«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».
Н. А. Назарбаев
Басты бет » Қазақстан тарихы » Ресей империясы құрамындағы Қазақстан » ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан » ХХ–шы ғасырдың басындағы Қазақстандағы саяси партиялар

ХХ–шы ғасырдың басындағы Қазақстандағы саяси партиялар

ХХ—шы ғасырдың бас кезінде қазақ өлкесінде ұлттық саяси партияларының алғышартының қалыптасып, одан әрі дамуы қазақ халқының ұлт—азаттық қозғалысының маңызды кезеңі болып табылады. Отарлаушылар қазақ халқының жері мен оның табиғи байлығының айтарлықтай бөлігіне иелік етіп қана қойған жоқ, олар қазақ халқын рухани жағынан да отарлады: тілінен, ділінен бірітіндеп айыру бағытында қатыгездікпен ойластырылған шараларды жүзеге асырды. Бұл жөнінде М.Дулатов 1907 жылы жазған " Қазағым менің, елім менің" атты мақаласында былай деп ашына жазған еді: " ...ең алдымен қазақ халқы — Ресейге тәуелді халық... Оның ешқандай правосының жоқтығы ыза мен кек тудырады. Халықтан жиналатын салық қаражатының көп бөлігі халыққа тіпті керек емес нәрселерге жұмсалады.... Өздеріңіз көп жазбай байқап отырғандай... чиновниктер, урядниктер кедей қазақтарды ұрып—соғып, малдарын тартып, ойына не келсе соны істеді... .

... енді чиновниктер біздің дінімізге, атадан мұра болып келе жатқан әдет—ғұрыптарымызға, біздің молдаларға да тиісті неке мәселелеріне араласа бастады, діни кітаптарды тұтқынға алды....

.... енді бұл чиновниктер қазақ даласына мыңдаған мұжықтарды жер аударып қазақтардың суымен шұрайлы жерлерін тартып әперуде. Чиновниктерде арқалаған олар өздеріне жайлы қазақ жерлерін еркін иемденуде.... Бұлар сорлы қазақтарды ұрып—соғып, бар мүлкін тартып алып кетуде ..." [1, 30 б.]

Сөйтіп Қазақстанда ең алдымен отаршылдыққа қарсы ұлттық сұраныстарға жауап беруге бағытталған идеялар, одан туындаған қозғалыстар мен саяси партиялар құрыла бастады.

Қазақ ұлтының демократиялық интеллигенциясының жетекшілері, біріншіден, патшалық Ресейдің халықты қорлайтын отарлау саясатының мәнін әшкерлеуді және қазақтардың этнос ретінде сақталып қалуы үшін оның келешігіне қатер төндіріп отырған патша үкіметінің өлкені кеулеп бара жатқан жан—жақты экспансиясының тоқтатуды мақсат етті. Екіншіден, олар заң шығарушы және басқарушы үкімет органдарының алдына кадеттер ұсынған үлгі мен әр түрлі петициялар арқылы талап—тілектер қою демонстрациялар мен шерулер ұйымдастыру, мемлекеттік думаның сайлауына белсенді түрде араласып, парламентке халық өкілдерін өткізу үшін күресуді мұрат тұтты. Сондықтан да 1905–1907 жылдары қазақ интеллигенциясы кадеттер ұсынған Ресей қоғамын реформалау талаптарын жүзеге асыру жолында жүргізілген саяси науқандарға қатынасуда айтарлықтай белсенділік көрсетіп, нақтылы іс—әрекеттерге барды. Олар, атап айтқанда қазақ қауымын ең болмағанда уездер мен болыстар шеңберіндегі жүйесін қалыптастырудың отарлық сипатын өзгертуді талап етті.

Қазақ интеллигенциясының қоғамдық—саяси қызметінің тағы бір бағыты Ресейден Қазақстанға орыс мұжықтарын көшіру ісін басқаратын аударушылардың қоныс аударушы мекемелерінің қызметін тоқтату үшін саяси күрес жүргізуге арналды. Үшіншіден, ұлттық—либералдық қазақ интеллигенциясы қоғамының саяси өміріне өзін өкімет пен дергілікті халық бұқарасын байланыстыратын күш ретінде көрсетуге ұмтылды[1, 38 б.].

Қазақстанның көпұлтты мемлекет ретінде тарихи дамуының негізгі ерекшелігі, оның жергілікті халқының түркі тілдес халықтардан құралуы еді. Мұсылмандар ынтымақтастығы идеясы мен олардың санасындағы ұлт—азаттық қозғалыстағы " дін бірлігі" түрік халықтарының бір туғандығы туралы, олардың тарихи тағдырының ортақтығы туралы ұғымдар тығыз байланысты болып табылады. ХХ ғасыр басында панисламизм және пантүркішілдік ұлт—азаттық қозғалыстардың идеясына айналып, тегі мен тағдыры бір түрік халықтарын жақындата түсті.

ХХ ғасыр басында түрік халықтарының ұлт—азаттық күресіндегі негізгі бағытын таңдау бірігу негізіне — олардың исламға (исламшылдыққа) немесе олардың түрік қауымдастығына (түрікшілдікке) бет бұруымен тікелей байланысты болды. Пантүркішілдік, панисламизм Ресейде ХІХ ғ. 80—шы жылдарында татар интеллигенциясының мәдени—либералдық қозғалысы ретінде өмірге келді. Оның теориясының қалыптасуы мен таратылуы қырым—татар ағартушыларының қоғамдық және ғылыми қызметтерімен тығыз байланысты. Пантүркішілдіктен шыққан " жадидшілік" екі идеяның — ағартушылық пен діннің бірігуін білдіреді. Жадидшілдіктің негізін салған Исмаил Гаспаринский (1851–1914) 1883 жылы Ресейдегі мұсылмандар " тіл, идея, әрекет жағында да бірігу керек" деп атап көрсетті. Оның ізбасары Жүсіп Ақшора түркi тілінде сөйлейтін ұлттар бірігіп, бірлікке келген " ұлт одағы" болып құрылуы керек дегенді ортаға салды. 1917 жылы қазан төңкерісінен кейін түркiшiлдiктi жақтаушылар Ресейде қуғынға ұшырап, көпшілігі Түркияға кетті. Сөйтіп, бұл идея түрік зиялыларының қолына өтіп, жаңа Түркияны қайта гүлдендірудің рухани тірегіне айналды.

Қазақстанға панисламизм мен пантүркішілдік идеясы ХІХ ғ. соңында келді. Бұл идеяның жақтастары дін басылар, буржуазия және интеллигенция өкілдері болды. Қазақстандағы жадидшілер жаңа әдісті мектептер ашып, онда жаратылыстану, тіл, әдебиет сияқты зайырлы пәндер басым жаңа оқу бағдарламалары бойынша оқытуды жүзеге асырды.

Ресейдегі панисламизм қозғалысының жақтастары жалпыресейлік мұсылман съездерін ұйымдастырып өткізіп отырды. Оған қазақтардан да депутаттар қатысты: І мұсылман съезі — 1905 ж., ІІ мұсылман съезі — 1906 ж., ІІІ мұсылман съезі — 1907 ж. өтті. 1905 жылы «Бүкілресейлік мұсылман одағы» (Иттифак муслимин) құрылып, оған қазақ дін басылары да мүшелікке кірді. Ақпан революциясынан кейін 1917 жылы осы идеялар негізінде біраз саяси партиялар сахнаға шықты. Мысалы; "Шура—ислами«(Ислам кеңесі), «Шура—улема» (Діни қауым кеңесі).

ХХ ғ. басында әлемнің күшті империялардың түркі халықтарының бірігуінен немесе ислам дініндегілердің бір ұранның астына жиналуынан алаңдағаны сонша, ендігі жерде бұл идеялар мүлдем жат атаулар қатарына қосылды. Сол үшін де түрікшілдікті " пантүркизм" , исламшылдықты " панисламизм" деп атады. 1905 жылдардағы ресейлiк революциядан соң өрлеу алған жалпыресейлiк мұсылмандық қозғалыстар, бiрiншiден, Мемлекеттiк Дума деңгейiнде түркi және басқа мұсылман халықтарының ең өзектi саяси және әлеуметтiк мәселелерiн қоюға, оларға отаршыл билiктiң назарын аударуға мәжбүр етті. Екiншiден, татар, қазақ және басқа мұсылман елдерiнiң ұлт—азаттық қозғалысының ширауына қолдау жасап, дем берiп отырды [2, 35 б.].

Ә. Бөкейхановтың 1910 жылғы жарияланған " Қырғыздар" атты әйгілі мақаласындағы ой тұжырымдары Петербург қаласында А.И. Костянекийдің редакциясымен жарық көрген " Формы национального движения в современных государствах" деген еңбекке енді. " ... Қырғыз халқының арасында, — деп жазады Ә. Бөкейханов осы мақалада — саяси партиялар әлі пайда болған жоқ... орыстандыру саясатының ауыртпалығын көтерген басқа шет аймақтардың халықтарындай, қырғыз халқы да үкіметке қарсы пікірде және орыстың оппозициялық партияларына көңіл қояды. Жақын болашақта... қырғыздар арасында қалыптасып келіп екі саяси бағытқа сай екі саяси партия құрылуы мүмкін. Оның бірін ұлттық—діни бағыттағы деп айтуға болар, ал оның мақсаты қырғыздарды басқа мұсылмандармен біріктіру болмақ.

Екіншісі қырғыз келешегі кең мағынадағы батыс мәдениетін енгізуге байланысты деп есептейтін бағыт. Бірінші бағыт мұсылман—татар партияларын үлгі тұтар, екінші оппозициядағы орыс партияларын, атап айтқанда, халық бостандығы партиясын үлгі етпек..." [1, 35б.].

Сөйтіп, 1905–1907 жылдардағы революция кезінде қазақ қоғамында қазақ интеллигенция қатарында ұлт мәселесі жөніндегі идеялар пайда бола бастады. Бұл жылдары қазақ интеллигенциясы тарапынан Ресей жеріндегі саяси партияларды қазақ жеріне тарту жұмыстары жасалды. Мәселен, 1905 жылы Кадет партиясының бастауыш ұйымын құру жүргізілді, І—ІІІ бүкілресейлік мұсылмандар құрылтайлары өтіп, " Мұсылман партиясы қоғамының" құрылуы басталды.

І Дүние жүзілік соғыстың басталуы мен шығысты отарлауды жедел қарқынмен жүргізе бастауы 1913 жылы А. Байтұрсыновтың " Қазақ ұлтының өмір сүруінің өзі проблемаға айналды" деп жазғанымен дәл келіп, ұлттық мүддені көтеру мәселесі алға шықты. 1916 жылғы ұлт—азаттық революция, қазақ интеллигенциясының либералдық—демократиялық зиялылар тобы мен социал—демокртатяилық тобы болып бөлінуіне әкеліп, алғашқы ұйымдар мен қозғалыстардың басталуына тудырды.

1917 жылы 27 ақпанда Ресейде буржуазиялық—демократиялық төңкеріс болып, монархия құлады. Петроградтағы оқиғалар туралы хабарды Қазақстан халқы қуанышпен қарсы алды. Қазақтар самодержавиенің құлатылуын құттықтап, бұл фактіге өздерінің сан ғасырлық күресінің нәтижесі, 1916 жылғы ұлт—азаттық қозғалыс мақсаттарының қанағаттандыруы деп қарады. Ақпан төңкерілісі патша өкіметінің геноцид саясатын тежеді, ұлт саясаты саласында өзінің жалпы азаматтық мұраттарды—бостандықтарды, халықтардың теңдігін қолдайтынын мәлімдеді. Революция туралы Қазақстанда ұлттық—демократиялық қозғалысынң басшылары қуанышпен қарсы алды.

Кадет ұйымы Ақпан төңкерісінен кейін Семейде, Петропавлда, Қостанайда, Оралда, Өскеменде құрыла бастады. Олардың ұлттық мүддеге байланысты ұстанымдары жоғары айтылған мақалада айқын көрініп тұр. Кадет партиясныың мақсаты: бөлінбес біртұтас Ресей, конституциялық монархия құру, қоныстандыру саясатын қолдау еді. Кадеттер басқа саяси партиялармен солдат казармаларында еңбекшілерді соғысқа қарсы, бүкіл үкімет билігінің жұмысшы және солдат депутаттары кеңестерінің қолына көшу жолында митингілер мен пікір сайыстар өткізді.

1917 жылдың көктемінде өлкенің ірі қалаларында, уездердің көпшілігінде, болыс орталықтарының бір бөлігінде Эсер (СР) партиясының ұйымдары құрылды. Осы ұсақ буржуазиялық партияның " жерді оны өңдейтіндерге беру керек" , " жер бүкіл халықтың меншігі" деген ұрандары, Түркістандағы съезде патша өкіметінің отарлау саясатының айыптауы оның уақытша табысқа жетуін қамтамасыз етті. 1917 жылғы жазға қарай барлық кеңестер солардың қолында болды [3,35 б.]. Халықтың ауыр жағдайын шешу үшін өлкеде бірнеше съездер өткен болатын. 1917 жылғы мамыр айында өткен Ташкенттен өткен эсерлер партиясының Түркістан өлкелік съезд іс жүзінде Орта Азия мен Қазақстанның жергілікті халқына ұлттық автономия беруге қарсы шықты. Осыған мазмұндас сәуір айында Омбы қаласында өткен Батыс Сібір эсерлерінің конференциясында да қабылданды [1,109 б.].

Сонымен қатар қазақ өлкесінде діни сипаттағы партиялар құрылды. 1917 жылғы мұсылмандардың Бүкілресейлік съезінде, кейін сол жылдың 17–20 қыркүйегінде өткен Түркістан және қазақ мұсылмандарының съезінен кейін Иттифок—муслимин (мұсылмандар одағы) партиясының құрылғанын жариялады. Бұл парттия тұңғыш мұсылман партиясы Түркістан федералистердің партиясы болды.

Сол сияқты 1917 жылы 14 наурызда Қазақстанның оңтүстігінде Шура—ислами ұйымы құрылды. Бұл ұйым ұлттық—демократиялық бағытта саяси күштері Алаш партиясымен қарым қатынаста болды. Мәселен, 1917 жылы " естеліктерден үзінділер" атты М. Шоқайдың естеліктерінде өлке зиялылары мен діни қызметкерлердің қоғамдық—саяси өмірге араласу, әр түрлі саяси ұйымдардың пайда болуы, Қоқан автономияның құрылуы оның Кеңес үкіметімен арақатынсы, ұлттық мүдделерді көтеру туралы деректемелік мәні зор мәліметтер молынан кездеседі. Онда Алаш қайраткерлерінің батыс және шығыс топтары жетекшілерінің қозғалыстың Түркістандық басшылар тобымен байланысты мен өзара қатынасын ашып көрсететін мәліметтер де бар.

Сөйтіп, 1917 жылдың 22 қарашасында Шура—ислами Қоқан қаласында өткен Бүкіл Түркістандық төтенше ІV съезінде кеңес үкіметін мойындамау мен Түркістан автономиясын құру туралы шешім қабылдайды. Түркістанда ұлт бағдарламасын нақты іске асыру нәтижесі айқындала түсті. Империялық ойлаумен шовинистік көзқарас ұлғаю, ұлттың өзін—өзі билеу идеологиясын большевиктердің жете бағаламауын айқындады.

1918 жылы қаңтарда Ташкент Кеңесі мұсылман үкіметін жоймақшы болып ұйғарды. 5—ші ақпанда Қоқан қаласы шабуылмен алыр өртелді. Ресей республикасындағы құрамындағы аймақтың автономия идеясын ұсынды. Съезд " Түркістан федерациялық республикасы" парламенттік республика негізінде құрылуға тиіс деп белгіледі. Құжаттарға талдау жасау көрсеткендей, Шура—ислами сияқты, Шура—улема де Түркістанды Ресейден бөлудің сеператтық иядеяларынан аулақ болды. Көрнекті дін заңның белгілері басшылық жағдайға ие болған бұл саяси ағымдар шариғат пен әдет негіздерін қорғаумен қатар, адамзат қоғамының демократиялық нормаларын да қорғады. Бұл саяси ағымдар мен солардың негізінде иттифок—и—муслимин партиясының балама бағдарламалық идеялар ұсынғанын және патша үкіметіне қарсы біртұтас демократиялық блокка қосыла алатынын аңғармау қиын емес.

Діни сипатына қарамастан, бұл саяси ағым Түркістан мен Қазақстан жеріндегі тұратын жалпыұлттық мүдделерін де білдірді. Революцияның дамуына, саяси тайталастың өрістеуіне қарай күштердің ұлттық негізінде топтасуы жүріп жатты [4,34 б.].

Мәскеуде өткен Бүкіл Ресей мұсылмандар съезіне оралайық. Съезде империяны мекендеген мұсылман халықтарының ортақ мәселелерін қарастырды: мұсылмандарға үндеу, мұсылмандардың ортақ органдары туралы, Ресейдің мемлекеттік құрылысы, аграрлық, әйел және жұмысшы мәселелері, Құрылтай алдында сайлауына дайындық, әскери мәселе, діни мәселе, оқу ағарту, жергілікті басқару, соғысқа көзқарас, Ресейлік мұсылмандарының Орталық бюросы туралы.

Осы кезеңде құрылған Түркістандық Ерік партиясын да назардан тыс қалдырмаған жөн, өйткені 1919 жылдың көктемінде құрылған партяи ұлт мәселесіне көп көңіл аударды. Бұл партияның құрылуына қазақ Жанұзақов, башқұрт Вавилов, өзбек Әріпов бас—көз болды. Партияның құрылу үрдісі 1926 жылға дейін созылды. Бұл партияның ерекшілігі оның бағдарламасында бір емес, бірнеше ұлттар мен халықтардың алдындағы көкейкесті мәселелерінің көтерілуінде жатыр, яғни оның жетекшілері ұлттық мүдделерден гөрі ұлтаралық мәселелерді көре білді, жалпы халықтық мақсаттарды саралауға жеткізді [4,253 б.].

1905 жылы басталған Алаш қозғалысы 1917 жылы қайта Алаш партиясы болып жалғастырылды. Партияның негізгі бағыты — реформистік жолмен қазақ елін жаңа белестерге көтеру. Алаштықтардың мақсаты қазақ халқын отарлық негізден азат ету, автономиялық ұлттық мемлекет құру. " Қазақтарға, жаңарған Ресей азаматтарына" деген мәлімдеде Ә. Бөкейханов былай деді: " ... Ресейдің барлық халықтары үшін бостандықтың, теңдіктің және туысқандықтың күні туды. Жаңа қоғам мен жаңа үкіметті қолдау үшін қазақтар ұйымдасуы керек. Жаңа қоғамды қолдайтын барлық ұлттармен байланыса жұмыс істеу қажет...

Жер мәселесін тез арада талқылаңыздар. Біздің ұранымыз демократяилық республиканы және жерді одан мал шаруашылығы мен егіншілік арқылы табыс алатындарға беру. Құдайдан, басқадан қорықпаңыздар...

Әділет жолымен жүріп, жаңа үкіметті қолдаңыздар. Министрліктің азық—түлік жөніндегі өкілдермен майдандағы өзіміздің жұмысшыларға көмек көрсетуіміз керек. Халықтың пікірін жеткізіңіздер..."

Үндеу авторының, алдағы атқарылар негізгі үш саласы бойынша басты мақсат—міндеттерді айқындағандығын аңғару қиын емес. Олар:

1. Саяси әрекетте бірінші орында жалпыресейлік проблемалар, әсіресе үкімет туралы және мемлекеттік құрылыс мәселелері тұра керек.
2. Көшпелі және отырықшы халықтардың мүдделерін есепке алып, аграрлы мәселелердің жиынтығын ешбір кешіктірмей саяси күрестің күн тәртібіне қою.
3. Құрылтай жиналысына тиянақты дайындықтар жүргізу бұрыңғы қорғалықтық пен бас июшшіліктен құтылу жолында халықтың бірлігін нығайту қажеттілігі.
1917 жылы 28 наурызда " Речь" газетінде Ә. Бөкейханов " Заңсыз тартып алынған жерлерді қазақтарға дереу қайтарып беруді" талап етті [1, 80 б.].

Алаш партиясы атпен танылған ұлттық—демократиялық қазақ зиялыларының өтпелі кезеңдегі саяси ұйымы халық санасының қозғаушы күшін міндетін жалпы алғанда заман талабына сай адал атқарды.

Алаш шын мәніндегі дәстүрлі саяси партия болып қалыптасып үлгермегенімен, іс жүзінде саяси ұйым ретінде қоғамдық қозғалыс дәрежесінен әдеттегі партияға өту кезеңі батсан кешірген өтпелі саяси ұйым болғандығына қарамастан, қоғамдық саяси өмірде араласа бастаған кезде түбірлі екі ұлттық мақсат — қазақ халқын отарлау езгіден құтқаруды және қазақ қоғамын өркениетті елдер қатарына жеткізуді өзіне басыт нысана етір белгіледі. Осын негізгі мақстаттарды және олардан туындайтын басқа да әлеуметтік саяси міндеттерді шешуді Алаш басшылығы эволюциялық реформа жолымен жүзеге асыруды көздеді.

1919 жылы 3 тамызда А. Байтұрсынов " Революция и киргизы" шағын еңбегін жазды. Бұл еңбегінде қазақтардың бірінші революцияны қуанышпен қарсы алып, патшаның геноцид саясаты тоқталғаны мен ұлт мәселесі, мақсат—мүддесі көтеріледі деп түсінгенін айта келіп, екінші революция қазақ—қырғыз халқы үшін мүлде түсініксіз, мәні жоқ деп қарастырылғанын айтады.

... Екінші революция тек қазақ халқы үшін емес, сонымен қатар қазақ зиялылары үшін де мәнсіз деп қарастырылып анархияның басталғанын түсінді.

Мәселен, Әлиханның 1918 жылы " Қазақ" № 260 мақаласында алаш халқына мынадай үндеу жазды: " ...Біздің қазақ жері қазір бұл Ресей ылаңынан аман. Алаштың баласы аман қалар ма? Жоқ па? Болжап болмайды... Аға—іні, алаштың азаматы, бірлік, бүгінгі үй ара уақ істі таста, мына қараңғы бұлт Ресей ылаңынан алаш болып қорғайтын жолға шық. Ресей мемлекеті енді жақын арада үйірге қосылмайды, бірліктен айырылсаң, мына орысша қаңғып өтеміз. Көш басталған аға, зиялы іні, жергілікті жұрт қызметін таза атқар. Жалпы жұртқа мұрындық бол!"

Алдында айтылып келген фактілерге сүйене отырып, алаштықтардың контрреволюционерлермен бірігіп, 1918–1920 жылдары шетелдік интервенциямен азамат соғысы кезінде кеңестерге қарсы соғыс қималдарын жүргізді.

1917 жылы Ресейдегі Кеңестер мен Уақытша үкімет арасындағы саяси қарсылықтың тереңдей шиеленісе түсуі барысында ұлттық социалистер ұлттық буржуазиялық ұйымдарын өз іргелерін аласырақ салып, тіпті кейбір әлеуметтік—саяси мәселелер төңірегінде оларға ашық түрде шыға бастады. Осыған ұқсас, сонымен сабақтас үдерістер Қазақстанда да орын алды.

Ұлттық интеллигенцияның аз бөлігі (негізінен төменгі буын өкілдері) социалистік идеяларды ұстанып, социал—демократтар немесе эсерлермен (социал—революционерлермен) ынтымақтастықта болды. Олардың арасында С.Сейфуллин, С.Меңдешев, К.Тоғысов және т.б. ерекше көзге түсті. Үш жүз 1917 жылы қазан—қараша айларында пайда болды. Әуел баста ол Алаш партиясымен бірлесе әрекет жасау мүмкіндігі туралы мәлімдегенімен, ол ойынан тез қайтты да, көп кешікпей Қазақстанның қоғамдық—саяси және әлеуметтік—экономикалық мәселелері жөнінен Алаштың басты опонентіне айналды [1, 126 б.]. Үш жүз өзінің әлеуметтік тегі жөнінен ұсақ буржуазияшыл демократтардың саяси ұйымы болды. Оның бағдарламалық мақсат—мүдделерінің алғашқы кезде Алаштың программасынан көп айырмасы болған жоқ. Олар соғыс мәселесі жөнінде ғана Алаштан басқа позиция ұстады.

Кейінірек, елде саяси хал—ахуал шиеленісіп, өкімет үшін күрес шырқау шегіне жетіп, таптық жіктеу процесі күшейген жағдайда Үш жүз іргесін Алаштан аулақ салып, большевиктер мен солшыл эсерлерге жақындай түсті және Қазан революциясы жеңіске жеткен соң Алашқа қарсы ашық күреске шықты [1, 129 б.].

Жұмысшы қозғалысының дамуында жергілікті ұйымдар мен социал—демократтар тобы маңызды рөл атқарды. Қазақстанда тұңғыш маркстік үйірме Атбасарда 1896 ж. ұйымдастырылды. ХХ ғ. басында маркстік үйірмелер Ақмолада, Петропавлда, Оралда, Қостанайда, Семейде, Верныйда пайда болды. 1905 ж. бұрын құрылған маркстік үйірме негізінде Петропавл және Оралда РСДЖП ұйымдары, Қазалы мен Түркістанда социал—демократтар тобы, ал кейінірек — Ақмола, Көкшетау, Ақтөбе, Павлодар және басқа қалаларда рәсімделді. 1906 ж. РСДЖП ұйымы Семейде құрылды. Солардың ішінде ең ірісі Петропавл ұйымының құрамында 147 адам, Оралда — 150 адам болды. Бірінші орыс революциясы жылдарында Қазақстанда социал—демократтар саны шамамен 500—ге жетті. Өлкедегі социал—демократтар топтары мен ұйымдары теміржол желілері бойындағы қалаларда, теміржол шеберханалары мен деполары орналасқан станцияларда пайда болды [5, 88–145 б.].

Міне осылай, ХХ ғасырдың бірінші ширегінде қазақ қоғамына жақын емес, таптық жіктелудің күшеюімен алғашқы қазақ партиялар мен қозғалыстар қалыптасты. Қорытынды жасасақ, ХХ ғасырдың бірінші ширегінде қазақ өлкесінде Кадет, Эсер, Алаш, Үш жүз, Шура—и—Ислами, Муслимин—и—иттифок, Ерік саяси партиялар құрылған еді. Кадет, Эсер партиялары ұлттық мәселелерді көтерген жоқ, ұлттық идеяларға қарсы болған, тек билік жолына ұмтылған, жалпы халықтық мәселелерді жамылып алған, қазақ өлкесінде үлкен нәтижелерге жете алмаған көз бояушы партия қатарына жатқызуға болады. Ұлттық мүддені көтере білген қалған партиялардың ішінде Шура—и—Ислами, Муслимин—и—иттифок негізгі басым бағыты діни ұстанымдарға, соның нәтижесінде мұсылмандық, діни мүддені көтеруге кетіп қалған партиялар. Ұлттық мүддені көтерген Алаш, Үш жүз партиясы болды. Бірақ, Үш жүз партиясы ұлттық мүддені көтерсе де, билік жолындағы талас—тартыста бұзылып, күштері басым жаққа ауысқан партия деуге болады. Ал Алаш сол кезде нағыз ұлт мәселесін көтеріп, ұлт алдында адал қызмет атқарған партия болды.

Сонымен, ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамында түрлі саяси ағымдар, көзқарастар өрістеді. Түркішілдік, исламшылдық, ұлттық—демократиялық, социал—демократиялық қозғалыстар қалыптасып, дамыды. Бұл ағымдардың саяси өзегін интеллигенция өкілдері, соның ішінде ұлттық интеллигенция өкілдері құрады. Интеллигенция өкілдерінің қоғамдық—саяси қызметінің негізгі түрлері: саяси баспасөзді дамыту, петициялық қозғалыстарды жетілдіру, бүкілқазақ съездерін шақыру, мұсылман съездеріне қатысу, думалық қызметтерге араласу, ең маңыздысы қазақ халқының мүддесін барлық жерде қорғау болды.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. — Алматы: " Атамекен" , 1995. 340 бет.
2. Өскембаев Қ.С., Мусина А.Н. және т.б. Қазақстан тарихы. — Алматы: " Мектеп" , 2011. 13–14 бб..
3. Қозыбаев М.. Қазақстан тарихы. — Алматы: " Мектеп" , 1997. III басылым, 240 бет.
4. Әбдәкімұлы Ә. Қазақстан тарихы. — Алматы: Республикалық баспа кабинеті, 1997. 403 бет.
5. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық.4—том. — Алматы: " Атамұра" , 2010.

Өскембаев Қ.С., т.ғ.к., доцент, Жабагина Ә.Қ., студент
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қарағанды қ.


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз