«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».
Н. А. Назарбаев
Басты бет » «edu.e-history.kz» электрондық журналы » Пәнаралық зерттеулер » Сандық тарих » Ұлттық тарихты жазу, насихаттау жауапкершілікті талап етеді

Ұлттық тарихты жазу, насихаттау жауапкершілікті талап етеді

Бүгінгі таңда Қазақстан тарихы ғылымының жаңа сапалық сатыға көтерілуіне Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей бағыт-бағдар беріп отырғаны баршамызға аян. «Ұлттық тарихты ұғыну бойынша стратегиялық мақсаттарды Мемлекет басшысы өзінің „Тарих толқынында“ кітабында 1999 жылы қамтыған. Президент 2003 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында „Мəдени мұра“ атты теңдессіз бағдарламаға бастамашы болды. Бағдарламаны іске асыру кезінде елімізде Отан тарихы мəселесіне арналған көптеген жұмыстар атқарылды. Тарихи естеліктермен əділдікті қалпына келтіруге бағытталған ғылыми зерттеулер жүргізіліп, мақалалар мен монографиялар жəне кітаптар дайындалды. Ұлттық тарихты зерттеу мен оның мəнін ұғыну идеясын Президент „Қазақстан-2050“ стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты тарихи Жолдауында одан ары тарқата түсті.

Мұнда да Елбасы келешектегі дамудың бағыт-бағдарын айшықтап берді. Онда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек» — деп көрсеткен еді.

Елбасы біздің ортақ сəйкестігіміз халықтың тарихи сана-сезімінің арқауы болуы тиіс екендігін айта келе, «Халық тарих толқынында» атауымен тарихи зерттеулердің арнайы бағдарламасын əзірлеу мақсат-міндетін жүктеді. Оның басты мақсаты — ұлттың жаңа тарихи дүниетанымын қалыптастыру. Тарихи өткенге сүйенбей — болашақ мүмкін емес. Қазіргі кезде əлемде мəн-мағына мен құндылықтардың күресі жүріп жатыр. Көптеген түрлі түсініктер біздің ұлттық тарихымызда да кездесіп жатады.

Əсіресе, биылғы жылдың 17 қаңтарындағы Қазақстан халқына арнаған: «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ" атты кезекті Жолдауында ұлттың тарихи санасын қалыптастыруды, бүкілқазақстандық бірегейлікті халқымыздың тарихи санасының өзегіне айналдырып, басты мақсат — Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуын айта келіп, ол — „Мəңгілік Қазақстан“ жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дəуірдің кемел келбеті» екендігін айрықша атап өткен еді.

Биылғы Тəуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында «Тəуелсіз Қазақстанның жеті қазынасы» атты сөзінде «Тəуелсіздіктің арқасында ұлттық мəдениетіміз қайта жаңғырды. „Мəдени мұра“ бағдарламасын жүзеге асырып, кеткенімізді келтірдік, кемтігімізді толтырдық. Көмбелерімізді аршып, тарихымызды түгендедік. Қазақтың асқақ өнері мен бай мəдени мұрасы əлем халқының рухани байлығына қосылды» — деуі жетістіктерімізді айтумен қатар бізге ел тарихын жазуда ерекше міндет те артады.

«Тарих ғалымдарының, саясаттанушылардың алдында Қазақстан тарихын шынайы баяндауды қалыптастыру бойынша күрделі мақсат-міндеттер тұр. Біз өзіміздің қазіргі тарихымыздың басты мəн-мағынасын жүйелі, ғылыми негізде түсініп алуға тиіспіз. Тəуелсіз егемен мемлекеттің өмірінде үшінші онжылдық басталды. Осы жылдар ішінде расында да ғасырларға тең жолдан өттік. Ойымызды жинақтайтын кез жетті. Қазақстанның өтпелі кезеңінің ерекшелігі неде еді, қалыптасқан мемлекет дегеніміз не, нақты тəуелсіздіктің негізгі белестері қандай, қандай қауіп-қатерлерден өттік, қоғамның экономикалық, саяси жəне мəдени жүйесі қалай құрылды? Осы сұрақтардың бəріне дəйекті əрі анық жауап беру — тарихшылардың кəсіби қоғамдастығының міндеті», — деп атап өтілген еді Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында.

Отан тарихын зерттеушілерді ғылыми танымның бұрын-соңды қол жетпеген биігіне бастайтын, яғни методологиялық негіздемелер, тұжырымдар мен ұстанымдарды түзетін басымдылықтарға жол ашқан жөн. Методология түзелмей ғылым нəтижелі болмайды. Əлемдік тарихи, ақыл-ойдың үздік жетістіктерімен суарылған жаңа методология Қазақстан тарихын адамзат өркениетінің құрамдас бөлігі ретінде дəйектей отырып, оның табиғи-географиялық, геосаяси, ұлттық, мемлекеттік, рухани т.б. өзіндік ерекшеліктері мен болмыс-бітімін зерделейтін əлеуетке ие болуы керек. Сонымен қатар, бірінші кезекте — ұлт тарихының зерттеу методологиясын, басты-басты ұстанымдарын қалыптастыруда Елбасы Н.Ə. Назарбаевтың үлесін жан-жақты пайымдау.

Екінші іргелі мəселе — тəуелсіз Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасу кезеңдерін толыққанды қарастыру.

Үшіншіден, қоғамтанушы-ғалымдар арасында ең өткір тұрған мəселе — ұлттық тарихты оқыту, Қазақстанда қалыптасқан тарихи біліммен ғылымның дамуындағы негізгі нəтижелерді кешенді түрде қарастыру болып табылады.

Соңғы кезде ұлттық тарихты зерттеу мен зерделеудің жолдары, Қазақстан тарихын жаңаша тұрғыда дəуірлеу мəселесі бойыншы ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты республикамыздың түкпір-түкпірінен ғалым-тарихшылардың, жоғары оқу орындарында тарих пəніне сабақ беретін профессор-оқытушылардың басын қосып, осы мəселелер жөнінде кеңінен пікір алысуларды ұйымдастырып жүргені өте құптарлық іс. Себебі, кейде бізде игі бастамалардың алғашында дабылданып басталып, аяғы сұйылып кететіні өтірік емес қой. Қандай да болмасын жаңа бастама қолға алынғаннан кейін жүйелі түрде, асы ғыс сыз, құршапқын болмай аяғына дейін жеткізіліп, соңғы нүктесі қойылғанша бастапқы қарқынын бəсеңдетпегені дұрыс қой.

Əрине, тарих ғылымы бір орында тұрақтап қалмайды, заманмен бірге дамып, толығып отырады. Тарихқа жаңаша көзқарас дегенде, бұрын жазылған, болмаса жазылып келген тарихтың бəрін жоққа шығарып, толық қайтадан жазу деу емес қой. Адамзат қоғамы жүріп өткен жол, жеткен жетістіктері туралы жазылған дүниелер қазіргі күнде-де маңызын жойған жоқ. Оны өзгерте алмайсың, тек соларға арқа сүйей отыра оны жаңадан табылған деректермен толықтыру арқылы заманауи ғылым талаптарына сай жазған дұрыс қой.

Төл тарихымыздың жазылуындағы мəселе бойынша пікірсайыстардың болуы өте дұрыс, соның нəтижесінде, ақырында бір пікірге келіп, дұрыс қорытынды жасалуы тиіс.

Соңғы кезде Қазақстан тарихын дəуірлеу мəселесі күн тəртібіне қойылып, көптеген тарихшы-ғалымдар баспасөз беттерінде, ғылыми методологиялық семинарларда бірнеше нұсқаларды ұсынып жүр. Бұл мəселеде бір ортақ пікірге тоқталу ұлт тарихын жазып жатқандар үшін-де, болашақ ұрпақ үшін-де өте қажет.

Ғалым-тарихшылар өз нұсқаларын ұсынғаннан кейін, басқалардың нұсқаларына қарамай өз нұсқасын ең дұрысы деп дəлелдеуге тырысады. Əрине, бұл заңды, себебі ол осы мəселе бойынша қаншама деректерді қарады, оны біраз уақыт зердесінен өткізіп, санасында қорытып барып көпшілікке ұсынып отыр ғой. Олардың еңбектерінің қай-қайсысы да назар аударуға лайықты.

Республикамыздағы белгілі төрт-бес ғалым тарихшылардың тарихты дəуірлеу туралы ұсынған нұсқалары туралы не айтуға болады. Мұнда бірден байқалатыны тек дəуірлерге əрқайсысының əртүрлі ат беруі болмаса, уақыты, кезеңдері бірдейге жуық берілген. Егер бір ортақ пікірге келіп, сол кезең, немесе дəуірге ортақ ат берілсе дұрыс болатын сияқты. Өткен тарих, ондағы оқиғалар мен уақытын өзгерте алмайсын, оны тек бағалауда, жаңаша көзқарас бойынша зерделеуге болатындығын жоғарыда айтқанбыз.

Қазақ елі дүние жүзі мемлекеттері қауымының құрамдасы десек, Қазақстан тарихы дүние жүзі тарихының бір бөлшегі екендігін ұмытуға болмайды. Сондықтан, ұлт тарихын əлемдік өркениетпен байланыстыра отырып қараған дұрыс сияқты.

Меніңше бұл талапқа Мемлекет тарихы институты ұжымының ұсынған нұсқасы дұрыс сияқты, тек дəуірлерді атағанда басқа да ғалымдардың ұсынған атауларын кей кезеңдерге берген дұрыс. Осы мəселе тез арада шешімін тапса Қазақстан тарихын толықтырып жазып жатқан дайындаушы топқа жеңіл болған болар еді. Сонда, əлі күнге дейін бір жүйеге келмей талас тудырып жүрген мəселелер өздігінен күн тəртібінен түсіп қалған болар еді.

Қазіргі таңда тарихшы мамандарды дайындау да өзекті мəселе. Себебі, тарих мамандықтарына техникалық мамандықтарға қарағанда білім гранттары жыл сайын аз бөлінуде. Ғылым докторлары мен ғылым кандидаттары негізінен орта жастағылар. Ал, магистратура мен PhD докторантураға жыл сайын бөлінетін орын аз. Егер олардың санын көбейтпесек енді біраз уақыттан кейін жоғары оқу орындарында дəріс беретін талапқа сай мамандар қатары жеткіліксіз болып қалуы да мүмкін.

Соңғы кезде Білім жəне ғылым министрлігінде 2013 жылғы қыркүйекте жарияланған «5В011400 тарих» мамандығының типтік бағдарламасында атауынан басқа жерде тарих деген атау еш жерінде кездеспейді. Бұрын бірінші курста міндетті түрде 3 кредитпен оқытылып, қорытындысында мемлекеттік емтихан тапсырылатын Қазақстан тарихы пəнінің де атын бұл бағдарламадан таба алмадық.

Сонда қалай болғаны? «Халық тарих толқынында» деген бағдарлама ны жүзеге қалай асырамыз, ұлттық тарихымыз қалай болады, келесі оқу жылынан бастап тарих мамандықтарына грантты қалай көбейтеміз деп жүргенде жоғары оқу орындарында негізгі басшылыққа алынатын типтік бағдарламадағы көзқарас солай болса, онда біздің айтып жүргеніміз бос сөз болғаны ма?

Əсіресе, күн тəртібінде тарих пəні бойынша сапалы оқулықтар шығару мəселесі кезек күттірмейтіндігі рас. Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында Білім жəне ғылым министрлігіне Қазақстан тарихы бойынша екі базалық оқулықты: Ежелгі заманнан күні бүгінге дейінгі ұлттық тарих жəне Тəуелсіз Қазақстанның қазіргі заман тарихын дайындау жəне оны оқу үдерісіне енгізудің жоспарын дайындап, оны Ведомствоаралық жұмыс тобының қарауына ұсынудың тапсырылуы жоғары оқу орындары қызметкерлерін алаңдатып жүрген мәселенің түйінін шешкендей болғаны рас еді.

Соңғы екі жыл бойы көпшілікті алаңдатып жүрген жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихын оқыту бағдарламасын қысқарту, тіптен алып тастау туралы қозғалып жүрген пікірлерден құтылдық па деп жүргенімізде, тарих мамандықтары бойынша типтік бағдарламаларда Қазақстан тарихының алынып тасталуы көңілімізді тағы да күпті етіп отыр.

Мейлі ол қандай мамандықтың иесі болсын ұлтының, елінің, өзінің өмір сүріп отырған мемлекетінің тарихын білуге жəне оны құрметтеуге тиіс қой. Сонда ғана елін, жерін сүйетін патриот кадрлар дайындаған болар едік, ал олар өз кезегінде халқына адал қызмет атқаратын, өз ісіне адал берілген кəсіби маман болып шықпай ма?

Сондықтан жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихын барлық мамандықтарға міндетті пəн ретінде енгізу керек жəне бөлінген сағатты қысқартпау керек. Мемлекеттік емтихан да қабылдануы керек, себебі ол еліміздің, Қазақстан Республикасы деген Отанымыздың тарихы. Біз үлгі тұтып жүрген шет елдерде-де сол елдің тарихы оқытылады ғой, тіпті сол елге оқуға барғандардан алдымен тарихын білуді талап етеді.

Əрине, Қазақстан тарихының көкейкесті мəселелері аз уақыт ішінде толық шешіледі деп айта алмаймын, бірақ ғалым-тарихшылардың ізденістеріне қарағанда, шет елдердегі мұрағат материалдарының елімізге оралуы болашақта ұлттық тарихымыздың түгенделіп, жаңа мазмұнға ие болады ау деген ой көңілімізге жылу ұялатады.

Міне, сондықтан да Ұлт Көшбасшысы Н.Ə. Назарбаев тарапынан қойылып отырған «Мəңгілік ел жастарының бойындағы жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы Қазақстан тарихы пəніне, барша тарихшыларға үлкен міндеттер мен жауапкершілік жүктелетіндігі айғақ».

Болат Жұмағұлов

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті тарих факультетінің деканы, т.ғ.к., профессор, Алматы қ.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз