«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».
Н. А. Назарбаев
Басты бет » «edu.e-history.kz» электрондық журналы » Пәнаралық зерттеулер » Мәдениеттану » Қазақ мәдениетіне татарлардың әсері және қазақ жәдитшілігінің дамуы

Қазақ мәдениетіне татарлардың әсері және қазақ жәдитшілігінің дамуы

Ресей империясының қол астында қалған Татарлар экономикалық дамуын одан әрі жалғастыру және ұлттық, діни салттарын жоғалтпау үшін Қазақ жеріне көшуге мәжбүр болды.Осылайша Татарлармен Қазақтардың арасында алғашқы мәдени байланыстар құрыла бастады. Ресей екі халықтың достығын пайдалана отырып көптеген іс шаралар жасауға ұмтылды. [7,33] Осы мақсатпен II Катерина 1787 жылы Мұсылмандардың ең көп шоғырланған Орынборға қарасты Уфа қаласына Мұсылмандардың құқықтарын қорғайтын бір діни орталық ашуды ұйғарды.1788 жылы сенат шешімімен Орынбор мүфтисін сайлаған болатын. Мүфтилік құрылғаннан кейін Ақмола, Жетісу, Семей, Торғай  және Орал аймақтарындағы Қазақтардың бір бөлігі осы мүфтилікке қосылғылары келетіндіктерін білдірді. Бірақ халық осы жағдайға байланысты екіге бөлінді. Бірінші жақ өз мүфтиліктерінің болғанын қаласа, екінші жақ Орынбор мүфтилігіне қосылғысы келетінін білдірді.Үкіметке білдірілген өтініштердің нәтижесінде жоғарыда көрсетілген аймақтарда тұратын Қазақтар 1789 жылы Орынбор мүфтилігіне қосылған. [13,103] Қазақтар мүфтилікке қосылғаннан кейін Қазақ жеріне Татар дін адамдары келе бастады. Татар имамдарының діни насихаттары Қазақ жерінде тез арада қолдау тауып жайыла бастады. [17,64]

Ресей, I Николай дәуірінде Татар дін адамдары арқылы Қазақстанда Құранның кең өріс алуына көп көңіл бөлді. [20,52] Үкіметтің қаулысымен 18. ғасырдың екінші жартысынан бастап Қазан Татарлары мен Мишерлердің бір бөлігі Орынбор қаласына көшірілді. Бір айта кететін маңызды жағдай Қазақтармен сауда жасайтын Татарлар осы жерге қызмет жасау үшін орналастырылған болатын. Үкімет Татар саудагерлерді Қазақ жеріне орналастыру үшін керек болған жағдайда күште жұмсаған. Мысалы Орынбор қаласы құрылғаннан кейін 200ге жуық Татар жанұясы қала маңындағы Қарғалы және Сейіт аудандарына орналастырылған. [11,9] Сауда саттық мақсатымен Қазақ жеріне орналастырылған Татар саудагерлері жергілікті халықтың білім алуы және дінге деген бетбұрыстарын одан әрі дамыту жолында көптеген көмек көрсеткен. Радлов осы уақыт аралығында Қазақ жерінде Татар саудагелердің жергілікті халықтың үйлерінен ашып берген мектептерде сабақ бергендігін және діні бағытта қызу жұмыс жасағандығын айтады. [17,124] Татарлардың ең көп шоғырланнан жері Семей қаласы болатын. 1897 жылы осы аймақтағы Татарлардың саны 700мыңға дейін жеткен.

Еділ Орал аймағындағы медреседе білім алған Татар оқушылар да  Қазақ жеріне әсер еткен бірден бір фактор.Медреседе білім алған Татар оқушылары әрі табыс табу әрі стаж жасау мақсатымен жаз айларында Қазақстанға келіп Қазақ балаларын оқытқан. Атақты Татар жазушысы Ғалымжан Ибрагимов да бірнеше жыл Қазақ балаларын оқытқан болатын.Оның “Қазақ қызы” атты романы осы күндердің жемісі болып табылады. [21,100]  

19. ғасырдың алғашқы жартысында Татарлардың Қазақстандағы әсері қарқанды дамып кетті. Жоғарғы лауазымды қызметкерлер, аудармашылар Татарлардан шыға бастады.Тіпті Татар тілі Қазақ мектептерінде ресми тіл ретінде оқытыла бастады. [20,52] Татарлардың Қазақстандағы білім беру жұмысы аз уақытта өз нәтижесін беріп Татар мәдениетінің Қазақтарға әсері көріне бастады. Бірақ Қырым соғысынан кейін Ресей Ислам саясатын өзгертіп Татарлардың әсерін Қазақтарды орыстандыру үшін қауіпті деп санап өз шараларын қолдана бастады.Осы уақыт аралығында Ресейде белең алған ұлтшылдық саясатының нәтижесінде Орыс ғұламалары да Орта Азиядағы Татарлардың әсерін шектеу үшін үкіметке хат жаза бастады.Ұлтшыл Орыс ғұламаларының пікірінше “Еділ Орал аймағында усул-жәдид мектебін ашу басқа ұлттарды да Татарға айналдыру болып табылады.”Орыс ұлтшылдары үшін Орынбор мүфтилігінің  II Катерина дәуірінде ашылуы сол кездегі саясатшылардың ең үлкен қатесі болып табылады. Олардың ойынша “Мүфтиліктің қол астына қарайтын Қазақтар Татар дін адамдары тарапынан алданып отыр. Татар молдалары Қазақ жерінде татарлардың санын көбейту және панислмизмді жаю мақсатын көздеген.” [21,80]

Қазақстанда Татарларға қарсы күрес 1818 жылы жасалған болатын. Күресте Татар тілінде сөйлеу және Татар аудармашылардың жұмыс жасауына қатаң тыйым салынды.1870 жылы Орыс емес ұлттардың білім алу ережесінің қайта қаралуы және Қазақ мектептері мен Орыс-Қазақ мектептеріндегі Орысша білім беруді күшейту мақсатында қаулы қабылданған болатын. Осылайша Орыс үкіметіне керекті орысша білетін аудармашылар Қазақтардан шыға бастады. [9,56] Қазақ аудармашыларын дайындап шығару үшін арнайы қаржы аударылды. 1882 жылдан бастап үкімет орындарына Татар аудармашылардың орнына Қазақ аудармашылары орналасты. [15,65]

Ресей, Қазақстандағы Татарлардың әсеріне қарсы тек қана ағарту саласында емес сонымен қатар дін, басқару және ақпарат құралдарына да шектеу келтірді. 1868 жылы Ресей үкіметі қаулы шығарып Орынбор мүфтилігіне қарасты жерлерге шектеу келтіріп Қазақтарды құрамнан алып тастады. Осылайша діни шараларды ұйымдастыру жергілікті жерлерге тапсырылды. [18,85] 1886 жылы Татарлардың Орта Азиядағы өрісі тарыла бастады. [12,64]

Қазақ жастарының Уфа, Троицк, Қазан, Орынбор сияқты білім ордаларында ашылған Татар медреселерінде білім алулары 18. ғасырдың соңғы жылдарында басталды. Орынбор мүфтиісі Мұхамметжан Хусейннің қызы Фатиманың Қазақ ханы Жәңгір ханмен үйленуі Қазақ жастарының Татар медреселерінде білім алуына жол ашқан болатын. Стерлітамақтағы медреседе 19. ғасырдың бастарында көптеген қазақ жастары білім алды. [2,125]

Осы уақыттарда Еділ- Орал аймағындағы Мұсылман дін адамдарының басқаруымен жүргізілген білім беру жүйесі Орыс үкіметінен ешқандайда көмек алмай өз күшімен өркендеген болатын. Орыстар Христиан қыла алмаған Татар және Башқұрт халықтарын еркін жіберуді ұйғарып, білім беру жұмыстарын дін адамдарына тапсырған болатын. 19. ғасырдың соңына дейін жалғасқан осы саясаттың арқасында әр ашылған мешіттің қасынан медресе ашылды. [11,179]  Осы ашылған медреселерде Қазақ оқушылары да білім алған болатын.

Үкімет жаңа әдіспен білім беретін медреселерді халық арасына пантүркизм және панисламизм пропогандасын жасап отыр деп көрсетіп, кедергі келтіргісі келді. [15,47] Ресей ішкі істер министрлігінің назарында болған медереселердің ішінде  Ресулие медресесі, Құсаиния  медресесі және Ғалия медресесі болған. Осы аталған медреселер ең көп Қазақ жастарының шоғырланған жері болатын.

Ресулие медресесі Тройцк қаласында ашылған. Директоры әйгілі дін адамы Шейх Зейнуллах Ресули. 1884 жылында ашқан медреседе Татар, Башқұрт және Қазақ жастары білім алды. Сол дәуірдің жәдидшілдерінің бірі болған Ресули медреседе жаңа педагогикалық білім беру жүйесін құрды. Медресенің білім беру жүйесіне Ыбырай Алтынсарин және Қазақтың бай саудагерлері де оң қабақ танытқан. Зерттеуші Жемаладдин Велидов Ресулие медресесінде білім алған оқушылардың 10%Қазақ және Башқұрт оқушыларынан құралғанын айтады. [2,123]  20.ғасырдың бастарында Қазақстан ақпарат құралдарының арасында маңызды орны бар Айқап журналының шығарушысы Мұхамметжан Сералин және Екрем Алиов осы медреседе білім алған. [19,301]

Қазақ мәдениетіне әсер еткен тағы бір медресе Ахмет Қусайновтің Орынбордан ашқан медресі. Медресе 1890 жылы ашылған. Құсаиния медресесінде тек қана діни сабақтар емес, тарих, география, химия, зоология, Түрік және Орыс тілдері де оқытылған. [11,182] Медресені Орыс мектептерімен жарысатындай дәрежеге жеткізген Құсаиния медресеге дәріс беру мақсатында сол дәуірдің атақты оқытушыларын жинап медресенің атын шығарған.  Аталған медреседе дәріс алған Қазақ оқушыларының арасында Құдайберген Жұбанов, Шамғали Сарыбаев, Жұмабай Оразалин, Елемес Керменов, Хайреттин Балғынбаев, әйгілі әдебиетші Кенжеғали Ғабдуллинт.б [60,145]

Қазақ оқушыларының ен көп шоғырланған медресесі Ғалия медресесі.Медресе Еділ – Орал  аймағының жәдитші дін адамы Зиаддин Кемали (1873-1942) тарапынан құрылған. Уфа қаласында 10 қазан 1906 жылы құрылған медресе “Медресе-и Алие-и Діние” атымен ресми түрде ашылған. Кемали бір жағынан медреседе директорлық қызметін атқарса, бір жағынан хадис, тәбсір, сүннет және психология сабақтарын оқытқан. Дін сабақтарымен қатар математика,физика, химия және жаратылыстану пәндері оқытылған. [16,94] Жәдитше білім берудің алғашқы құрушыларының бірі болған медреседе 1909жылы мен 1916 жылдар арасында 154 ге жуық Қазақ жастары білім алған. Осы жастардың арасында Мағжан Жұмабаев, Ишанғали Арабаев, Мустафа Оразаев, Бекмұхаммет Серкебаев, Бейімбет Майлин, Абдолла Шоқаев т.б білім алған.

Жоғарыда аты аталған медреселерден басқа қазақ жастарының білім алған медреселері Қызылжардағы Құснеддин Халфе, Вели Ахунд, Әзиз Молла, Орынбордағы Мұхаммедия медресесі және Османия медресесі [5,502]

Алғашында Еділ- Орал аймағында діни ойларды жаңарту негізінде туған жәдитшілдік, кейіннен Ресейде өмір сүретін мұсылман түркі халықтарының реформа және өзгеру талаптарын білдіретін бір термин ретінде қолданысқа түсті. Бұл ой Абдунасыр Құрсави мен Шахабеттин Мержанидің басшылығымен ойластырылған. [4,25]  Исмаил Гаспыралының “ тіл де, пікір де, іс те бірлік” сөзімен жәдитшілдік бір мақсатты көздеген ағым болып қалыптасты. Ресей империясының мұсылман Түркі халықтарына жүргізген саясатына қарсы ұйымдастырылған жәдит қозғалысы ортақ бір тіл мен ділді қорғап қалуды көздеген.

Жәдидшілік қозғалысы Ресей империясының қарамағындағы Түркі халықтарына қалай әсерін тигізсе Татарлар арқылы Қазақстанға да әсерін тигізіп отырды. Бұл қозғалыс Қазақстанда алғаш рет 19. ғасырдың соңғы жылдарында Қазақ ақын жазушыларының еңбектерінде жазыла бастады.Осы ақындардың ішінде усул-жәдидті жырлаған Абубәкір Кердері.Кердері Татар жәдитшілдерінің ашқан усул-жәдид мектептерінің Қазақстанда да ашылу керектігін айтқан.Жәдит қозғалысын жырлаған тағы бір ақын Муфтахетдин Камалетдинұлы Мұхамедияров (Ақмолла) Өзін “жәдитшілдік” ағымның бастаушысы Ш.Маржанидің шәкіртімін деп есептеп, оның ағартушылық жолын дәріптейді. Ақын өз өлеңдерінде жаңа ағымның басшысы Маржаниді мадақтайды, жаңашылдықты, өнер-білімді, қоғамдық пәндер мен орыс тілін медресе жүйесіне енгізу туралы мәселелерді жырлайды.

20. ғасырдың бастарында Еділ –Орал аймақтарындағы жәдитші медреселерде білім алған Қазақ жастары жәдитшілдікті қолдап жұмыстар атқара бастайды. Ғалия медресесінде білім алған Қазақ жастары 1916 жылы Қазақстанда усул-жәдидті дамыту мақсатында “Садақ”атты қолжазба әдеби журнал шығарады. Журналдың мақсаты - жастарды әдебиетке тарту, өмірдің және елшілдіктің маңызын түсіндіру, жауапкершілікті арттыру еді. [3,64]

Жәдит медреселерінде білім алған Қазақ жастарының жұмыстары Ресей тыңшыларының назарынан тыс қалмады. Осы жастар жайында былай деп “Жәдитші жастар Қазақ-Орыс мектептерінің Қазақстанда керек емес екендігін, Орыс тілін Татар медреселерінде де үйренуге болатындығын, Қазақтардың қазіргі жағдайын қозғай отырып “Оян Қазақ”, “Тұр Қазақ”,“Маса” атты кітаптарды Уфадан шығарып халыққа таратып жатқандығын” баяндаған [15,65]

Жәдит медреселерін бітіріп шыққан жастар Қазақстанға келіп ағарту саласында қызмет атқара бастады. Алғаш рет усул- жәдит әдісімен дәріс беретін мектеп Семей қаласында ашылған. Бұл жылдарда Семей қаласы маңызды сауда және кәсіпорын орталығы болғындықтан ағарту саласына көмек беретін қоғамдардың пайда болуы және Татар саудагерлері мен Татар оқытушыларының қолдауымен Семей қаласын жаңа әдіспен дәріс беретін орталыққа айналдырды. Усул жәдид мектебінің ашылуы туралы Қазақ  газеті мен Айқап журналы хабарлап отырды. Жалпы Қазақстанда 1912 жылы жаңа әдіспен дәріс беретін мектептердің саны 121 оқушы саны 1810ға дейін көтерілген. [15,45]

Усулу-жәдит әдісін қолдау мақсатында Мұқаммет Сәлім Кешимовтің “Қазақтарға өсиет”, “Кітаптарды тану” сияқты еңбектері жарық көрді. Кітап оқушылармен оқытушылардың көмекші құралы ретінде қолданылған. Кешимов қазақ балалары орыс тілінде білім алса ұлттық құндылықтардан жұрдай болып өседі деп санап балаларды орыс мектептеріне жіберуге қарсы шыққан.Осы мәселе төңірегінде Айқап журналына көптеген мақалалар жариялаған.

 Қазақ жәдитшілдерінің арасында Мұқамметжан Сералиннің еңбектерін атауға болады. Тройцк қаласындағы Ресулие медресесінде білім алған Сералин Мержанидің еңбектерін оқи отырып әлеуметтік, діни және әдет салттарды қорғай отырып Батыста дамыған білім мен жаратылыстанудың үйренуге болатындығын және осыларға қол жеткізу үшін Орыс тілін білу керек екендігін айтқан. Сералин медреседегі оқуын тәмамдап Қостанайдағы Қазақ-орыс мектебінде білім алған. Осы оқудан кейін Торғай уезінің Ырғыз қаласына қарасты ауылдық мекен жайға өз мектебін ашып жаңа әдіспен білім берген. [8,152]  Еділ –орал аймағындағы ақпарат құралдарынан қатты әсер алған Сералин Қазақ мәдениетінде маңызды орны бар Айқап журналын 1911 жылы жарыққа шығарған. Исмайл Гаспыралының басшылығымен дамыған жәдитшілдікдің Қазақтарға әсерін Сералиннің И. Гаспыралының өлімінен кейінгі жазған “Орны толмайтын өлім” атты мақаласынан аңғаруға болады.

20.ғасырдың бастарында жәдитшілдікпен бірге дамыған Түркішілдік ағымының симфолы ретінде Маған Жұмабаевты айта аламыз. Жұмабаев 1905 жылы Қызылжар қаласының байларынан бірі Ыстанбулда университ оқыған Мұқамметжан Беришевтің ашқан медресесінде білім алған.Бұл медресе Солтүстік Қазақстанның ең маңызды білім ошағы болатын. Медреседе араб, парсы және түрік тілінде білім берілген. Сонымен қатар Түрік тарихы жан жақты тереңдетіліп оқытылған. [1,33] 1910 жылы Мағжан Жұмабаев медреседе бірге оқыған досы Бекмұқаммет Серкебаевпен бірге Уфа қаласындағы Ғалия медресесіне білім алуға келді. Бұл жылдарда Ғалия медресесінде Сәлімгерей Жантурин мен Әлімжан Ибрахимов сияқты ұстаздар тәлім берген. [10,6] Жәдитші қайраткерлермен Уфада танысқан Мағжан шығармаларында Қазақстанда дамып келе жатқан Түрікшілдік ойын Қазақтардың менталитетіне қарай жаза бастады. Мағжанның өлеңдерінде 1910 және 1920 жылдарда Түрік әлемі туралы тақырыптар көптеп кездеседі.

Осылармен қатар Ислам дінін жаңашалап жәдитше жазған Қазақ қайраткерлерінің бірі Шәкәрім Құдайбердіұлы. Исламды қазақша айту Құранды қазақшаға аудару, сонымен қатар діни кітаптар жариялау сияқты қарқынды жұмыстар жүргізген Шәкәрім Құдайбердіұлы “Мұсылмандық шарты” атты еңбегінде Исмайл Гаспыралы туралы ойларын баяндаған. Шәкәрім “Абайдан кейінгі ұстазым ретінде Тержуман газетінің иесі Исмайл Гаспыралыны айтсам артық айтқандық болмайды. Оның газетін оқыдым, көп нәрсе үйрендім. Алла тағала екі дүниеде де мақсатына жеткізсін. Аумин”деп Гаспыралы туралы пікірін баяндаған. [14,649]  

Татарлардың Қазақ даласына келуімен басталған Татар Қазақ қатынасы бастапқы кезде діни бағытта болған. Одан кейінгі жылдарда Еділ-Орал аймақтарындағы медреселерде білім алған Қазақ жастарының болуы, жәдит қозғалысына атсалысулары Қазақстан жерінде де қолдау тауып жатты. Жәдит қозғалысының арқасында Қазақстанда усул-жәдит медреселері ашылып, білім туралы хабарлар ақпарат құралдары арқылы жарияланып отырды. Қазақ қайраткерлері Гаспыралының “тіл де, пікір де, іс те бірлік” сөзін дамытуға ат салысты.

Алмауытова Ә.Б –Сайгы Г.Б., Қорқыт Ата атындағы ҚМУ


                                                                  Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Абдуллин, Қ., Қасенов, К Мұстафа мен Мағжан-Тұран елінің даналары.Алматы «Ана тілі»,- 1993

2. Алгар, Х The last great Naqshbandi Shaykh on the Volga-Urals Region Muslim in the Central Asia Expermissions on idientity and Change,-1992

3. Аллаберген, Қ., Оразов, Ф  Қазақ журналистикасының тарихы. Алматы «Жалын»,- 1994

4. Андижан, А Cedidizm’den bağımsızlığa hariçte Türkistan mücadelesi, İstanbul «Emre»,- 2003

5. Арат,Р, Kazan hanlığı  İ.A.VI:5005-552

6. Ахметов, Ғ, Алаш алаш болғанда. Алматы «Жалын»,- 1996

7. Әділжанов, Ғ, Islam as part of the Kazak identity and Chokan Valihanov,Анкара «Билкент университеті»,-2004

8. Әуезов, М,  Әдебиет тарихы, Алматы «Өнер»,-1991

9. Жексенбаева, Ғ, Орыс-Қазақ және Отарлау саясаты, Қазақ тарихы,-1996

10. Жұмабаев, М, Таңдамалы шығармалары, Алматы «Ғылым»,-1992

11. Девлет, Н, Rusya Türklerinde Milliyetçilik (Türkçülük) şuurunun gelişmesi,Türk Dünyası araştırmaları XIV,1984

12. Егембердиев, М, Туркистанские ведомости gazetesine göre Türkistan’daRuslaştırma Siyaseti, Ankara, «Yayımlanmamış yüksek lisans tezi»,- 2002

13. Франк, А, Russian MuslimInstitions in imperial Russia, Boston «Brill Pres»,-2001

14. Мектеп, А, İsmail Bey Gaspıralı ve Kazaklar İsmail Bey Gaspıralı için,Аnkara «Kırım Vakfı»,-2004

15. Пірманов,Ә.,Капиева, А,  Қазақ интелегенциясы, Алматы «Атамұра»,-1997

16. Рорлич, А, The Volga Tatars, California «Stanford»,-1986

17. Рой, O, Yeni Orta Asya’da ulusların İmal edilişi, İstanbul «Melis»,-2000

18. Рүстемов,С, Орынбор мүфтілігі және Қазақтар,  Алматы,-  2004

19. Субханбердина,Ү.,Дамиров. С,  Айқап, Алматы «Қазақ энциклопедиясы»,- 1993

20.Зенковски, А, Rusya'da pantürkizm ve Müslümanlık, Çev. İ Kantemir, İstanbul «İpek»,- 1978

21.Түрікоғлы,İ, Rızaeddin Fahrettin,İstanbul «Ötüken»,- 2000

       


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз