұсылмандар қолдарын жайып, біріктіріп дұға қылады. Бұлай дұға қылу Алланың күрсісі барлық нәрседен жоғары деген мағына береді. Бұл жерде дұға қылудың қағидасы ретінде біршама жақсылықтар жасағаннан кейін дұға иесінің Алла тарапынан марапатталып, жасаған дұғаларының қабыл болатынына сенген. «Қам Бурабекұлы Бамсы Бәрік» туралы жырда Бамсы Бәрік өзін танымаған қарындасына:

«Үйлеріңде қатқан-құтқан наннан қалған не бар қыздар? Үш күннен бері жол жүріп, ас-су ішкенім жоқ еді. Үш күнге жететіндей етіп, қарнымды тойғызыңдар, тәңірден сендердің тілеулеріңді тілер едім» деп дұға қылады» [5,47].

Осыған ұқсас «Қам Бурабекұлы Бамсы Бәрік» туралы жырда, ұлының жоқтығына қынжылған Қам Бура-Бек үшін, «барлық оғыз елінің бектері қолдарын жайып, жүздерін көкке қарата жалбарынып: «Тәңірім саған ұл берсін», - десті». Сол кезде перзентсіз Байбіжан орнынан тұрып: «Бектер маған да бір тілек бата беріңдер, тәңірі маған да бір қыз берсе екен», - деді. Барлық оғыз елі қолын жайып, оған да дұға оқыды. Тәңірі жарылқаса, сен де қызды боларсың, - десті [5,34].

Жырдағы кейіпкерлердің дұғаларынан тәңірге тізе бүгіп, онан қайыр, шапағат күткенін көре аламыз. «Қазан-Солардың ауылын жау шапқаны» туралы жырда кәпірлермен қақтығысу кезінде: «Қара Қойшы шейіт болған екі інісін Аллаға тапсырды, гәуірлердің мүрдесін тау қылып үйіп, от қойып өртеді» [5,24] деген сөйлемдегі «Аллаға тапсырды» тіркесінен  шейіт болған бауырларын мұсылман шарттарына қарай, дұға арқылы Аллаға тапсырғаны көрінеді. Осы жырдағы аңға шыққанда ұйықтап қалған Қазан Солар түсін  Қара Қойшыға айтады. Түсін жартылай жорыған Қара Қойшы: «Өзгесін тәңірінің өзі білмесе мен жори алмадым» [5,25] дегені, «Алла жақсылығын нәсіп етсін, шапағатын төксін» деген дұға ретінде қабылданады. Бұның тағы бір мағынасы жамандыққа бастаған түстердің жорылмауы керектігін, әйтпесе бұл жорамалдың қабыл болып, шындыққа айналатындығынан қорқады.

Қорқыт ата дастанын, оғыздардың арасында мұсылмандық туралыбілгені аз, ең надан кейіпкері «Доқа Қожаұлы Дели Домрул» туралы жырда, әзірейіл Дели Думрулдың әйелінің жанын алуға келген кезде:

Биіктерден биіксің!

Теңдесі жоқ ұлықсың!

Тәңірім!

Қанша надан сені көкке қарап, жерден іздер,

Сен өзің момындардың көңіліндесің,

Тәңірім!

Ұлы жолдар үстіне

Ғимараттар жасайын бір сен үшін!

Ас көрсем тойдырайын бір сен үшін!

Жалаңаш көрсем киіндірейін бір сен үшін!

Алсаң жанымызды бірге алдыр,

Қалдырсаң жанымызды бірге қалдыр,

Тәңірім!  -деп жалбарынады [6,167].  

Сонымен қатар «Дирсеханұлы Бұқашжан» мен «Төбекөз дәуді өлтірген Бисат» туралы жырларда, ат қою рәсімінде Қорқыт ата: «Атын мен бердім, Алла жасын берсін» [6,131] -деп дұға қылған.

«Қам Бурабекұлы Бамсы Бәрік» туралы жырда да ат қою рәсімінде Қорқыт атаның Бамсы-Бәрік ат қойғанда:

-Үнімді аңда, сөзімді тыңда, Бай Бура-Бек!

Алла Тағала саған бір ұлды берді, бақытты болсын!

Ақ туын ұстайтын, мұсылмандардың арқасы болсын!

Қарсы жатқан қарлы таулардан асар болса,

Алла Тағала ұлыңа өткел ашып берсін!

Қанды сулардан өтер болса, өткел берсін!

Қарақұрым кәпірлерге кіргенде,

Алла Тағала ұлыңа медет берсін!

Сен ұлыңды Бамсам деп айтушы едің,

Мұның аты Бозайғырлы Бамсы Бәрік болсын!

Атты мен бердім, жасын Хақ тағала берсін! [6,145] - деген дұғалар кездеседі. Бұл дұғалардың мазмұнынан өзіне тән бір әдет-ғұрыптың бар екенін көре аламыз.

Жырда назар аудартатын мәселе ислами наным-сенімдерге қарай дұғалардың үш рет қайталануы. «Қам Бурабекұлы Бамсы Бәрік» туралы жырда Қорқыт атаны қуған Дели Қашар қарсы «исми ағзам» дұғасын оқыған кезде Дели Қашардың қолы жоғарыда қарысып, қатып қалған. Дели Қашар тұрып:

Медет аман, ел аман;

Тәңірінің бірлігіне жоқ-дүр шараң! -дегеннен кейін үш рет тәубе етіп, яғни үш қайтара тәубе дұғасын оқыған: «Үш қайтара өз аузынан мойындап, тәубаға келді. Қорқыт ата дұға қылып еді, Делидің қолы хақ әмірімен сау-саламат жазылды» [6,147].

Жырдағы дұғалардың белгілі бір әдет-ғұрыпы, бағыттары бар. Соғысқа бара жатқанда, ат қойғанда, қыз айттыруға барғанда жасалған дұғалардың өзіне тән бағыты бар. Түрі, мағынасы жағынан айырмашылықтары бар дұғалар жалпы Алланың барлығына, бірлігіне, қасиетіне жүгінген.

Баймаханова Шолпан Үсенқызы, Ботабаева Жанат Тұңғышбайқызы, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ


Пайдаланылған әдебиеттер

1.  Asya Bekirova, Ağadadaş Babayev, “Kitabi-Dede Korkut Dastanını Şaqirtlerimize Derinden Menimsetmeli”, Azerbaycan Dili ve Edebiyatı Tedrisi 2, Bakü, 1999, s.27

2.  M.Ergin, Dede Korkut Kitabı, Boğaziçi Yayınları, İstanbul, 1996 s.5

3.  Anar, Türk Dünyasının Nadir Söz Abidesi, Kitabi-Dede Korkut Ensiklopediyası, c.I, Yeni Neşrler Evi, Bakü, 2000, s.23

4.  Bakara süresi, 186

5.  Қоңыратбаев Ә., Байділдаев М. «Қорқыт ата кітабы», Алматы, 1986

6.  «Қорқыт Ата» энциклопедиялық жинақ қазақ және орыс тілінде: Алматы, 1999

 


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз