«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».
Н. А. Назарбаев
Басты бет » Қазақстан тарихы » Тәуелсіз Қазақстан » Институалды реформалар. Экономикалық даму » Қазақстандағы еңбек құқығы

Қазақстандағы еңбек құқығы

Cоңғы жылдары бюджет қаражатының 40 пайыздайы мұнайды сатудан түскен. Қазір ұлттық және трантсұлттық алып корпорациялар елге үлкен инвестициялар құйып, тиісінше көп көлемде жұмыс күшін тартуда. Аталмыш жұмысшылардың көбісі қауіпті және қиын жағдайда еңбек етуге мәжбүр. Ал олардың құқықтары көп жағдайда еленбей-де қалып жатады. Соңғы жылдары ел президенті Н.Ә.Назарбаев халықаралық аренадағы Қазақстан имиджін жақсартуға күш жұмсап келді, мұның мысалы ретінде 2010 жылғы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету, 2011 жылғы ИКҰ жиналысы және 2017 жылы болатын EXPO-ны алуға болады.

Бірақ бұл атқарылған іс-шаралардың барлығы да 2011 жылғы Жаңаөзен көтерілістерінен кейін ел беделін су сепкендей басты. Қазір Қазақстанның мұнай саласында ондаған шетел компаниялары жұмыс істейді. Бірақ сол салада жалданып жатқан ел азаматтарын тек қиын әрі жалақысы аз жұмыстарға қабылдайды. Сылтау олардың біліктілігінің жеткіліксіздігінде. Дегенімен мұнда жоғары шенді қандастарымыздың да, ағаттығы бар. Неге десеңіз, қандай да болмасын инвестиция құйып отырған тарап сол елдің заңдарына бағынады, ал Қазақстан осындай талаптар қоюға құлықсыз. Салыстырмалы түрде кез-келген мұнай өндіріп отырған араб елдерін алайық. Мысалы Кувейтте жұмыс істеуге келген иммигранттар (елдегі жұмыс күшінің 80% құрайды) тек бағынышты ретінде ғана жұмысқа алынады, ал Кувейт азаматтары жоғары шендерге тағайындалады, яғни мемлекет өз азаматтарына артықшылық беріп отыр. Ал Қазақстанда керісінше шеттен келген эксперттердің дәрежесі жоғарырақ. Бәлкім соның салдарынан болар, 2011 жылы Елдің батыс өңірінде ашынған халық жаппай қарсылық шараларын ұйымдастырған еді. Бұл жұмыс дауы болатын. 7 ай бойы ереуілге шыққандардың шешілмеген дауы қайғылы оқиғалармен аяқталғаны да есімізде. Аталмыш оқиғада тек адам құқықтары бұзылып қана қойған жоқ, сонымен қатар қаншама мейрамға жиналған халық қайтыс болды. Ресми деректер бойынша Жаңаөзен оқиғасында 16 адам қайтыс болған, жарақаттанғандар саны одан да көп. 

Қырғын кезінде Жаңаөзен алаңында болғандардың айтуынша және-де олардың түсірген бейнебаяндарына сүйенсек, сол бір қайғылы күндегі тәртіпсіздіктерді арнайы адамдар тапсырыспен жасаған. Оларға тіпті полиция да оқ атпаған. Бірақ ол пікір дәлелденген жоқ. Бұл орайда мәселені бірнеше бағытта қарастыруға болады. Біріншіден, Қазақстанның еңбек кодексі және басқа да қабылданған халықаралық құжаттар. Қазақстан Халықаралық еңбек ұйымының мүшесі болғандықтан еңбек етушілердің құқықтарын қорғай алатын, кәсіподақтар құру, ұжымдық келіссөздер мен көтерілістер ұйымдастыру құқығын беретін заңдар қоры бар. Бұл заңдар тағы да кәсіподақ мүшелерінің дискриминациялауға тиым салады. Бірақ Қазақстанның еңбек заңнамасы көптеген параметрлер бойынша халықаралық стандарттарға жауап бермейді, сол себепті-де жұмысшылар құқығын қорғауды қамтамассыз ете алмайды және аталмыш құқықтар іс жүзінде жүзеге аспай отыр. Бұл арада ҚР басты еңбек заңы мен үкімет ратификациялаған халықаралық құжаттар арасында қарама-қайшы тұстардың бар екенін-де ескере кету керек. Сонымен қатар елде халықаралық кәсіподақтардың қызметіне тиым салынған, тіпті шетел заңды тұлғаларының, халықаралық ұйымдар мен кәсіподақтардың немесе жеке тұлғаның жергілікті кәсіподақтарды қаржыландыруына да құқығы жоқ. Енді кезекті ереуілдерге берейік. ҚР ЕК сәйкес ұжымдық дауды жұмыс берушімен келіссөздер арқылы шешу мүмкін болмаған жағдайда жұмысшылар ереуіл ұйымдастыруына құқығы бар және оның өткізілетін кезі туралы жұмыс беруші 5 жұмыс күнінен кем емес уақытта хабардар болуы керек. Ал сол заңның 303 бабы 1 тармағында «қауіпті өндірістік объектілерде» қарсылық шараларын өткізуге тиым салынған, оның ішіне тұтанғыш, жарылғыш, жанғыш, тотықтандырғыш немесе уландырғыш заттар өңделетін, сақталатын, тасымалданатын, өндірілетін кез-келген обектілерді жатқызуға болады. Яғни өндірістік салада еңбек ететін жұмысшылардың құқығын шекетеп, сол компанияларға заңмен мақұлданған артықшылықтар берілген. Бұл мұнай саласына да қатысты. Іс жүзінде ереуілге қатысушылардың іс-әрекетін заңсыз деп есептеп, ҚР әкімшілік және қылмыстық кодекстеріне сәйкес айыппұл салу немесе бас бостандығынан айыру немесе жұмыс орнынан айыру шараларын да қолдануы мүмкін. Ал бұл ҚР үкіметі ратификациялаған ХЕҰ-ң № 98 Конвенциясына қарма-қайшы келеді. Оның үстіне үнемі енгізілетін өзгертулер мен толықтыруларды қосыңыз. Сонымен, жоғарыда ескерілген жайттардың барлығын ескерсек, мәселенің түп негізі Қазақстанда еңбек етушілердің құқығын қорғайтын және халықаралық стандарттарға толықтай жауап беретін заңның жоқтығына келіп тіреледі. Екіншіден, еңбек етушілер мен жұмыс берушілердің өз құқықтары мен міндеттерін білмеуі. Және үшіншіден мемлекеттегі кәсіподақтардың жұмысының нәтижесіздігі. Жаңаөзен оқиғасында көп жайттар ашылмай қалды. Тек бір нәрсе анық. Жеті айға созылған еңбекшілер дауы дер кезінде шешілгенде, қайғылы оқиғаның алдын алу мүмкін еді. Міне осындай мәселелер шеңберінде жұмыс істеу керек деп есептейміз. Еңбек етушілер құқығы турасында сөз еткенде көрші елдерден келетін мигранттар мәселесін-де қозғай өткенді жөн көріп отырмыз.

Өтебалиева Перизат, Әлеуметтік ғылымдар магистрі

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз