«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».
Н. А. Назарбаев
Басты бет » Қазақстан тарихы » Тәуелсіз Қазақстан » Тәуелсіздікке қол жеткізу » Қазақ халқының рухани мұрасын игерудегі ұлттық философияның рөлі

Қазақ халқының рухани мұрасын игерудегі ұлттық философияның рөлі

Қазақ халқының бүгінгі мәдениеті мен дүниетанымын тереңі-нен әрі жан-жақты түсіну үшін оның қайнарларын халқымыздың архетиптік санасындағы іздерінен іздеу яғни түріктер мен арғы-қазақ мифологиясынан бастап, ілкі түркілер мен ежелгі қазақ-тардың дәстүрлі мәдениетінен табу керек. Қазақ халқының дүние-танымы мен дәстүрлі мәдениетінің рухани тамырлары мен бастау көздері ежелгі сақ, ғұн және ортағасырлық түркі мәдениетінде екенін отандық зерттеушілер бүгінгі күні дәлелдеп, түйіндей тү-суде. Әсіресе, ортағасырда барлық түркі халықтарының бірігіп, бір суперэтносқа ұйысқан кезеңнің орны бөлек. Елбасы Н. Назар-баев ғасырлар тоғысының Түркі қағанатының 1450 жыл толуы қар-саңында жазылған «Тарих толқынында» еңбегінде былай деп жазды: «Біздің бәріміздің де мақтаныш етуімізге тұрарлық мол мұрамыз бар. Өйткені ата-бабаларымыз адамзат тарихында өш-пес із қалдырып кеткен, Еуразия құрылығындағы халықтардың тағдырына орасан зор күшті әсер еткен» [1, 94 б.].

Өткен тарихымызға құрметпен қарап, оны танып-білуге деген құштарлық, рухани мұраларымыздың негіздерін айқындауға деген, ұрпақтар арасындағы мәдени-тарихи сабақтастықты жаңғыртуға деген ұмтылыс еліміздің тәуелсіздік алуы барысында мүмкін бо¬лып отыр. Ол қазіргі тарихи кезеңдегі қоғамның қажеттілігінен ту¬ындап, өркениетті мемлекет құру міндетімен байланыстырылады. Отаршылдық тұсында сөнуге сәл қалған рухани мұраның ұшқынын қайта тұтату үшін Елбасының бастамасымен көтеріліп, жүзеге асқан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының тигізген әсері зор болды. «Қазақтың ежелгі даласындағы түркі тілді мәдениеттің терең астарлы тарихына үңілетін болсақ, онда әлемдік мәдениетке өзіндік үлесін қосатын талай мәдени мұраның қорына тап бола¬мыз. Тек осы рухани байлықты төкпей-шашпай, келесі ұрпаққа барлық қадірін түсірмей жеткізе білу қазіргі заманның зерделі қоғамының тарихи міндеті екенін атап өте аламыз. Мемлекетіміздің осы руханилыққа толы игілікті істі қолға алып, ғалымдардың, зерттеушілердің көмегімен үлкен бағдарламаны жүзеге асыра¬мыз деген талабы күрделі мәселе және ол болашақты ойлаудан туындаған қадамдардың қатарына жатады», — деп жазады про¬фессор С. Нұрмұратов [2, 5 б.].

Адамдардың әлеуметтік немесе ұлттық бірлестіктерге ұйы-суының негізін ортақ дүниетаным, ортақ сенім құрайтыны анық. Кез-келген елдің немесе халықтың оның өркениеттік дамуы сырт¬тан енгізілген ықпалдардың әсерімен емес, ұлт болмысының терең рухани қыртыстарын қамтитын дүниетанымдық тұрғыда шешіледі. Сондықтан ұлттың өткен тарихы мен дәстүрлі рухани-дүниетанымдық тұғырларын қалпына келтіруде философия ма-ңызды орын алады. Қазақ халқы философияға бейім халық және ол өзінің рухани бастауларын түркілік дәстүрлерден алады.

Академик Ә. Нысанбаевтың қонымды пікірі бойынша, ең ал¬дымен «түркі философиясы» деген ұғымның мәнін ашып алу керек. Жекелеген ғылым салалары табиғат пен қоғамның нақты қырларын зерттеумен айналысса, ал философияның пәндік аймағы адам мен әлемнің арақатынасын қамтиды. Осыған сәйкес ғылым ұлттықтың ауқымынан тыс жатса, ал философия өзінің бастауын мифологиядан, діннен алатындықтан әлемге деген қа-тынастың этникалық сипатымен, мәдени ерекшелігімен тығыз байланыста болады. Философияны Гегель ұлттық мәдениеттің «тірі жаны, квинтэссенциясы» деп анықтағаны белгілі. Демек, әлемде қанша ұлттық жетілген мәдениеттер бар болса, сонша ұлттық философиялық жүйелердің болатындығы белгілі. «Әлем-дік философия», «үнді философиясы», «қытай философиясы», «грек философиясы», «ислам философиясы», «неміс фило¬софиясы», «орыс философиясы» деген сөз тіркестері филосо¬фия тарихында орныққан болса, ал «қазақ философиясы» түгілі, «түркі философиясы» терминін айтудың өзі баршаға белгілі идеологиялық қысымның әсерінен мүмкін болмай келді. Ал қазір-гі саяси тәуелсіздік пен рухани дербестік, мәдени плюрализм мен толеранттылық жағдайында қазақ философиясына, оның алдың-ғы сатысы түркі философиясының типологиясын жасауға, оның архетиптері мен хронотоптарын анықтауға мүмкіндік туды.

Профессор Тұрсын Ғабитов қазақ мәдениеті аясындағы түркілік философияның мынадай типтерін ұсынады: «1. Еуразиялық көш-пенділердің исламға дейінгі философиясы; 2. Орталық Азияның ислам ренессансы тұсындағы философиясы; 3. Қазақ хандығы дәуірінің философиясы; 4. Зар заман және, Ағартушылық дәуірін-дегі қазақ философиясы; 5. Азаттық қозғалысының қазақ филосо¬фиясы; 6. Қазақтың маркстік философиясы; 6. Қазақстан Респуб-ликасының философиясы. Анахарсистен бүгінгі күнге дейін — бұл түркі философиясы болмысының уақыты» [3, 132 б.].

Бұл типологиядан біз ортағасырлық түркілік философияны бөліп алып, хронологиялық шеңбермен шектелеміз, яғни VI ға-сырда түркілердің әлемдік тарихтың сахнасына шыққан кезеңнен бастап, XVI ғасырда түркі тілдес халықтың қазақ, өзбек, ноғай, татар, башқұр, қарақалпақ және т.б. бөлінгеніне дейінгі кезең. Жалпы кез келген кестенің шартты екендігін айтып өту керек. Ортағасырлардан бұрыңғы да, одан кейінгі-де түркілік философия¬да ортақ құндылықтардың, рухани сабақтастықтың болғанын ешкім-де теріске шығара алмайды. Дегенмен қалыптасу мен дамудың белгілі бір сатылардан өтетіні анық. Аталған мыңжылдық уақыт аралығы Орхон-Енесей ескерткіштерінен белгілі түркілік дәстүрлі дүниетанымды, түркі халықтарының ортақ абызына айналған Қорқыт Ата дүниетанымын, «Оғызнаме» мен «Кодекс куманикус» ескерткіштерін, ислам ренессансы тұсындағы түркі философия¬сы мен әдебиетін, әл-Фараби философиясын, Махмұт Қашқари мен Жүсіп Баласағұн мұрасын, түркілік ислам философиясы мен теологиясын, оның ішінде Халлаж Мансұр мен Әбу Мансұр әл-Матуриди, Ахмед Йүгінеки мен Қожа Ахмед Иасауи, Сүлеймен Бақырғани мен Хұсамеддин Сығнақи шығармаларын, Насреддин Рабғұзи мен Хорезмидің, Хұсам Кәтиб пен Сәйф Сараидің, Құтып-тың еңбектеріндегі даналық тағылымдарын қамтиды.
Бұл ойшылдар мен олардың ілімдерінің бағыт-бағдары әр-түрлі болғанымен, оларды түбі бір түркілік дүниетанымның түбірі біріктіріп тұр. Енді осы түркілік философияның қандай ерек-шеліктері болды деген мәселеге келсек. Академик Ә. Нысанбаев пен профессор Н. Аюпов жалпы түркі мәдениетінің, оның ішінде түркі фәлсәфасының мынадай белгілерін атап өтеді:

— Батыс пен Шығыс мәдениеттерін жалғастырып саудамен қатар, рухани құндылықтарды өзара алмасуды жүзеге асырып тұрған Ұлы Жібек жолының бойына орналасқан орталық азиялық мәдени ареалдың ашықтығы және әмбебаптылығы;

— табиғат философиясымен, өмір философиясымен, дүниета-нымның әлеуметтік-этикалық сипатымен, экзистенциалдық сипа¬тымен ерекшеленетін, батыстық мәдениеттегі линиялық бағытпен салыстырғанда, уақыттың циклдік (айналмалы) сипатымен ерек-шеленетін түркі фәлсәфасының дәстүршілдігі;

— дүниетанымдық идеялар мен философиялық ойлардың сан ғасырлар бойы «қорытпа қазаны» болып келген түркі мәдениетінің қалыптасуы мен дамуының жағымды бір қыры ретіндегі синкретизм;

— ұлттық ерекшелік пен архетипикадан басқа шектеулік пен жабықтыққа төзбейтін, ұжымдық-халықтық санаға терең бойлай¬тын түркі фәлсафасының халықшылдығы; батыстық дәстүрде философтар мен данышпандар қуғындалса, түркі мәдениетінде халық даналығын бойына жинап қорыта білген ойшылдар үлкен құрметке ие болды:
— түркітілдес халықтардың философиялық ойындағы діни син¬кретизм және дүниетанымдық бағдардағы діндарлықтың басым-дылығы. Түркілерде тәңірішілдік алдыңғы орында тұрғанымен, олардың мәдени тарихынан зороастризмнің де, буддизмнің де, манихейліктің де іздерін, аңғаруға болады. Қатаң монотеистік ислам дінінің өзі бұл аймақта таза ортодоксалды күйінде тара¬ла қоймады. Түркі халықтарының діни дүниетанымының дәстүр-шілдігі, оның жоғары синкреттілігі исламның түркілік реңге боя¬луына ықпал етті;

— түркітілдес халықтарда философия Батыстағыдай универ-ситеттік типте емес, эпикалық дастандарда, көркем прозада, даналық және өсиет кітаптарында, поэзия мен фольклорда бой көрсетеді;

— Түркілердің өмірқамындағы табиғатпен үндестік олардың дүниетанымында натурфилософиялық мәселелерді алдыңғы орынға шығарады [4, 5 — 72 бб.].
Түркілік фәлсәфаның мұндай ерекшелік белгілерін көптеген зерттеушілер мойындайды. Түркілік философияның негізгі дүние-танымдық әмбебаптары халықтың имманентті рухани тәжірибесі мен осы мәдениеттің сұхбаттық өрісі (түркі-қытай, түркі-соғды, түркі-араб, түркі-славян синтездері) арқылы анықталады. Онда болмыс, адам, уақыт, кеңістік, еркіндік пен қажеттілік және т.б. іргелі философиялық категориялармен қатар, «бақыт», «құт», «қанағат», «несібе», «ынсап», «обал», «сауап», «кие», «кесір», «ел», «әлеумет» және т.б. өзіндік дүниетанымдық және филосо-фиялық әмбебаптар молынан кездеседі. Бұлардың арасындағы «көңіл», «хәл», «ғашықтық», «шаттық», «ғапылдық», «уайым», «қайғы» және т.б. экзистенциалдық жағдайға барынша жақын ке-леді. Түркілік төл ұғымдар исламнан енген түсініктермен сіңісіп, өзге тілдерге аударылмайтындай мәнді мағыналарға айналған.

Түркілердің дәстүрлі дүниетанымының да, әлемге деген философиялық қатынасының да экзистенциалдық сипатта болғанын баса айту керек. Кейінірек бұл этикалық сарын мен экзистенциялық көңіл-күй өзінің мазмұнын жоғалтпай қазақ халқының жыраулар поэзиясында, Абай мен Шәкәрімнің ілімдерінде жалғасын тапты. Бүгінгі қазақ философиясының көрнекті өкілдері Ә. Нысанбаев пен Ғ. Есім тәуелсіздіктің таңы атқан тұста-ақ осыған дейін кеңес дә-уірінде кемсітіліп келген «қазақ философиясы» туралы алғаш рет сөз қозғап, оның рухы жағынан өмір сүру философиясына, яғни эк¬зистенциализмге жақын екендігін айтқан болатын [5]. Арғысы түркі, бергісі қазақ халқының дәстүрлі қоғамында әлеуметтік қатынастар «адам күні адаммен» деген ұстынға негізделеді. Бұл ұстынға сәйкес адам тек адамдардың арасында ғана еркін өмір сүре алады. Қауымның көшіне ере алмаған әлеуметтік қауымдарды дәстүрлі қоғамда «сарт», «жатақ" деп кемсітті, қоғамнан бойын аулақ ұстаған адамдарды «кісікиік» деп атады, бұл түсінік әлеуметтік ортада қадірленетін «кісілік» ұғымына қарама-қарсы қолданылды. Бұл бір қарағанда, әлеуметтік белсенділікті қостағандықтан тұйықталуды, оңашалануды дәріптейтін экзистенциализмге жат болып та көрінеді. Осыған орай Гүлжиhан Нұрышева былай дейді: «Экзистенциалды сипаттағы қазақ философиясы адамды өмір сүру туралы, өзінің өмірдегі орны туралы терең ойға, өмірлік мақсатқа негізделген белсенді іс-әрекетке, өзін-өзі рухани жетілдіруге жетелейді, мәнді өмірге жету, өз тағдырын анықтау адамның өз қолында деп тү-сіндіреді. Осы тұрғыдан алғанда қазақ философиясы жалпы экзи¬стенциализм секілді пессимистік емес, адамға пайдалы позитивтік сипатта, экзистенциализмнің үшінші түрі — позитивтік экзистенциа¬лизммен үндес деген ой түйдік» [6, 59–60 бб.].

Адамның бұл өмірдегі бір міндеті үнемі іштей өсу болса, біздің әдеттегі өміріміз — күйбең тіршіліктен ойлау мен өмірдің жаңа тәсілдеріне көшудің қажеттілігі байқалады. Сондықтан да экзи¬стенциализм ілімінен алатын тағылым — сананың тар әлеуметтік және прагматикалық бағдарынан арылу. Экзистенциалды фило¬софия кездейсоқтық па әлде заңдылық па, адамның күйзелісті жағдайында пайда болатын ізденіс сарыны ма немесе адамның бойында орналасқан құдіретті, ақиқатының сыртқа шығу құбылысы ма?! Қалай десек те, әйтеуір, бұл дүние шынайы болмыстағы құндылықтардың құлдырауына қарсылық білдіру түрінде жүректен шығатын ізденіс жолына ұқсайды.

Батыстың өмір сүру философиясының көрнекті өкілдерінің іріктелген шығармалары «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдар-ламасы аясында ҚР БҒМ ҒК Философия және саясаттану инсти¬тутында даярланған 20 томдық «Әлемдік философиялық мұра» кітаптар сериясының 11-томында қазақ тілінде жарық көрді. Осы томды құрастырушылардың пікірінше, «өмір сүру философиясы өзінің Еуропада зерттелген түрінде бұрыңғы және қазіргі заманғы көптеген қазақ ойшылдарының философиялық толғаныстары мен ұстанымдарына біршама жақын. Себебі, қазақ данышпаны үшін басты маңызға рационалистік тұжырымдар емес, адамның тірі жанына, тірі өмірге, еркіндік пен жауапкершілікке назар ауда¬ру ие. Батыс зерттеушілері мен Қазақ даласының осы үндестігін оқырман қазақ жастары байқайтын болады және қазақ зиялыла¬ры жағымды қабылдайды» [7,5 б.].

Дүниетаным, ақиқатты рухани-практикалық игерудің танымдық жүйесі болса, дүниетанымның соңғы және жоғарғы формасы философия деп есептеледі. Оның ішіндегі бір ұлтқа ұйысқан адамдардың білім мен сенім жиынтығы, рухани-адамгершілік және моральдық мұраттары, әлеуметтік-саяси бағдарлары мен қоршаған ортаға деген психологиялық және эстетикалық көз-қарастары дүниетаным түсінігінен қуат алады. Олай болса, Қа-зақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың бастама-сымен елімізде бірнеше жыл бойы жүзеге асып жатқан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының ауқымында ұлттық рухани құндылықтар мен мұрамызды игеруде философия өте үлкен рөл атқармақ.

Әдебиеттер
1 Назарбаев Н. Тарих толқынында. — Алматы: Атамұра, 1999. — 296 б.
2 Нұрмұратов С. Кіріспе // «Ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі қазақ халқының философиялық мұрасы». Жиырма томдық. 5-том. «Орта ғасырдағы түркі ойшылдары». Астана: «Аударма», 2006. — 516 б.
3 Габитов Т. Соображения о тюркской философии // Тюркская фило-софия: десять вопросов и ответов. Алматы: КИЦ ИФиП МОН РК, 2006. — С. 131 — 140.
4 Нысанбаев А., Аюпов Н. О тюркской фальсафе. Тюркское миро-воззрение и ислам. // Тюркская философия: десять вопросов и ответов. Алматы: КИЦ ИФиП МОН РК, 2006. — С. 5 — 76.
5 Нысанбаев Ә., Есім Ғ. Халықтық дүниетаным // Егемен Қазақстан. 1991. 14 тамыз.
6 Нұрышева Г.Ж. Қазақ халқының өмірмәндік түсініктері және позитивтік экзистенциализм: салыстырмалы талдау // Қазақстан Республикасы: тәуелсіз дамудың 10 жылдығы: Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары / Бас ред. Б. Сейсенов. — Алматы: ФжСИ КБО, 2001 — 2 т. — 58–63 бб.
7 Колчигин С., Әлжан Қ. Алғысөз // «Әлемдік философиялық мұра». Жиырма томдық. 11-том. Өмір сүру философиясы. — Алматы: Жазушы, 2006. — 512 б.

М. Бижанова

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз