«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».
Н. А. Назарбаев
Басты бет » Білім беру, ғылым, мәдениет ұйымдары » Мұражайлар » Мұражай жәдігерлеріндегі қазақ жазба мұрасының шежіресі

Мұражай жәдігерлеріндегі қазақ жазба мұрасының шежіресі

Тарихи-мәдени мұраны сақтау — стратегиялық маңызы бар мемлекеттік мәселе. Ұлттық дәстүр, әдеби және мәдени құндылықтар, тарихи тәжірибе — ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын асыл қазына. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың өзі қолдау көрсетіп бастамашы болған «Мәдени мұра» бағдарламасы қазіргі кезде көпшілік қауымның қолдауына ие болып отыр. Елбасы жалпы ұлтық деңгейде бағдарлама жасау туралы осыдан он жыл бұрын, 2003 жылдың сәуірінде өзінің Қазақстан халқына Жолдауында бастама ретінде көтеріп, Үкіметке нақты тапсырмалар берген
болатын.

«Мәдени Мұра» мемлекеттік бағдарламасы ұлттың рухани-
ағартушылық және мәдени-интеллектуалдық деңгейін көтеруге, өскелең
ұрпақты туған халқымыздың салт-дәстүрлерімен, жалпы адамзаттық
кұндылықтар мен идеялар рухында тәрбиелеуге бағытталған. Олай
дейтініміз, қоғамның рухани тірегі санатындағы тарихи-мәдени мұралардың
халықтың өз болмысын жоғалтып алмауы мен қазақстандық патриотизмді
қалыптастырудағы рөлі аса зор. Аталмыш жұмыстың маңыздылығы да
осында.

Бағдарлама тарихи-мәдени дәстүрді жаңарту мен дамытуға, соның ішінде мәдени мұраларды зерттеу, қорғау, пайдалану мен насихаттауға байланысты мемлекеттің негізгі ұстанымдары мен бағыттарын белгілейді. Сондай-ақ, бағдарлама тарих, этнография, фольклор, ежелгі жазба мұралар жөніндегі еңбектерді, ғылыми-зерттеу және тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру, сақтау және топтастыру, сол арқылы көпғасырлық ұлттық мәдениетімізді тиянақтау шараларын көздейді [1, 16–17 б.].

Кітап және кітап мәдениеті — бұл қоғамдағы рухани өмір көрінісі. Қазақ кітабы — қазақ тілі сақталуының кепілдігі, оның халықтың білім алуына, тіл мен әдебиетінің, республиканың қоғамдық және ғылыми өмірінің дамуына қосар үлесі зор.

1991 жылы желтоқсан айының 16 жұлдызында республиканың мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланып, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы — Қазақстан Республикасы деп аталды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін көкейкесті реформаларды жүзеге асыруға, демократиялық қоғамды, айқын әкономиканы кұруға кірісті. Еліміз егемендікке қол жеткізгеннен соң ұлттық кітап ісінің дамуында жаңа кезең басталды. Қазақ кітабы жаңа Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосты.

Қазақ кітабының шығуы мен дамуы, көне қолжазбаларды және сирек кездесетін басылымдарды зерттеу, олардың қазақ тарихына қатысы мен байланысын анықтау, республикамыздағы қолжазба қорын тексеріп бағалау жолындағы машақаты көп, сонымен қатар қызықты да жұмыстарды Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы, Кітап мұражайы, Кітап палатасы және т.б. мекемелер атқарады.

Жоғарыда атап көрсетілген мәселелерді шешуге өз үлесін «Ғылым ордасы» атты республикалық мемлекеттік кәсіпорнының (РМК) Сирек кездесетін кітаптар мұражайы да қосуда. Бұл мекемені 2010 жылы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті ашқан еді.

Сирек кітаптар мұражайы — ақпараттық қызметтер саласының жаңа
түрі.

Мұражайдың мақсаты — Қазақстанда және шетелдерде сақталған ел тарихына, мәдениеті мен ғылымына қатысты көне қолжазбалар мен сирек кездесетін басылымдарды бір орталыққа жинақтау, сақтау, зерттеу және дәріптеу, әртүрлі мәдени-тарихи жағдайдағы олардың әлеуметтік рөлін, көне ғасырдан бері қалыптасқан отандық жазба мәдениетін жан-жақты көрсету. Мұражай қоры Орталық ғылыми кітапхананың көне қолжазбалары мен сирек кітаптар қоры негізінде жасақталды. Сонымен қатар, қорды толықтырудың басқа да жолдары қарастырылған. Атап айтқанда, букинистік дүкендер, мұражай құндылығын қызықтап келушілер мен мұрагерлік жолмен иемденген азаматтардан сұрастыру арқылы жинақтау.

Мұражайдың «Ғасырлар қойнауындағы жазба мұралары» атты тұрақты көрмесі төрт бөлімнен түрады. Бірінші бөлім ықылым заманнан бастау алған жазба мәдениетінің куәгері болып табылатын байырғы, көне жазу ескерткіштеріне арналып отыр.

Мұнда республика аумағынан табылған жазба мәдени ескерткіштері және сонау Тас дәуірінен бастап, кейінгі орта ғасырларға дейін жалғасын тапқан жазу үлгілері туралы құнды мағлұмат алуға болады.

Мұражайға келген қонақтардың көзіне бірден ілінетін жәдігер, Ақбауыр үңгірінен (Шығыс Қазақстан) табылған, қола дәуірінде қынамен салынған таңбалар деуге болады. Осы паннодан қонақтар таудың күнгейлі жартас беттеріне салынған таңбалар мен символикалық белгілерді, петроглифтерді-де, аңғарады. Бұлар қола дәуірінде салынған таңбалар.

Қазақстан картасына зер салсаңыздар, картада елімізде табылған көне жазба ескерткіштерінің орындары көрсетілген. Қабырға суреттерде «Авеста» кітабының жазу үлгісі әліпбилік нұсқасы мен қаңлы жазуының қыш тақтаға жазылған нүсқалары бейнеленген. Авестада Қазақстандағы жер-су атаулары жиі кездеседі және ол атаулар күні бүгінге дейін зерттеліп келеді.

Қазақстандағы жазба мәдениет ескерткіштерінің бірі — сармат таңбалары. Олардың бірқатар үлгілері қабырға суреттерде бейнеленген.

Жазба мәдениетіміздің хронологиялық жүйелік жалғасы ертедегі түркі
жазуы — Орхон-Енисей ескерткіштерімен өрбиді. Ертедегі түркілердің
жартасқа, тастың тегіс беттеріне, таудың күнгей жағында күннің қызуымен
патина, қарақошқыл дақ пайда болған тастарына, түрмыстық бүйымдарға
қашап, ойып, бәдізделген таңба жазулары Моңғолиядағы Орхон өзені,
Енисей, аңғары, Талас өзені бойында, IV–XVI ғасырлар аралығында мемлекеттік құрылымда өмір сүрген түркі тайпалары қоныстаған жерлерден табылған. Түркі жазба ескерткіштерінің ғылыми атаулары табылған жеріне байланысты аталған.

Картаның астындағы көрмеде Әулиеата қаласына жақын жерден, Талас өзені, аңғарынан В. Каллаур мен А. Гейкель 1898 жылы түркі жазуы бар бес тас тапқан, солардың бірінде: «Оның есімі Чор. Отыз оғланы өздерінен, олжа мен игіліктен қол үзді. Оның жары жесір қалды» — деген сына жазуы бар тастың көшірмесі қойылды. Тас бетіндегі жазу үлгілерін В. В. Радлов, П. Мелиоранский, А. Гейкель, С. Е. Малов, Ю. Немет сынды ғалым-түркологтар ескерткіштердің түркі тіліндегі мәтінін, емлелерін зерттеп, ғылыми еңбектерінде жариялады.

Соңғы жылдары жүргізіліп жатқан археологиялық зерттеулердің нәтижесінде байырғы түркі жазуының зерттелу көші ілгерілей түсті. Осы қатарда отандық ғалымдар А. Аманжолов, З. Самашев, О. Сапашев, Қ. Сартқожа, Н. Базылхан сынды ғалымдардың зор үлесін айтуға болады.

Кезінде түркі бітік жазуының оқылу кілтін тапқан В. Томсен Шығыс Түркістан Шыңжаң өлкесінен табылған аса сирек кездесетін қағаз бетіндегі мәтінді зерттеп, кітап ретінде бастырып шығарды. Одан бері, неолит дәуірі ескерткіші Төлеубұлақ ойықтары мен сарматтық үлгідегі таңбаларды тапқан тас дәуірі ескерткіштерін зерттеуші ғалым Ж.Қ. Таймағанбетовтың тапқан ескерткіштерін зерттеген З. Самашев сармат тайпаларының жазба ескерткіштерін және Шақпақата қорымынан табылған түркі жазуларын Н. Базылханмен, ал Шығыс Қазақстаннан табылған Манат жазу-таңбаларын О. Сапашевпен зерттесе, Қ. Сартқожа Моңғолия жерінен табылған жерасты жерлеу орнынан мойнында түркі таңбаларымен жазылған музыкалық қобыз аспабын тауып, ғылыми ортаға жария етті [2]. Түркі жазба ескерткіштерінің толық атласын жасаған М. Жолдасбеков пен Қ. Сартқожаның еңбектерін-де жемісті шығарма деуге болады.

Байырғы түркі тілі кейінірек жазба дэстүрі бойынша соғды және ұйғыр әліпбиімен жалғасып, ұзақ уақыт пайдаланылды. Орта ғасырларда түркі халықтарының ислам дінімен қатар, жазба мәдениетін-де бірге қабылдады. Осы тұстан бастап, жазба шығармалар, туындылар араб жазуымен жазылды. Жазба мәдениетіміздің үлгі-нұсқалары көрмеде байырғы жазу-таңбалардан бастап, ирандық авеста мәтіні, түркінің сына жазуы, соғды және көне ұйғыр, араб әліпбиінің тарихын қысқаша шолып таныстыру мақсатын көздейді.

Осы бөлімнен түркі бітігі бар шыптаның (қазық) фотосуретін, көшірмесін-де көруге болады. Шыпта, ағашы қазіргі күні Санкт-Петербургтегі (Ресей) Эрмитаж қорында сақтаулы. Шырша бұтағынан жасалған шыптаның төрт қырында да көне түркі бәдізін көруге болады.

Жекелеген сөрелерде байырғы түркі жазуларына жүргізілген зерттеу жүмыстарының нәтижелері — ғылыми еңбектер қойылған. Солардың ішінде С. Е. Маловтың «Көне түркі жазуының ескерткіштері», «Көне түркі жазуының Моңғолия мен Қырғызстанда табылған ескерткіштері», «Талас эпиграфиялық ескерткіштері», Ә.Х. Марғұланның «Ежелгі жыр, аңыздар» кітабы, М. Е. Массонның «Орта Азияда көне түркі жазбаларының ашылу тарихына», Ғ. Айдаровтың «Көне түркі жазуы Орхон ескерткіштерінің тілі», А. Аманжоловтың «Түркі руна графикасы», М.Жолдасбековтің «Асыл мұралар», Ғ. Айдаровтың, Ә. Құрышжанов, М. Томановтың «Көне түркі жазуы», А. Есенқұловтың «Көне түркі жазба ескерткіштеріндегі қосымша», «Көне түркі бітік тастары мен ескерткіштерінің жинағы (Орхон, Енисей, Талас)» атты ғылыми басылымдар қойылған.

«Қазақстан археологиясы», «Қазақстан петроглифі», «Қазақстанның ежелгі қалалары» кітап-альбомдары — акад. К. М. Байпақовтың басқаруымен шыққан кітаптар экспозицияның құнды материалдары [3].

«Қолжазба — ғасырлар мұрасы»

Елдің тарихи-мәдени, қоғамдық-саяси өмірінен мол мәлімет беретін қолжазбалар қашанда адамзат өркениетінің ортақ мұрасы саналған. Бұл көрменің мақсаты — елдің тарихи, мәдени, қоғамдық өмірінен мол мәлімет беретін қолжазба мұралармен таныстыру.

Қолжазбалардың, соның ішінде тарихи және әдеби шығармалардың құндылығы қашанда жоғары бағаланады. Бөлімде аса құнды һәм ғылым игілігіне қажетті шежірелік еңбектер мен қолжазбалар, қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты фольклорлық, этнографиялық материалдар қойылды.

Көрмеде күллі мұсылман қауымның діни жоралғысы мен дүниетанымын қалыптастырған Құран Кәрімнің әртүрлі жазу үлгісіндегі (насх, нәсталик) нұсқалары мен түркі жұртының рухани пірі саналған Қожа Ахмет Яссауи «Диуани хикметтерінің" қолжазбасының көшірмесі және Қазанда (1896 ж.) жарық көрген баспа нұсқасы ұсынылған. Соның қатарында Қожа Хафиз Ширази диуандары, әл-Хорезмидің «Махаббат-намасы», Наср ад-дин Рабғузидің «Қисас ал-анбиясы», Сопы Аллаярдың «Сабат ал-аджизині» (Әлсіздерге жігер) қойылды.

Әлемдік ғылым мен өркениет дамуына өзіндік үлесін қосқан дарынды ғұламалар аз болған жоқ. Қазақстан территориясында өмір сүрген орта ғасырлық сондай бірқатар ғұламалардың еңбегі көрмеде лайықты орнын алды. Солардың ішінде әл-Фараби, Ибн Сина сияқты аты мәшһүр ғалымдардың және Ахмед Иүгенекидің «Хибат ал-Хақаиқ" (Хақиқат сыйы), Махмұт Қашкаридың «Диуани луғат-түрк», Жүсіп Хас Хажіб Баласағұнның «Құтты білік» шығармалары көрме төрінде тұр.

«Ахбар Шыңғысхан уа, Ақсақ Темір», «Темір-наме», «Тауарих Мырза», «Тарих Сайқали», «Тарих-и Туркистан» (Түркістан тарихы) сынды Қазақстан тарихынан мол мәлімет беретін тарихи шығармалар да көрменің ажары.

Қолжазба жәдігерлері арасынан атақты шығыс шайырлары Әбілқасым Фирдоусидің «Шаһнамесін», Физулидің «Ләйлі — Мәжнүнін», адамдық ізгі қасиеттерді жырлаған Әлішер Науаидің диуандарын, Омар Хаям рубаяттарын көре аласыздар.

Бұл шығармалар әлемдік көркем әдеби ескерткіштер қатарында. «Шығыс Иллиадасы» аталған «Шаһнаме», «Ләйлі — Мәжнүн» ғашықтық дастандары қазақ арасында ауыз әдебиет үлгісінде-де, қолжазба түрінде-де тарады. Ораз Молда, Түрмағамбет Ізтілеуов, Шәкәрім Қүдайбердіұлы сынды, ақындарымыз бұл жырларды парсы тілінен қазақ тіліне аударып, оқиға желісін әдеби шеберлікпен суреттеп, қазақ үғымына түсінікті етіп жазып кеткен. Көрмеге аталған жырлар қолжазба және алғашқы баспа нұсқаларында қойылды.

«Отандық көне басылымдар»

Бұл көрмеде араб әрпімен басылып шыққан тарихи деректерге бай, халықтың саяси, мәдени өмірінен мол мағлұматтар беретін, құнды жәдігер саналатын алғашқы қазақ баспа кітаптары мен басылымдары ұсынылды.

Көрмеден тұңғыш баслымдарымен қатар баспа бетін көрмеген Шортанбай, Шал, Әсет, Мәди сынды қазақ ақындары мен жыраулары шығармаларының қолжазбаларын да көруге болады. Көрмеміздің ең құнды жәдігерлерінің бірі — Жаяу Мұса Байжанұлының өз қолымен жазылған күнделігі және Ә. Марғұланның Жаяу Мұса туралы естелігі көрерменге түпнұсқасында ұсынылды.

Алғашқы қазақ баспа кітаптары XIX ғасырдың басында Санкт-Петербург, Қазан, Уфа, Орынбор калаларында шыға бастады. Қазақ тілінде шыққан алғашқы баспа кітаптардың бірі саналатын «Сейфулмәлік» дастаны араб графикасымен 1807 жылы жарық көрді.

Баспа өнерінің XIX ғ. Қазан, Уфа, Орынбор, Омбы, Ташкент қалаларында, XX ғасырдың басында Верный, Кереку (Павлодар), Семей т.б. қалаларында қарқынды дамуы қазақ халық ауыз әдебиетінің бай мұрасы мен жекелеген, ақын-жазушылар, ғалымдар, ойшылдар шығармаларының хатқа түсуіне, жинақталуына оңтайлы құбылыс болды.

Қазан қаласы XIX ғасыр мен XX ғасырдың басында Ресейдің шығыс халықтары тілдеріндегі кітаптарды бастыру ісінің ірі орталығы болды. Қазақ ауыз әдебиетінің туындылары — қиссалар, эпостық, лирикалық жырлар, айтыстар, діни дастандар мен, аңыз-ертегілер Қазан қаласындағы Б. Домбровский, М. Чиркова, Ш. Хусаинов, И. Харитоновтардың және т.б. жеке баспаханаларында басылды.

Көрмеге Қазан қаласында басылып шыққан, ноғай жырлары: «Қырық уәзір хикаясы», «Ер Сайын» жыры және Нұртуған жырау нұсқасындағы «Орақ-Мамай» жырының қолжазбасы қойылды.

Халық арасында кең жырланған Сұлтан Кенесары мен Садық, Ерназар және Бекет батыр жырларының И. В. Аничков, С. Смирнов бастырған баспа кітаптары да көрмеміздің құнды жәдігерлері санатында.

Тарихын сонау тереңнен тарқататын халқымыздың бізге жеткен ең ерекше, құнды мұрасы — шежіре. Арабтың «шаджарат» — үрімбұтақ, тармақ деген сөзінен негіз алатын бұл мұра әлмисақтан бері халықпен бірге жасасып келе жатқан дәстүр. М. Қашқаридің «Диуани луғат-түрк», Әбілғазы
Бахадурханның «Шәжәрэ-иат-түрк», көне «Қудатғу білік» шығармаларында түркі тілдес халықтардың шежірелері қамтылған. Бұған қоса Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» және Қадырғали Қосымұлы Жалайыридің «Жылнамалар жинағы» сияқты ортағасырлық құнды мұраларында халқымыздың шежіреге деген құрметі мен ыждаһаттылығы анық көрініс береді. Сол сияқты қазақ қоғамы арасында кеңінен мәлім болған шежірелер қатарына «Қиян Домбауыл мерген шежіресі», «Алаш мыңы», «Үйсін Майқы бидің шежірелері», «Қыпшақ Кіреулі шежіресі», «Едіге би шежіресі» сияқты ортағасырлық жазба мәдениетінің мұраларын жатқызуға болады.

Көрмемізде Әбілғазының «Тарихи шежіре ат-түрк» шығармасын, С. Торайғыров жазған «Қазақ тайпасының ата-бабаларының турасында сөйленген рауаятлар баяны» шежірелік қолжазбасын, М.Ж. Көпеев жинаған шежірелерін және т.с.с. шежіре шығармаларды көруге болады.

Абай шығармалары
1909 ж. — бірінші жинағы (Санкт-Петербург);
1933 ж. — М. Әуезов дайындаған «Қазақ әдебиетінің классиктері» сериясында.
30–40 жж. — орыс тілінде «Таңдамалы өлеңдері», қазақ тілінде «Лирика және поэмалар» мен «Таңдамалы өлеңдер» шығармаларының екі томдығы.

Ш. Уәлиханов

1904 ж. — «Шығармалар жинағы»;
1947–1958 жж. — Ә. Марғұланның редакциясымен «Ш.Ш. Уәлихановтың мақалалары. Жазысқан хаттары».

Ы. Алтынсарин
Ы. Алтынсариннің 1935 ж. өлеңдер жинағы қазақ тілінде жарық көрді, 1948 ж. «Таңдамалы шығармалары»; «Кел балалар, оқылық" (1948); 1935 ж. қазақ тілінде көркем шығармаларының жинағы жарық көрді.

Мұражай экспозициясында „Қазақ хрестоматиясы“ мен „Қазақтарды орыс тіліне оқытудың бастапқы жетекшісі“, оның шығармаларының қазіргі заманғы басылымдары қойылған.

Ш. Құдайбердіұлы
— „Мұсылмандық шарты“ (1911, Орынбор)
— „Қазақ айнасы“ (Өлеңдер жинағы), „Қалқаман — Мамыр“, „Еңлік — Кебек“ дастандары (1912), „Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі“ (1912).

Шәкәрім „Айқап“ журналы мен „Қазақ" газетінде көтерілген мәселелер жөнінде ой-пікірін білдіріп, бірнеше мақалалар жазған. Мәселен, „Айқаптың" 1912 жылғы 3–4 сандарында „Білімділердің бес түрлі сөздің шешуін сұраймын“, „Біздің мұқтаждарымыз“, „Жазу мәселесі“, „Барша қырғыз бөлімдеріне ашық хат“, „Қазақ" газетінде жарияланды.

„Хафизден аудармасы“, Физулидің „Ләйлі — Мәжнүн“ поэмасының еркін аудармасы „Шолпан“ журналының 1922–1923 жылғы 2–8 сандарында, кейін жеке кітап болып С. Сейфуллиннің алғы сөзімен 1935 жылы Алматыда басылады.

Мұражайдың осы бөлімінде XIX ғасырдың аяғы — XX ғасырдың басында қазақ тілінде шығарылған сирек кездесетін кітаптардың түпнұсқалары қойылған. Мұнда М. Сералин, С. Көбеев, С. Торайғыров, С. Дөнентаев сияқты жазушылардың шығармаларын, әр жылдары жарық көрген басылымдарын көруге болады.

20–40 ж. қазақ зиялыларының еңбектері

Мұражайда өткен ғасырдың 20–40 жж. қазақ зиялыларының шығармаларына басты орын берілген.

Отандық ғылым 20–40 жж. ұлт зиялыларының мұраларын жинап, зерттеуде аз еңбек атқарған жоқ. Оның дәлелі — соңғы жылдары жарыққа шыққан олардың еңбектері, оларға арналған зерттеулер. Сонымен бірге айтатын жайт, бұл салада істелетін жұмыстар әлі жеткілікті. Олардың қаламынан шыққан еңбектер халыққа түгел жетпей жатқаны да рас. Сонау бір жылдары шыққан кітаптардың бір бөлігі өртеліп, жойылып немесе басқа елдерге әртүрлі себептермен асып кеткені белгілі болып отыр. Екіншіден, сирек кітаптар Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы, Қазан сияқты қалаларындағы кітапхана, мұражайларында.

Өткен ғасырдың 30-шы жылдары біздің еліміздің тарихында ұлы жетістіктерімен қатар саяси қателіктерімен, қайғылы беттерімен енген аса күрделі және қарама-қайшылықты кезеңдердің бірі болды. Осындай аумалы-төкпелі жағдай кітап шығару ісінің сипаты мен мазмұнына және кітапты насихаттау ісіне-де әсер етпей қоймайды. Бір жағынан, кітап шығару қарқыны күшейді, кітап репертуары жаңарды, басылымдардың таралымы өсті, оқырмандар аудиториясы ұлғайды, авторлар көбейді, дүниежүзілік ғылым мен мәдениет қазынасына қосылған құнды-құнды ғылыми және көркем әдебиеттер, балаларға арналған кітаптар пайда болды.

Екінші жағынан кітапхана, мұражай, мұрағат қорларынан 20-шы жылдары жарық көрген мыңдаған кітаптар алынып, жойылып жіберіліп жатты. Қоғамдық ой-сана тарихынан мемлекеттің көптеген қайраткерлерінің есімі өшірілді. Мұражай, кітапхана, баспа орындары тарихи-гуманистік идеялар мен дәстүрлерді бұрмалау, басқаша ойлауды басып тастау жағдайында жұмыс істеуге мәжбүр болды.

Шындыққа жүгінсек, бұл кезеңде кітап — өркениеттің таңғажайып құбылысы, мәдениеттің аса маңызды буыны тұрғысынан халық өміріндегі өзінің ізгілікті, мәртебелі қызметінен айныған емес. Бұл кезеңде кітап бұқара халықтың өнер-білімге деген құштарлығын ұштай түсіп, адамдардың әлеуметтік белсенділігін көтеруде, ғылыми-техникалық ілгерілеуге жетуде, әділетсіздікке қарсы бітпес күресте теңдесі жоқ, өлшеусіз рөл атқарды.

20–30 жылдар — ұлттық баспа ісінің күрделі кезеңдерінің бірі. Бұл кезеңде мемлекеттік жаңа баспалар ұйымдастырылды. Осы жылдары қазақтың демократияшыл зиялылары, аса көрнекті өкілдері мен қоғам және мемлекет қайраткерлері ұлттық кітап ісінің іргетасын қалады.

А. Байтұрсынұлы Қазақ мемлекеттік кітап баспасының қалыптасуын, дамуын өз қолымен атқарды. Н. Төреқұлұлы Мәскеудегі Шығыс елдері кіндік баспасын ұйымдастырып, оны өзі басқарды, М. Дулатұлы Қызылорда қаласында Мемлекеттік баспаның жұмысын ширатып, жандандыра түсуге атсалысып, Х. Досмұхамедұлы Республика Баспа ісі және ғылыми мекемелер жөніндегі мемлекетаралық комитетінің төрағасы болды [4, 79–90 б.; 5, 15–16 б.].

Сирек кітаптар мұражайының қорында 20–30 жж. жарық көрген қазақ зиялыларының кейбір еңбектері сақталған.

А. Байтұрсынұлы
1909 жылы Санкт-Петербургте оның „Қырық мысал“ кітабы, 1911 ж. „Маса“ (Орынбор), „Оқу құралы“ (1912), „Тіл жөніндегі оқу құралы“ (1914), „Ер Сайын“ дастаны (1915), (1923 ж. Мәскеуде қайта) жарық көрді. „Тіл құралы“ (1922), „Оқу құралы“, „Қазақша әліппе“, „Әліпби“, „Жаңа құрал“, „Әдебиет танытқыш“, „Баяншы“ және т.б.

М. Дулатұлы
1909 ж. Уфада „Оян, қазақ" тұңғыш өлеңдер жинағы, „Бақытсыз Жамал“ (1910) романы, 1913–1917 жж. М. Дулатұлының „Азамат“, „Дуамай“ өлеңдер жинағы, „Терме“ әдеби-публицистикалық кітабы, „Бүркіттің кегі“ поэмасы, „Есеп құралы“ (Арифметика), „Қазақ тілінде басылған кітаптардың көрсеткіші“ („Жаңа мектеп“ журналына қосымшасы ретінде (1926, 1927 ж.)) жарық көрді.

М. Жұмабаев
1913 ж. „Шолпан“ атты поэтикалық жинағы, „Педагогика“, „Бастауыш мектепте ана тілі“, „Бастауыш мектепте орыс тілін оқыту методикасы“ шығармалары.

Ол И. Гетенің, Г. Гейненің, М. Ю. Лермонтовтың поэзиясын, А. М. Горькийдің, Д. Н. Мамин-Сибиряктың, В. В. Ивановтың және басқалардың әңгімелерін аударды.

Ж. Аймауытов
“Қартқожа“ (роман, Қызылорда, 1926), „Ақбілек“ (роман), „Ел қорғаны“, „Қанапия мен Шәрбану“, „Шернияз“ атты шығармалары басылып шықты.

Ғылыми-педагогикалық шығармалары „Тәрбие жетекші“, „Психология“, „Жан жүйесі және өмір таңдау“;

Аудармалары: Н. В. Гогольдің „Ревизоры“, А. С. Пушкиннің „Тас мейман“, „Сараң сері“, А. Дюманың „Дәмелі“ („Тамилла“), Л. Н. Толстойдың, Дж. Лондонның, Р. Тагордың, Ги де Мопасанның шығармаларын қазақ тіліне аударды.

Ә.Диваев
„Батырлар жыры“ — этнографиялық материалдар жинағы (1922–1923), Ташкентте 7 кітап: „Алпамыс“, „Бекет батыр“, „Қобыланды“, „Мырза Едіге батыр“, „Шора батыр“, „Нәрік ұлы Шора“, „Қамбар батыр“.
„Қазақ мақалдары“ (Ташкент, 1900).

І. Жансүгіров
“Әдебиет тану құралы“ (1932, Қызылорда), „Ақыр заман“ (1934), „Күйші“ (1935), „Әңгімелер“ (А. П. Чеховтың әңгімелері, аударма, 1932), „1931 жыл календарь-жинақ" (Шаруалар үшін)“.

20–30 жж. Мәскеуде жарияланған кітаптар
— С. Қожанов „Арифметика оқулығы“;
— И. Татыбаев „Бастауыш география“;
— Е. Омарұлы „Физика“;
— Қ. Кемеңгерұлы „Тарих“;
— Н. Төреқұлов „Қазақ-қырғыз үшін жаңа әліппе“, „Жат сөздер“, „Ұлт мәселесі мен мектеп“;
— „Қазақша-орысша тілмаш кітабы“, құрастырушы әрі басқарушы Б. Кемеңгерұлы (М., 1926), „Балаларға тарту“ (Л., 1927);
— Т. Шонанұлы „Қазақ жері мәселесінің тарихы“, „Әліппе“ (М., 1935), „Емлемен оқу“ (Қызылорда, 1934), „Бастауыш мектептегі қазақ тілінің әдісі“ (1935);
— Жолдыбайұлы „Жаңа арна“ (1929);
— С. Смағұлов „Салмақбайдың ауылында кооперация қалайша ашылды“ (1924), „Кооперация һәм қазақ шаруасы“.

Мәскеуде 1923–1924 жылдары „Ер Тарғын“ (түзетіп бастырған Қыр баласы), Нысанбай жыраудың „Кенесары — Наурызбай“ дастаны, „Қозы көрпеш — Баян сұлу“ (жазып алған Қыр баласы), Шернияз, ақынның „Өлеңдер жинағы“, „Қыз Жібек“ (Ташкент), Орынборда 1925 ж. „Қазақ халқының 1000 өлеңі“ (Затаевич), „Едіге жыры“ (М., 1927, 3-басылым. жинаған Қ. Сәтбаев) басылып шықты.

Ә. Бөкейханов
Ә. Бөкейханұлы (әдеби бүркеншік аты „Қыр баласы“) „Ер Тарғын“, „Қозы Көрпеш — Баян сұлу“ жырларын ел аузынан жазып алып кітап етіп шығарған, „Денсаулық сақтықта“ еңбегінің авторы.

Аудармалары: Л. Н. Толстой „Қажымұрат“ (М., 1924), Л. Н. Толстой „Кавказ тұтқыны“ (М., 1925), Н. Г. Короленко „Макардың түсі“ (М., 1923).

Т. Рысқұлов, С.Асфендияров
Рысқұловтың 20-жылдардың аяқ кезінде жарық көрген „Қырғызстан“, „Орта Азиядағы жергілікті халықтың 1916 жылғы көтерілісі“ шығарма.

Көрнекті саяси қайраткер, Қазақстан мен Орта Азияның ғылымы мен мәдениетінің өсіп-өркендеуіне талмай еңбек етекен Санжар Асфендияровтың еңбектері-де осы жылдары жарық көрді. 1935 ж. „Қазақстанның тарихы. Көне заманнан бастап“.

Х. Досмұхамедов
Жаратылыстану саласындағы алғашқы оқулықтардың авторы. „Жаратылыстану“, „Хайуанаттар“, „Адам организмі“, „Зоология“.

„Қазақ тіліндегі сингармонизм заңы“, „Мұрат, ақынның сөздері“, „Аламан“ (жинақ) 1924–1928 жылдары, „Исатай-Махамбет“ шығармасы (1925 ж.) жарық көрді. Бұл шығармалар Ташкентте шығарылған.

М. Тынышпаев
20-шы жылдардың ортасында „Көксу моласы және Қаялық қалашығы“, „Ташкент уезі халқының ру-тайпа құрамы туралы тарихи анықтама“, „XVII–XVIII ғасырлардағы қазақтар“, „Қазақтардың жеңістері мен жеңілістері“ және оның басты еңбегі — „Қазақ халқының тарихы жөніндегі материалдар“ (Ташкент).

Осы жылдары қазақ ғылымы мен мәдениетін дамытуға және ұлттық руханият бағдарламасын жасауға О. Жандосов үлкен үлес қосты. Ораз Қиқымұлы Үгіт-насихат бөлімін басқарып тұрған кезде Ә. Бөкейхановтың, А. Байтұрсыновтың, Ж. Аймауытовтың, М. Әуезовтың, Х. Досмұхамедовтың, Т. Шонановтың кітаптары жарық көрді.

Сондай-ақ, ол мемлекет алдында тұрған мәселелер жөнінде көптеген мақалалар жазған. Олардың ішінде мәдениет саласы бойынша, кітапхана және баспа ісі, өлкетану мәселелеріне арналған материалдар бар. Бір атап көрсететін нәрсе — мақалалар екі тілде бірдей — орысша, қазақша жазылған. Оларда көкейкесті проблемалар тілге тиек етілген:
— Қазақ тілінде ғылыми әдебиет қорын толықтыру;
— Көпшілік кітапханалардың қоғамдағы рөлі;
— Кітапханалардың өлкетану саласындағы қызметі;
— Кітап баспа ісі және терминология мәселелері; т.с.с.

1931 жылдың 15, ақпанындағы „Қазақ АССР Мемлекеттік көпшілік кітапхана жөніндегі Заңына (Ережесіне) түсінік хатында — кітапхана жұмысының барлық түрлерінің арасында библиография, кітаптану және кітапханатану қызметінің орталықтары ретінде мемлекеттік кітап қоймалары мен мемлекеттік көпшілік кітапханалар ерекше орын алады деген [6].

О.Қ. Жандосов кітапхананың басты міндеттері ретінде Қазақстан туралы және қазақ тіліндегі барлық баспа өнімдерін жинау деп есептеді. Осыдан бастап кітапхана Республикадағы мемлекеттік кітап қорын және жазба мұраларын жинақтап, сақтайтын бірден-бір мекеме қызметін атқара бастады, сонымен бірге қазақ библиографиясының орталығына айналды.

1921 жылы қазақ-қырғыз білім комиссиясы ұйымдастырылған бес бөлімнің бірі — библиография бөлімі болатын. Осы комиссия шығарған „Сана“ журналының басты міндетінің бірі — қазақ-қырғыз тілінде және қазақ-қырғыздар туралы бөтен тілде шыққан кітаптар жөнінде, ақпарат және олар туралы пікір беріп тұру болды [7, 81–83 б.].

„Қазақстанның жазба және баспа ескерткіштері“
Сан ғасырлық мәдени мұрамызды сақтау, оны келер ұрпаққа ұсыну мақсатында Елбасының бастамасымен 2004 жылдың 13 қаңтарында ҚР Үкіметі қаулысымен „Мәдени мұра“ мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама еліміздің тарихи-мәдени мұрасын зерттеуге, сақтауға, жаңғыртуға және тиімді пайдалануға бағытталған кешенді іс-шараларды іске асыруды қамтамасыз ету қажеттігінен туындаған. Бағдарлама бойынша іс-шаралар жоспарының 92-тармағында „… қазақ халқының мәдени мұрасында тарихи маңызы бар қолжазбаларды, жәдігер басылымдарды, кітаптар мен мұрағаттық құжаттарды табу және сатып алу үшін алыс және таяу шетел қалаларының мұрағаттары мен кітапханаларына ғылыми-зерттеу экспедицияларын ұйымдастыру“ көзделген. Осы мақсатта алыс-жақын шетелдерге ғылыми-зерттеу экспедициялары ұйымдастырылып, ғылыми ортаға Қазақстанның тарихы, этнографиясы, өнері туралы 5000-ға жуық жаңа қолжазба мен баспа басылымдары табылды, елге бірқатарының көшірмелері әкелінді. Ғылыми және жазба мұралардың ең үздік үлгілері қазақ, орыс және, ағылшын тілдерінде 300-ге жуық еңбек жарияланды және жарияланып жатыр.

ҚР Үкіметінің 2001 жылғы 11 маусымдағы № 797 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында Мұрағат ісін дамытудың 2001–2005 жылдарға арналған бағдарламасы, Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Мұрағаттарды және құжаттаманы басқару жөніндегі комитет төрағасының 2001 жылы 16 қарашадағы № 65 бұйрығымен бекітілген „Қазақстан Республикасы үшін тарихи және мәдени құндылығы бар шетел мұрағаттары мен ғылыми мекемелерінен Қазақстанның ХV-ХХ ғасырлар тарихы бойынша құжаттар көшірмелерін іздестіру және алу шараларының бағдарламасы“ қабылданды.

Шетел мұрағаттарынан, ғылыми мекемелері мен кітапханаларынан Қазақстан тарихына қатысты құнды құжаттарды іздестіру, көшірмелерін алу жұмыстары Қазақстан Республикасының 2004–2006 жылдарға арналған „Мәдени мұра“ мемлекеттік бағдарламасы аясында да қолға алынып, 2007–2009 жылдары жалғасын тапты.

Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру барысында Ресей Федерациясының орталық мұрағаттарынан, Омбы, Орынбор мұрағаттарынан 28787 құжат; Өзбекстан Республикасының Орталық Мемлекеттік мұрағатынан 482 құжат; АҚШ-тың Бейбітшілік және төңкеріс, соғыс Гувер институты мұрағатынан 20 құжат; Башқұртстанның Орталық мемлекеттік тарихи мұрағатынан 1145 құжат; Герман Федеративтік Республикасының Федералды мұрағаты, Сыртқы істер министрлігінің саяси мұрағаты, Бұрынғы Герман Демократиялық Республикасының қауіпсіздік министрлігінің мұрағатынан барлығы 93 құжат; Ұлыбританияның Ұлттық мұрағаты, Британ кітапханасы және Азия істері бойынша корольдік қоғамы мұрағатынан барлығы 82 құжат; Түркия Республикасы Премьер-министрінің жанындағы Мемлекеттік мұрағаты, Османлы мұрағаты Түрік тарихы мекемесінің мұрағатынан 168 құжат; Мысыр Араб Республикасының Дарул Кутуб мұрағаты, Дарул Кутуб кітапханасы, Дарул Кутуб ұлттық кітап үйі, Араб қолжазбалар институты, Насролла ат-Таразидің жеке мұрағаттарынан 282 құжат; Қытай Халық Республикасының Бірінші тарихи мұрағатынан, Қытай шекарасының тарихи географиялық зерттеу орталығынан, Шынжаң қоғамдық ғылымдар академиясы кітапханасынан, Шынжаң университетінің кітапханасынан 111 құжаттар мен кітаптар; Арменияның Ұлттық мұрағатынан 27 іс; Татарстанның Ұлттық мұрағатынан 521 іс алынды [8, 122–144 б.].

Тарих пен мәдениеттің жаңа ескерткіштерін ашу, ұлттық мәдениет үшін айрықша маңызы бар айтарлықтай тарихи-мәдени ескерткіштерді консервациялау, қалпына келтіру және қайта жасау; мәдени мұраның, оның ішінде ауыз әдебиетін, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды зерделеудің біртұтас жүйесі жасалды. Қорыта айтқанда, елдің рухани-мәдени, экономикалық және әлеуметтік капиталы жасалды.

Көрмеде сирек кітаптардың ежелгі тарихын сипаттаумен қатар, жазба мәдениетіміздің жоғын түгендеуге аса зор үлес қосқан „Мәдени мұра“, „Ғылыми қазына“ сияқты мемлекеттік бағдарламалардың жемісін көрсету және дәріптеуді-де алдымызға мақсат етіп қойдық.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. „Мәдени мұра“ 2004 — 2006 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама. — Астана, 2004.
2. Во¬про¬сы ар¬хео¬ло¬гии-Ка¬зах¬ста¬на: сб. на¬уч. ст. Вып. 2 / М-во на¬у¬ки — Акад. на¬ук Рес¬пуб¬ли¬ки-Ка¬зах¬стан, Ин-т ар¬хео¬ло¬гии им. А. Х. Мар¬гу¬ла-на; [отв. ред. З. Са¬ма¬шев; ред. кол.: Г. С. Джу¬ма¬бе¬ко¬ва и др.]. — Ал¬ма¬ты; М.: Ғылым, 1998. — 233 с.
3. Байпаков К. М. Средневековая городская культура Южного Казахстана и Семиречья (VI — начало XIII в.). — Алма-Ата: Издательство „Наука“ Казахской ССР, 1986. — 255 с.
4. Мамажанов М. Асылмұра. Кітап — даналық қазынасы. — Алматы, 1993.
5. Рахимжанова С.Р. Қазақ кітабының тарихы. — Алматы, 2006.
6. Джандосов У. Документы и публицистика (1918—1937 гг.): в 2-х т. (Архив Президента РК. — Алматы: Издат. дом Казахстан, 1999. — т. 2.
7. Досмұхамедов Х. Қазақ қырғыз білім кәмисиесінен //Таңдамалы. — Алматы, 1998.
8. Міржақып. Қазақ тілінде басылған кітаптардың көрсеткіші/ Дайынд. Ғ. Әнес. — Алматы: Мектеп //Жұлдыз — 1996. — № 4. — 122–144 б.

Әбдіғали Бекішев
“Ғылым ордасы» РМК Сирек кездесетін кітаптар мұражайының меңгерушісі


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз