«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».
Н. А. Назарбаев
Басты бет » «edu.e-history.kz» электрондық журналы » Пәнаралық зерттеулер » Қоғамтану » Əлеуметтік-гуманитарлық ғылымдарды пəнаралық тұрғыда зерттеудің жолдары

Əлеуметтік-гуманитарлық ғылымдарды пəнаралық тұрғыда зерттеудің жолдары

Тарих дегеніміз — жалпы халықтың өмірін зерделейтін кешенді ғылым. Елдің іргетасын бекітуде, экономикалық тұрақтануы мен өткен тарихты жаңарта отырып, отандық тарихты қалыптастырудағы оның орны үлкен. Бұл жайында кейінгі кезде «Тарих толқыны» атты тақырыппен көптеген мақалалар жарық көрді.

Біз өз тарихымыз, өткен тарихи оқиғалалар жайында кейде үстүртін мағлұматтар аламыз. Жалпы тарихты тарихи оқиғалардың хроноло гиясы ретінде тарихшылардың өздері жүйелейді. Бірақ ұлттың санасын, психологиясын, ой-пікірін қоғамның дамуымен байланыстыру көп жағдайда жетпей жатады. Əрине, тарихты қалыптастыратын, ұлттық дамуын жетілдіретін жекелеген тұлғалардың орны өз алдына ерекше.

Отандық тарихымыздың қалыптасуын тарихшылардың əр қайсысы өзінше кезеңдерге бөледі. Мысалы, Ш.Уəлиханов атындағы Тарих институтының тарихшыларының бөлген тарихи кезеңдері көңілге қонады.
1 кезең — Ежелгі дəуірдегі Қазақстан.
2 кезең — Сақ, Үйсін, Қаңлы мемлекеттеріне дейінгі кезең. 3 кезең — Түркі мемлекеттері дəуірі.
4 кезең — Қимақ, қыпшақ кезеңі.
5 кезең — Монғол дəуіріндегі қазақтар.
6 кезең — Жошы, Ақ Орда мемлекеттері.
7 кезең — Ресей пен Кеңес Одағындағы зар заман дəуірі.
8 кезең — Тəуелсіз Қазақстан.
9 кезең — Қазақ елінің ауыз əдебиеті.
10 кезең — Табиғат нысандарына байланысты əдет-ғұрып, салт-сана.

Осы сияқты басқа авторларда Қазақстан тарихының кезеңдерін ұсынады.

Жалпы Отандық тарихты қалыптастыруда, оны ізгілендіруде тек қана жүйелеу схемаларын ұсыну аз. Оларды халықтың талқысына салып, соның ішінде мұрағаттан көне тарихи мағлұматтардың іздерін іздестіру, жинақтау арқылы, дамыған елдердің тарихын зерделей келіп, өз отанымыздың тарихи ерекшелігін көрсету керек қой деп ойлаймын.

Мен табиғаттың қалыптасу тарихын зерттеуші ретінде көптеген мұрағаттағы материалдарды талдай отырып, жер тарихы ел тарихымен ұштасатынын байқаймын. Осыған да зер салып қою артық емес.

Біріншіден, табиғат туралы зерттеулерде Орта ғасырдағы Қазақстанның жерлері, нысандары жайлы көптеген карталарда берілген. Бүгін гі күнде ұмыт болған Кашгарскийдің «Дөңгелек картасында» көрсетілген Қазақстанның 17 ірі қалалары Сығанақ, Сауран, Тараз, Мерке т.т. жайында мағлұматтар аса бағалы. Осыған қарағанда біз көшпенді емес, тұрақты, отырықшы ел болғанымыз көрінеді. «Отырар», «Ба ласағұн» сияқты кітапханалары болғаны жайлы қызықты мағлұматтарда осыны танытады.

Діннің келуімен байланысты арабтар қазақ жері туралы өз жазбаларында көптеген карталар, елді мекендер жайлы мағлұматтар қалдырған. Мысалы, əл-Масудидің «Көне Гузия» деген атауы Тянь-Шанның батыс сілеміне сəйкес келеді. Жайық мен Жем аралығындағы далалы жерлер мен Ертіс төңірегі туралы, далалы атыраптарындағы қимақтардың қыстауы, Сырдария өзені жайында, Хазар (қазіргі Каспий) теңізі туралы, əл-Идрисидің оғыздар, қимақтардың қоныстаған мекендеріндегі қыштан ыдыс жасауы, оған қоса алтын, күміс қазба байлықтар жайлы мəліметтер бар.

Ғалымдардың айтуы бойынша қимақтар патшасының киімі алтын жіппен əшекейленген, басына алтын тəж киген. Осылардың қазақ жерінде Есік қорғанында табылған «Алтын адам», «Берелдегі» археологтардың жүргізген қазба жұмыстарымен байланыстыра қарауға болатын сияқты.

Араб географтарының ғажайып жасалған карталарында қазақ жер атаулары көптеп белгіленген. Ибн-Хаукальдың Амудария мен Сырдария туралы жасаған карталары бар жəне Мауренахр (Орта Азия) туралы деректердің карталары да жасалған.

Біз Кеңес дəуірінде тарихымыздағы мұндай жетістіктерді білгенде, естіген-де жоқпыз.

Менің айтайын дегенім, біз көшпенді ел емес екендігіміз еді. Тарихтың ізінің дəлелі кен қазба-байлықтардан зергерлік өнеркəсіпті дамығанынан көрінеді. Соларға қарағанда, біз — қандай көшпенділерміз?

Көшпенді дегеніміз — отаны жоқсығандар, араб елдеріндегі бербер тайпалары. Бұл түсініктегі шатастыратын бір жайт — қазақ табиғаттың байлығын сақтау үшін маусымдарға байланысты қыстау, жайлау шаруашылықтарын дамытып, бейімдеу тəсілдеріндегі көшіп-қонуға үйренген.

Екінші, қазақ жері арқылы өтетін Жібек жолындағы қазақы атаулардың күні бүгінге дейін сақталып, табиғаттың болмысын анықтайтын тарихи оқиғалардың куəсі болғанын білеміз. Сондықтан отандық тарихта жер атауларын қайта жаңғырту керектігі даусыз.

Үшінші, Қазақстан тарихын жазғанда көне дəуірден бастап мемлекетаралық елшілердің, миссионерлердің қазақ жерінің табиғаты жайлы қалдырған мағлұматтарын пайдалану керек. Бұл бүгінгі тарихымыз үшін үлкен мұрағат болып табылады.

Төртінші, қазақ жерінде мал шаруашылығы басым болғандықтан аспан əлеміндегі жұлдыздардың қазіргі атаулары, сол кезде қазақтар өмірінде жақсы пайдаланғанын да ескеру керек.

Бесінші, қазақ жері мезгіл-мезгіл жоңғарлардың, қалмақтардың шапқыншылығына жиі ұшыраған жəне оған қоса орыстардың қол астында болғаны белгілі. Солардың жазбаларында қалдырған мағлұматтары жəне əскери қолбасшылардың стратегиясы да тарих үшін зор мəлімет болып саналады.

Алтыншы, қазіргі Отан тарихы деректерін нақтылау үшін халық ауыз əдебиетіндегі айтылған материалдарды пайдалану да қажет. Мысалы, «Қыз Жібек», «Баян сұлу», «Ер-тарғын» жырларында уақыт, кеңістік, дəстүр жайлы материалдар аз емес.

Қазіргі өнердегі рухани байлықтарымыз да сол кездегі тарихи əдет-ғұрып, салт-дəстүрлерді жаңартып, бүгінгі тарихтың дамуына бейімдеп, отан сүйгіштікті уағыздау болып табылады.

Жетінші, табиғат байлығының көрінісін қазақ халқы «Сарыарқа», «Қаратау», «Бетпақ дала», «Бурабай» т.б. табиғи нысандарда сақтап жеткізген. Отандық ғылымды дамыту үшін жаратылыстану ғылымдарын үйлестіріп, өткен тарих пен бүгінгі тарихымыздың сабақтастығын ескеру керек.

Біздің тарихымыздың жұтаң болуы, оның даму кезеңдерін үстүрт түсінуіміздің себебі 300 жыл бойы Ресейдің қарамағында болғандықтан. Біздің сол дəуірлердегі жекелеген ұлы тұлғалар жайлы білуімізге мүмкіндік болмады.

Қандай қоғамда болмасын, жетілген қоғам өз үстемдігін, өз саясатын жүргізетіні белгілі.

Отандық тарихты қалыптастыру, дамыту ұсақ-түйек оқиғалармен, жекелеген батырлар мен рулардың басшыларының тарихы жайлы мағлұматтар айтудан гөрі тұтас қоғамның дамуындағы ірі оқиғалар мен ірі тұлғаларды танытудан басталады. Кеңес дəуіріндегі мəдени, рухани тұлғалардың сабақтастығының үзілмеуі-де осыдан шығар.

Кез келген басқа əлеуметтік ғылымдардың даму заңдылығын, сабақтастығын қоғамның дамуымен байланыстыру əбден керек.

Қазақ елінің тарихы өте бай. Бұл — кешенді тарих. Ол — ғылымдардың жиынтығын, қоғамның даму жолдарын саралайтын ғылым. Осының барлығы өткен тарихымыздың куəгері сияқты еңбектерді қарастыруды қажет етеді. Жоғарыда айтылған табиғат зерттеушілері, араб саяхатшыларының, орыс ғылыми экспедицияларының (ішінде Ш.Уəлиханов та бар), əсіресе А. И. Левшин, П. С. Паллас, П. П. Семенов-Тянь-Шанский, В. В. Бартольд, И. В. Мушкетов, Н. А. Северцов, Л. С. Берг, В. А. Обручев, М. А. Мензбир еңбектері, Абылайханның стратегиясы, сол сияқты əскери адамдардың пайдаланған мəліметтері — тарихи мұрағат байлығы.

Біздің тарихымыздың өткен жолы өте ауыр. Нақтылы жазба материалдар Қытай, Араб, Ресей жерлерінде сақталған. Сондықтан жалаң оқиғалардан гөрі концептуалды теориялық отан тарихын жасаудың жолдары жоғарыда айтылған оқиғалардың сабақтастығымен анықталады. Біздің түркі халқының тарихымен байланысты мəліметтер болса, ол да өзіміздің отандық тарихты дамытуға жол ашады.

Əлия Бейсенова
Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР ҰҒА академигі, Астана қ.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз