«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».
Н. А. Назарбаев
Басты бет » «edu.e-history.kz» электрондық журналы » Пәнаралық зерттеулер » Тұрмыс » Қазақтың баспанасы мен тұрғын үй-жайы хақында

Қазақтың баспанасы мен тұрғын үй-жайы хақында

Материалдық мәдениеттің құрамдас бөлігіне айналған баспана көне дәуірлерден бері адамдардың іс-әрекетінің жемісі ретінде қоршаған ортамен өзара тығыз байланыста қарастырылып келе жатыр.

Табиғат жағдайы мен географиялық бітімге ыңғайланып қалыптасқан шаруашылық халықтардың тұрмыс-салтын анықтады. Адамзат баласы табиғи ортаға бейімделу барысында жер бедерінің ыңғайына қарай баспана мен тұрғын жайларды сала бастады[1].

Қазақтың көшпелі мал шаруашылығының өріс, қоныстары жылдың төрт маусымына қарай қыстау, көктеу, жайлау және күзеу деп төртке бөлінді. Әдетте көктеу мен күзеу бір орында болды. Қыстауда малшылар құйма кесектен немесе соқпа тамнан яқи тастан қаланған үйлерде, орманды өңірлерде, ағаштан қиылған үйлерде қыстады, жылдың басқа мезгілдерінде киіз үйде отырды.

Бірнеше үй бір ауыл есептелді. Ауыл дегеніміз — бір атадан таралған бірнеше туыстас отбасы. Олардың өріс-қоныстары бір болды., шаруашылықты бірлесіп жүргізіп, бірге көшіп-қонып жүрді.

Қазан төңкерісіне дейін қазақтардың көшпелі өмір салтын ұстанып келгені белгілі. Көшпелі өмірге ыңғайлы тұрақ киіз үй болды.

Киіз үй — ежелгі көшпелі өмір сүрген адамдардың жылжымалы негізгі баспанасы болған. Ол тез жығылып, шапшаң тігуге ыңғайлы, көшіп-қонуға лайықталып жасалады. Киіз үйдің пайда болуы қола дәуіріне тура келеді (б.з.б. 3 мың жылдық). Киіз үй біздің заманымыздан бұрынғы ҮІІ ғасырда кеңінен пайдаланылып, киіз басу белгілі бір еңбек кәсібіне айналды[2]. Киіз үй — көктем, жаз және күз мезгілдерінде қоныстан қонысқа көшіп жүру жағдайына қолайлы құрама үй. Оның қабырғасы айқыш сағанақтардан көктелген керегеден тұрғызылады. Кереге әдетте екі түрлі болады. Оның бірі кең көзді кереге «жел көз» деп аталады. Бұл артуға жеңіл, бірақ желге төзімсіздеу келеді. Екінші түрі тар көзді кереге «торкөз» деп аталады, ол артуға ауырлау болғанымен, желге өте төзімді. Кереге жылжымалы болып бөлек-бөлек қанаттан жасалады. Ал керегеден жоғары сидам, жіңішке, ағаштан жұмырлап жасалып, қарны иілген уықтардан қаусырыла күмбез шығарылады. Уықтардың аяғы дөңгелене жайылған керегенің аша басына айқастырыла байланып, үші (қаламшасы) шаңырақтың көзіне шаншылады. Шаңырақ үй күмбезінің төбесі әрі терезесі. Керегенің сыртынан әр алуан бояулы жүн оралып, өрнек түсіріліп тоқылған ши ұсталады. Кереге мен уықтар кермебау, басқұр, құр және басқа да бау-шулармен бекітіледі. Үй, ағашының сыртынан арнаулы үй киіздері — қабырғасына туырлық, үстіне үзік, төбесіне түндік жайылады. Бұл үй киіздері бау-шулар арқылы ұштастырылады. Киіз үйдің есігінің биіктігі бір жарым метр, ені 0,8 метр келеді. Оның ағаштан оюлап жасалған «сықырлауық" деп аталатын жарма есік орнатылады. Сықырлаық сыртынан ораулы шиден тоқып, оюлы киіз қаптағанжаппа есік түсіріледі. Үйдің ортасында тамақ асатын ошағы (тағаны) яки дөңгелек темір пеш болады. Үйдің оң жағында төсек, оның тұсына тұскиіз ұсталып, төсек қоршап шымылдық тартылады. Үйдің төріне жүкаяқ қойылып, оның үстіне абдыра, көрпе-жастық, тағы басқа жүктер жиналады. Үйдің сол жағына кебеже, қазанаяқ, саба сияқты ыдыстар қойылады.

Ауқатты отбасының үй іші сәнді болады. Үй-ішіне түрлі-түсті пұлдан оюланған тегеріштер, туырлық қастар ұсталып, кереге түс киіз, кілем-кілшелер тартылады. Үй тағанына оюлы откиіз, текемет, сырмақ, кілем-кілше төселеді. Кереге, уықтар сырланып, кейде жез, күміс қүймалар қағылады, үйдің сырты дөдеге ою-өрнектермен әсемделеді.

Келінге арнап көтерілген үй «отау» деп аталады. Бұл отаудың барлық жасау- жиһазы жаңадан жасалады, іші-сырты әшекей ою-өрнек, кестелермен безендіріледі.Той кезінде ұзатылған қызға арналған барлық киім-кешек, жасау-жиһаз ішіне жайылып, гүл жайнап көз тартады. Бұл бейне қазақ халқының ісмерлік өнері мен ою-өрнек кестелерінің көрмесі тәрізді.

Қатардағы шаруалардың төрт қанат, ауқатты байлардың алты қанат үйі болды. Ал сегіз қанат, он екі қанат үйлер ірі феодал, хан-сұлтандарда ғана болады. Ол «Ақ Орда» деп аталады. Бұл ордалар салтанатты мерекелерге арнап тігілетін болды. Қазақ кедейлерінің киіз үйлері өте жұпыны еді, киізі тозып, түтін сіңіп кеткендіктен «қараша үй» деп аталды. Кедей-жалшылар шанышпа уықтар мен шаңырақтан құралған «шанышпа қос», «лашық" атанған жұпыны үйлерде өмір өткізді[3].

Киіз үйлердің үлкен-кішілігін керегелер санына қарай белгілейді. Академик Ә.Марғұланның айтуынша киіз үйлердің екі, үш қанаттан бастап он екі, он сегіз, отыз қанатқ дейін жететін үлкен түрлері болған[4]. Киіз, ақ үйлердің түрлері мен атаулары да көп. Бұларды, ақ ала орда, ақ орда, ақ шаңқан, алтын орда, алтын үзік деп атаған. Ал орташа шаруа мен кедей шаруаларға тән киіз үйлерді алты қанат, ақ үй, боз үй, қоңыр үй, қара үй, қара лашық, қалмақ үй, лашық аран, жаба салма, көтерме туырлықты, кепе, ұранқай, күрке, қамсау, (шошала) отау, итарқа, жаппа деп атаған.

Ірі байлар 8–18 қанат сәнді үйлердің киіздерін, ақ жүннен басып, үстінен күйдірген әкпен, ақ бормен, күйген сүйектің күлімен, ағартып бояған. Ал кішігірім қақыра немесе қалқа сияқты үйлер көбінесе соғыста майдан шебіндегі далада, кейде қорған есебінде тігілетін.

Қазақ киіз үйлерінің негізінен «қыпшақ үлгісі», «қалмақ үлгісі» деп аталатын екі түрі болған. Оның біріншісі — иығы шығынқы, мінсіз дөңгелек те, екіншісі — еңсесіз шошақ үй. Көне Дах массагеттерде шошақ, не жартылай сфералық түрдегі, ағаш пен киізден тігілетін күрке немесе киіз үй сияқты алып жүруге ыңғайлы жиналмалы тұрғын үйлерді пайдаланғанын дәлелдейді [5]. Қазақ киіз үйлерінің «үзікті үй», «көтерме туырлықты» үй деп аталатын да түрлері бар. Көтерме туырлықты киіз үйде бөлек үзік болмайды, оның орнына туырлық шаңыраққа бір-ақ жетіп тұратын биік қасты болып жасалады [6]. Киіз үйдің жықпалы түрімен қатар, киіз формасында жасалған (дық, шошала), тұрақты түрлері-де болған. Бұл жөнінде Каспий теңізінен солтүстікке және солтүстік шығысқа қарай созылып жатқан жерді мекендеген көшпелілердің тұрғын үйлерінің формалары туралы келтірген антик тарихшылардың деректері аса қызық екенін академик Ә.Марғұлан да жазған.

Үнемі көшіп-қону жағдайына қарай батыс өңірінде, әсіресе Маңғыстауда үзігі мен туырлығы бірге көтерме туырлықты үш, алты қанатты кішірек киіз үйлер кеңінен таралған. Көбінесе мұндай үйлердің сүйегін шаңырағынан бастап төменгі іргесіне дейін тұтас жететін үш-төрт бөлек көтерме туырлықтармен жабады. Киіз жамылыштың сыртынан екі белдеу арқанмен тартып: біріншісін, керегенің дәл ортасынан жүргізсе, екіншісін, керегенің жоғарғы жағынан бастыра байлап тастайды.

Көтерме туырлықты үйлердің Ойыл және Сағыз өзендерінің бойындағы адай мен әлім елдерінде-де кездесетіндігін Батыс Қазақстанды зерттеген профессор С. И. Руденко да атап көрсеткен[7]. Осы дәлелге қарағанда мұның өзі нағыз көшпелі адай және Оңтүстік Қазақстан облысындағы бағаналы елдерінде сақталған киіз үй жамылышының ең бір ескі түрі болуының мүмкін екенін профессор Х.Арғынбаев та көрсеткен[8]. С. И. Руденконың пікірі бойынша туырлығы үзігі бөлек жасалатын киіз үй жамылышының түрі солтүстік жақтағы қазақтарға тіпті бертін пайда болды. Киіз үй жамылышының «көтерме туурдук» деп аталатын мұндай түрі Талас өзенінің бойы мен Қырғызстанның оңтүстігіндегі қырғыздар арасында да кездеседі. Қысы-жазы бірдей көшіп-қонып жүрген малды ауыл киіз үйдің қадірін қашаннан-ақ жақсы білген. Әрине, киіз үйдің қыста жылы, жазда салқын болғаны жөн. Ең абзалы, мұндай үй көшіп-қону кезінде тез сынып қалмайтын, берік әсіресе оның ағаш бөлшектері ыстық-суыққа қақырап кетпейтін, төзімді болуы шарт. Осындай киіз үйдің көлемі мен жасау жиһазы да Маңғыстау қазақтарының көшпелі өміріне бейімделе жарасқан, киіз үй жауында су, ыстықта күн өтпеске жақсы, тынысы кең, ауасы таза, сырттағы тіршіліктің тынысын үнемі біліп отыруға өте қолайлы. Оны 2–3 кісі жарты сағатта тез тігуге болады. Керек болған жағдайда үйді жықпай, ішкі жағынан ірге аударып қонуға да ыңғайлы.

Батыс өңірі киіз үйлерінің жергілікті табиғат жағдайына сай көшіп-қонуға ыңғайлы, ықшамдығы жағынан ешбір көшпелі елдің асып түспегенін әркездегі зерттеушілер атап кеткен. Маңғыстаулықтардың «түйенің қомында — аттың жалында» дегендей көшпелі өміріне байланысты олардың көш-жөнекей тігетін кішкене киіз үйлерін — «адайдың жолма» үйі дейтін. Мұндай үйді басқа ауданның қазақтары әдетте жылқы қосына беретін.

Талай ғасырлық көшпелі тұрмыс тәжірибесінен туған қазақтың киіз үйі — күннің аптабы мен түннің дым-сызынан, жауын-шашын мен, аңызақтан, бораннан сақтануға ыңғайлы, әрі ауалы, әрі жарық болудың үстіне көші-қонға қолайлы болды; оны жарты сағат ішінде жығып-артуға да, жарты сағатта көліктен түсіріп, тігіп алуға да болатын еді.

Қазақтардың қарашадан наурызға дейін отыратын тұрақты қонысы «қыстау» деп аталады. Әдетте қыстау ықтасын жерлерге, өзен бойларына, шөбі шүйгін, суы мол, отынды, түңкелі жерлерге салынды. Қыстаудағы үйлердің жағдайы сол өңірдің географиялық жаратылыстық жағдайларына және ауа-райына байланысты болды. Қалың орманды жерлерде, ағаштан, орманы аз жерлерде құйма кірпіштен, соқпа дуалдан, таулы жерлерде тастан салынды. Бұл үйлер төрт бұрышты, текше төбелі келеді. Үй ішіне балшық немесе темір пеш орнатылады. Бұл үйлермен қатар ерте заманнан келе жатқан «шошала» деп аталатын шошақ төбелі үйлер болды. Шошаланың құрылысы қазақтың киіз үйіне ұқсайды, оның аумағы дөңгелек яқи көп қырлы, керегесі тастан, яқи құйма кірпіштен 2,5 метр биіктікте қаланып, үстіне уық тәрізді тарам-тарам сырғауылдар көлбей шаншылып, күмбез тәрізді қауыстырылады. Сырғауылдардың түбі қаланған қабырғаларға тіркеліп, ұшы төбедегі шаңыраққа таңылады да сыртынан тоқылған қамыс және шыбық жабылып, оның сырты балшықпен сыланады. Ішіне төрт яки алты арыс қойылып, тіреу тіреледі. Шошаланың ортасына ашық жағылған оттың түтіні шаңырақтан шығады, қыста осы шошалада тамақ пісіреледі және соғымның еті арыстарға асылып, сүрленеді.

Қазан төңкерісіне дейінгі Қазақстанның көп жерінде ХҮІІІ ғасырдың аяғында тұрақты қыстақ үйлер пайда бола бастаса, ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ халқының тұрақты қыстақтарда тұруы бұқаралық сипат алды. Ал батыста, Маңғыстау, Ақтөбе өңірі қазақтары болса ХХ ғасырдың басында да жыл бойы, ағаш (киіз) үйде тұруын жалғастыра берді. Неміс профессоры Р.Карутц Маңғыстауға соңғы рет 1909 жылы келген сапарында «адайлар, ағаш үйде қыстайды»[9] деп жазды. Мұның басты себебі Маңғыстаудың табиғи-географиялық ерекшелігі мен халқының мал шаруашылығымен айналысу ерекшелігінен екенін көруге болады. Бұған Маңғыстау түбегінің қысты күні жылы болуы да айтарлықтай әсер етті. Тіпті қыс қатты болатын жылдары қазақтар Хиуаға қарай көшетіндіктен олар тұрақты үй салмай-ақ күн көре алған.

1926 ж. Батыс өңірінде болған СССР ҒА-ның С. И. Руденко бастаған экспедицияның зерттеулерінде адайлар үй салып отырықшылыққа көшкісі келсе, кез-келген бұлақ жағасына үй салып алуға ерікті болғандығын, мұндай жақтардың қора-қопсысы мен қыстақ үйіне, әдеттік құқы бойынша, ешкімнің қол сұғуға хұқығы болмағандықтан, оның атадан балаға мұра есебінде қала беретіндігін атап өткен. Маңғыстау қазақтарының алғашқы тұрғызған тұрақты үйлері қазақтың киіз үйіне еліктеп жасалған-дық, шошала сияқты түрлері болған. Олар тас, қамыс немесе әртүрлі бұталардан жасалатын. Бұлардың формасы басқа облыстардағы «шошала», «жертөле» сияқты болып келетін. Ал кейініректе төрт бұрышты тас үйлер-де салынатын болды[10]. Маңғыстаудағы жертөле салушылар тереңдігі 1,5 м. жер қазып, қабырғаларына қамыс ұстап тас өріп, төбесін ұзын, ағаш және қамыспен жауып, топырақпен бастыратын. Төбеден жарық түсіп, түтін шығып тұру үшін саңылау тесік қалдырған. Ол кездерде үй салу негізінен Қаратау мен, Ақтау бойындағы суы бар жерлерге әркім өз бетімен орналасуына байланысты жоспарсыз жүргізілді. Жоспарлы түрде тұрақты мекен салу тек ауыл шаруашылығын ұжымдастыру кезінен басталады. Соның өзінде мұндағы осы күнге дейін берік сақталып келе жатқан жақсы дәстүр киіз үйлерді жазды күні кеңінен пайдалану екені даусыз.

Қазақтың киіз үйі әлі ескірген жоқ, қайта етек алып жылдан-жылға көбеюде. Көшкенде алып жүруге ыңғайлы әрі жайлы үй ретінде біздің елімізде ол кеңінен қолданылады. Киіз үй өнеркәсіп, мәдениет, қоғамдық тамақтану саласында бара-бара қолданылуда, тіпті біздің елімізден басқалар да оған көңіл аударуда.

Негізгі қарекеті мал шаруашылығымен сабақтас халқымыздың, оның ішінде Батыс өңірі қазақтарының байырғы тұрғындары үшін, ағаш киіз үйдің орны ерекше. Халықтың әл-ауқатының жақсарып, талғамының кемелденуі, ағаш үй мәдениетін жасақтауда да көрініс беруде.

Әдебиеттер тізімі:
1. Бикенов А. Қазақтың материалдық мәдениеті. Астана — 2010, 11-бет
2. Асанова С., Птицина А. Қазақтың ұлттық киімдері. Астана, 2011, 129–130 бб.
3. Нығмет М. Қазақтың қысқаша тарихы. А., Жалын баспасы, 1994, 378–379 бб.
4. Маргулан А. Х. Казахская юрта и ее убранство. Москва, 1964, стр. 6.
5. Қазақстан тарихы. І том, 1966, 208-209-бб.
6. Қасиманов С. Қазақ халқыны қолөнері. Алматы, 1969, 124–125 бет.
7. Руденко С. Очерк быта казахов бассейна рек Улла и Сагиза, — Соныкі: Антропологические
особенности Западных казахов//сб. «Казахи», Л. 1927, вып.3
8. Арғынбаев Х., Захарова И. Оңтүстік Казахстан обылысында ұйымдастырылған этнографиялық
экспедиция жұмысының қорытындысы//ТИИАЭ, А-А., 1961, т. ХІІ, 102-бет.
9. Карутц Р. Среди киргизов и туркменов на Мангышлаке. СПБ., 1910, стр. 67.
10. Востров В. В. Новые материалы по этнографии казахов адаевцев// ТИИАЭ АН КазССР, А-А., 1960,
т.ҮІІІ, стр. 163.

Алипова Д.Ж.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз