«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».
Н. А. Назарбаев
Басты бет » Қазақстан тарихы » Тәуелсіз Қазақстан » Ұлт капиталы » Тарих сабағында оқыту үшін бағалаудың тиімділігі

Тарих сабағында оқыту үшін бағалаудың тиімділігі

Қазіргі заман сұранысының негізінде білім жүйесінің жаңа болмысы қалыптасуда. Білім берудің әдіс-тәсілдері түбегейлі өзгеруіне байланысты инновациялық үрдістің қарқындылығы артуда. Бүгінгі күннің талабы-ұстаздық әрекеттің жеке тұлға дамуына жағдай туғызуы. Осыған орай білім беру жүйесінде әлемдік жоғары деңгейге қол жеткізген,ілгері кеткен оқыту әдіс-тәсілдері арасында конструктивті теориялық оқытуға негізделген әдіс-тәсіл кең таралып отыр. 

Қазақстан Республикасында оқытудағы Кембридждік бағдарлама кеңінен насихатталып,осы негізде кешенді бағдарламалар жасалып,сол бағдарлама бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Жалпы " тарих " сөзі бізге араб тілінен енген. Негізгі мағынасы «әңгімелеймін » деген түсінікті білдіреді.Сондықтан да тарих сабағы үнемі белсенді қозғалысқа толы болады.Сабақ барысында мұғалім-оқушы,оқушы-оқушы арасында үнемі байланыс,яғни диалог жүреді. 

Осы орайда тарих пәні сабағында жеті модульдің кем дегенде төрт-бесеуін кеңінен және ұтымды пайдалануға болады. 

Өз сабағымда модульдардың ішінде күнделікті пайдаланып жүрген оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау модуліне тоқталмақпын. 

Бірінші кезекте " бағалау " түсінігіне ой жүгіртіп көрелік.Бағалау " жақын отыру " деген мағынаны білдіретін ежелгі латын сөзі. «Жақын отыру » деген түсінікті жан-жақты талдайтын болсақ,оған төмендегідей бірнеше түсініктеме беруге болады: 

• бір-біріне жақын отырған адамдар өздерінің еркінен тыс бірін-бірі бақылайды;
• бір-бірінің кез-келген іс-әрекеттерін назарларынан тыс қалдыра алмайды;
• жақын отырған адамдар бір-бірінің сөзін мұқият тыңдай алады;
• бір-біріне сұрақ қояды,сұрақтарына тез арада жауап ала-алады;
• бір-бірімен келісімге келуге тырысады;
• пікірлермен алмасып,өзінің білім қорын кеңейтуге мүмкіндік алады. 

" Жақын отырған " адамдар осындай өзара әрекетке түсуі арқылы өздері бірін-бірі бағалап отырғанын аңғармай да қалады.Мұндай үрдіс топтық жұмыс немесе жұптық жұмыс түрінде іске асырылады.
Формативтік бағалау оқушының білім деңгейінің қаншалықты сатыда тұрғанын анықтауға үлкен мүмкіндік береді. Формативтік бағалау арқылы әр оқушының өзіндік мүмкіндіктерін ашуға әрекет жасалынады.Осындай бағалаудың арқасында дарынды оқушыны анықтауға мүмкіндік аласыз. Қандай оқушыға қаншалықты деңгейде тапсырма беру керектігі өз-өзінен айқындалады. Оқушылар өз кезегінде бірін-бірі бағалау арқылы, егер бағалау әділ жүрсе, өздерінің мүмкіндіктерін, қабілеттерін өздері анықтап береді.Бағалау топ арасында жүргендіктен, бағаланбайтын оқушы қалмайды. Сондықтан да «үнсіз» оқушының өзі біртіндеп «мінсіз» оқушыға айнала бастайды. Сабақ тартымды өтсе , топтағы оқушылар топтық жұмысқа тартылып , өздерінің белсендіктерін көрсетуге мүкіндік алады.

Топтардың арасында бәсекелестік пайда болып , ізденіс жұмыстары жанданып , сабақтың қызықты өтуіне үлкен себебін тигізді. 

Алғашқы сабақтарымда бағалау парағының дәстүрлі түрін пайдалансам , бірінші тоқсаннан кейін бағалау парақтарының критерийлерін күрделендірдім. Мұндай прогрессивтік қадам оқушылардың жас ерекшеліктері мен олардың пәнге деген мотивациясының артуымен қатар және пәнге деген позитивтік көзқарасынан туған еді. 

Қазіргі таңда бұқаралық ақпарат жүйесі арқылы оқушылар кең көлемде білім алудағы белсенділіктері артып отыр. Осыған байланысты оқушыларға қойылатын талап та күннен-күнге күрделене түсуде. Алған білімнің күрделілігіне орай , оны бағалау да күрделі болмақ. 

Бағалаудың «жетілік технологиясын» қоғамдық-гуманитарлық пәндерге қолдану өте ыңғайлы. Аталған технология бойынша өтетін сабақтар негізінен,іздесін сабағы болып есептеледі. Оқушыларға өздігінен іздену үшін, сабаққа қажетті тапсырмалар кемінде бір апта бұрын беріледі. Бұл уақыт аралығы оқушыларға алған тапсырмалар бойынша іздеуіне мүмкіндік беріледі. Бұл технологияны Атырау облысындағы Қарабау орта мектебінің жоғары санатты тарих мұғалімі Гүлжан Тоқмырзина деген әріптесімнің тәжірибесінен алып отырмын. «Қазақ тарихы» ғылыми-әдістемелік журналының 2007 жылғы төртінші нөмірінде осы әдіс- тәсілді әріптестер назарына ұсынған екен. 

«Шетелдік педагогтар мен Қазақстандық жаңашыл педагогтардың оқыту технологияларын үйрене отырып, өзімнің оқытудағы әдіс тәсілдерімді тәжірибеге енгіздім. Алдағы уақытты осы әдіс әріптестерімнің көңілінен шығып, азда болса септігін тигізіп жатса, құба-құп. Сондықтан да, әдісті қазақ халқының киелі саны жетіге байланысты Жетілік технологиясы деп атадым» деп жазған еді [1,97 б.]. 

Арада аттай бес жыл өткен кезде, мен осы технологияны формативтік бағалау үшін пайдаланып, оқытудың кембриждік тәсіліне кіріктіріп отырмын. 

Бағалау парағы үш бөлімнен тұрады.
I. бөлім Ақпараттық жүйе.
II. бөлім Пәндік жүйе.
III. бөлім Әлемдік жүйе
Мысалы: 10 сыныпта «Көшпелілер өркениеті» деген тақырыпта өткен сабақтан үзінді келтірейін.
I.Ақпараттық жүйе:
• Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы.
• Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті.
• Мұрағат материалдары.
• «Қазақ тарихы» журналы.
• Теле хабарлар.
• Мұражай жәдігерлері.
• Электронды оқулықтар.
• Интернет. 

«Ақпараттық жүйе» бойынша әрбір оқушы немесе топтың атынан бір оқушы өздерінің оқып білгендерін баяндайды. Байбек Мәди мен Абылайханов Жасұлан деген оқушылар осы тақырыпқа дайындалу мақсатында облыстық өлкетану мұражайына барып, Сарыарқа өңірінен табылған төртінші алтын адамды көріп, тамашалап қажетті материалдарды алып келгендерін айтты. Оқушылармен өз көрген-білгендерін ортаға салды. Иранова Сымбат «Білім және мәдениет» телехабарынан көшпелілер туралы, оның ішінде сақ мәдениеті туралы құнды деректермен танысқандығын әңгімеледі. Алған мәліметтері бойынша буклет жасаған екен. Әрбір топ осы ақпараттық жүйе бойынша алған білімдерін, жинаған мәліметтерін коллаж ретінде жинақтап тапсырды [2, 57 б.]. 

Ақпараттық жүйенің тиімділігі оқышылар шығармашылықпен жасаған жұмыстарын жан-жақты көрсете алады. Өздерінің мүмкіншіліктерін ашып, өзіндік бір қырларын сыртқа шығаруға мүмкіндік алады. Мұғалім өз кезегінде оқушылар ақпараттық жүйе бойынша жұмыс жасаған кезде, міндетті түрде қосымша дерек, құнды материал немесе заттай деректер арқылы оқушылардың білімін толықтырып отырғаны жөн. Өйткені мұғалім оқытуды басқаратын, сонымен қатар оқытудағы көшбасшы адам [3, 15 б.]. 

Өзіме осындай талап қойғандықтан, Қарқаралы өңірінен табылған төртінші алтын адамның мұражайда тұрған жәдігерлердің көшірмесін жасатып, оқушылардың көздерімен көріп, қолдарымен ұстауына мүмкіндік жасадым. «Ақпараттық жүйе» толық толқыланғаннан кейін пәндік жүйеге көшеміз. «Пәндік жүйеде» сабақтың қандай пәндермен өзара байланысын анықтаймыз. 

II. Пәндік жүйе:
• дүниежүзі тарихы.
• әдебиет.
• астраномия.
• биология.
• география.
• бейнелеу:
• этнография:
• дінтану:
• әдеп, т.б. 

Оқушылар жоғарыда көрсетілген пәндер бойынша тақырыптың өзара сәйкестілігін дәлелдеуге тырысады.Көшпелі өркениеттің археологиялық ескерткіштерінің тұрақтарының орнын география пәнімен байланыстырады. «Күлтегін жазуларын» әдебиет пәнімен байланыстырып, М. Жолдасбековтың «күлтегін жазуларына» арнаған өлең шумақтарын келтірді. 

Ануар Мөлдір деген оқушы І.Есенберлиннің «Көшпенділер» кітабынан үзінді келтіру арқылы, оқушы өзінің ізденгендігін көрсете білді.Көшпелілердің діни наным-сенімдерін астрономия пәнімен байланыстылығын айтылып,нақты мысалдар, деректер келтірілді. Бейнелеу пәні бойынша сақтар тақырыбына К. Дүзелхановтың жұмыстарына байланысты жасалған Абылайханов Жасұланның слайд-фильмі көрсетілді. Аталған пәндер бойынша нақты мысалдар келтіріліп,пікірлер ортаға салынды [2,45 б.]. 

III. Әлемдік жүйе. 

Бұл жүйе бойынша көшпелілер мәдениетінің әлемдік өркениетте алатын орны көрсетіліп,дәлелденуі қажет. 

Оқушылар Л.Н. Гумилевтің зерттеу жұмыстарымен танысып, сол еңбектің көшпелілер мәдениетін оқып-үйренудегі алатын дүниежүзілік тарихи маңызына тоқталды. Новосибирск мемлекеттік университетіңде қорғалған «О кочевой цивилизации и кочевой империи» деген Г.Г.Пановтың еңбегі бойынша хабарлама жасалды. 

Осындай бірнеше халықаралық деңгейде қорғалған немесе жарыққа шыққан ғылыми еңбектерге тоқталып, шолу жасалды. 

Үш жүйе бойынша оқушылардың дайындығы, жинаған білім қорының денгейі анықталып, сараптама жасалды. 

Бағалау парағында топтағы әрбір оқушы жүйе бойынша бағаланып , ұпай саны жинақталып, қорытынды баға шығарылды. 

Бұл әдіс «жетілік технологиясы» деп аталғандықтан ең үлкен ұпай жеті санымен бағаланады. Егер оқушы жоғарыда көрсетілген үш жүйе негізінде 7+7+7 =21 ұпай жинаса «5» деген бағамен бағаланады.
17-21 аралғы «4» , ал «9» ұпайға дейінгілер «3» -пен бағаланады. 

Бұл технологияның ұтымдылығы оқушыда өздігінен іздену, еңбектену, көп білсем деген құлшыныс пайда болады.Өз білгендерін слайд, реферат, буклет, флипчарт т.б. ретінде көрсетуге тырысады. Бұл жерде олардың арасында бәсеке туындап , көп білсем, қатарымның алды болсам деген ұмтылыс пайда болады. Оқушылардан жүйелі түрде жинақталған балдар мен бағалар оқушылардың білім дәрежесін анықтауға үлкен септігін тигізеді. Мұғалімнің әр деңгейге ерекше назар аударуын қамтамасыз етеді. 

Бағалау нәтижелерін ескере отырып, оқытудың әдіс-тәсілін өзгертуге қажетті қадамдар жасалу міндеті келіп шығады. Міндеттерді қоймастан бұрын оқушылардың өздерін —өздері бағалай алуы, сонымен қатар өздерінің оқуын қалай жақсартуға болатындығын түсіну қажеттігін алға тарту, басты міндет болуы керек екендіген естен шығармауымыз керек. 

Топтың сабақ барысындағы көңіл —күйі сабақ құрылымының тағдырын шешеді. Сабақ барысында оқушылардың белсенділігі жоғар болып, қызығушылықтары нақты іс-әректтермен көрінсе, сабақтың құрылымының дұрыстығы емес пе?! Осы кезде сіз сабағым сәтті шықты деп айта аласыз. Оқыту үшін бағалау кезінде жеткен жетістіктерім осындай. Ал кездескен қиындықтар, кедергілерге келетін болсақ, олардың бірнешеуін атап өтуге болады. 

— Оқушылардың бірін-бірі әлі де болса әділ бағаламауы. Бұл жердегі олардың көзқарасы «Біреудің өзі жақсы , біреудің көзі жақсы» 

— Оқушыларды үнемі ноутбукпен қамтамасыз ету мүмкіндігінің жоқтығы, сол себепті электронды түрде бағалау үнемі іске аса бермейді. 

Алдағы уақытта бірінші кедергіге қарағанда, екінші кедергіні жою мүмкіндігі бар. Ал бірінші кедергіні жою- бұл дегеніміз оқушының жалпы білім алуға деген психологиясын, философиясын өзгерту арқылы ғана қол жеткізуге болатын сияқты. Бағалау кезіндегі «Тура биде туған жоқ» деген нақыл сөз оқушылар үшін бағалаудағы жалау болуы керек деп ойлаймын. 

Оқыту үшін бағалаудың тарих сабағындағы тиімділігін қорыта айтатын болсақ, гуманитарлық- қоғамдық пәндерде формативтік бағалау өте ыңғайлы. Мысалы, алгебра сабағында бағалау үдерісіне мұғалімнің жиі араласыуы қажеттілік тудырады. Өйткені есептің дұрыс шешімін табу жолында оқушы мұғалімнің көмегіне , нұсқаулығына сүйенуі заңдылық және қажеттілік [1,14 б.].

Ал тарих сабағында оқушының білімін өзі немесе сыныптастары мұғалімнің көмегінсіз өздері бағалай алады. Бағалауға өте қызығушылық танытады. Себебі тарих пәні бойынша мәліметтер өте көп әрі қызықты. Ең бастысы гуманитарлық пәндер өте тез меңгеріледі. Қайталаған сайын жаңа тың мәліметтер арқылы толықтырып отыруға болады. Оқушылардың белсенділігі артып, өзінің оқуын жақсарту үшін кері байланыс қамтамасыз етіледі. Оқушы жауапкершілікті сезініп, жан —жағына сыни көзбен қарап, өзіндік тұжырымы, көзқарасы қалыптасады. Білім алу қажеттілігін түсініп, оған қалай қол жеткізу керек деген сұрақтарға жауап іздейді.

Бағалау барда- ізденіс бар, ұмытылыс бар. Ең бастысы бағалау — бәсекеге қабілеттілік мінезді оқушы бойында қалыптпстыруда үлкен роль атқарады.Өз кезегінде мұндай іс-әрекет оқушыны табандылыққ тәрбелейді.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарының бағдарламасы. Мұғалімге арналған Нұсқаулық.
2. Республикалық ғылыми — әдістемелік журнал. «Қазақ тарихы» 2007 ж. № 4
3. Жолдасбаев С. Қазақстан тарихы: Жалпы білім беретін жаратылыстану — математика бағытындағы 10 — сыныбына арналған оқулық. — Алматы: «Мектеп» баспасы. 2006 ж.

Агадилова Э. А., тарих пәні мұғалімі, № 77 жалпы білім беретін мектеп-балабақша кешені, Қарағанды қ.


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз