«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».
Н. А. Назарбаев
Басты бет » «edu.e-history.kz» электрондық журналы » Әдістемелік еңбектер » Дүниетанымдық үлгілер, тұжырымдар » Аймақ тарихы » Өлке тарихының тарланы

Өлке тарихының тарланы

Туған өлке тарихының түйткілдерін толық тарқату бүкіл Қазақ тарихымен тұтасқанда ғана ұлттың жасампаздық рухы екі есе асқақтайды. Өлке тарихын — Отан тарихынан бөліп қарауға болмайды. Осы жолда ұзақ жылдар бойы жұмыс жасап жүрген белгілі ғалым, көрнекті тарихшы, ұлағатты ұстаз, Қазақстан Республикасы Қоғамдық Ғылымдар академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хисмет Бозанұлы Табылдиев, ағамыз. 1936 жылы Хисмет Бозанұлы Махамбет ауданының Бесікті ауылының іргесіндегі Қарасу көлінің жағасында дүниеге келген. Балалық шағы Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарына дәл келген Хисмет бар қиыншылықты бастан өткерді. Қаршадайынан еңбекке араласып, өзек талмас үшін өзен жағалап балық аулап, атшоңқай деген өсімдікті азық етіп, соғыстағы жауынгерлерге киім кешек жіберіп ауылдағы бала шағаға қарасу сияқты міндеттерді атқара жүріп, есейген ұрпақ өкілі.

1957 жылы Атырау қаласындағы Орджоникидзе атындағы орта мектепті бітірген соң, Алматыдағы Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының (КазПИ) тарих филология факультетіне оқуға түседі. Мектепте жүргеннен әртүлі тақырыптарға мақала жазып, қаламы ұшталған ол институт студенттерінің қоғамдық өміріне бел шеше араласып, ізденумен машықтану мектебінен өтеді. 1962 жылы институтты жақсы аяқтаған Хисмет Бозанұлы Гурьев педагогикалық институтына оқытушылық қызметке шақырылады. Сонан бері бүгінгі күнге дейін оның бүкіл еңбек жолы мен ғылыми қызметі осы институт негізінде құрылған Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетімен тығыз байланыста өттуде. Ғылыммен айналысуды мақсат етіп Мәскеу, Санкт- Петербург, Орынбор, Алматы, Атырау мұрағаттарын тынбай, ақтарды.

Осының нәтижесінде 1972 жылы Ш. Уәлиханов атындағы тарих және археология ғылми- зерттеу институтында академик Салық Зимановтың ғылми жетекшілігімен «Гурьев қаласының тарихы» атты тақырыпта кандидаттық дисертациясын қорғап, Атырау қаласының өткені мен бүгіні туралы көптеген деректерді ғылми айналымға шығарды.

Еліміздің тәуелсіздік алуына байланысты Отан тарихын терең әрі жан-жақты зерттеу мәселесі тұрды. Осыған байланысты Х. Табылдиев алғашқылардың бірі болып, тарихтағы, ақтаңдақтар мәселесін зерттеуді қолға алды. 1997 жылы академик М.Қозыбаевтің кеңесімен тарих ғылымдарының докторы дәрежесін алу үшін «Қазақстандағы сауатсыздықты жою: тарихи тәжірбие және тағлым» деген тақырыпта диссертация қорғады. Тынбай ізденістің арқасында ғалым профессор, академик дәрежесіне дейін көтеріліп, ғылымның биік шыңына жетті. Қоғамның демократиялық негізінің бірі болған бұқаралық тарихи сананы қалыптастыруға белсенді ат салысып жүрген тарихшы.

Сауатсыздықты жою қиыншылықтарымен ерекшеліктеріне ғана арналған бірнеше ғылми зерттеулермен қатар(1).«Ақтаңдақтар, ақиқаты» атты мақалалар жинағын баспадан шығарды(2). Екі томдық «Боздақтар» кітабы, Қазақ энциклопедиясы мен «Атырау» энциклопедиясында, «Жеңісті жақындатқан жандар», «Отты жылдар»(3) атты және көптеген жинақтарда кәсіби тарихшының пайымдары мен тұжырымдары мен көзмайын тауысқан қажырлы ізденісі жатыр.

Ол қоғам қайраткері санатында өзінің бар күшін Тәуелсіз еліміздің тұғырын нығайтуға атсалысып жүрген азамат- тарихшы.

Сонымен қатар, басшылық қызметте жүрген кездерінде-де ел тарихының ақтаңдақ беттерін ашып, оларды жаңаша бағалап, елдіктің, тәуелсіздіктің талабы тұрғысынан қайта бағалауда өзінің іскерлік қабілетімен, кең білімімен, үлкен ұйымдастырушылық еңбегімен, қаламының ұшқырлығымен жұртшылыққа кеңінен танылды.

Кейінгі жылдарда ғалымның зерттеу еңбектеріне 1918–1930 жж. ұлттық-мемлекетті құрылыс, тағдыры Кеңес өкіметінің Қазақстандағы мәдени-ағарту реформалары, республикадағы қоғамдық-саяси өмір мәселелері енді. 1990 жылдардың бас кезінде қоғамдық-саяси өмірдегі түбегейлі өзгерістерге байланысты Қазақстанның тарих ғылымында да бетбұрыс кезеңі басталды.

Қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар алдында өткен тарихи жолды жаңа тұрғыдан зерделеу міндеті тұрды. Бірінші кезекте Қазақстан тарихындағы «ақтаңдақтарды» жою, халықтың мәдени мұрасын жаңғырту бағдарламасы жасалды. Сол кезеңнен бастап, Хисмет Бозанұлы Қазақстан Республикасы тарихының өзекті мәселелерін зерттеуге зор үлес қосып келеді. 1996 жылдары жарық көрген «Кіші жүз руларының шежіресі» атты еңбегінде көне заманнан бүгінге дейінгі қазақ халқының мекендеген жерлерін анықтап, Қазақ мемлекетінің тарихы сонау сақ, ғұн, түркі кезеңінен бастау алатынын толыққанды Ұлттық тарихты зерделеу ру-тайпалар тарихын түгендеуден басталатынын сол кезде-ақ жазады. Х.Табылдиев пен А. Қалмұратовтың 1994 жылы жарық көрген «Кіші жүз рулары (шежіресі мен тарихы)» өлке тарихын зерттеуге қосылған cүбелі еңбек(4) деп атауға болады. Кіші жүз рулары жайлы еңбекті жазу барысында осы кезге дейін көпшілікке ұзынсонар аты ғана еміс-еміс белгілі, бірақ көзге көрінбей келген ХVІІ ғасырда Тәуке хан жарлығымен жазылған шежіре-кітап, Жетірулық Нұрпеке халпе шежіресі авторлардың ой елегінен өтті. Тәуке ханның шежіре кітабы жайлы, ондағы қазақ руларының түп-төркінінің баяндалуы жайлы біршама мәліметтер берілген.

Аталмыш еңбекті даярлау барысында авторлар шежірешілердің қалыптасқан дәстүрінде қалып қоймай, оған өзіндік бағыт-бағдар белгілеп, оқушы назарын ең алдымен жалпы адамзат тарихы жөніндегі діни, ғылыми, ауыз-екі шежірелік бұлақтар дәйектеріне аударуға тырысқан.

Кітапта қазақ халқының ұлт, халық болып қалыптасуының ру, тайпа, ұлыстар тарихымен байланыстылығын әңгімелей отырып, халқымыздың тегін түзеген тайпалар атауының этимологиясына, олардың мекендеген географиялық орнына, басынан кешкен уақиғаларына байланысты мәліметтер-де келтіреді. Сонымен қатар қазақ руларына байланысты шежірелік деректер салыстырмалы түрде, бірнеше шежірелік нұсқалар мен ауыз-екі деректердің мәліметтеріне сын көзімен қарай отырып тұжырымдайды.

Алшындар деп аталатын кіші жүз руының қалыптасуы мен ол рудан шыққан атақты тұлғалар жайында танымдық деректерге-де орын беріп, көп ретте бұрын көпшілікке белгісіз есімдер мен деректерді ғана айналымға енгізуге ұмтылған. Сондай-ақ, Кіші жүз руларының жалпы саны жөнінде-де нақтылы мәліметтер келтірген.

Бұл еңбегінен ғалымның жастарға тарихи білім беру мәселесіне жанашырлық танытқанын байқауға болады. Тарихшылар ғана емес, қарапайым кез келген қазақ мектепке барып жүрген балаларына оқытылатын әр дүниеге алаңдайды. Ал осының ішінде баласының өз елінің, жерінің, туған мекенінің тарихын білу, ата-бабасының жауынгерлік, батырлық рухын сезініп өсуіне септігін тигізетін Қазақстан тарихының үлесі басым. Ұлттық идеология да тарихты танудан басталады. Өлкетану — бұл тарихпен тәрбиелеу, ұлттық таным мен тарихи есте сақтау қабілетін қалыптастыру. Туған өлкеңді танып, білу арқылы ғана, оны сүйіп, сақтауға тырысасың. Жас ұрпақ санасында жаңа тарихи көзқарас қалыптастыру мен оны насихаттау баршамыздың міндетіміз. Х.Бозанұлы Атырау облысы, Атырау қаласының тарихын жазу ісінде-де бастама көтеріп жүр. Жоғарғы оқу орындары мен мектепте оқытылатын тарихтың міндеті — тарихтың жарқын беттерін, адамзат өркениетіне қосқан қомақты үлесін сипаттауға мейлінше көп орын бере отырып, жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу, сондықтан мектеп, жоғарғы оқу орындарына арналған оқулықтарға енгізілетін материалдарды іріктеуге мұқият қарау қажеттігіне баса назар аудару қажет дейді. Ғалымның зерттеу ауқымы барынша кең, әрі сан салалы, Қазақстан тарихының әртүрлі кезеңдеріне арналып, тың тақырыптарды көтерген, күрделі мәселелерді қозғаған, олардың шешілуіне өз пайымдауларымен, ой-тұжырымдарымен үлес қосты. Ғалымның қаламынан 5 монография, 200-ден астам мақалалар жарық көрді. Отандық ғылымға сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, Қазақстан Республикасының орден, медальдарымен марапатталды. Хисмет Бозанұлы жоғары білікті ғылыми кадрлар даярлау ісіне зор көңіл бөліп келді. Оның ғылыми жетекшілігімен бірнеше кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалды. 50 жылдан астам уақыт Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасында оқытушы профессор қызыметінде жүріп, магистранттарға дәріс оқуын әліде жалғастыруда.

Қорыта айтқанда, құрметті ұстаз, академик Хисмет Бозанұлы сөйтіп көп ізденіс пен еңбектің арқасында өлке тану тарихының басында тұрған ғалым, тарихшы

Әдебиеттер тізімі:
1. Табылдиев Х. Б. Сауатсыздықтың білім шыңында. Алматы. Өлке.
2. Табылдиев Х. Б. Сауатсыздықтың жойылуымен оның қорытындысы. Алматы.Ғылым,1996.
3. Табылдиев Х.Б. Қазақстанда сауатсыздықты жоюдағы қиыншылықтармен ерекшкліктер. Алматы.
Ғылым. 1997.
4. Табылдиев Х.Б., Нығметов Ғ.Н. Ақтаңдақтар, ақиқаты. Алматы. Өлке.1999.
5. Табылдиев Х. Б. Боздақтар. Алматы.т.1.41-54бб.
6. Табылдиев Х. Б. Боздақтар. Алматы.т.2.2-41бб.
7. Табылдиев Х.Б., Қалмұратов А. Кіші жүз рулары: Шежіресі мен тарихы, Алматы.1994.

Танатарова Ж.Т.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз