«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».
Н. А. Назарбаев
Басты бет » Қазақстан тарихы » Ресей империясы құрамындағы Қазақстан » Қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық дамуы XVIII – XIX ғасырдың ортасы » XVIII–XIX ғасырдың басындағы Қазақстан тарихын зерттеуінің 1917 жылға дейінгі орыс тарихнамасының теориялық-методологиялық негіздері

XVIII–XIX ғасырдың басындағы Қазақстан тарихын зерттеуінің 1917 жылға дейінгі орыс тарихнамасының теориялық-методологиялық негіздері

Қазіргі кезең отандық тарихнаманың алдына өте күрделі жəне жауапты міндет артып отыр. Ол ұзақ жылдар бойы, отарлық мүдделерді көздеуде орыс тарихнамасы бұрмалаған еліміздің шынайы тарихын қайта жазу жəне осыған байланысты тарихи шындықты жаңғырту. Ал мəселені бұлайша қою — екі ғасырға жуық уақыт бойы қазақ халқының тарихына қатысты орыс тарихнамасында қалыптасқан көзқарастар жүйесі мен стереотиптерді, қазақ елін жаулап алу себептерін, отарлауды, ақтауға арналған концепциялар мен идеяларды ой елегінен өткізіп, жаңа заман талаптарына сай, тəуелсіз ой-деңгейінде қайта қарап, бағалауды қажет етеді жəне-де ол ешқандай кідіртуге болмайтын іс. Ал ол істі бастамай тұрып біз XVIII–XIX ғасырдың басындағы Қазақстан тарихын зерттеуінің 1917 жылға дейінгі орыс тарихнамасының теориялық-методологиялық негіздерін ашып алуымыз керек.

Жалпы қазақ жерлерін зерттеуге деген қызығушылықтың артуы Ресей үкіметінің Шығыстағы сыртқы саясатының практикалық отарлық мақсаттарынан туындаған болатын. XVIII ғасырдың басындағы ішкі экономикалық-саяси мүдделер орыс тарихнамасының нақты Қазақстанды зерттеуге бетін бұрды. Бұл уақыттағы орыс шығыстануының қалыптасуына, орыс ғылымына енген батыс еуропалық рационалдық жəне, ағартушылық идеяларының, елдегі əлеуметтік-мəдени жəне когнитивті факторлардың елеулі ықпалы болды.

XVIII–XIX ғасырлардың басындағы Қазақстанның саяси, əлеуметтік-экономикалық дамуын зерттеген орыс тарихнамасына мынадай ортақ методологиялық ұстанымдар тəн болды: еуропоцентризм, этноцентризм, нəсілшілдік жəне Ресейдің жалпы шығыс елдеріне (оның ішінде қазақ еліне) қатысты атқарған «өркениеттік миссиясы» туралы идея.

Бұл кезеңдегі қазақ елінің дамуын зерттеуде орыс тарихнамасының өкілдері басшылыққа Шығыс халықтарының дамудағы екінші дəрежедегі халықтар болғандығы, тек таңдаулы ұлттардың ғана мемлекеттілік пен державалық құқықтарға ие болатындығы туралы еуропоцентристтік идеяларға сүйенді. Олар қазақтарды əлемдік өркениеттің даму көшінен ысырып тастап, «тарихи емес» халықтар қатарына жатқызып, тарихи дамудың объектісі емес, субъекті ретінде қарастырып, көшпелі қазақтарды оқырмандарына «тұрпайы мал тəріздес варварлар» сияқты көрсетуге тырысты. Олар қазақтардың ерекше «жабайылығы» мен «дөрекілігін» асырып көрсетті.

Бұл орыс авторларының қазақтар туралы еңбектері еуропоцентристік жəне нəсілшілдік тұрғыдан жазылғанын көрсетеді. И. Г. Георги, И. П. Фальк, П. С. Паллас қазақтарға «жабайы», «тағы» халыққа сияқты қарады, оларды «тобырлар», «бұзықтар» (П. И. Рычков) деп атады, олардың шығармалары «мəдениетті» шетелдіктердің «жабайы тобырларға, ордалықтарға» деген өзін-өзі жоғары ұстаушылыққа, менсінбеушілікке жəне қамқорлық, кемсітушілікке толы. И. Г. Георги мен П. И. Рычковтың мінездемесінде қазақтар қарақшылық пен тонаушылыққа жақын тұрған халық. И. Г. Георги «тағы» қазақтардың жаман мінездерінің орыстардың «өркениеттік» ықпалымен түзеле бастағанын басып айтады.

Бұл жоғарыдағы келтірілген сипаттамалар қазақ халқын зерттеген 1730–1917 жж. орыс тарихнамасының өкілдерінің бəріне тəн.

1917 жылға дейінгі Ресейде шығыстану жүйесінің тууы, елдегі тарихи үрдістің даму, жалпы даму барысымен айқындалады, оның шеңберінде орыс геосаяси доктринасы қалыптасқан болатын.

XVIII–XIX ғасырлардың басындағы орыс тарихнамасында Қазақстан туралы тарихи-этнографиялық материалдардың жинақталу үрдісіне, оны қарастырып, қорытуға елеулі əсер еткен фактор — зерттеушілердің көзқарастары қалыптасқан мəдени-тарихи орта болды.

Бұл уақытқа дейін Ресей мемлекетінің империялық доктринасының дүниетанымдық негізі толығымен қалыптасқан болатын. Бұл кезеңдегі Қазақстанды зерттеушілердің көзқарастары, қоғамдық ойда табиғи-жағрафиялық жəне діни тұрғыда да геосаяси негіздер үстем болып тұрған жағдайда қалыптасты. Орыс мемлекетінің табысты территориялық экспансиясы геосаяси императивтердің күшеюімен қатар жүрді, ол ұлттық шек аймақтарға қатысты империялық идеологияны «өркениеттік бастамалармен» жəне «ағартушылық өкілдік» арқылы, ақтады. Осының бəрі-деXVIII–XIX ғасырлардың басындағы Қазақстанды зерттеген орыс ғалымдарының теориялық-методологиялық ұстанымдарында көрініс тапты.

Бұл уақыттағы Ресейдегі қазақ елінің тарихын зерттеушілердің еңбектерінде этноцентризм идеясы кеңінен таралды. Осы кезеңдегі көптеген жарық көрген шығармаларда орыс ұлтының ерекшелігін, оның «мессиялық», «өркениеттік өкілдігі» рөлін насихаттайтын көзқарастар көріне бастады. Бұл теориялық ұстанымдар 1917 жылға дейінгі XVIII–XIX ғасырлардың басындағы Қазақстанның саяси, əлеуметтік-экономикалық дамуын зерттеген барлық орыс тарихнамасының өкілдеріне тəн, ал бұл көзқарастардың теориялық дəлелденуі орыс əскери тарихшылары М. И. Венюков пен Л. Ф. Костенконың еңбектерінде берілді [1, 2].

XVIII ғасырдың екінші жартысы мен XIX ғасырдың басындағы орыс тарихнамасының өкілдерінің барлығы бір ауыздан, оның ішінде əсіресе И. Г. Георги, Л. Ф. Костенко, А. А. Тилло өзінің еңбектерінде орыстардың «игі ықпалымен» «тағы», «жабайы» көшпелі қа зақ тардың «хайуандық" мінездерінің түзеле бастағаны; орыс үкіметінің «жүгенсіз ордаларды» тыныштандырып бұл жерлерде «бейбітшілік» пен «тəртіп» орнатқаннан кейін, бұл өңірде «егіншіліктің дамығаны», жергілікті тұрғындардың нан тағамдарына үйренгені жəне сауданың дамуына қолайлы жағдайлар жасалғаны көп айтылды [3, 4].

Орыс дворяндық-буржуазиялық тарихнамасы патшалық Ресейдің билеуші топтарының Орта Азия мен Қазақстанға бағытталған агрессиялық сыртқы саясатын, ақтауға байланысты əлеуметтік тапсырысын орындады. Сондықтан олар Орталық Азияға бағытталған орыс экспансиясына баға беруде бұл əрекеттердің «амалсыздан» болғандығы туралы үкіметтің ресми көзқарасын ұстанды жəне Ресейдің бұл аудандарға жылжуына төменде көрсетілген себептерді дəлел ретінде келтірді: Ресейдің жауынгер көшпелі тайпалардан «қорғану қажеттілігі» жəне мазасыз көшпелілерді «тыныштандыруы»; Азия елдерімен болған транзиттік сауданы «қорғау», бұл аудандарға Англияның енуіне «қарсы əрекет етуі» орыс мемлекетінің «табиғи шекараларына» — Орталық Азияның таулы-қыраттары мен жоталарына шығу.

XVIII ғасырдың соңғы ширегінде бұл себептерді жан-жақты дəлелдеу мақсатымен орыс авторлары өз зерттеулерінде Ресейдің «өзін-өзі сақтау» теориясын жасап шығарды. Оның міндеті — мемлекеттің шығыс саясатының ішкі механизмі жəне Азия елдерін жаулап алуының себептерін түсіндіру болды. Бұл теория бойынша орыс мемлекетінің тарихи миссиясы «өркениетті əлемге» үнемі динамикалық қозғалыста болатын соғысқұмар көшпелі ордалардың енуіне қарсы тұратын күшті қорған кепілі болуы. Осыған байланысты Ресейдің Азиядағы саясатының Ұлы Петр заманынан бергі негізгі мақсаты — жау көршілерден қорған бола алатын табиғи тосқауылдар — тау, теңіз, өзенге дейінгі далалы өлкеге ену жəне онда орыс мемлекетінің оңтүстік-шығыс шектерін қауіпсіздендіретін əскери бекіністерін салу делінді. XIX ғасырдың екінші жартысында «өзін-өзі сақтау» теориясы «табиғи шекаралар» концепциясына өсті. «Табиғи шекаралар» концепциясы Қазақстан мен Орта Азияға қарай алға жылжу арийлік ұлттың таралуымен қа лып қакелу үшін адамзат тарихының дамуының тарихи жолы деп түсіндірілді. Бұл теорияны жақтаушы орыс зерттеушілерінің ойынша, кез келген мемлекет өз шекарасын қорғау керек, сондықтан орыс мемлекеті шектерін қорғау үшін, əскери бекіністерді салу үшін Қазақстанның жерлерін басып алуы керек. «Қозғалмалы» немесе «табиғи шекаралар» теориясы Ресей мемлекетінің əскери стратегиялық жағдайын табиғи шекаралар, яғни тау, өзен немесе күшті мемлекеттік құрылымдарды тұрақтандыруды көздеді. Бұл концепциялардың барлығында еуропацентристік көзқарастар көрініс тапты.

1917 жылға дейінгі Қазақстан тарихын қарастырған орыс зерттеушілері Ресей үкіметінің бұл өңірде жүргізген отарлық саясатын, ақтау, қорғау үшін царизмнің Шығыстағы «мəдени» жəне «прогрессивтік» рөлі туралы идеяларды тарата бастады. Жинақталған түрде бұл идеялар царизмнің Шығыстағы «мəдени миссиясы» теориясына айналды. Бұл ұлыдержавалық көзқарас ресейлік дворяндық-буржуазиялық тарихнамасына тұтастай тəн.

Бұл теорияның туындау негізі болған — тарихи үрдістің дамуының жалған концепциясы болды. Бұл концепция бойынша, патшалық Ресейдің қоғамдық-экономикалық дамуы Шығыстың (оның ішіне Қазақстанда жатады) «жабайы», «көшпелі бұратаналарының" қоғамдық-экономикалық дамуынан анағұрлым жоғары болғандықтан, бұл «бұратаналарды» Ресейдің жаулауы, бұл жаулаудың ұнамсыз жақтарына қарамастан, прогрессивтік фактор.

Бұндай дұрыс емес ұстанымдар қазақ елінің тарихына қатысты жекелеген мəселелер бойынша да бұрмаланған тұжырымдар жасауға əкеледі. Тікелей айтқанда, бұл көзқарастар жүйесі жалпы капиталистік елдердің Шығыс елдеріне қатысты отарлық саясатын қорғаштау мен, ақтауға жəне нақты Ресейдің Қазақстандағы «жартылай жабайы» халық ортасына «шынайы христиандықтың», «азаматтықтың», «мəдениет пен өркениеттің" бастауларын əкелу деген лепірмелі сөздермен бүркеленген қарақшылық, тонаушылық, халықты қыру саясатын, ақтауға бағытталған.

Царизмнің қазақ еліне қатысты бұл отарлық саясатынбар лық орыс дворяндық-буржуазиялық тарихнамасының өкілдері — белгілі ориенталист профессор В. Г. Григорьевтен бастап, саяхатшы-этнографП. П. СеменовТян-Шаньский, Түркістан жергілікті отарлық əкімшілігінің қайраткері П. П. Румянцев жəне барлық бөтен-деXVIII–XIX ғасырлардың басындағы Қазақстанның саяси, əлеуметтік-экономикалық дамуын зерттеген орыс тарихнамасының өкілдері, ақтады. Царизмнің Қазақстанды жаулап алу мəселесіндегі рөлін орыс тарихнамасының бұлайша түсіндіруінен сол кездегі қазақтардың қоғамдық-экономикалық құрылысын бағалаудағы қателіктері туындайды.

Орыс тарихнамасының өкілдерінің көзқарастары тұрғысынан қазақтар «жабайы» немесе «жартылай жабайы» көшпенді халық болып көрінді. Қазақтар «жартылай жабайы» алғашқы қоғамның адамдары болғандықтан оларда рулық құрылыс өмір сүрді. Сондықтанда қазақтардың қоғамдық құрылысын зерттеген орыс зерттеушілері оларды Американың үндістері мен сол уақыттағы жер бетінің кейбір жерлерінде əлі-де сақталынып қалған алғашқы қоғамдық дəуірде өмір сүріп жатқан реликт тайпалармен салыстырды.

Бірақта XVIII ғ. қазақтардың қоғамдық-экономикалық дамуы, орыс зерттеушілері көрсетуге тырысқандай сондай анайы болды ма? Əрине олай болған жоқ. XVIII ғ. Қазақстанда дамыған феодалдық-патриархалдық құрылыс, таптық қоғам, феодалдық вассалитет өмір сүр ді. Қазақтардың бұл уақыттағы тарихын тек рулық көсемдердің, ақсақалдар мен байлардың, хандардың өзара тартысы мен опасыздығы ретінде, қазақ халқын миссионерлер мен отаршылардан тек қорлық көріп отырған езілген, меңіреу құрбан ретінде көрсету — ол қазақтардың тарихын жоққа шығарған нигилистік көзқарас еді.

Қазақтардың əлеуметтік-экономикалық дамуын Ресей жаулап алардың алдында орыс тарихнамасының дамудың төменгі сатысында тұрды деп бағалауы, Қазақстанның орыстарға «жеңіл əскери табыс» болғанын көрсету үшін қажет болды. Бірақ та царизмге Қазақстанды жаулап алу қиынға түсті. Қазақстанды жаулап алу еуропалықтардың Австралия мен Америкадағы «жабайыларды» тікелей қыру мен жерлаушылық саясаты қазақ халқының берік қарсылығын кездестірді. Царизмнің жыртқыштық, адамгершілікке жат, бұл жерлерді жаулап алу үшін ешқандай зұлымдықтардан бас тартпаған саясатына феодалдық-патриархалдық басшыларының сатып кетуіне қарамастан, қазақ халқы бұл жерлерді Ресей үкіметінің жаулап ала бастауының алғашқы кезеңінен бастап XIX ғасырдың басына дейін отаршылдыққа қарсы күресін тоқтатпады.

Қазақстан тарихының орыстық концепциясының мазмұны мынада болды: орыс үкіметінің жалпы Шығысқа ілгерілеуі мазасыз көшпелі тайпалардан қорғану, «өзін-өзі сақтау», «табиғи шекараларына» жету үшін жүргізілді; қазақ жерлерін орыс үкіметі жаулап алған жоқ, Ресей империясының құрамына олар жаулардан қорғану үшін, қамқорлық іздеп өз еркімен кірді; қазақ елінің 1730 дейінгі дамуын елемей, Қазақстан дамуы тарихының кезеңдеуін оның Ресей шеңберіне кіруіне негіздеу; Ре сей дің Шығыстағы жалпы өркениеттік ықпалына байланысты бұл оқиғаның (қазақ жерлерінің орыс өкіметіне бағындырылуын -Қ.А.) жергілікті халықтың тағдырына прогрессивтік ықпалын тигізді.

Қазақстанның ресейлік тарихнамасының философиялық-тарихи негізі болған, орыс таным мəдениетіне терең еніп, XVIII ғасырдың екінші ширегі мен XIX ғасырдың басына дейін қазақ халқы туралы жазылған зерттеулерде методологиялық қызмет атқарған, XVIII ғ. француз ойшылдары ұсынған — мазмұны шаруашылық формасының алмасуымен анықталатын, адамзат қоғамының тарихын дəуірлеуді өзара алмасатын жүйелі тізбегі ретінде қарастыру; ақыл-ойдың дамуындағы прогрессивтік өзгерістер, кезеңдердің дамуының себебі болады деген ойлар; жағрафиялық ортаның көшпелі қоғамның əлеуметтік-саяси құрылымына əсер етуі туралы жəне Еуразияның көшпелі қоғамдарының көп ғасырлар бойы стагнацияда болды деген идеялар. Бұл идеялардың жүзеге асырылуы орыс тарих ғылымының Қазақстан тарихын зерттеу бағытында төмендегідей белгілерден байқалды: субъективизм методологиялық принцип ретінде қаралды, қазақ қоғамын зерттеудееуропацентристік жəне этноцентристік көзқарастардың басым болуы, Ресейдің Шығыстағы «өркениеттік миссиясын» асыра бағалауы. Қазақстанның орыстық тарихнамасына еуропацентристік, ұлы державалық, шовинистік, нəсілшілдік көзқарастар тəн болды.

Пайдаланылған əдебиеттер мен деректер тізімі:
1. Венюков М. И. Общий обзор постепенного расширения русскихпределов
в Азии и способы обороны их // Военный сборник, 1872, № 2. С. 120–148.
2. Костенко Л. Ф. Русская Азия и водворение в ней русской гражданственно-
сти. Спб., 1870.
3. Георги И. Г. Описание всех обитающих в Российском государственародов,
также их житейских обрядов, вер, обыкновений жилищ, одежд и прочих
достопамятностей. СПб., 1776–1777. Ч. 1.
4. Тилло А. А. Первая народная перепись в Киргизской степи // Известия Рус-
ского Географического общества. Т. IX. «Географические известия», 8 мар-
та 1873 г. С. 77–92.

Ханзада Сутеева

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті т.ғ.д., профессор, Алматы қ.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз