«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».
Н. А. Назарбаев
Басты бет » Қазақстан тарихы » Тәуелсіз Қазақстан » Институалды реформалар. Экономикалық даму » Ұлттық валюта – осы заманның нысаны

Ұлттық валюта – осы заманның нысаны

«Ұлттық валюта ретіндегі теңге, біздің еліміздің тарихында өзінің рөлін тәуелсіздіктің экономикалық негізі ретінде ғана атқарған жоқ. Кейбір жағынан алғанда теңге — бұл тарихымыздың өзінің толымды бір бөлігі, өз заманының нысаны».

Н.Назарбаев

1993 жылдың еліміздің Тәуелсіздік тарихындағы ерекше жыл болып енді. Өйткені осы жылы өз тізгінін қолға алып, ұлттық теңгені айналымға шығарды.

Ұлттық теңгені енгізудің маңызын шынайы бағалау оның тарихи жүріп өткен жолдарын ғылыми тұрғыда зерделеуге мүмкіндік береді. Деректер теңге тарихының тамырын тереңнен қаузауға жол ашады.

Монета соғу ісі, ақша айналымын енгізу және оны белгілі бір қоғамда төлем құралы ретінде пайдалану — сол қоғамның әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының белгілі бір сатысында табысқа жеткенін көрсетеді. Монетадағы белгілер мен жазулар арқылы мемлекетті басқару түрлерін, патшаның ауысуын, әулет шежіресін, мемлекеттік төңкерістерді т.б. анықтауға болады. Олар көбінесе саяси және қоғамдық өмір оқиғаларын, соғыстар, жаулап алушы мемлекеттегі ішкі күрестер, мемлекеттік немесе діни реформаларды көрсетеді. Қоғамның экономикасын, тарихын, қолөнерін, техника және өнер тарихын зерттеуде нумизматика материалдарының маңызы айрықша [1, 18 б.].

1990 жылдарының басында бұрынғы КСРО-да бір мезгілде экономиканы бейтараптандырумен қатар, ақша-несие жүйесінде дезинтеграциялық, яғни біртұтас құрылымның бөлшектену үдерісі күшейе түсті. Алғаш 1992 жылы өздерінің ұлттық валюталарын — Балтық жағалауы елдері, Әзірбайжан, уақытша, ақша белгілерін Украина, Молдова және Беларусь енгізді. 1993 жылы мамырда бұларға Қырғызстан қосылды. Ал,1993 жылы шілде-тамызда Ресейде, ақша реформасы жүргізілді, оның нәтижесінде кеңестік рубльдердің айналымы толықтай тоқтатылды және олар жаңа ресейлік, ақшаларға айырбасталды.

Әлемдік тәжірибеде, ақша реформасы нуллификация (жою), девальвация (төмендеу), ревальвация (жаңару) әдістерін қолдануды қамтиды.

Нуллификация кезінде айналымдағы бұрынғы өте құнсызданған, ақша белгілері жойылып, оның орнына жаңалары енгізіледі. Осы процедура есепке алуды жеңілдетеді, өйткені материалдық құндылықтардан іске аспаған, ақшалай қаражаттар мен жинақ ақшалардың барлығы іс жүзінде жойылады.

Қазақстанда, ақша реформасы нуллификация әдісімен жүргізілді, яғни құнсызданған кеңестік рубльдер айналымнан толық шығарылып, жаңа Қазақстандық ақша белгілері — теңгелер енгізілді. КСРО-ның ыдырауы, экономиканың құлдырауы, КСРО, ақша жүйесінің құлауы, Қазақстанның рубль шеңберінен шығарылуы, ұлттық ақша жүйесінің болмауы — Қазақстанда, ақша реформасын өткізу қажеттілігінің басты себептері болды [2, 111 б.].

1992 жылы елдің экономикасы құлдиға қарай құлдырады. Барлық жерде, ақша мүлде құнсызданды, еңбекақы мен зейнетақы төленбеді, кәсіпорындар арасындағы шаруашылық байланыстар үзілді, халық тұтынатын тауарлар мен қолға берілетін, ақша тоқтатылды. Мұның барлығын бақылайтын, одақтық министрліктер таратылды. Өзара есеп айырысу мен тауар беру деген атымен жойылған кез еді.

Сол кездегі бос жатқан сөрелерді, нанға, балалар тағамдарына, тұзға, қантқа, сигаретке кезекке тұрған халықты қазір көз алдыңа елестету қандай қиын болса да, бұл сол кездегі ащы шындық еді.

Бұрынғы одақтық республикалар арасындағы қаржы байланысы мен өзара бірлесуінің үзілуі экономикалық жағдайдың күрделілігін одан сайын қиындатты. Әрине, оның қарапайым адамдардың өміріне тікелей әсері болды. Қазақстандағы, ақша мәселесінің шешілмегендігі салдарынан еңбекақы, жәрдем, ақылар, тағы сондайлар халыққа уақытында берілмеді. Ақшаның жетіспеуінің барлық себебі Ресейдің мемлекеттік банкісіне барып тірелді, өйткені барлық қаржы ресурстары Мәскеуден бөлініп отыратын.

Осының бәрі халық арасындағы ереуілдер мен митингілерге алып келген әлеуметтік тұрақсыздықтың алғышарттары болды.

Еңбекақыны, зейнетақыны, жәрдемақыларды төлеу үшін Қазақстан Ресейден, ақша сатып алуға мәжбүр болды. 1992 жылдың бірінші жартысына дейін Ресейдің Орталық банкісінен, ақша қаражатын тегін алып тұрғанбыз. Бірақ кейіннен бюджеттер бөлінгенде рубльді сатып алуға тура келді. Ақшаны сатып алуға Қазақстан бюджетінде қаражат жетпегендіктен, ел оның тапшылығын бірден сезінді. Біз рубльді қарызға (несиеге деп те айтуға болады) алатынбыз. Артынан Ресей біздің 1,5 миллиард долларға қарызданғанымызды айтты. Бірнеше жылдар өткеннен кейін барып, «Байқоңыр» айлағы үшін есептескенде ғана осы қарызды жаптық" [3, 149 б.].

Ресей рубльді тауар ретінде сатып алуды ұсынды. Оны ісімен дәлелдеді. Алдымен, ТМД республикаларына түсетін қағаз, ақшаға тұсау қойды. Ресми Ресей тарапынан бұрынғы кеңес елдеріне қолдау жасай қоймады. Тәуелсіздігін алған елдер бұрынғы орталыққа көз салумен болды. Экономикадан мән кетті. Өндіріс тоқтады. Ал тауар мен қызмет бағасы шарықтай түсті. Бұл уақыттағы инфляция рекордтық деңгейге көтерілді. Мәселен, 1993 жылдың соңындағы инфляция 2297 пайызды құрады. Ресейдің орталық банкінен, ақша алу мүмкін болмай қалған кезде әр ел өз валютасын енгізуді ойластыра бастады. Өздерінше, ақша-кредит саясатын жүргізіп, ел экономикасын реформалауы қажет болды. 1993 жылы өз валютасын енгізуді Украина мен Белоруссия, Қырғызстан мен Балтық жағалауы елдері қолға алды. Қазақстандық валютаны енгізу жоспары сол 1991 жылы жасалғандығы кейін анықталып жатыр.

Сөйтіп, жас мемлекеттер бірінен соң бірі өздерінің ұлттық валюталарын немесе уақытша, ақша белгілерін енгізе бастады. 1992 жылы рубль аймағында Қазақстан, Өзбекстан, Ресей және Тәжікстан елдері ғана қалды. Республикаға кеңестік рубльдің бақылаусыз көптеп келуі инфляцияның шарықтап өсуіне әкеліп соқты. Қазақстан өз валютасын енгізуге мәжбүр болды. Өйткені, рубль аймағында тұрып, Қазақстан Ресейдің қаржы институттарына бағынышты күй кешті, дербес монетарлық, экономикалық саясатты жүргізе алмады.

1992 жылдың көктемінде ұлттық валютаны енгізудің мүмкіндіктерін қарастыруға тиісті құпия комиссия құрылды. Комиссия небәрі жеті адамнан құралды. Біртұтас рубль аймағын сақтауға талпынысты жалғастыра отырып, біз өзіміздің валютамызды енгізуге дайындалдық. Елдің жоғарғы басшылығынан мемлекеттік құпиямен тек Жоғарғы кеңестің төрағасы С. Әбділдин, Жоғарғы Кеңестің қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің төрағасы С.Тәкежанов, Мемлекеттік Ұлттық банктің төрағасы Ғ.Байназаров, оның орынбасары М.Тұрсынов және салынып жатқан Ұлттық банк кәсіпорындары дирекциясының жетекшісі Қожамұратов таныстырылды. Осымен қатар тағы да құпия түрде жаңа валютаның дизайны бойынша жұмыстар жасау мақсатында шығармашылық топ құрылды. Ахуалдың бірегейлігі мен жұмыстың соншалықты әсерлі болғаны сондай, қатысушылардың өздері, үлкен дарын иелері, тарихи кезеңнің жауапкершілігі мен маңызын толық түсінді. Топтың құрамына Меңдібай Әлин, Тимур Сүлейменов, Ағымсалы Дүзелханов, Хайролла Ғабжәлелов сынды шеберлер кірген. Олар банкноттар мен тиындар дизайнының төрт түрлі нұсқасын жасады. Барлық нұсқалар бірінен-бірі асып түсетіндей өте жоғары кәсіби және түбегейлі-деңгейде жасалынды.

Ұзақ талқылаудан кейін қазақ мемлекеттігінің қалыптасуына көп еңбектері сіңген, Қазақстан үшін белгілі және тарихи маңызы бар адамдардың кескіндері бейнеленген нұсқаға тоқталды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұл ұлттық мақтаныш сезімін көтеру үшін қажет болды. Кеңес өкіметінің кезінде тіпті айтуға тыйым салынған бұл тұлғаларды тәуелсіздік алғанда ғана марапаттауға мүмкіндік туды.

Қазақ теңгесінің алғашқы қағаз бетіне түскен кескіндемелері Олжас Сүлейменовтың саяжайында дүниеге келген.

Елбасы өзінің «Қазақстан жолы» еңбегінде теңге операциясы жөнінде былайша еске алады: «Мен күн сайын кешке қарай біздің топ жұмыс істеп жатқан қала сыртындағы саяжайға келемін. Ақшаның қалай аталуы жөнінде бізде үлкен айтыс болды. Оларды «сом», «ақша» немесе «теңге» деп атау ұсынылды. Менің өзіме «алтын» атауы ұнады. Ақыр аяғында, орта ғасырлық тарихтан, Қыпшақ даласының жерлерінде айналымда болған «тәңгә" деген құйма, ақшадан шығарып „теңгеге“ тоқтадық. Шынында да „деньги“, „теңге“ сөздерінің түп-төркіндері бір еді».

Республиканың Жоғарғы Кеңесінде және Үкіметінде өткізілген Ұлттық валютаның атауы туралы кеңейтілген жабық пікір таластың нәтижесінде Жоғарғы Кеңестің жоспарлау-бюджет комиссиясының сол кездегі төрағасы болған С.Тәкежановтың ұлттық валютаны- теңге, ал оның жүзден бір бөлігін — тиын деп атау туралы ұсынысы қабылданды.

7659a3cde21c407acaf9c5e0e3fb490e.jpg


Алғашқы теңге

Бірақ, ақшаның түрі мен атынан басқа да, бізде үлкен мәселелер болды. Ол кезде Қазақстанның өзінің банкнот басатын фабрикасы болған жоқ, барлығы Мәскеуден әкелінетін. Мамандармен, ақылдаса келіп, осы бір өзіндік ерекшелігі бар тапсырысты еуропалық елдердің біріне орналастыру. Таңдау осы салада үлкен тәжірибе жинақтаған «Харрисон және оның балалары», «Томас-де ля Ру» деп аталатын, ағылшын компанияларына түсті. Тұңғыш валютамыз Ұлыбританияның «Харрисон және оның балалары» фабрикасында басылды. Алғашқы теңгенi «Harrison & Sons» компаниясы Англияда басып шығарды. Қазақтардың төл теңгені қағазға басып беру туралы тапсырысы компанияның әлемдік-деңгейде атын шығаруға себеп болды. Теңгенің арқасында аталмыш компания Ұлыбритания королевасының Алтын белгісімен марапатталып, біздің ұлттық валютамыз Британия корольдігінің ең үздік экспорттық өнімі аталды.

Тапсырыстың бір бөлігі Томас-Де-ля-ру компаниясына берілді. Бізді банкноттардың сапасы, келісімшарттың қаржы жағы және құпиялылығы қанағаттандырды. Жыл ортасына қарай «теңге» атты валютаның әзірленуі аяқталды. Сенімді-де, адал серіктес екенін көрсеткен «Томас-де ля Ру» британдық компаниясымен шарт жасалды. Әр түрлі құнды жаңақшалардың үлгілері дайын болғаннан кейін, компания Н. Назарбаевтың өтінішімен, құпия түрде қажет банкноттардың жалпы санының төрттен бір бөлігін басып, олар керек болғанша, Лондонда сақтады. Сол уақытта оның Халықаралық валюталық қормен және Дүниежүзілік банкпен қазақстандық ақшаларды қолданысқа енгізу жөнінде құпия кеңестері жүріп жатты [3, 209 б.]

De La Rue — әлемдегі ең ірі бағалы қағаздарды (банкнот, куәлік, жүргізуші куәлігі және т.б. құжаттар) және банк құрал-жабдықтарын (банкноттарды есептеуіш және тексеруші құралдар, банкноттар мен монеталарды іріктеуші құрылғыларды өндіруші британдық компания. Компанияны 1821 жылы Лондонда Томас-Де Ля Ру құрған. (Thomas de la Rue) (Ол 1793 жылы 24 наурызда Гернсиде дүниеге келген). Аталмыш компания бастапқы уақытта почта маркаларын басып шығарған. Штаб-пәтері — Хэмпшир графтығындағы Бэйсингстоук (Basingstoke) қаласында орналасқан. 1958 жылдары компания өзінің бастапқы атауы Thomas De La Rue атауын өзгертіп, The De La Rue Company Limited деп атаса, 1991 жылы De La Rue PLC — деп қайта өзгеріс жасаған. Компания әлемнің 150 мемлекетіне ұлттық банкноттарын басып шығарды. Сонымен қатар компания Visa несие картасына голограммалар, жол жүруге арналған чектер басып шығарады [4].

Ағылшындар елінде басып шығарылған Қазақстан теңгесінің алғашқы бөлігін сақтау мақсатында жер астынан салынған арнайы қоймалар дайындалды. Бір аптаның ішінде Лондон мен Алматы арасына 18 рет қатынаған төрт ИЛ-76 ұшағымен тасылған. Ұлттық валютамыз айналымға енгізілгенше, ағылшындар мен қазақ елінде болып жатқан оқиға туралы тірі жан білмеген. Теңгені елге жеткізудегі аса күрделі іс-қимылдар жөнінде сол кездегі Ұлттық банктің төрағасы қызметін атқарған Ғалым Байназаров Егемен Қазақстан газетіне берген сұхбатында былайша тарқатады: «Ол кезде Лондоннан Алматыға тікелей ұшақ ұшпайтын. Барлық ұшақтар Мәскеу арқылы ғана ұшатын. Біздегі ғарыштық басқару, әуе жолын басқару саласы ол кезде Ресейдегі тиісті орталықтарға бағынышты болды. Ақыры жолаушы тасымалдайтын бір ұшақтың орындықтарын жатқызып, оған шағын контейнерлерге салынған, ақшаны тиедік, валюта салынған контейнерлерге «Бұл Үкіметтің қарауындағы жүк! Кедендік тексеруге жатпайды!» деп жаздық. Лондоннан тікелей Алматыға ұшатын жолдың сызбасын дайындадық. Бірден тоқтамай Лондонға бару мүмкін емес болған соң, ұшақ Ақтауға қонып, жанар-жағармай құйып алатын болды. Жүкті қорғау, тасу, күзету деген-де үлкен жұмыс болды. Бұл жұмыстар Ұлттық банктің өз қызметкерлерінің күшімен атқарылды. Рейстің бәрі түнде жасалынды. Сөйтіп, бір-екі аптаның ішінде теңгені түгел Таразға тасып алдық" [5,7 б].

1993 жылы 3 қарашада Президенттің Жарлығымен құрылған Ұлттық валютаны енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссия ұлттық валютаны енгізудің тұжырымдамасын дайындады. Бұл құжатта жаңа валютаның енгізілу мерзімі, тәсілі, жаңа валютаны айырбастау пункттеріне жеткізу мәселелері, қолма-қол, ақшаны айырбастау коэффициенті мен лимиттері, валюта бағамын қалыптастыру және басқа маңызды мәселелер айқындалды. ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасына енгізу туралы» 1993 жылғы 12 қарашада шыққан Жарлығымен төл теңге бүкіл Қазақстанға тарап, тәжірибеде жүзеге аса бастады [6].

Қарашаның 13-і барлық газеттер жаңа валютаның суреттерін берді. Ақша купюрасы теңге мен қағаз тиындар, ауыстыру тәртібі туралы республикалық, облыстық баспасөз хабарлап жатты. Ал қарашаның 15-інен20-сына дейінгі уақыт сомды теңгеге ауыстыру үшін берілді. Тура алты күнде халық қолдағы, ақшасын тәуелсіз елдің валютасына айырбастауы керек еді. Халық бес жүз сомына бір теңге алып жатты. Қағаз, ақшасын қапшықтап жинаған халық енді теңгенің кезегіне тұрды. Бұл күндер әр тұрғынның есінде. Қобыраған «шөп, ақшаны» жинап, сақтағанды шығарып, қолға жаңа купюраны көргендер төл теңгені бірнеше күн қызықтаған. Ағартушы Әл-Фараби, күйші Сүйінбай, ғалым Шоқан Уәлиханов, ақын Абай, Әбілқайыр хан бейнеленген теңге халықтың арасына ене берді. Ұлттық банктің облыстық басқармасы, екінші-деңгейлі он екі банктің филиалдары, есеп айырысу кассалары тәулігіне 19 сағатқа дейін тұрғындар қаржысын ауыстырып жатты. Ескі, ақша түні бойы есептеліп, сұрыпталып, жөнелтуге даярланды. Жұмыстың ең ауыры облыс орталығындағы есеп-касса орталықтарына түсті. Бұл ұжым алты күннің ішінде 8 миллиард рубль ескі, ақша қабылдапты. Осы күндері, ақша тапсыруға 362 мың тұрғын келген. Тұрғындар 19,6 миллиард ескі рубль жинаған. 770 қапқа салынған 20 тонна рубль отқа жағылған.

1993 жылдың қарашасында теңгенің айналысқа шығарылуы біздің жас тәуелсіз республикамыздың жылнамасындағы ең маңызды оқиғалардың бірі болып табылады. Ол еліміздің тәуелсіздігін нығайту жолындағы түбегейлі әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүргізу үшін қажетті тарихи қадам болды. Ал осы жылы қарашаның 22-сінде зейнетақы мен еңбекақы теңгемен беріле бастады. Елімізде валюта айырбастау пункттері ашылып жатты. Кейін Алматы қаласында Ұлттық банктің Банкнот фабрикасы, Өскеменде Монета сарайы ашылды. Уақыт талабына сай теңгенің дизайны өзгерді. Бүгінде купюраларымыздың қорғаныштық қасиеті дамыған елдер валютасымен бәсекелесе алады.

2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалық етуіне арналған 1000 теңгелік, «Азиада 2011» Жетінші қысқы Азиада ойындарына арналған номиналы 2000 теңгелік, 2011 жылғы 25 мамырдан бастап Ислам Конференциясын Ұйымдастыруға Қазақстанның төрағалық етуіне арналған номиналы 1000 теңгелік, 2011 жылғы 4 шілдеде Қазақстанның Ұлттық банкі республиканың тәуелсіздігіне 20-жыл толу қарсаңында номиналдық құны 10000 теңгелік, 2011 жылғы 4 шілдеде айналысқа жіберілген Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған номиналдық құны 10000 теңгелік, 2011 жылы 30 желтоқсанда айналысқа жіберілген «Қазақ елі» монументі бедерленген 5000 теңгелік; 2013 жылғы 29 наурызда Ертіс өзені бейнеленген Қазақстан картасының сұлбасы бар 2000 теңгелік, 2013 жылдың 12 желтоқсанында «Kүлтегін» түркі жазба ескерткішіне арналған номиналы 1000 (бір мың) теңгелік ескерткіш банкнотты айналысқа шығарды. Оның көлемі 134×70 мм қағазда дайындалған.

Қазіргі кезеңде әлемдік іс-тәжірибеде категория бойынша қорғаныстық дәрежеге бөлу іске асырылады.

Бірінші категория бойынша қандай да болмасын жабдықты пайдаланбай, қорғаныс дәрежесін тұтынушыға анықтау мүмкіндігі берілген. Мұндай қорғаныстық дәрежені анықтау жөнінде әрбір тұтынушыға жалпыға бірдей тәртіпте мәлімделеді. Қорғаныстық технологиялар жөнінде өткізілетін әртүрлі конференцияларда осы категориялы қорғаныстық белгілерді одан әрі дамыту және баспалық өнімдердегі олардың мөлшерін арттырудың жалпы әлемдік басымдыққа ие болып отырғаны жайлы кең әңгімеленуде.

Екінші категория — бұл лупа, ультракүлгінді лампа, химиялық қарындаштар және т.б. сияқты жай бақылаулық жабдықты пайдалану арқылы баспалық өнімнің қорғаныстық дәрежесін анықтау. Мұндай қорғаныс дәрежесі негізінен қолында күрделі жабдығы жоқ көзі қарақты тұтынушы, кассирлер қолданысы үшін қызмет етеді. Өнім сапасына көз жеткізу үшін мысалы, кассаларда, сауда нүктелерінде жоғарыда аталған бақылаулық жабдықтардың қолда болғаны орынды.

Үшінші категория — бұл тексеретін мамандар ғана арнаулы жабдықтар, іріктеу машиналары, сканерлер және басқа да құралдарды пайдалану арқылы өнімнің осы дәрежелі қорғанысын анықтау. Мұндай қорғаныс дәрежесін анықтау бақылау мекемелерінің қызметкерлері және өнімнің түпнұсқалығын анықтайтын сарапшылар үшін ғана мүмкін.

Төртінші категория — криминалистикалық лабораториялардың кәсіби шеберлігі жоғары мамандары ғана анықтау алатын қорғаныс белгілері.

Бүгінгі күні Банкнот фабрикасында жоғарыда аталған категорияға қатысты элементтер енгізілген барлық баспалық өнімдерді шығару мүмкіндігі берілген жабдықтары мен технологиялар бар. Банкнот фабрикасы қорғанысты полиграфия үшін қорғанысты элементтерден тұратын арнаулы қағаз бен бояуды пайдаланады. Бұл бояулар мен қағаздар банкнот, бағалы қағаздар өнімдерін, қатаң есептегі бланкілерді дайындау мақсатында Банкнот фабрикасына дербес жеткізіледі.

Банкнот және қорғанысты қағаздың аса маңызды сипаттамасына келсек, мұндағы су белгісі (тұтас, жарты реңкті, мультиреңкті‚ локальды); Электротайп (қарама-қайшылықты су белгісі); Көзге көрінетін талшықтар; Флуоресцентті көрінбейтін талшықтар; Конфетти; Hi Light (Ультра күлгін сәуле арқылы көрінетін ұсақ нүктелер); Металлдандырылған жіптер (магнитті‚ микромәтінге енгізілген және флуоресцентті);

Флуоресцентті қорғанысты жіптер; Голограммалық жолақтар; Қорғаныстық химиялық түрлері; Иридисцентті жолақ; Таксфера және басқалары.

Қорғанысты баспалық өнімді шығаруда физикалық және химиялық ерекшеліктері тұрақты арнаулы қорғанысты баспалық бояулар қолданылады.

Әртүрлі түстермен араластырылған түссіз бояу; әртүрлі түстермен араластырылған түсті бояу; бифлуоресцентті бояулар; Көз алдағыш бояулар; металлдандырылған флуоресцентті; магнитті ерекшелікті; ИК-сәулелермен көрінетін және көрінбейтін; термохромды; фосфоросцентті; химиялық реактивтерге сезімтал бояулар және басқалары [7]

Қортындылай келгенде, Ұлттық теңге енгізілгелі нарық жүйесіне негізделген экономика қайта түлеп, жансыз организмге қайтадан қан жүгірді. Өтпелі кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық дағдарысты кезеңнен сүрінбей өттік. Бұл еліміздің сынақ жылдары болды. Біз бұл сыннан да сүрінбей өттік.

Бүгінде Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» идеясы — Қазақ Елінің жарқын болашағына жетелер шамшырағы іспеттес. Келешекте еліміз «Азия жолбарыстары» елдерімен иық тіресер, экономикасы дамыған елге айналары сөзсіз. Ол үшін адами капиталды дамыту арқылы білім мен ғылымды жетілдіруге бар күшімізді салуымыз керек.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Ғабжалилов Х. Теңге тарихын білеміз бе? // Алаш.-2005. № 3. -18-32 б.
2. Жоламанова М.Т. Ақша. Несие.банк. Оқу құралы — Алматы: Еуразиялық нарық институты, 2011. -353 б.
3. Назарбаев Н. Қазақстан жолы.- Астана, 2007.-372 б.- 149 б.
4. De La Rue. Материал из Википедии — свободной энциклопедии. URL:http://ru.wikipedia.org/wiki/De_La_Rue. Сайтқа алынған күн:22.05.2014 ж.
5. Байназаров Ғ. Теңге — тәуелсіз экономиканың темірқазығы. // Егемен Қазақстан. — 2012. 15 қараша.
6. «Қазақстан Республикасының ұлттық валютаны енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заң күші бар Жарлығы. 12 қараша 1993 ж.
7. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ресми интернет ресурсы.
URL: http://www.nationalbank.kz/. Сайтқа алынған күн: 22.05.2014.

Ахметова Еркежан Тұрдыбекқызы -Мемлекет тарихы институтының кіші ғылыми қызметкері, гуманитарлық ғылымдар магистрі

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз