«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».
Н. А. Назарбаев
Басты бет » Қазақстан тарихы » Тәуелсіз Қазақстан » Болашаққа ұмтылған Қазақстан » Жаһандану дәуіріндегі жаңа қазақстандық патриотизм

Жаһандану дәуіріндегі жаңа қазақстандық патриотизм

Саяси жүйе үнемі түрлі ішкі және сыртқы әсерлер, құбылыстар, тенденциялар мен күштер ықпалында болады. Сәйкесінше, міндеттердің тиімділік жүйесін жүзеге асыруда деструктивті және тұрақсыздандыратын факторлардан сақтануы керек.

Жаһандану дәуіріндегі ұлттық-мәдени құндылықтарының әлсіреу қаупі тұрғанда және жаһандық құндылықтар маңыздылығы жоғарылаған тұста патриотизм белгілерін пысықтау қажеттілігі туындайды. Қазіргі қоғамда орын алып жатқан трансформациялық процестер патриотизм мен оның мазмұнына өзгерістер енгізуде.

«Патриотизм мәдениет универсалиі ретінде дағдарысты сезінуде» [1], — деп атап көрсетеді Ресей ғалымы А. И. Костяев. Шынында да қазіргі құбылмалы заманда құндылықтар иерархиясы, өнегелі бағдарлар, патриотизм түсінігінің мазмұны өзгеріс үстінде.

Елбасы, Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан- 2050» стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында жаңа қазақстандық патриотизм — көпұлтты және көпконфессиялық қоғам табысының негізі екендігін атап көрсеткен болатын. Бұл бағыттағы басты мақсат қоғамдық келісімді сақтау және нығайту болып табылады. Ол мемлекет, қоғам, ұлт ретіндегі өмір сүрудің айнымас шарты.

Мемлекет әр азаматтың өмір сапасын, қауіпсіздігіне, тең мүмкіндіктеріне және болашағына кепілдік бергенде елімізді сүйеміз және мақтанамыз. Осы тәсіл арқылы патриотизмді және оны тәрбиелеу мәселесіне прагматикалық және шынайы көзқарас оянып, жаңа қазақстандық патриотизм құндылықтары қалыптасады [2].

Бүгінгі таңда патриотизмді қалыптастыру мәселесін зерттеу, қазіргі қоғамның дамуы үшін, теориялық және тәжірибелік маңызды екеніне күмән жоқ. Өйткені ол қоғамның бүгінгісі мен келешегін анықтайтын қозғаушы және біріктіруші факторлар қатарына жатады. Патриотизм мәселесімен терең тамырлас, құрамдас болып, байланысты дамитын ұғымдар Отан, ана тіл, жер, ұлттық мәдениет, ұлттық идея, ар-намыс, ұлттық мүдделер және т. б. жатады. Қазіргі таңдағы қоғамдық, саяси-экономикалық ахуалдың адам факторынан, рухани дамуымыздың маңыздылыққа ие болып отырған өзекті мәселелердің бірі — қоғамда патриотизмді қалыптастыру.

Азаматтарды отансүйгіштік, патриоттық рухта тәрбиелеу, қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде кең көлемде дамуына, ана тілімізді арындай сақтауға, ел бірлігін нығайтуға атсалысу негізгі мәселелердің қатарына жатады. Елдің рухын көтеру, ұлттық мақтаныш сезімін оята білу, отансүйгіштік, ұлтжандылық, елжандылық сынды қасиет қалыптастыру — тәуелсіз мемлекетіміздің дамуы үшін айрықша маңызды мәселе болып отыр. Патриотизм түсінігі кез келген саяси, әлеуметтік, этникалық топтың ғасырлар бойына тұтастығын қамтитын құбылыс екендігінде дау жоқ. Осы себептерге байланысты еліміздің қоғам мүшелерін біріктірудегі негізгі фактор және тұрақтылықты қамтамасыз ету мен мемлекеттілікті бекітуде патриотизмнің орны зор. Сондықтан қазіргі жағдайда қоғам мүшелерін рухани-адамгершілік және патриоттыққа тәрбиелеудің қазақстандық азаматтардың саяси санасындағы ең негізгі мәселе болып табылмақ.

Мемлекет Басшысы Жолдауда «Қазақстан патриотизмінің іргетасы — барлық азаматтардың тең құқылығы және олардың Отан намысы алдындағы жалпы жауапкершілігі» [2] , — деген болатын. Негізгі бағыттары қатарындағы жаңа қазақстандық патриотизм; барлық этностар азаматтары құқықтарының теңдігі; қазақ тілі және тілдердің үштұғырлылығы; мәдениет, дәстүр және даралық; ұлттық интеллигенцияның рөлі; ХХІ ғасырдағы Қазақстандағы дін мәселелері бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.

Тең құқықты, тең мүмкіндіктерді иеленген қазақстандықтар көпұлтты қоғамдағы барлық этностық әркелкіліктерді біріктіре алады. «Жаһандану дәуірі — көпұлтты мемлекеттер дәуірі», — деп Ұлт көшбасшысы нақтылағандай, «барлық ұлт өкілдерімен тіл табысып, тату-тәтті, бейбітшілік пен келісімде өмір сүру — барша қазақтың басты қағидасы болуы шарт» [2].

Бұл Жолдауға дейін Қазақстан Республикасының Президенті — Елбасы Н.Ә. Назарбаев 2006 жылы Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің аса маңызды шарты — бұл әлемдік бәсекелестік үдерісінде табысқа жетуге мүмкіндік беретін күшті рух пен білім», — деп пайымдайды. Ұлт көшбасшысы қазақстандық патриотизм сияқты ұлт табысының маңызды құрамдасына тоқталып кетеді. «Бұл өз Отаның мен жеріңе деген сүйіспеншілік, оның тарихы мен мәдениетіне деген зор құрмет, әркімнің өз күш-жігеріне деген сенімі мен барша қоғамның топтасуы. Бұл бүгін тұрғызылып жатқан өз еліңнің тарихына қатыстылықтың және оның болашағы үшін жауаптылықтың жоғары сезімі. Бұл әрбір қазақстандықтың табыстары үшін мақтаныш және қандай тұрғыда болғанына қарамастан өз салаңда табыстарға қол жеткізу ниеті. Және бұл табысты әркім Отанына бағыштап, әлемде оның даңқын асыруы, беделін көтеруі тиіс. Патриотизмді, әсіресе жастардың арасында, біздің балалардың бойында барша қоғамның ортақ күш-қуатымен қалыптастыру керек. Біздің әр азаматтың табысы және халықаралық тұрғыда мойындалуы — бұл баға жеткізгісіз капитал, барша қазақстандықтардың мақтанатын нәрсесі және байлығы екендігі сөзсіз. Осындай үлгілермен ұлттың рухын көтеру керек! Өз Отаныңның патриоты болу — бұл Қазақстанды өз жүрегіңде ұялату. Мен сіздерді осыған шақырамын» [3].

Қазақ тілі және тілдердің үштұғырлылығы мәселелері бойынша қазақ тілінің рухани негізділігі, жаңа буынның қазақ тілімен қатар, орыс және, ағылшын тілдерін-де белсенді меңгеру үшін жағдай жасау шараларының қабылданып жатқандығы баян болды. Бұл идеяны тұңғыш рет Елбасы Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында көтеріп, үш тіл білу жастар келешегіне қажеттілігі айқындалды. Ал 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Жолдауында Нұрсұлтан Әбішұлы «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын кезеңдеп іске асыруды ұсынды. Президент Ұлт болып шешуге тиісті принцип ретінде 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуді айтты. Бұл Мемлекет Басшысы атап көрсеткен Қазақ Мемлекеті атану негіздерінің бірі деп санаймыз.

Мәдениеті мен дәстүрі бір-бірімен біріккен және толықтырып отыратын қоғам мемлекет бірегейлігінің көрсеткіші. Қазіргі әлемде халықтық көркем шығармалар, ұлттық спорт түрлері, фольклор, ұлттық медицина мен педагогика, мерекелер мен салт-дәстүр сынды мәдениеттің дәстүрлі түрлеріне мән беріліп жатыр. Мұны ұғыну арқылы адамзат мәдениеттің рухани қайнар-көздеріне терең бойлайды. Біздің төл мәдениетіміз мыңдаған жылдар шеңберіндегі көшпенділер ортасында, Еуразия құрлығының орталығында дүниеге келді. Ұзақ кезеңдерден өткен, отырықшы тұрмыстың жаңа қағидаларын сіңіре отырып жоғары дамыған көп құрылымды мәдениетіміз өз тілі мен салт-дәстүрлерін сақтап, қазақ халқының құндылықтары ретінде дамуда. Сонымен бірге, халқымыздың генетикалық толеранттылығы қазақстандық мәдениеттің бастауы болып, мейірімді қазақ жерінде өмір сүріп жатқан жүз отыздан астам этностар ерекшеліктерімен санасады. Қазақ елінің тәуелсіздігі саясат, экономика, әлемдік қауымдастықтағы рөлінің өсуіне ықпал етуімен қатар, мәдениетіміздің дамуына жол ашты.

Осы Жолдауда Елбасы ұлттық интеллигенцияның рөліне ерекше тоқталды. Қазақстан халқының бағыт алып, бой түзеуге тиіс заманның жаңа қаһармандарын танымал ету қажеттілігі баян болды. Осы мәселе тұрғысында Жолдауда: «Біз мемлекеттілігіміздің рухани мәселелер экономикалық, материалдық мәселелерден ешбір кем бағаланбайтын даму кезеңіне келіп отырмыз. Рухани дамуда негізгі рөлге әрқашан интеллигенция ие», — делінген. Елбасының пікірінше, 2050 жылғы Қазақстан прогрессивті идеалдар қоғамы болуға тиіс және бұл жолда интеллигенцияның орны ерекше. Мемлекет Басшысы өз сөзінде: «Интеллигенция қалыптасқан мемлекет кезеңінде жаңа жалпыұлттық құндылықтар жасауда алдыңғы қатарлы күш болуы керек. Олар заманға сай және болашаққа құлшынысты болуға тиіс. Біз жастарымыз бағыт алып, бой түзеуге тиіс өз заманымыздың жаңа қаһармандарын көрсету және жасауымыз керек. Интеллигенция менің пайымдауымдағы Қазақстан-2050 Жаңа саяси бағыты негізінде ел болашағының ментальді, дүниетанымдық үлгісін жобалауда негізгі рөлді қолға ала алады және алуға тиіс» [2], — деп сенім білдіреді.

Бүгінгі Қазақстан 40-тан астам конфессия өкілдерінің 3000-нан жоғары діни бірлестіктері және 2500-ден көп діни ғимараттары бар поликонфессионалды мемлекет. Тәуелсіз Қазақстанда соңғы жылдары дәстүрлі емес және жалған діни, ағымдар мәселесі өткір тұрғандығын Президент Н.Ә. Назарбаев атап көрсетті.

Сонымен қатар, Ұлт көшбасшысы: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін — ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал» [2], — деді. Мемлекет Басшысының пікірінше, Қазақстандағы экстремизм мен терроризмде идеялық емес, қылмыстық негіз бар екендігі сөз болды. Сонымен қатар, Ұлт көшбасшысы экстремизм мен терроризм төңірегінде: «Мемлекет пен азаматтар радикализмнің, экстремизмнің және терроризмнің барлық түрлері мен бой көрсетулеріне қарсы біртұтас шеп құруға тиіс. Діни экстремизм қаупі ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. Дінбасылар да ортақ алаңдаушылық білдіруде. Біз Жаратушыға деген кіршіксіз сенімнің агрессиялы және қырып-жойғыш фанатизммен алмасуына жол бермеуіміз керек» [2], — деп мәлімдеді.

Жалпы патриотты тәрбиелеу отбасы, ұжым, мектеп, қоғамдық ұйымдар секілді әлеуметтік ортаның нысандарының объективті факторларының ықпалы мен индивидтің рухани-тәжірибелік қызметінің субъективті шарттарында орын алатын әлеуметтік процесс. Патриотизмге тәрбиелеу жұмысы мемлекеттілікті бекітудің және еліміздің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ететін негізгі шарттардың бірі. Бұл шара жүйелі түрде жүріп, саяси әлеуметтендірудің институттары арқылы өз бағыттарын айқындауға тиіс деп ойлаймыз. Патриоттық рухта тәрбиелеу сөзбен немесе кез келген шарамен қалыптаспайтындығын ұғына отырып, патриотизм адамдардың айналада болып жатқан жағдайларға қарап отансүйгіштік орын алатындығын түсінген абзал. Егер олар дұрыс, жақсы өмір көрсе, егер еңбегі мен зейініне құрмет көрсетілгенін сезінсе, әлеуметтік жүйе әділетті жүрсе жағымды пікір қалыптасады. Аталмыш қажеттіліктерді адамзат сезінбесе, қаншалықты әдемі сөздер мен шаралар өткізілгенімен оның көзбояушылық қасиетін халық сезінеді. Сондықтан Елбасы Жолдауындағы басымдықтар еліміз үшін бейбітшілік, тұрақтылық пен гүлденудің «алтын ғасыры» болатын кезеңдегі көздеген мақсаттарға міндетті түрде жеткізетіндігіне және ұлттың 2050 жылға дейінгі даму идеологиясы болып қала беретініне Қазақстан халқы толықтай сенімді.

Әдебиеттер
1. Костяев А. И. Патриотизм и его воспитание в условиях транмформации социокультурной реальности: методологический и методический аспект // Патриотическое воспитание в учебных заведениях, отрасли культуры. — Сб. статьей. — М., МГУКИ, 2004. — С. 3–16.
2. «Қазақстан-2050» стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. Қазақстан Республикасының Президенті — Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы // Егемен Қазақстан. — 2012. — 15 желтоқсан.
3. Назарбаев Н.Ә. Әрқашан бірге, әрдайым алда болайық // Егемен Қазақстан. — 2006. — 25 қазан

Мұрат Насимов

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз