«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».
Н. А. Назарбаев
Басты бет » «edu.e-history.kz» электрондық журналы » Пәнаралық зерттеулер » Этнография » Қазақ әдебінің (этикет) зерттелу мәселелері

Қазақ әдебінің (этикет) зерттелу мәселелері

Қазақ халқының ежелден бері қалыптасып, сақталып келе жатқан әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері заман, ағымына қарай өзгеріске ұшырап келеді. Осындай мәліметтерді жинақтап, зерттеуде этнология ғылымының алатын орны орасан зор.
Этнология ғылымында «қарым-қатынас этнографиясы» деген ерекше ұғым этномәдени қауымдастық арасындағы өзара араласу ережелерін зерттейді. Қарым-қатынас мәдениетінің ең маңызды компоненті, әрі ұйымдастырушы бастауы — әдеп (этикет) болып табылады. Этикет дегеніміз -белгілі бір қоғамға тән адамгершілік принциптерінің жиынтығы. Этикет туралы сөз қозғағанда халықтың санасына сіңіп қалған мінсіз іс-әрекеттерді ғана емес, шын мәнінде күнделікті тұрмыстағы қалыпты жағдайды ажырата білу керек. Әр түрлі халықтардың этикетін зерттеуді ғылыми тұрғыдан қарастырсақ, маңызы зор. Өйткені оны зерттеу қоғамда болып жатқан көптеген үрдістер мен құбылыстарға баға беруге көмектеседі.
Қазақ қоғамындағы дәстүрлі әдеп нормаларын, олардың қазіргі уақыттағы жасына, жынысына қарай сақталу-деңгейін, қоғамда алатын орнын және тұрғылықты жеріне байланысты ерекшеліктерін біз зерделеу арқылы айқындай аламыз. Мінез-құлықтың нақты нормаларын талдау негізінде дәстүрлі қазақ қоғамы және тұтастай алғанда қазақтардың мінез-құлық мәдениетінің ортақ ұстанымдары анықталады. Қазақ әдебінің негізгі ұстанымдарындағы өзгерістерді белгілеуге болады.
Дәстүрлі қазақ мәдениетіне арналған көптеген этнографиялық зерттеулерде мінез-құлықтың кейбір стандарттық нормаларын сипаттау және әр түрлі әдептік нормалар кейбір мақалаларда жарық көргенімен, әлі күнге дейін қазақ әдебі арнайы зерттеу нысаны болмаған. Сондықтан, қазақ әдебінің әр түрлі қырларын кешенді зерттеу, қазақ халқына ғана тән, әр ауданға байланысты, оның дәстүрлі ерекшеліктерін анықтау, қазіргі заманауи жағдайлардағы қазақтар мекендейтін аудандардағы төл әдептердің өзгерісіне талдау жүргізу өзекті ғылыми мәселе болып табылады.
Бұл мақалада қазақ әдебіне қатысты барлық деректер біртұтас жинақталып, қөшпелі қазақ қоғамына тән тарихи қалыптасқан мінез-құлық нормалары мен қағидалардың жүйесі ретінде қарастырылады. Сондықтан қалыптасқан мінез-құлық қағидалардың мазмұны болып табылатын дәстүрлі қазақ әдебінің негізгі ұстанымдарын айқындау өте маңызды.
Кеңестік дәуірден кейінгі жастардың заманауи жаңа талаптарға бейімделу үдерісі коммунистік, ағымның идеологиялық негіздерінің күйреуімен және тәрбие ісіндегі бос кеңістіктің қалыптасуымен байланысты. Соған сәйкес, бүгінгі күні қазақ халқының рухани мәдениеті бірден-бір тәрбие құралы болып табылады. Қазіргі қазақ қоғамында дәстүрлі әдепке деген үлкен қызығушылықтың бар екендігін және кейбір әдеп нормаларының жаңғыру үрдісінің байқалатындығын айта кету қажет.
Бұл мақала қазақ қоғамының дәстүрлi әдеп нормаларының адамдардың жасына және жынысына, әлеуметтiк дәрежесіне, тұратын жеріне қарай қазiргі уақыттағы олардың орындалу-деңгейін басқа да факторлардың ықпалын, сонымен қатар қазіргі, ағымға байланысты өзгерісін анықтауға және әдеп саласындағы өзгерістердің заңдылықтары мен себептерін талдауға бағытталған.
Зерттеудiң түпкi мақсаттарынан келесi міндеттер туындайды:

  • Сәлем беру және қоштасу, қонақ қабылдау, жанұя iшiндегі қарым-қатынастар, бата берудегі қазақ әдебiнiң дәстүрлi нормаларын сипаттау;
  • Қазақстанның жекелеген аудандарындағы дәстүрлі қазақ әдебінің ортақ және өзіне тән сипаттарын айқындау;
  • Дәстүрлі әдептегі өзгерістерді талдау және сараптау, заманауи әдептік нормаларды саралау;
  • Мінез-құлықтың нақты нормаларына талдау жүргізу негiзінде дәстүрлi қазақ әдебінің және ұлттық мiнез-құлық мәдениетiнiң ортақ қағидаларын анықтау; қазiргі уақыттағы қазақ әдебінің негізгі ұстанымдарының өзгерiсін айқындау.
Мәдени қарым-қатынасты жан-жақты меңгеру — қазіргі этнология, мәдениеттану, философия, лингвистика және тағы да басқа да ғылымдардың ең өзекті тақырыптарының бірі. Б. Х. Бгажноков — осы мәселенің зерттелуіне көп үлес қосқан алғашқы этнограф. Ол қарым-қатынас этнографиясын ерекше пән деп белгілеу мақсатында этнографияның және қарым-қатынас теориясының жекелеген теориялық және тәжірибелік мәселелеріне жүйелі ғылыми зерттеулер жүргізді және осының негізінде арнайы тарихи-этнографиялық қарым-қатынасты меңгерудің заңды екендігін дәлелдеді. Оның «Адыгейлік әдеп» атты еңбегінде өз халқының әдебінің құрылымдық қағидалары, қонаққа құрмет көрсету және қоштасу жоралғылары, сөйлеу үлгілері және тиымдары қарастырылған. Ол алғашқылардың бірі болып, әдепті зерттеу үшін негізгі кезеңдерді айқындап, этнографиялық көзқараста әдепті оқытуды қалай жүргізу керектігін көрсетіп берді. Негізгі өндірістік механизмі және мәдени қарым-қатынастың ұдайы жаңғыруы әдет-ғұрыппен салт — дәстүрлері болып табылады деп көрсеткен.
Б. Х. Бгажноков өзі жасаған «субдисциплина»- қосалқы пән ретінде түсінік аппаратына көп көңіл бөлді. Мәдени қатынасты сипаттау барысында, ол қарым-қатынастың «стандарттары мен атрибуттарының" көптеген терминдерін енгізді. Қарым-қатынас стандарттары дегеніміз — бірлесу және әлеуметтік бақылау қызметін атқаратын және ұрпақтан — ұрпаққа берілетін коммуникативтік мінез-құлық үлгісі. Автор сонымен қатар, белгілі бір этностың өзара әрекет жағдайында қайталанатын моральдық ұйғарымдардың ғұрыптық қарым-қатынастарының арнайы жүйесін ұсынатын этноәдеп (этноэтикет) терминін енгізді. Б. Х. Бгажноков ұсынған әдістеме мақалада этикеттік ахуалдарды сипаттағанда пайдаланылады.
Әдептің жеке сұрақтарының зерттеулерiне мысал ретiнде, құрметтi қонақтарды қабылдау туралы Б. Х. Бгажноковтың мақаласы қолданылды.
Коммуникация теориясы мен қарым-қатынас этнографиясы, мінез-құлық пен әдептің стереотиптік формалары мәселелерін зерттеуге А. К. Байбурин үлкен үлесін қосты.
Ол А. Л. Топорковпен бірге «әдеп», «қарым-қатынас этнографиясы», «мінез — құлық мәдениеті» сияқты түсінік аяларын оқырмандарға түсінікті тілмен жеткізеді. Сонымен қатар, әдептік қатынастың дамуы және тарихи жинақтау негіздерін ерекше атап көрсетті. А. К. Байбурин «этнографиялық әдепті меңгеру» туралы мақаласында әдепті зерттеу мақсатында арнайы кең көлемде бағдарлама ұсынады. Ол әдептік қылықтардың туындалу жолдарын көрсетіп береді және оның дастархан басындағы қонақ күту, дастарханда отыру мәдениеті, ымдау сияқты түрлерінің ортақ және ерекше белгілерін анықтап берді. Шетел тарихнамасындағы дәстүрлі қарым-қатынас мәдениетінің жалпы теориялық зерттеулеріне Б.Малиновский, М.Мосс сияқты этнографтардың еңбектері арналған.
Жоғарыда көрсетілген жұмыстармен қатар, этикетті зерттеген Ресейлік этнографтардың мынадай еңбектерін атап өтуге болады: С. А. Арутюнов, Ю. В. Бромлей, Ш. Д. Инал-Ипа, С. А. Токарева және т.б.
Сонымен бірге ресейлік этнограф А. М. Решетов бұл мәселеге байланысты ерекше үлес қоса отырып этикеттік жағдайдағы типологияны енгізді.
Бұрынғы кеңес одағы және кейбір шетел халықтарының мәдени мінез- құлқының ерекшеліктеріне арналған мақалалар А. К. Байбуриннің басшылығымен шығарылған мақалалар жинағында бейнеленген. Кавказ халықтарының әдептері мейлінше жақсы зерттелген. Қазақ және кавказ халықтарының әдебін салыстыра отырып, социомәдени қауымдастықтан туындайтын кейбір мінез — құлық нормалары мен әдептік ахуалдардың ұқсастығын, аңдауға болады. Оңтүстiк және Оңтүстiк-шығыс Азия халықтарының әдептеріне арналған зерттеу жұмыстары бай материалдарға сүйеніп жазылған. М. А. Лапинаның кандидаттық диссертациясы ханттардың әдептік дәстүріне арналған. Н. Л. Жуковскаяның жұмысы көшпенділер әлемінің белгілі бір бөлігі болып табылатын монғолдар әдебіне арналған, онда қазақтарға ғана тән монғолдардың мәдени болмысы мен бейнесі қарастырылған, тек көшпелі әлемге тән ерекше белгілерін көрсетіп берген. Қазақтардың нақты әдептік нормалары туралы саяхатшылардың, кеңес этнографтарының еңбектерінде, қазақстандық зерттеушілердің еңбектерінде аталып өткен. Қазақстан этнографтарының ішінде М.М. Мұқанов қарым-қатынас мәдениеті мәселесімен арнайы айналысқан. Өзінің қарым-қатынас кезінде ауызша айтылмайтын әдістердің бірнешеуіне талдау жасаған мақаласында мәдени қатынастың бір түріне жататын қазақы ырымдар, яғни дене қимылдары арқылы берілетін амалдарға талдау жасаған.
Зерттеу қазақтың дәстүрлі мәдениеттегі өзгерістерін қамтиды, сондықтан автор өз еңбегінде модернизация тұжырымдамасының қағидаларын басшылыққа алды. Модернизация дегеніміз әлеуметтік мәдениеттік жүйенің кешенді қайта құру үдерісі, оның барысында «дәстүрлі» мәдениеттің бірқатар ерекшеліктері принциптік өзгерістерге ұшырайды: өндірістің сипаты, әлеуметтік байланыстар, мәдени құндылықтар және елеулі жеке қасиеттер кіреді. Модернизация үдерісінде құндылықтық бағдарлар және олардың иерархиясындағы өзгерістер сияқты қалыптасқан этномәдени жүйедегі терең сапалық өзгерістер жүреді. Дәстүрлі және заманауи этикет қатар өмір сүретін, өзара байланысатын және өзара бейімделетін жүйе ретінде қарастырылады. Заманның өтпелі жағдайларында да дәстүрлі мәдениет элементтерінің сақталуы жалғасын табуда.
Модернизация үдерісі тарихи дамудың негізгі факторын айқындап, аграрлық тұрпаттағы қоғамның индустриалды қоғаммен ауысуын сипаттайды. Модернизация үдерісін зерттеуге «Шығыс қоғамдарының эволюциясы: дәстүр пен заман синтезі» атты іргелі еңбек арналып, онда өтпелі дәуірде бастан кешіп отырған елдердегі өзгерістер сипатталады. Модернизация үдерісі туындатқан өзгерістер мәдениеттiң, атап айтқанда сұхбаттасу мәдениетi мен әдебінің едәуір түрленуiне әкеледі.
Қазақ әдебінің жалпы адами құндылықтарға ие формалары сақталған.ол тек формалды түрде ғана емес қарым -қатынас мәдениетінде көрініс табады. Бұрынғымен салыстырғанда гендірлік диференциацияға байланысты қоғамдағы әйел адамның тең дәрежеде болуы әсер еткен. Бұл еліміздің тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ халқының ұлттық санасының оянуы және өзіндік дәстүрлі мәдениетін зерттеуге талпыныс жасауымен байланысты.

Гүлжан МейрмановА, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз