«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».
Н. А. Назарбаев
Басты бет » Білім беру, ғылым, мәдениет ұйымдары » Мұражайлар » Қазақстан ғылымының тарихы мұражайында студенттерге арналған тақырыптық семинар өтті

Қазақстан ғылымының тарихы мұражайында студенттерге арналған тақырыптық семинар өтті

2014 жылдың 22-23-мамырында «Ғылым ордасы» РМК Қазақстан ғылымының тарихы мұражайында жоғарғы оқу орындарының студенттерімен «Қазақ жерінің ортағасырлық ғұламалары» және «Қазақ тарихындағы Мұхамед Хайдар Дулатидың орны» атты семинар өткізілді. 

2014 жылдың 22-23-мамырында «Ғылым ордасы» РМК Қазақстан ғылымының тарихы мұражайында жоғарғы оқу орындарының студенттерімен «Қазақ жерінің ортағасырлық ғұламалары» және «Қазақ тарихындағы Мұхамед Хайдар Дулатидың орны» атты семинар өткізілді. Бұл семинарды мұражай меңгерушісі Дүйсембаева Назира Бәкірқызы жүргізіп, оған М.Тынышбаев атындағы ҚазКБА студенттері қатысты.

4c39084acca7adb263a1d3be1fe92f1c.jpg

Қазақ тарихының түп-тамыры тереңде жатыр. Қасиетті қазақ даласы талай ұлы ғұламаларды дүниеге алып келді. Шығыстанушы ірі ғалым Әбсаттар Дербісәлінің ғылыми зерттеулеріндегі 250-ден аса ортағасырлық ғұламалардың ғылыми айналымға енуі қазақстандық ғылым саласындағы тың дерек болып табылады. Ғылым ордасында Ғылым күніне арналған ғылыми-практикалық конференцияда Әбсаттар Дербісәлі: «Жұрттың көпшілігі бүгінгі күнге дейін тек Әбу Насыр әл-Фарабиді ғана біледі. Шынында да Отырар тек Әбу Насырды ғана берді ме? Біздің зерттеулеріміз Отырардан 30 майталмандардың шыққанын көрсетіп отыр. Олар әртүрлі ғылым, білім, мәдениет пен дін салаларының өкілдері. Бірқатарының өмірі жайлы мағлұматтар, еңбектері біздің заманымызға жетсе, бағзылары туралы деректер бірер жолдардан аспайды. Әйтсе-де олар біз үшін аса қымбат», — деп атап көрсеткен. Қазақ топырағының көзі ашық, ойшыл азаматтары бүкіл шығыс, араб-парсы мәдениетін меңгеріп, өз шығармаларын кейінгі ұрпақтарына мұра етіп қалдырды. Осындай ұлы тұлғалардың бірегейі, әлемде екінші ұстаз атанған ғалым, философ, математик, ортағасырлық шығыс философиясының көрнекті өкілі — Әбу Насыр Мұхаммад ибн Тархан ибн Ұзлағ әл-Фараби. 

ebbbd835f7f63f04ff78723ad26a5fb7.jpg

Әл-Фарабидің ғылымның көптеген салаларымен айналысып, ғылымды бес топқа жіктеуі мұражай экспозициясында көрнекі түрде көрсетілген. Студенттер экспозициядан ғалымға қатысты бірқатар деректермен танысып, ортағасырлық ғұламаларға арналған диарамманы тамашалады. Семинарда ұлы ғалым туралы құнды деректер айтылып, студенттер өздеріне қажетті көптеген мәліметтер алды.
Ал екінші семинар қазақ ғылымы мен мәдениетінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан ғалым, халқымыздың тұңғыш тарихшысы Мұхамед Хайдар Дулати туралы өткізілді. Мұхаммед Хайдар Дулати жан-жақты білімді адам болған. Қазақстанның, Орта Азияның, Моғолстанның оған дейінгі және сол кезеңнің тарихын, ұлтының фольклоры мен даналығын білген. Ол өз заманының керемет тарихшысы және жазушысы болған. Ғалымның Қазақ хандығының құрылуы, сол кезеңдегі Орта Азиядағы саяси оқиғалар туралы егжей-тегжейлі мәліметтер берген деректері аса құнды болып отыр. Осыған орай экспозицияда ортаазиялық халықтары мен қазақ тарихы үшін маңызы аса зор «Тарих-и-Рашиди» еңбегінің бірінші, ағылшын тілінде басылып шыққан мұқабасының көшірмесі (1898 ж.) және оның «Жаһаннаме» атты махаббат дастанының Әбсаттар Дербісәлінің қазақ тіліндегі аудармасы қойылған.

Мұхамед Хайдар Дулатидың тарих саласындағы еңбектері арқылы біз ұлы ғалымды қазіргі қазақ тарихы ғылымының бастау көздерінің бірі және ұлттық тарихтың негізін салушы ретінде танимыз. Сонымен қатар семинар барысында Қалила Умаровтың «Мұхамед Хайдар Дулати» атты фильмі студенттердің назарына ұсынылды. Деректі фильмде шығыстанушы Әбсаттар Дербісәлі мен белгілі тарихшы Берекет Кәрібаев Мұхамед Хайдар Дулатидың қазақ тарихындағы орнын ерекше атап көрсетсе, Алигарх университетінің профессоры Мансура Хайдар мен шығыстанушы ғалым Ислам Жеменей оның Кашмирдегі 11 жыл бойы билік еткені жайлы сүйсіне мәлімдейді. Жастар фильмді қызыға тамашалап, қайталанбас дара тұлғаның өмірі мен шығармашылығы жөнінде көптеген мағлұматтарға қанығып, осы мұражай туралы басқаларға қызыға хабарлайтынын айтты.

«Ғылым ордасы» РМК
Қазақстан ғылымының тарихы
мұражайының қор сақтаушысы
Даулбаева Айнұр

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз