«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».
Н. А. Назарбаев
Басты бет » Халық тарих толқынында » Еуразиялық экономикалық одақ » Саясат Нұрбек. Азия елдерінің ЕАЭО ықыластары ерекше

Саясат Нұрбек. Азия елдерінің ЕАЭО ықыластары ерекше

-Жақында Владивосток қаласында Азия саяси партиялары Халықаралық Конференциясы Тұрақты комитетінің (АСПХКТК) отырысына қатысып келдіңіз? Отырыс барысында қандай келелі мәселелер қозғалды?

-Владивосток қаласында 2014 жылдың 30 мамыр — 1 маусым күндері Азия саяси партиялары Халықаралық Конференциясы Тұрақты комитетінің (АСПХКТК) (The International Conference of Asian Political Parties) 22-сессиясы болып өтті. Бүгінгі таңда бұл конференцияда әртүрлі Азия мемлекеттерінің жетекші 22 саяси партиясы қамтылған.
АСПХК — мемлекеттердің емес, партиялардың атынан азиялық сан қырлы саяси әлемнің өзара ортақ ақпараттық қарым-қатынасын орнату мүмкіндігін танытатын, іргелі бірлестік. Бұл бірлестікке аналог ретінде Батыс әлеміндегі Ортақшыл Демократиялық Интернационал (Centrist Democrats International) немесе Халықаралық Демократиялық Одақ (International Democratic Union) секілді құрылымдарды айта кетсек болады.
Алқалы жиында аймақтардағы жергілікті мәні бар шиеленістер, адам саудасы, бүгінгі замандағы әйелдердің рөлі, басқа өңірлерде орын алған «түрлі-түсті төңкерістердің" Азия аймағында ойламаған жерден бұрқ ете қалу қаупінен сескену секілді ең көкейкесті деген, ағымдағы және қоғамның өзегін сыздатып жүрген көптеген мәселелер қызу талқыланып, алуан пікірлер ортаға салынды. Азия саяси партиялары Халықаралық Конференциясы Тұрақты комитетінің жұмысына қатысушылар Украина мәселесі туралы диалогқа шақырса, Ресей делегациясы осы мәселе турасында әріптестерін Еуроодақ және, АҚШ-пен, ағымдағы байланысы жөніндегі, ақпараттардан хабардар етті.
Сөзім дәлелді болуы үшін айта кетсем, АСПХКТК отырысының күн тәртібінде мына мәселелер қарастырылды:
1. Шри-Ланкада АСПХКТ 8-Бас Ассамблеясының отырысына дайындық мәселелері талқыланды.
2. Аймақтағы өзекті саяси мәселелер, Тайландтағы төңкеріс, жер дауы мәселелері, аймақтағы түрлі ықпалдастық бірлестіктері арасындағы бәсекелестік, адам саудасы, әйелдердің статусы туралы сөз етілді;
3. АСПХКТК ұйымдастыру мәселелерін талдаумен бірге, қатарға жаңадан қосылғандарды мүшелікке қабылдау және саяси партиялардың тізімін жаңарту, отырыстарды өткізу мерзімін белгілеу секілді тағы басқа көптеген мәселелер ортаға салынды.
4. АСПХК-тің БҰҰ Бас Ассамблеясында бақылаушы мәртебесін алуға өтініші.
5. Азия саяси партиялары Халықаралық Конференциясының Латын Америкасы және Кариб бассейні (COPPPAL) елдері саяси партиясымен ортақ отырысын дайындау хақындағы әңгіме.
6. АСПХК-тің Тайланд жөніндегі арнайы мәлімдемесін қабылдау.
Азиядағы аймақтық экономикалық ықпалдастықтың болашағына айрықша назар аударылды. Қатысушылар Шығыс Азиядағы АСЕАН-ға мүше 10 мемлекеттің Жан-жақты Аймақтық экономикалық серіктестігі (Trans Paciffic Partenreship) туралы және құрамында Қытай, Жапония, Корея Республикасы, Үндістан, Австралия және Жаңа Зеландия кіретін алты елдің, сондай-ақ, АТР-дағы Еркін Сауда аймағын дамытудың болашағы туралы ерекше сөз қозғалды.
Сонымен қатар, осы жолы Азиядағы бүгінгі таңдағы геосаяси мәселелер, оның ішінде ҚХР-дің Оңтүстік Қытай теңізіндегі көршілес елдермен арадағы аумақтық жер дауы қызу талқыға түсті. Вьетнам Коммунистік партиясының өкілі Тран Пак Лой ҚХР-дің Вьетнам аумағына қарасты су айдынындағы бұрғылау жұмыстарын қолға алуына қатысты арнайы сыни мәлімдеме жасады.
Бұдан басқа тағы да бір маңызды аспект — Ресейдің осы іс-шара кезіндегі айрықша белсенділігі көзге түсті. Ресейдің соңғы жылдары Азия және Тынық Мұхиты аймағына ерекше назар аудара бастағаны бұған дейін байқалған болатын. Оған дәлел ретінде АТМ аймағына айрықша мән берген Ресейдің 2030 жылға дейінгі энергетикалық стратегиясын, сондай-ақ, Қиыр Шығысты дамыту жөніндегі ауқымды бағдарламасын айтуға болады.

-Отырыс барысында Азия саяси партияларының Еуразиялық экономикалық одаққа деген ұстанымдары мен қызығушылықтар қандай-деңгейде болды? Партияаралық қандай іс-әрекеттер мен байланыстар жолға қойылды?

-Алдында айтып кеткенімдей, көптің назарын ерекше аудартқан мәселе — аймақтық экономикалық ықпалдастық мәселелер болды. Бүгінгі таңда Шығыс Азия аймағы жаһандық экономиканың ең бір қарқынды дамып келе жатқан бөлігі болып табылады. Шығыс Азияның экономикалық жетістіктерінің бірден бір себебі — аймақтық тиімді экономикалық ықпалдастығы және осы аймақтағы сауда қарым-қатынасының барынша еркіндігінде жатыр. Жалпы алғанда, аймақтық ықпалдастық бүгінгі таңдағы жаһандық экономиканың дамуын айқындайтын басты тренд ретінде танылып отыр.
Еуразиялық ықпалдастықты Еуразия кеңістігіндегі аймақтық ықпалдастықтың негізгі өзегі, яғни экономикалық бәсекелестіктің пайдасы мен артықшылығының нақты көрінісі деп санауға болады. Әрине, осы форумда Еуразиялық экономикалық одағына айрықша назар аударылды. Азияның ЕАЭО-қа деген қызығушылық онсыз да баяғыдан белгілі болатын. Оған дәлел ретінде көрші елдер Қырғызстан, Тәжікстан, сонымен қатар, Үндістан мен Вьетнам секілді басқа да азиялық мемлекеттер ықыласының аталған одаққа ауып отырғанын айтсақ болады.
АСПХК аясындағы партияаралық ынтымақтастық туралы айтқанда, осы форумның басты ерекшеліктерінің бірі — белсенділікті арттыруға деген ынталылық және аймақтардың даму үрдісі мен олардың өзіндік бағыт-бағдарына, ортақ ерекшеліктеріне сәйкес саяси процестің нәтижелілігіне назар аударғанын атап өткен абзал. Бүгінгі Азия аймағы — Жер шары халқының үштен екі бөлігі қоныстанған, аса ауқымды табиғи, әсіресе, жаһандық экономикадағы әлеуметтік, мәдени және ғылыми даму жөнінен маңызы күннен күнге өсіп бара жатқан энергетикалық ресурстар шоғырланған, апайтөс, алып өлке.
Екі полярлы әлемнің аренадан кетуіне байланысты Азияның барлық мемлекеттері үшін жаһандық үрдістерде өз орнын табуға деген қажеттілік пайда болды. Аймақта бірнеше экономикалық «жолбарыстар» мен «айдаһарлар» пайда болғаннан кейін, экономикалық даму жағынан алға басқан да аймақ мемлекеттері суырылып шықты. Бұл үрдіс сондай-ақ ішкі саяси процестерден өзінің көрінісін тапты. Атап айтқанда, бірнешелеген жаңа саяси партиялар құрылып, саяси күресте демократиялық іс-шараларды нығайту, әрі үкіметтің ауысуына сайлау арқылы ықпал ету қолға алынды. Нәтижесінде аймақ елдерінде өзгеше құбылыстар орын алды: бұрынғы билеуші партия оппозицияға айналып, олардың орнын басқа саяси күштер басты. Партияаралық коалиция құрылып, әртүрлі халықаралық партияаралық байланыстар жолға қойыла бастады. Бүгінгі таңда АСПХК азиялық кеңістікте азиялық қоғамдастықта бейбіт, ынтымақшыл мемлекеттер кеңістігін орнықтырумен қатар, Азияның жан-жақты өркендеу жолында өз ықпалын білдіріп, сол жаһандық істердің басы-қасында өзі жүруге ниеті барын танытып отыр.
2009 жылдан бастап Тұрақты конференцияның Латын Америкасы және Кариб бассейні (COPPPAL) елдері саяси партиясымен біріккен отырысы жыл сайын өткізіліп келеді. Осы екі құрылым африкалық әріптестерге 2013 жылы сәуір айында Хартумда (Судан) Африканың бес аймағынан 36 саяси партия қатысқан Африкалық саяси партиялар кеңесінің тұңғыш конференциясын өткізуге қолдау көрсетті.
АСПХК сессиясында көтерілген соңғы бастамалардың бірі — Азия, Африка және Латын Америкасының барлық саяси партияларын біріктіретін үш жақты кездесуін ұйымдастыру болып табылады.

-«Нұр Отан» Қоғамдық саясат институты «Еуразиялық экономикалық ықпалдастық: қазақстандықтар ең жиі қоятын 20 сауал» деген арнайы кітапша әзірледіңіздер. Қазіргі қоғамның экономикалық одаққа деген жалпы пікірі қандай-деңгейде?

-Жақында Қоғамдық саясат институты еуразиялық ықпалдастық жөнінде қазақ және орыс тілдерінде брошюра шығарды. Осы материалдарды дайындау барысында Еуразия экономикалық ықпалдастық турасында көпшіліктің көкейіндегі ең өзекті деген сауалдарды іріктеуді басты мақсат еттік, және оларға ұғымды әрі қарапайым тілмен жауап беруді көздедік.
ЕАЭО турасындағы қоғамдық пікірге келетін болсақ, Еуразия Даму банкінің Ықпалдастық зерттеулер орталығы берген әлеуметтік мәліметтерді алдарыңызға тартуға рұқсат етіңіздер.
Еуразиялық даму банкінің Интеграциялық зерттеулер орталығы 2012 жылдан бастап жыл сайын «Ықпалдастық барометрі» зерттеуін жүргізіп келеді. 2013 жылы ЦИРКОН ірі әлеуметтік орталығымен бірлесіп жүргізілген ТМД елдерінің қоғамдық пікірін зерттеу азаматтар тарапынан КО мен БЭК мақұлдануының Қазақстан бойынша 73% (халық қолдауының ең жоғарғы көрсеткіші), Ресей бойынша — 67%, Беларусь — 65% екенін анықтап берді.
2013 жылғы «ЕАБР ықпалдастық барометрі» мен «Еуробарометр» нәтижелерін салыстырсақ, посткеңестік кеңістікте экономикалық ықпалдастық ұйымдарына деген ішкі қабылдаушылық Еуроодақ елдеріне қарағанда жоғарырақ.

-Порталымыздың дәстүрлі сұрағына көшсек, оқырмандарымызға қай авторлардың тарихи шығармаларын ұсынар едіңіз? Сіз үшін маңыздылығы қаншалықты?

-Бала кезімнен кітапқұмар болып өстім. Оқушы кезімде Семей қаласында өзім оқыған № 33 мектептің кітапханасындағы барлық кітапты түгел оқып шыққанмын. Ал енді қазір емін-еркін кітап парақтап отыруға уақыт тапшы. Жалпы көркем әдебиеттен көрнекті саясаткерлердің мемуарлары мен салалық әдебиеттерді оқығанды ұнатамын. Сол көшбасшылар мен қайраткерлердің өз заманында үйлесімді-де сәтті дамыған қоғамды қалай құра алғанына аса қызығамын. Осы күні «21 ғасырдағы Капитал» деген кітапты оқып жатырмын. Авторы -француз экономисті Томас Пикетти. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділері» мен Джек Лондонның «Мартин Иден» деген туындылары жаныма жақын уақыт болса бір қайталаймын. Шынымды айтсам, бүгінгі заманғы әдебиеттер мен үшін қызықсыз… Бәрібір классика баурайды да тұрады.
Қазақ және орыс тіліндегі дүниелерден гөрі, ағылшын тіліндегі кітаптарға деген ықыласым бөлекше. Себебі, лингвистикалық матрицалар араласып кеткенде ойымды жинақтауғағылшын тілі өте қолайлы.

P. S. Естеріңізге сала кетсек, Саясат Нұрбек қазақ, орыс тілдерінен бөлек, ағылшын, түрік, итальян, испан, жапон, латын тілдерін еркін меңгерген.

Сұхбаттасқан Олжас БЕРКІНБАЕВ


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз