«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».
Н. А. Назарбаев
Басты бет » «edu.e-history.kz» электрондық журналы » Пәнаралық зерттеулер » Мәдениеттану » Т.Ізтілеуұлы шығармаларындағы мәдениет көріністерінің идиосемантикасы: «Әлемнің тілдік үлгісі»

Т.Ізтілеуұлы шығармаларындағы мәдениет көріністерінің идиосемантикасы: «Әлемнің тілдік үлгісі»

Идиоэтникалық семантика ұғымын тілде сақталған  этнолингвистикалық деректердің, қалтарыста жатқан  тілдік фактілердің «сөйлеуі»  деп түсінуге  болады.  Себебі идиоэтника сөзі «ұлттық ерекшелік» дегенді айқындайды. Демек, идиоэтникалық семантика  ұлттық мәдени ерекшелікті, этникалық өзгешелікті, этнос болмысын танытатын семантика дегенді білдіреді. Байқап қарасақ, идиоэтникалық семантиканың өзі материалдық және рухани  мәдениет лексикасында ғана айқын  көрініс таба алады.

Мәдениеттегі тілдің рөлі туралы Э.Сепир: «Мәдениетті қордалау мен оның жалғасым табуында тіл аса маңызды рөл атқарады. Бұл мәдениеттің  жоғары деңгейіне де, оның қарапайым  формаларына да қатысты. Қоғамның  мәдени қорының көп бөлігі  тілдік формада сақталады» -дейді [1, 233]. Ж.Манкеева: «Мәдениетті тілден бөліп алып қарамаймыз. Тіл – мәдениеттің  бір көрінісі. Ол екеуінің арақатынасы  ерекше де маңызды. Кез келген мәдениеттің түрлері, атаулары тіл арқылы бейнеленіп, тілдің кумулятивтік қызметі арқылы көрінетіні, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізілетіні белгілі»- дейді [2, 53]. Этникалық мәдениеттің  өзіндік ерекшеліктері  тіл иесінің образды ойлауымен дүние-ғаламды  тануымен, салт-санасымен тығыз сабақтасып келіп, «тіл әлемінде»  этномәдени сипат арқалаған мәтіндік тұрпатқа  ие болады. Сондықтан да тіл-тілдің  сөз қазынасында белгілі бір этномәдени қауымдастықтың  дүние жайлы көзқарасы, мифтік санасы, ежелгі дүниетанымы бейнеленеді. Демек тіл, ойлау және мәдениет бір-бірімен тығыз сабақтастықтағы «тіл-ойлау-мәдениет»  тұтастығын құрайды. Бұл тұтастықтың қоршаған әлемге қатысының нәтижесінде тіл иесінің дүние суреті – дүние бейнесі қалыптасады.

Дүние –  суреті  адамның  дүние – әлемді көруінің, тануының түп негізінде жататын, әлемнің өзіндік ерекшеліктерін, өзіне ғана тән болмысын  түсініктер түрінде репрезентациялайтын және адамның бар іс-әрекетінің  нәтижесі саналатын әлемнің кең ауқымды бейнесі. Ғылыми зерттеулерде  дүние суреті іштей тілдік дүние суреті, концептуалдық дүние суреті, реалдық дүние бейнесі, мәдени (немесе ұғымдық) дүние бейнесі,  тілдік дүние бейнесі, практикалық дүние бейнесі, дүниенің ғылыми бейнесі, дүниенің қарабайыр бейнесі болып бөлінеді [3, 216].

«Әлемнің тілдік үлгісі»  күрделі ұғымдық құрылым болғандықтан, табиғатын ашып түсіндіруді  әр зерттеуші өз тұрғысынан шешеді. Қоршаған шындық болмыстың адам тілінде бейне құрап, адамның дүние-әлемді  көзі, тілі арқылы  тани алатынын тұтас теория ретінде  алғаш ұсынған неміс ғалымы  Л.Вейсгербер болатын. В. фон Гумбольдттың тілдің ішкі формасы  ілімін негізге алған ол «ғаламның тілдік бейнесі» ұғымына  лингвопсихологиялық концепцияларды негіз етіп алады. «Ғаламның тілдік бейнесі» - индивидтің танымдық көзқарасын көрсететін тілдік бірлік, яғни эмпирикалық тәжірибелердің жиынтығы, аралас жүйедегі білім. «Ғаламның тілдік бейнесін» докторлық зерттеуіне  арқау қылған Ислам Айбарша: «Дүниенің тілдік суреті адамның  танымдық іс-әрекеті, ұлттық мәдениеті негізінде  түзіледі және белгілі бір ұлт  қауымдастығының өкілдеріне ортақ. Демек, дүние суреті дегеніміз -  концептуалды (логикалық) және  тілдік үлгілер формасымен берілетін санамен тікелей байланысты  дүние туралы білімдер жиынтығы» дейді [4, 47б.].

«Әлемнің тілідік суреті» әр тілде әртүрлі болады. Себебі индивид сол тілдің семантикалық базасында сол тілді меңгереді  Осы кезде тілдегі мәдени құндылықтар  сөздердің мәні арқылы  ұлттық мінез бен ұлттық менталитетті қалыптастырады. Осы орайда  тілші ғалым Г.Смағұлова былай дейді: «Тіл бір адамның меншігі емес десек те,  сол тілде сөйлейтін жеке адам өз ұлтының  бүкіл бітім-болмысы, өмірлік тәжірибесін, дәстүрлерін меңгеру, сіңіру арқылы ол да өз тарапынан ұжымдық мәдениетке  үлесін қосады. Осындай ерекшеліктер арқылы тұлға ретінде ұлт өкілі болып сақталады» [5,145]. Тұрмағамбет  тіліндегі  әлемнің тілдік суретінің  ерекше болуы, яғни ұлттық нақышта келуі олардың өз ана тіліндегі барлық сөздердің мәнін түсініп, ұлттық таным позициясында шегеленуінде, сол деңгейде өсіп-өнуінде жатыр деп ойлаймыз.

Орыс тіл білімінде де әлемнің тілдік суреті зерттеушілер тарапынан  қызығушылық танытып, қарастырып жүрген мәселесі. Бұл тілдік мәселе Ю.Н.Караулов, В.А.Маслова, Ю.Д.Апресян,  Н.В.Уфимцева, В.И.Постовалова, Е.С.Кубрякова. Г.В.Колшанский, С.А.Васильева т.б. зерттеушілер еңбектерінде кеңінен  сөз болуда.  Г.В.Колшанский әлемнің тілдік суретіне  мынадай анықтама береді: «Шынайы, тілдік емес әртүрлі топтағы адамдардың  тарихи, жағырафиялық, мәдени және басқа да факторлар ықпалымен біртұтас объективті әлем шеңберінде жүзеге асқан танымдық қызметінің көрінісі» [6, 31]. Демек, әлемнің тілдік суреті  адам санасында өмір сүру тәжірибесінде қалыптасып, соның әсерінен  тілінде өзгеріске түсіп, дамып отыратын ақпараттар жүйесі. Т.Ізтіліуұлы тіліндегі  қазақ ұлтының кейпі  оның шығармаларындағы ғаламның бейнесі ретінде байқалады. Әлемнің тілдік суреті  - адамда ғана көрінетін, оның тілдік ерекшелігінен байқалатын тілдік бірлік. Ақын тілінде ұлттық бояу кез-келген шығармасында көрініс беріп отырады. Мысалы,  кебеже қарын, кең құрсақ ұлттық мәдениет лексикасындағы кебеженің пішінін білмеген адам бұл фразеологизмді түсінбесі анық. Бақ бедеуін қолға міндірусияқты тіркестердегі бедеу, назбедеу - қазақ ұғымында жүйрік, бәйге аты. Бұл жерде тезірек бақытқа жету, бақытты ғұмыр кешу секілді арман-тілек  анық көрініс тапқан.

Тұрмағамбет шығармаларында  қару атауларынан қылыш, найза, шоқпар, гүрзі, садақ, бұғау, жай, жайдар, келтек, оқ т.б сөздер кездеседі.

Қосын. Пәраміріз қосынменен қайтты қалған, Кезінде Ыстақырға жақын барған. Түсіріп Тусты атынан тастап кетті,“Болмас, - деп, - баруыңа мұнан әрман (Т.І.).Кочъ 1) переселеніе, перекочевка, перемена мъста жительства (Будагов,144). М.Арынның мына сөзі көңіл бөлгізгендей:Шоқанның  “қазақ” сөзінің тегінде  әскери- функционалдық  мағына жағынан іздеген жөн шығар деген болжамы бар екен. Әрі қарай дамытып айтпаған. Т.Ізтілеуұлы қосын сөзін әскер, қол, жасақ  сияқты қолданған.

 Сыпасалар. Қарынға сыпасалар берді амал, Әрқашан тұрарсың деп бұзып қамал.Соларға сардар етті Кашуатты, “Сен бол, - деп, - қоңыр салқын соққан самал.” Сыпасалар – парсы тілінен енген сөз,“әскери қолбасшы” деген мағына береді.

Ту –Ала байрақ – Мінді де ізіне ертіп әскер қосын, Алып ту, жүріп кетті ала байрақ.І.). Жаугершілік  заманына тән мәдени бір зат  - ту. Ол эпоста,  кейінгі халықтық поэзияда, Махамбет т.б. жауынгер-ақын жырларында  ала ту, жасыл ту т.б.  тіркестерде кездесетіні мәлім. Ал «Қобыланды батыр»  осыған қатысты ерекше бір қолданыс – ақ қара бас ту. Ол – Ноғайлының жеріне қызылбастарды  қуамын деп елінен аттанған  Қараманның жарағының бірі:

  Қырық мың үйлі қияттан

  Қырық мың әскер қол алып,

  Ақ қара бас ту алып,

   Қызылбасқа жол алып...(29-б.).

Т.Ізтілеуұлының ақ қара бас ту тіркесін қолданғанын көреміз.

Керней. Қараса құмырсқадай қаптап келед, Шаңдатып, шалып керней, қара жерді. Керней – ұрыс басталғанда  дыбыс шығарып,  әскерлерге рух беретін, ұрысқа шақыратын құрал.

Соқтар. Жоқ еді жер жүзінде ондай шоқпар, Оны айтса, елдің бәрі болды тоқтар. Кетуші ед ұра қойса күл- күл болып, Тас, темір, шойын, қола, құйған соқтар (Т.І.). Соқтар – қалыпқа құйылып, қорытылып істелінген зат, қару.

Уәсуәса. Шайтанның Шаһ Жәмшит қолын сүйді, Көл қылып көздің жасын күңірентті үйді. Осындай осусамен азғырылып, Алты жүз сексен жылғы еңбек күйді (Т.І.).  «Уәсуәса» деп адамның кеудесіне ұялаған шайтанның есіне қай-қайдағыны салып, қиялын елітіп, жүректі азғыруын айтамыз. Уәсәса – шайтанның адамға, әсіресе иманды кісіге қарсы қолданатын соңғы шарасы, соңғы үміті. Шайтанның адамды тура жолдан тайдырарлық  бүкіл айласы таусылса, оның көңіліне уәсуәса салады. Бұл жерде ақын «азғыру» мағынасында қолданған .

Сакральді сөздердің басты ерекшелігі (мифологиялық дүниетаным бойынша) оларға магиялық күш тән екендігі болып табылады., сондықтан да олар  магиялық (табиғаттан тыс)  қызметтер атқарады. «Магиялық күш ретіндегі сөзге деген  көзқарастың  ортақ белгісі -  тілдік таңбаның конвенциалды емес түрде  түсіндірілуі болып табылады, яғни сөз – белгілі бір заттың шартты белгіленуі емес,  оның бір бөлігі туралы түсінік, сондықтан да мысалы,  салттық, ырым-жоралық  атты айту  сол аттың иесін шақыруға себеп болады».

Қазақ тіліндегі сакральді атауларды зерттеген А.Керімбаев «Сакральді  кәсіп өкілдерінің  магиялық емшілікке қатысты атаулары  киелі сөздердің лексика-семантикалық  айрықша бір тобын құрайды. Мұндай сөздерге жын шақыру, жын қайтару, үшкіру, ұшықтау, көшіру, қағу,  арбау, дуалау және т.б. жатады». – дейді.

Халас ету. Болады оған куә осы ағаш, Қылмаңдар қата ғой деп, бұған  талас. Ұжмақтан өлгеннен соң орын алып, Етеді жар-достарын оттан халас (Т.І.). Халас ету -  аман - сау ету, сақтау. Халас қылу – бітіру, аяқтау, тәмамдау мағынасында да қолданылады.

Құра.  Алдырып Жамсапты енді оңаша үйге, Әртүрлі түсетұғын болды күйге. «Кәнеки, құраңды алып, қара -  дейді, - Артық ең әр адамнан артық миге»...Құраға қарап еді, мынау түсті: «Батырар ирандарға тұран тісті, Өлтіріп Әрдәширдей арыстанды, Көрсетер күйінерлік әртүрлі істі» (Т.І.). Құра – құрға, кітап ашу. «Шын оқымыстылардың арасынан кітап ашатын адамдар кездеседі. Бұл ретте қасиетті кітаптарға арқа сүйейді. Машайықтар мен әулиелерден қалған мұралар тағы бар.Солардың айтып кеткендері де ескеріледі. Жапа тармағай аша беруге рұқсат етілмейді Жан қиналған кезде барып бал аштырудың сөкеттігі жоқ. Демеу береді, медет болады. Біздің заманымыздағы таза балгерлер - осылар». Демек, құра – кітап ашу, бал ашу, сәуегейлік жасау.

Қорыта келгенде, Тұрмағамбет шығармаларындағы араб, парсы сөздерінің  бір тобы - діни сөздер (саум, сәләт, ғибадат, аршы ағлә, иаумил-жаза т.б.), екінші тобы - қазақ, түрік көмекші етістіктерімен келген негізгі етістіктер (ирада ету, мәләл ету, тәсілім қылу, бәләнд тұту, жаһат айлау, инақ тұту, мұстажап болу т.б.). Бұлар араб тіліндегі масдар (есім сөз) тұлғасында беріледі.Үшінші тобы  - өлең ұйқасы үшін буын санына лайықты қолданылған сөздер болса (жісім, ілтимас, мүшкилат, сәһил), ендігі  бір тобы – қазақ тілінде баламасы болып, ол сөз ұйқасып тұрса да сөздің стильдік мәнін күшейту үшін қолданылған сөздер (науғы,  мағшұқ, ирада, мұттақи, ниһаят, муафық, махбүб т.б.). Шайыр шығармаларында Алланың эпитеттері жиі пайдаланылады. Кейбір дінтанымдық сөздер тіркес түрінде қолданылған. Сонымен қатар бағзы бір сөздердің мағыналық жағынан түрленгенін байқадық.

Өз замандастары арасында «шығыс тілдерінің тірі сөздігі» атанған Т.Ізтілеуұлы  араб, парсы тілдерін меңгерген, діни сауаты мол, заманына лайық орыс тілін де білген. Араб, парсы сөздері ақынның  жас ұрпақ тәрбиесіне байланысты, елдің ауызбірлігіне байланысты өлең-жырлары мен діни дастандарында молынан ұшырасады. Өкінішке орай шайырдың діни тақырыптағы шығармалары кеңестік цензурадан өтпей, бізге кештеу жетіп отыр. Дегенмен, Тұрмағамбеттану ісі қолға алынды. Оның шығармалары  бала тәрбиесі дәстүр сабақтастығының үзілмеуіне байланысты екенін мегзейді. Елі азғанның ұрпағы азатынын, халық ауызбіршіліктен айырылса, жаман әдеттерге үйір болса, ұлы мен қызынан береке қашатынын айтады. Ертеден қалыптасқан, имандылықты мұрат тұтқан қазақы тәрбиенің жойылып кетпеуін ойлайды.

Алдағы уақытта Тұрмағамбет шығармаларының тілін, әсіресе діни дастандарын жан-жақты зерттеу лингвист ғалымдарға ғана емес, әдебиетшілерге де едәуір жүк артады.

Баймаханова Ш.Ү, «Қорқыттану және өлке тарихы» ҒЗИ аға ғылыми қызметкері 


Пайдаланылған әдебиеттер:

1.  Сепир Э. Избранные труды по языкознанию и культурологии.-М.: Прогресс. 654с.

2.  18. Манкеева Ж.А. Мәдени лексиканың ұлттық сипаты. Алматы: «Ғылым», 1997. -272б.

3.  Роль человеческого фактора в языке.// Язык и картина мира.-Москва: Наука, 1988. 214с.

4.   Ислам А. Ұлттық мәдениет контексіндегі  дүниенің тілдік суреті. (салыстырмалы-салғастырмалы лингвомәдени сараптама).

5.  48. Смағұлова Г. Т Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық-мәдени аспектілері. –Алматы: «Ғылым», 1998. -196 б.

6.  49. Колшанский В.Г.  Объективная карта мира в познании и языке М., 1990.


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз