«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».
Н. А. Назарбаев
Басты бет » «edu.e-history.kz» электрондық журналы » Пәнаралық зерттеулер » Археология » Қылыш ІІ обасындағы қазба

Қылыш ІІ обасындағы қазба

Қылыш қорғандар тобы Атырау облысы, Индер ауданы, Жарсуат ауылынан оңтүстік-шығысқа 22 км., жерде жазық алқапта орналасқан. Ескерткіштердің GPS жүйесіндегі географиялық координаты: N 48° 09,187'; E 051° 47,696'. 2012 жылғы 20 қыркүйек — 10 қазан аралығында Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының археологиялық экспедициясы Қылыш қорғандар тобына зерттеу қазба жұмыстарын жүргізді [1].

Қылыш қорғандар тобына төрт қорған жатады. Оның ішіндегі ең ірісі Қылыш І қорғаны. Оның пішіні дөңгелек келген, көлемінің өлшемдері: диаметрі 145 м., биіктігі 3 м. Айналдыра ені 14–15 м, тереңдігі 0,80 м болатын ормен қоршалған. Қорған топырақтан үйілген.

Осы қорғанның оңтүстік-шығысына таман Қылыш ІІ, Қылыш ІІІ қорғандары қатар орналасқан. Олардың бір-бірімен арасы 15 м., болады. Ал оңтүстігінде Қылыш ІV қорғаны орналасқан.

Қылыш ІІ қорғанының пішіні сопақша болып келген, солтүстік-батыс оңтүстік-шығыс бағытында созыла орналасқан. GPS координаты: N 48° 09,086'; E 051° 47,772'. Көлемі: 40×20 м., биіктігі 0,60 м., болады. Қорғанның сыртында оры бар. Оры негізінен батыс және шығыс жақтарында байқалады, ені 6–11 м., аралығында, тереңдігі 0,30 м., болады. Ал, солтүстік-батыс оңтүстік-шығыс жақтарында оры байқалмай, жер бетімен бірдей-деңгейде тегістеліп қалған. Қорған топырақтан үйілген. Үстіне қалың шөп өскен.

Қылыш ІІІ қорғанының да пішіні сопақша болып келген, солтүстік-батыс оңтүстік-шығыс бағытында созыла орналасқан. GPS координаты: N 48° 09,070'; E 051° 47,739'. Көлемі 35×18 м, биіктігі 0,65 м. Сыртқы орының ені 7 м, тереңдігі 0,30 м. болады. Солтүстік-батыс оңтүстік-шығыс жақтарында оры байқалмай, жер бетімен бірдей-деңгейде тегістеліп қалған. Топырақтан үйілген. Үстін қалың шөп қабаты басып жатыр.

Қылыш ІV қорғанының пішіні дөңгелек келген, көлемінің диаметрі 22 м, биіктігі 0,40 м. Сыртқы орының ені 4 м, тереңдігі 0,10 м. болды. Топырақтан үйілген, үстін шөп басқан. GPS координаты: N 48° 09,049'; E 051° 47,654'.

Қазба жұмысын Қылыш ІІ қорғанына жүргізілді. Қорғанының үстінен 2 алтын жалатылған қола жапсырма табылды. 1 сурет.

Қазба кезінде қорғанның ортасынан батыс-шығыс бағытында қалыңдығы 1 м. болатын стратиграфиялық жиек қалдырылды. Осы жиектің солтүстік және оңтүстік жағы топырақтан тазартылды. Қазба бір күрек бойы топырақ алынған соң үсті тазартылып көзбен шолып бақылау әдісімен жүргізіліп отырды. Қазылып алынған топырақ қорғанның шығыс жағына үйілді. Қорғанның топырағы тығыз, ақшыл-сары саз боп келеді.

Қорғанның үстінен есептегенде 60 см., тереңдікте жиектің оңтүстік жағынан төңкерілген қола қазанның түбі ашыла бастады. Оның батыс жағынан тағы да бірнеше қола жапсырма шықты. Осы жапсырмалардың айналасын тазарту кезінде 40 см., тереңдікте қорғанға жерленген адам қабірінің шұңқыры анықталды. Шұңқыр көлемі 180×70 см. Қабір шұңқырын тазалау кезінде -30 см., тереңдіктен адам сүйегі ашылды. Адам мәйітінің бас жағынан ірі қара малдың сүйегі — ортан жілік табылды. Бұл қабірдегі адамның бас жағына құрбандыққа шалынған мал етін қойғандықтан болса керек. 2-сурет.

Жерленген адамның басы оңтүстік-батыс бағытқа, аяқтары солтүстік-шығыс бағытқа қаратылып қойылған. Сүйектің ұзына бойы өлшемі 147 см. Мәйіт шалқасынан жатқызылған, басы алдына тіке қараған. Аяқтары тік созылып түзу жатыр. Қолдары екі жақ қапталына бос жіберілген. Оң жақ қолының шынтақтан төменгі сүйектері мен оң жақ қабырғасы, бұғанасы болмай шықты. Мәйіттің ұсақ сүйектері, алақан, саусақ, тобық, өкше, башпайлары да өз орнында табылмады.

Топырақтан тазалау кезінде сол жақ төсі тұсынан көзіне қызыл, ақық орнатылған күміс сақина, ромбы түрінде жасалған қара моншақ және бірнеше саусақ сүйектері табылды. Шамасы, жерленген адамның оң қолы бүгіліп, денесінің үстіне қойылған болуы мүмкін. Аңның қос тісінен жасалып күміс тұғырға орнатылған бойтұмар мен тағы бір қара моншақ сол қолының білек тұсынан табылды. Кіндігінің тұсына қола айна қойылған.

Осы сүйектің бел омыртқасы айналасынан белдіктің металдан жасалған 2 түрлі тоғасы, көптеген алтын жалатылған қола жапсырмалар, метал тойтарма шегелер т.б. әшекей бұйымдар табылып отырды. Сонымен бірге осы жерде қайыс былғары мен матаның сақталып қалған кішкене бөлігі-де шықты. Тоғалар, алтын жалатқан жапсырмалар мен тойтарма шегелер қайыс белбеу — белдіктің әшекейлері болған.

Қола қазан мәйіттің шығыс жағында 1,40 м., қашықтықта орналасқан. Қазан төңкерілген қалпында көмілген. Оны рәсімдік қызмет үшін пайдаланған болса керек. Қазан мен мәйіт арасында бірен-саран күйген, ағаш қалдықтары табылып отырды. Қылыш қорғанынан табылған жәдігерлердің сипаттамалары:

Қазан. Сарғылт түсті қоладан құйылған. Биіктігі 43,5 см, диаметрі 44 см. болады. Қазанның жартышар пішінді тостағаны, конус пішінді биік табанды тұғырға орнатылған. Тұғырының табаны аздап үгітіліп сынған, диаметрі 13 см, тұғырдың сақталынған биіктігі 7,5 см. Қазанның тостағанын бөлек құйылған, қосымша ернеу бөлігімен жалғаған, оның биіктігі 8,5–9 см. Осы қосылған жері шиыршықталған жіп тәрізді, шығыңқы етіп соғылып жалғанған. Қазан тостағанының ернеуіне дейінгі жалпы биіктігі 34 см., болады. Тостағанды құю барысында түп жағында үш жерде жарықтар пайда болып оны жөндеген болса керек. Жалғанған жерінен жоғары қарама-қарсы ілмек тәрізді екі тұтқа орналасқан, осы тұтқалар ортасына тағы қарама-қарсы тігінен екі тұтқа жасалған. Тұтқа биіктігі 5,5 см, екі шетінің аралығы 6,5 см. болады. Қазан тұтқа қалыңдығы 1,7×2 см. етіп қоладан құйып, иіп дәнекерлеген. Тұтқа дайындаған кезде сыртқы жағын ішіне қарай ойысты етіп құйылғаны байқалады. Тік тұтқада осындай сыртын ойыс ету тәсілімен жасаған, оның биіктігі 3 см, екі шетінің аралығы 4,5 см, қалыңдығы 1×1,2 см.

Қазан ернеуі сыртына қарай түріліп 2 см-ге қайырылған, сол себептен түрілген жері тағы да қосымша дәнекерлеуге ұшырағаны байқалады. Қазанның үш жерінде ернеуінен басталатын жарылған іздер бар. Жарықтың бірінің ұзындығы 12 см, екіншісі 5,5 см, үшіншісі 2,5 см. Ернеуден 5 см., төменде коррозияға ұшырау салдарынан диаметрі 1,5 см., тесік пайда болдған. Қазанның ішкі жағының беті тегіс, сыртқы беті бұдырлы келген. Сыртында қара күйенің іздері бар, ал іш жағын көк түсті тот басқан. Шамасы қазанның әр бөлігі бөлек құйылған болуы керек, яғни тұғыры, тостағаны, құлақтары бөлек-бөлек құйылып, біріне-бірі дәнекерленген. 3 сурет.

Қола айна. Диаметрі 13,8 см, қалыңдығы 0,4 см. болды. Бір жақ беті тегіс келген, екінші жақ бетінде сурет бар. Айнаның шетін ала, иіріліп жатқан айдаһар бейнесі салынған. Айдаһардың басында екі жаққа қараған қос айдары, үлкен көзі бейнеленген. Тұмсығының ұшы үшкір келген. Денесінің төрт жерінде қос-қостан, барлығы сегіз аяқ салынған. Аяқтары ортасынан бүгілген, олардың екі-үшеуден саусақтары бар. Иіріліп жатқан айдаһардың ішкі жағының аяқтары қысқа, сыртқы жағының аяқтары ұзын етіп салынған. Құйрығы сыртына қарай иіріліп тұр. Денесін мойнынан бастап бірінші мен екінші аяқтарының ортасына дейінгі бөлігін бұдырлы-қабыршақты етіп бейнелеген. Айдаһардың тұмсығының төменгі жағында «свастика» белгісі салынған. Оның сағат тілімен бір бағытта айналатыны бейнеленген және бір ұшы дұрыс соғылмай, түспей қалған. Айдаһардың аяқтарында да осындай түспей қалған жерлер кездеседі. Дәл ортасына айнаның тұтқасы орналасқан. Тұтқа ілгіш түрінде жасалған, айнамен тұтас құйылған. Ұзындығы 2 см, ені 0,5 см, биіктігі 0,8 см. Айна бетіне айдаһар бейнесі — император билігінің символы ретінде, свастика бейнесі — буддисттік тақырыпта бейнеленуі оның Қытайдан шыққан болуы мүмкін екенін білдіреді. 4 сурет.

Күміс сақина. Сақинаның диаметрі 2 см, жалпақтығы 0,4 см. Сақинаның көзіне сопақ боп келген мөлдір қызыл түсті, ақық тас (сердолик) орнатылған. Көзіндегі тас көлемі 1,6×1,1 см. 5 сурет.

Бойтұмар. Аңның қос тісін жұқа күміс тұғырына бекітіп жасаған. Тістерді қатарластырып тұғыры кигізілетін жерін өңдеп, тесіп, сол тесіктен жіңішке сым өткізу арқылы тұғырға ұстатқан. Тұғырының үстінде жіп өткізер ілгіші бар. Бойтұмардың биіктігі 2 см, жалпақтығы 1,8 см. болады. 6-сурет.

Моншақтар. Қара түсті. Пішіндері ромбы түрінде, көлемдері әр түрлі, бірінің өлшемі 1,9×1×0,9 см, екіншісінің өлшемі 1,4×1,4×0,8 см. Моншақтарға бірнеше жерінен тесіктер өткізілген. 6 сурет.

Тоғалар. Тоғалардың көлемі әр түрлі 2 данасы табылды, ақ түсті металдан жасалған. Біріншісінің көлемі үлкендеу келген, ұзындығы 4 см, ені 2,9 см, белбеуге бекітетін жерінде ені 2 см. болады. Тілі сарғыш түсті металдан үшкірленіп жасалған. Тоғаның арғы жағында белбеуге бекітетін үш тойтарма шегелері жапсырылған, Оларға сары металдан пластинкалар кигізілген.

Екінші тоғаның көлемі кішірек келген, ұзындығы 2,5 см, ені 1,8 см, белбеуге бекітетін жерінің ені 1,1 см. Тілі сары металдан жасалған. Тоғаның осы бетінде өрнек салынған.

Алтын жалатылған қола жапсырмалар. Пішіні «жүрек» пішініне ұқсас дөңгеленіп келген. Диаметрі 1,8 см, қалыңдығы 0,2 см. болады. Жапсырманың ортасына шеңбер соғылып, шеттеріне шынжыр тәріздес сопақшаларды тізбектей әшекейлеп соққан. Бетіне алтын жалатылған. Артқы жағында қайырылған екі бекіткіш түйреуіші бар. Қазбадан жалпы 19 данасы табылды. 7 сурет.

Тойтарма шегелер. Қалпағы дөңгелек, жартышар пішінді, ақ түсті металдан жасалған. Диаметрі 0,9 см, артқы жағына бекіткіш тойтармасы дәнекерленген. Барлығы 9 данасы табылды. 8 сурет.

Ұсақ метал тойтарма шегелер. Көлемдері әр түрлі, ақ түсті металдан жасалған. Шағын дөңес қалпақтары бар. Тойтарма бекіткішіне сары түсті метал пластинкалар кигізіліп ұстатқан.

Мата бөлігі. Шағын мата бөлігі үш бүктеле оралған күйі табылды. Мата мал жүнінен өте жіңішке етіп иірген жіптен тоқылған. Көлемі 2,5×1,5 см., шамасында. Жерленген адамның киімінен сақталып қалған болуы керек.

Қайыс белбеу бөлігі. Көлемі: 2×1 см., болатын мал терісінен жасалған белдіктің фрагменті. Сарматтардың тұрақтары, қорғандары Қазақстанның батысында өте көп. Б.з.д. ІІІ ғасыр мен б.з. ІV ғасыры аралығында сарматтар Арал-Каспий аймағында көшпенді өмір салтын ұстанып, негізінен мал шаруашылығы, аңшылық, балық аулаумен айналысқан. Аздаған бөлігі отырықшылықта, егіншілікпен-де шұғылданған. Әсіресе Еділ мен Жайық өзені бойында өмір сүрген сармат тайпаларының шаруашылығында жер игеру айрықша орын алған. Ерте темір кезеңінде Орталық Азия мен Қара теңіз жағалауы тайпаларының мәдениетін байланыстырушы қызметін сармат мәдениеті атқарғаны белгілі. Олардың мәдениеті хроникалық жағынан үшке бөлінеді: ерте сармат (прохоров), орта сармат (суслов) және кейінгі сармат мәдениеті деп аталады.

Сарматтар б.з.б. ҮІІ ғасырдан б.з. ІҮ ғасырына дейін Шығыс Европадан Арал-Каспий далаларын дейінгі жерді мекендеген. Сармат қоғамында әйелдер өте құрметті орын алған. Ақсүйек әйелдер патша, қолбасшы және абыздың міндетін-де атқарып отырған. Құрбандық шалатын тас ыдыстар көбінесе әйелдер қабірінде ғана кездеседі. Сарматтық құрбандық тас бұйымдар екі, үш, төрт аяқты болып өте тамаша өңделіп жасалған. Олар діни салт кезіндегі қозғалмалы альтар есебінде пайдаланылған. Сарматтарда матриархат жақсы қалыптасып, әйелдер үй-ішін сақтаушы ретінде артықшылық жағдайда болды [2].

Ал, Алимарт Александр: «Мен соғыста ерлерден кем түспейтін массагет әйелдерін, құдды ерлердей садақты сарната толғайтын өзге сақ әйелдерін жақсы білемін» — деп жазады [ 3].

Савромат-сармат әйелдерінің қоғамдағы белсенділігі, олардың жауынгерлік ерліктері, ежелгі грек, аңыздарында айтылатын жұмбақ «амозонкалардың" шығуына себепкер болды [4] . Ежелгі грек жазушысы б.э.д. ІІ ғ. Полиен — б.э.д. ІІІ ғ. сармат әйел патшасы Амаганың әскери жорығы туралы жазған: — «…что воины ее отряда имели при себе двух сменных лошадей и таким образом смогли переодолеть расстояние в 1200 стадий» [5].

Сарматтар ұзақ уақыт бойы, б.з. IV ғасырындағы ғұн тайпаларының шапқыншылығына дейін, сол заманның халықаралық оқиғаларына белсене қатынасып тұрған. Б.з.д. I-мыңжылдықтың орта шенінде, Геродоттың жазбаларында айтылатын «далалық скиф жолы» Қара теңіздің солтүстік жағалауындағы грек қалалары арқылы Оңтүстік Орал даласына, одан әрі Алтайға дейін созылғаны, осындай өзара қарым-қатынастың болғанының дәлелі. Грек-рим жазба деректемелерінің көптеген мәліметтері б.з.д. ІІІ ғасырда скиф тайпаларының жерлерін жаулап алуымен көзге түскен сарматтардың батысқа үдере жылжулары, Боспор патшалығымен экономикалық және саяси байланыстары, Рим империясымен күресінің көптеген эпизодтары туралы баяндайды. Сарматтар мәдениеті көшіп-қону, сауда-саттық, соғыс жорықтары арқылы Батыс Еуропа, Қара теңіз маңындағы елдерге тараған. Осындай өзара қарым-қатынастың арқасында сармат мәдениеті дамып, белгілі бір дәрежеде өнер мен мәдениеттің жоғарғы сатысына жеткен.

Сарматтардың қорғандары әдетте қабір үстіне биік етіп топырақ үйіліп салынады. Қабір шұңқыры төрт бұрышты пішінде қазылып, аяқ жағына қарай аздап тар болып келеді. Мәйіттің басын оңтүстікке немесе оңтүстік-батысқа қарата жерлеу б.з.д. ІІ-І ғасырларға тән жағдай. Мәйітті шалқалай, ұзынынан тік жатқызып, еңбек құралдары, қару-жарағы қойылатын болған. Әдетте әйел адамның бір қолы бүктетіле жамбас сүйегінің үстіне қойылатын болған. Cармат әйелдерінің тағы бір ерекшелігі олар қоғамдық істерге белсенді араласып қоймай, әскери қимылдарға да қатысқан. Сарматтардың патшалық обаларының (хан шатыры) көпшілігінде әйелдердің жерленуі жиі кездесіп тұрады.

Қылыш ІІ қорғанының жерлеу жорасы мен бұйымдарына қарап оның б.з.д. ІІ — б.з. І ғасырларда Каспий маңы және Жайық бойын қоныс еткен сармат тайпаларының қабірі болғанық.

Қорғанда қола қазан, алтын жалатылған, күмістен жасалған сәндік әшекейлер, қола айна, т.б. бағалы заттармен бірге жерленуі сармат әйелінің қоғамдағы дәрежесі жоғары болғанын білдіреді.

Әдебиеттер тізімі:

1.Қылыш қорғандар тобына2012 жылы жүргізілген археологиялық қазба жұмысының ғылыми есебі.
Атырау, 2013 ж.
2. Граков Б. Н. Пережитки матриархата у сарматов.-ВДИ, № 3,1947. С.109–110.
3. Су Бэйхай. Сақтар мәдениеті.// Қазақ мәдениетінің тарихы. А.,1990. 25 бет.
4. Мифы народов мира. Энциклопедия. (В 2 томах). Гл. ред. С. А. Токарев. —
5. Полиен. ҮІІІ. 56.

Касенов М.С., Тұрарұлы А.
Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайы

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз