«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».
Н. А. Назарбаев
Басты бет » «edu.e-history.kz» электрондық журналы » Пәнаралық зерттеулер » Сандық тарих » Қазақтың тəуелсіз тарихы қайтсе жазылады?

Қазақтың тəуелсіз тарихы қайтсе жазылады?

Қазақстан Республикасы өз тəуелсіздігін алғанына жиырма жылдан аса уақыт өтсе қазақ халқының тəуелсіз төл тарихы əлі күн ге жазылмай келеді. Осы күнге дейін қазақ халқы өзге жұрттың кезбе саяхатшылары мен жансыздарының жазып қалдырған деректеріне сүйеніп жазылған тарихты өзінің тарихы ретінде танып, пайдаланып келеді. Басқаша айтқанда, қазақ өзіне өзгенің көзімен қараудан жалығар емес. Оның басты себебі, халқымыз басынан өткерген отарлық кезең, əсіресе, коммунистік идеология кезеңі халық санасында өзінің ауыр іздерін қалдырғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Қазақ халқы Ресей империясы құрамындағы бұратана халық ретінде жан-жақты қысымға түсіп, орыстардың идеологиялық ықпалында болғаны, өз тарихынан, мəдениетінен, жалпы рухани құндылықтарынан отаршылдар белгілеген-деңгейде хабары болғаны ащы да болса шындық. Отаршылдар мақсаты — қазақ халқын толық рухани дербестігінен айыру, мəнгүрттендіру болатын. Бұл əре кет белгілі бір дəрежеде өз мақсатына жетті-де. Халық санасында өз тарихы мен рухани дүниесіне үрке қараушылық, менсінбеушілік сияқты жаман əдеттерді қалыптастырып үлгерді. Өкінішке орай, бұл бүгінгі күні өршімесе, кеміген жоқ. Сондықтан қазақ халқының рухани дербестігін қалпына келтіру мемлекеттік мəселеге айналып отырғанын мойындауға тиіспіз. Өйткені, Қазақ халқы өзінің жоғалтқан рухани, мəдени құндылықтарын қайтадан қалпына келтірмейінше, халық санасындағы рухани тоқыраушылықты жою, құлдық психологиядан құтылу мүмкін емес. Рухани, мəдени дербестігін сақтай алмаған халықтың өзінің мемлекеттілігін сақтай алмасы да анық. Мұндай күрделі кезеңде халықтығырықтан шығарар жол — қазақ халқының сан ғасыр бойы жинаған рухани-мəдени мұрасы мен тарихы болмақ. Бірақ оларды қайтадан қалпына келтіру оңайға соқпасы қазіргі күннің өзінде белгілі болып отыр. Өйткені, Кеңес дəуірінде қазақ тарихы мен жалпы рухани мəдениетіне еуроцентристік көзқарас пен тарихына материалистік тұрғыдан жасалынған талдау қазақ халқының дəстүрлі тарихы мен мəдениетіне берілген ауыр соққы болды. Тарихты материалистік тұрғыдан тану методологиясы негізінде жазылған тарих қазақ халқын өзінің дəстүрлі тарихи жадынан айырды жəне ол тарихтың түпкі мақсаты қазақта құлдық психология қалыптастыру болды. Сондықтан қазақ тарихын жаңа көзқарас, Тəуелсіз ел тұрғысынан қайта жазу, дəстүрлі тарихи жадты қалыптастыру — бүгінгі Қазақ тарих ғылымы алдында тұрған ең өзекті мəселе.

Ол үшін алдымен отарлық кезеңде жазылған тарихқа талдау жасап, оның методологиялық негіздерінің қазақ болмысына сай келмейтін тұстарын анықтап, олардан арылу қажет. Сонда ғана қазақ халқының тəуелсіз тарихын жазу мүмкіндігі туады. Ол үшін қазіргі қазақ тарихының жазылуына негіз болған еуроцентристік көзқарас пен тарихты материалистік тұрғыдан түсіну методологиясына талдау жасалуы тиіс.

Алдымен евроцентристік көзқарас дегеніміз не, осыған талдау жасап көрелік. Еуроцентризм — еуропалықтардың өз тарихы мен мəдениеті туралы қалыптастырған көзқарастар жүйесі. Еуроцентризм туралы, ағылшын тарихшысы Норман Дэвис былай дейді: «Тех кто пишет историю Европы, нельзя обвинить в евроцентризме просто потому, что они фокусируют внимание на европейских делах, то есть придерживаются избранной темы. Евроцентризм определяется не темой, а отношением. Евроцентризм — это традиционная для европейских авторов склонность считать их цивилизацию высшей и самодостаточной, это пренебрежение необходимостью принимать во внимание и другие, неевропейские точки зрения. Неудивительно (и очень хорошо), что история Европы писалось, в основном, европейцами и для европейцев. Но, прискорбно, что европейские историки часто подходили к своему предмету как Нарцисс к пруду, искали в нем только отражения своей красоты» [1]. Бұл жерде автор еуроцентристік көзқарас астарында европалық өркениет жатқанын бүкпесіз ашық айтқан жəне бұл көзқарастың өзге халықтар тарихын зерттеуде тура келе бермейтінін-де ескерткен. Ал еуропалық өркениет негізінде христиандық таным жатқаны айдан анық. Бұл туралы неміс, ақыны Т. С. Элиот былай дейді: «Основным в создании общей культуры народов, каждый из которых имеет свою культуру, является религия… Я говорю об общей христианской традиции, которая сделала Европу тем, что она есть, и об общих элементах культуры, которые это общее христианство с собой принесло… Именно в христианстве развилось наше искусство; христианстве — до недавнего времени — коренились правовые системы Европы. Именно на фоне христианства приобретает значения наша философия. Отдельный европеец может не верить в истинность христианской веры; и все же то, что он говорить, производит, делает — все обретает смысл в христианском наследии. Только христианская культура могла породить Вольтера и Ницще. Я не верючто европейская культура переживет утрату христианской веры» [2]. Демек, еуроцентристік көзқарасты негізге алып исламдық танымға негізделген қазақ немесе жалпы түркі мəдениетін, тарихын танып, білу мүмкін еместігін сезіну онша қиын емес. Өйткені, қазақ халқының рухани, мəдени болмысы, өнері, қоғамдық қатынастарды реттейтін құқықтық заңдары түгелімен ислам діні, оның ішінде Қожа Ахмет Яссауи не гі зін салған сопылық жолдың түркілік бағыты — йасауийа та ри қа ты негізінде қалыптасқанын ескерсек, онда осы күнге дейінгі тек тарих ғылымы емес, жалпы гуманитарлық ғылымдарға қатысты қалыптасқан ғылыми көзқарасты түгелімен қайта қарау қажеттігін түсінеміз. Тарих ғылымы болса, тек евроцентристік көзқарас емес, сонымен бірге «тарихты материалистік тұрғыдан түсіну» деген маркстік дүниетаным аясында дақалып, қатпарлы қысымға ұшырады.

К. Маркс пен Ф. Энгелстің тарихты материалистік тұрғыдан түсіну теориясы — адамзат тарихында материалдық құндылықтардың шешуші рөл атқара тын басты фактор екендігін дəлелдеді.

Олар — «Сананы тұрмыс билейді» — деген қағиданы ұсынды. К. Маркс бұл қағиданы былайша түсіндірді: «Адамдар өз өмірінде, қоғамдық қатынас барысында, өзінің еркінен тыс, бірақ қажетті қатынастарға, өндірістік қатынастарға түседі жəне ол қатынас өндіргіш күштердің белгілі бір даму сатысына сай келеді. Бұл өндірістік қатынастардың жиынтығы қоғамның экономикалық құрылымын құрайды. Ол қоғамдық құрылыстың базисі, негізі. Материалдық өндіріс өзіне лайықты əлеуметтік, саяси, рухани процестерді қалып астырады. Тұрмысты сана билемейді, керісінше, тұр мыс сананы билейді» [3].

Тарихты материалистік тұрғыдан тану, түсіндіру тəсілі адамды материалдық құндылықтар үшін рухани құндылықтарды құрбан етуге даяр, өзімші лік құбыжыққа айналдырды. Өздеріне осы методологиялық өлшемді негіз етіп алған кеңестік тарихшылар қазақ даласындағы бүкіл қоғамдық, саяси процестердің негізгі қозғаушы күші болған рухани процестердің тарихи фактор ретіндегі рөлін жоққа шығарды. «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» — деген мақалды өмірінің негізгі қағидасы етіп, иман-сенімін малынан да, жанынан да артық санаған халықтың басты қасиеті сыртқа тебілді. Қазақ халқының дəстүрлі тарихи жады тарихты материалистік тұрғыдан түсіну шеңберінде сыймайтын болған соң қолданыстан шығарылып тасталды. Ол тарихтың орнына өзге халықтардың, атап айтқанда, қытай, грек, араб, парсы, итальяндықтардың кезбе саясатшылары мен тарихшыларының, географтары мен зерттеушілерінің жолжазбалары мен еңбектерінде жазылған деректер негізінде қазақ халқының мүлде басқа тарихы жазылып, шынайы тарих ретінде ұсынылды. Рухани өрісі биік халық материалистік тұрғыдан жазылған тарихта ой-өрісі тар, мал үшін, мал жайлайтын жер үшін ешнəрсені аямайтын жабайы немесе жартылай жабайы халық ретінде сипатталды. Халықтың рухани дүниесіне, мəдениетіне ешкім назар аудармады.

Кеңестік тарихшылар ол қоғамдық құрылыстардың қазақ даласындағы қоғамдық құрылысқа сай келмейтіндігін, мұндағы тарихи процестердің өзіндік ерекшілігі барлығын, тарихты материалистік тұрғыдан түсіну тəсілінің қазақ тарихына қолдануға болмайтынын ескермеді. Керісінше, қазақ халқында рулық, тайпалық жүйенің сақталуы халықтың əлі алғашқы қауымдық құрылыс шеңберінен шықпағандығын, дамудың жоғарғы сатысына көтерілмегендігін көрсететін басты көрсеткіш ретінде сипатталды.

Қазақ халқы тарихын зерттеуде материалистік көзқарастың сай келмейтінін ғалым Ж. Артықбаев былай тұжырымдайды: «Біздің байқағанымыздай тарихи қазақтанудағы басты кемшілік пен шектеулілік тарихқа бір жақты материалистік тұрғыдан талдау жасауға байланысты болып отыр жəне ол қоғам мен мемлекеттің тарихилығымен байланысты. Тарихты материалистік тұрғыдан зерттеу еуроцентризммен, маркстік методологиялық түсініктермен, парадигмалармен тікелей байланысты. Тарихты зерттеудегі формациялық өлшем — адамзат тарихындағы сан түрлілікті жоққа шығарды. Қоғамдық өмір мен мемлекеттіліктің тууын таптық күрестің тууымен, байлар мен кедейлер арасындағы қарама-қайшылықтың болуымен байланыстырды» [4].

Одан ары Ж. Артықбаев өз ойын былай жалғастырады: «Еуразия даласы көшпенділерінің мəдени жетістіктерін толығымен бойына сіңірген қазақ қоғамы өзінің ішкі құрылымы жағынан да, сыртқы құрылымы жағынан да, мəн мағынасы жағынан да ерекше құбылыс болып табылады. Көшпелі қоғамның өмір сүру негізінде қайталанбайтын, өзгелермен салыстыруға келмейтін өзіндік ерекшелігі бар. Мұнда Батыстың да, Шығыстың да мəдени өлшеміне сай келмейтін ерекше мəдениет қалыптасқан. Осы ерекшелікті сезіну — методологиялық парадигманы өзгертуге негіз болуы тиіс. Бəрінен бұрын тарихи таным өзегіне материалдық көрсеткіштер емес, рухани құндылықтар: қоғамдық сана, əлеуметтік-мəдени құндылықтар сияқ ты факторлар қойылуы тиіс» [5]. Бұл жерде ғалымның қазақ тарихын зерттеудегі басты методологиялық бағытты айқындап бе ріп отырғанын атап көрсетуге тиіспіз. Өйткені, қазақ халқы əр кезде өзінің рухани дүниесін, иман-сенімін малынан да, жанынан да артық қойды, «Өлімнен ұят күшті» — деп ар-ұятын өмірінен-де артық санады. Бұл қазақ халқы үшін материалдық дүние емес, рухани дүниенің қымбат екендігін, қазақ қоғамы үшін рухани құндылықтар шешуші мəнге ие екендігін көрсетеді. Басқаша айтқанда, қазақ халқы басынан кешкен сан қилы оқиғалардың басты қозғаушы күші рухани процестер болды. Өкінішке орай, бұл факторлар қазақ тарихын зерттеуде есепке алынбады. Осы мəселе бойынша исламтанушы-ғалым Н. Нұртазина былай дейді: «Отандық қоғамтану ғылымында дінді мəдениетке қарсы қою, атап айқанда, ислам дінінің мəдениетке қосқан үлесін мойындамау, … ислам дəстүрін жоққа шығару, жалпы қазақ қоғамының исламдану дəрежесін өте төмен бағалау, сопылықтың шын мағынасын түсінбеу немесе əдейі бұрмалау т.б. Нəтижесінде бейрухани тарих пен діннен ажыратылған ұлттық мəдениет жасалынды» [6]. Қоғамдық ғылымдардағы осы тоң мойындық бүгінгі ұрпаққа өз ата-бабасының рухани, мəдени болмысын тануға мүмкіндік бермей отыр. Бұл өз кезегінде күн өткен сайын өскелең ұрпақтың қазақ халқының рухани, мəдени қай нарларынан алшақтауына, дөрекіленуіне, мəдениетсіз тобырға айналуына ықпалын тигізуде жəне бұл қоғамдық өмірдің бар саласынан көрініс табуда. Егерде бүгінгі күні ғалымдар тарапынан қазақ тарихы мен рухани, мəдени болмысына жаңа көзқарас қалыптастырылмаса, онда ертеңгі күні қазақ халқының ұлт ретінде жойылып кету ықтималдығы барлығын жоққа шығаруға болмайды. Ол үшін алдымен қоғамдық ғылымдарды зерттеудің жаңа тəсілдерін қалыптастыру қа жет. Ол үшін қайтадан жаңалық ашу қажет емес. Тек, осы күнге дейін жасалынған ғылыми зерттеу тəсілдерінің ішінен қажеттісін таңдап ала білуде. Бұл жерде сол еуропалық ғалымдардың да тəжірибесін пайдалану артық емес. Ол үшін ғылыми-зерттеу тəсілдерінің негізіндегі христиандық таным мен құндылықтарды алып тастап, олардың орнына исламдық таным мен құндылықтарды қою керек. Сонда қазақ тарихын зерттеудің жаңа тəуелсіз арнасы қалыптасады. Бұл қоғамдық ғылымдар саласындағы зерттеу мүлде жаңа бағытқа бет бұрып, қазақ халқы қарауға мүмкіндік алады. Əрине, бұл жерде мына мəселе ескерілуі тиіс. Ислам дініндегі халықтардың да сан түрлі мəдениет өкілдері екендігі, олардың арасында қаншама ерекшеліктер барлығын естен шығаруға болмайды. Олардың арасынан қазақ халқының қайталанбас ерешелігін қалыптастырған рухани күшті анықтау қажеттігі туады. Жалпы бұл халықтар арасындағы мəдени ерекшеліктер тек ислам дініндегі халықтарға ғана тəн емес, христиан дініндегі халықтарда да осы мəселе бар. Ол туралы европалық жазушы Альберто Моравийе былай деп жазады: «Еуропа мəдениеті екі жақты мата сияқты: бір жағы сан түрлі бояумен өрнектелген, екінші жағы тереңде, қанық бір түсті бояумен боялған» [7]. Бұл жерде автор христиан дініндегі халықтардың мəдениеті сан түрлі болғанымен, оларды біріктіріп тұрған христиандық таным болғанын анық меңзеп отыр. Сол сияқты ислам дініндегі халықтардың да мəдениеті сан-алуан болғанымен, оларды біріктіріп тұрған ұлы күш — исламдық таным барлығын көрсетеді.
Қазақ халқы рухани дүниені материалдық дүниеден жоғары бағалады. Бұл туралы XX ғасыр басындағы қазақ ойшылдары иманның материалдық дүниеден жоғары екендігін дəлелдеп жазды да. Мысалы, Шəкəрім қажы марксизмнің тарихты материалистік тұрғыдан тану тəсілінен толық хабардар болды жəне бұл тəсілді қолдану неге апаратынын айқын, аңғарды. «Пайғамбар Мұса жолықса» атты өлеңінде бұл тəсіл туралы былай дейді:
Затшылдық көзді байлады,
Адастырып айдады.
Жан билемей тəн билеп,
Ақылдың соры қайнады.
Ғылым деп уды жегізді,
Денсіз зат жоқ дегізді.
Дəлелсіз пəнмен перделеп,
Көрсетпей қойды негізді [8].
Ал, Ə. Бөкейханов болса, қазақ тарихын жазу үшін алдымен оның мəдени болмысына көңіл аудару қажеттігін жазады. Ол, «жақсы көркем жырда сол уақыттағы қазақтың болмыс-салты көрініп тұруға лауық (лайық). Тарихтың сара жолы екіге бөлінеді. Бірі бөлек тарихтың пайдаланған соғыс істері.

Біздің қазақ білетін тарих осы… тарихтың екінші түрлісінің (мұны орыс тілінде история культуры дейді) пайдаланғаны — жұрттың болмыс-салты, рухани мəдениетінің дəрежесі. Бұлардың бəрі сол жұрттың сол замандағы тіккен үйінен, киген киімінен, ұстаған аспаптарынан, сөздерінен білінеді. Анық тарих — осы екіншісі. Бұ ған жем нəрселер (материал) жақсы, шын, ақындар шығарған, бұзылмаған жырларда болады» [9] — дейді. Қазақ ойшылдарының бұл пікірлері қазақ тарихын тану үшін материалдық құндылықтар емес, мəдени, рухани құндылықтардың маңызы жоғары екендігін дəлелдейді. Қазақ ойшылдарының бұл пікірлері негізінде қазақ халқының дəстүрлі діни танымы жатқанын көруге болады. Бұл өз кезегінде қазақ тарихын зерттеу үшін ең алдымен оның басынан кешкен діни, рухани үдерістеріне баса көңіл аудару қажеттігін көрсетеді. Жалпы дін адамзат қоғамында шешуші рөль атқаратын қуатты фактор екендігі құпия мес. Діннің қоғамдағы рөлінің артуы — ол қоғамның нұрлануына, гүлденуіне, мəдениетінің жаңа сатыға көтерілуіне əкелсе, діннің қоғамдағы рөлінің төмендеуі, керісінше қоғамның азғындауына, тоқырауға ұшырап, ыдырауына əкелетін қауіпті факторға айналады. Діннің қоғамдағы рөлінің қаншалықты жоғары екендігі туралы XX ғасыр басындағы орыс ойшылы В. С. Соловьев былай деп жазады: «При таком внутреннем соединении (а несмешении) религиозной идеи с народностью выгрывает и та и другая сторона. Народность перестает быть простым этнографическим и историческим фактором, получает высший смысл и освящение, а религиозная идея обнаруживается с большой определенностью, окрашивается и воплощается в народности, приобретает в ней живую историческую силу для своего существования в мире. И чем значительнее народная сила, тем выше она должна подниматься над национальном эгоизмом, тем полнее она должна отдаваться своему вселенскому служению» [10]. В. С. Соловьев тің бұл пікірі кез келген халықтың деңгейі, рухани қуаты діни идеяның халықтың ой-санасынан қаншалықты терең орын алуына байланысты екендігін көрсетіп отыр. Басқаша айтқанда, халықтың əдет-ғұ рып, салт-дəстүрінің, жалпы мəдениетінің қай бағытта дамитынын айқындайтын — діні, діни танымы. Демек, қазақ қоғамындағы діни үдерістер тарихын зерттеу — қазақ тарихына басқа тұрғыдан талдау жасауға мүмкіндік береді. Əрине, бұл тарихты зерттеуде алғаш рет қолданылып отырған тəсіл емес. Батыс елдерінде бұрыннан қолданылып келе жатқан өз алдына жеке ғылыми мектеп болып қалыптасқан жүйе жəне ол жүйе «тарихи идеализм» мектебі немесе «мəдени-тарихи мектеп» деп аталады [11]. Бұл зерттеу жұмысының негізгі нысанасы қазақ қоғамындағы діни үдерістер тарихы болғандықтан діндерді зерттеу тəсілдері-де қатар қолданылады. Олар мына тəсілдер:
1. Тарихи-салыстырмалы зерттеу тəсілі. Бұл тəсіл бір діннің əр кезеңдегі жағдайын салыстыра отырып, қоғамда болып жатқан өзгерістерге талдау жасауға мүмкіндік берді.
2. Феноменологиялық тəсіл. Бұл тəсіл мəн мен мағынаның адамдар арасындағы рухани ықпалдастығы мен санадағы өзгерістерінің қаншалықты екендігін анықтайды.
3. Герменевтикалық тəсіл. Бұл тəсіл діни құбылыстар мен діни мəтіндердегі шешілуі қиын мəселелерді шешу, түсіндіру жолдарын көрсетеді [12].

Тарихты зерттеудің бұл тəсілі қазақ халқының қолданыстан шығарылған тарихи жадын ғылым кəдесіне жаратуға, тарихи дереккөзі ретінде пайдалануға мүмкіндік береді. Ол өз кезегінде қазақ тарихына рухтың енуіне, өз тарихына өзгенің көзімен емес, қазақтың көзімен қарауына мүмкіндік береді. А. Бай тұрсыновтың тарихшыларға қойған талабын толық іске асырады. Ол кісі тарихшыларға мынадай талап қояды: «Тарихшылардың мақсаты — уақиғалардың уақытын ғана көрсетіп, яки не түрде болған тысқы сиқын көрсету емес, ол уақиғаның болуына нендей нəрселер, қандай уақиғалар себеп болғанын көрсетіп, ішкі мəнімен таныстыру» [13]. Мұндай ретпен жазылған тарих халықтың басынан кешкен оқиғалардың себеп-салдарын толық түсінуіне, жеңісіне мақтанып, жеңілісінен сабақ алуына мүмкіндік береді. Алайда, бұл бұрынғы жазылған тарихты толық жоққа шығару емес. Ол тарихта айтылмай қалған мəселелерді қазақ халқының дəстүрлі тарихи жадында сақталған дүниелер мен толықтыру, байыту болып табылады.

Пайдаланылған əдебиеттер мен деректер тізімі:
1. Норман Дэвис. История Европы. Москва: АСТ: Транзиткнига, 2005. с. 12.
2. Сонда, с. 7.
3. Маркс К., Энгельс Ф. 2-бас. Т. XIII. с. 7.
4. Артыкбаев Ж. Казахское государство: К проблеме методологии… сс. 37–38.
5. Сонда.
6. Н. Нұртазина. Қазақ мəдениеті жəне ислам. Алматы: 2002. 5-б.
7. Дэвис Н. История Европы, с. 7.
8. Ш. Құдайбердіұлы. Иманым. Алматы: «Арыс» баспасы, 2000. 234–235 бб.
9. Сілтеме Қ. Атабаевтың «Қазақ баспасөзі Қазақстан тарихының дереккөзі» (1870–1918). Ғылыми монография. Алматы: Қазақ университеті, 2000. 218-б.
10. Оразбаева А. Цивилизация кочевников евразииских степей. Алматы: «Дайк- Пресс», 2005. с. 50.
11. Сонда.
12. Яблоков И. Н. Религиовдение. Москва: Гардарики, 2000. сс. 19–21.
13. З. Алдамжар. Тарих: пайым мен тағылым. Алматы: «Арыс», 2002. 214-б.

Зікірия Жандарбек

Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Түркология ғылыми-зерттеу институты, т.ғ.к., Түркістан қ.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз