«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».
Н. А. Назарбаев
Басты бет » Қазақстан тарихы » Тәуелсіз Қазақстан » Ұлт капиталы » Ұлттық мүдделерді қамтамасыз ету —Қазақстанның интеграциялық саясатының шешуші қыры

Ұлттық мүдделерді қамтамасыз ету —Қазақстанның интеграциялық саясатының шешуші қыры

Заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделері деп «іске асырылуынан мемлекеттің адам мен азаматтың құқықтарын, қазақстандық қоғамның құндылықтарын және конституциялық құрылыс негіздерін қорғауды қамтамасыз ету қабілеті байланысты болатын, Қазақстан Республикасының заңнамалық тұрғыдан танылған саяси, экономикалық, әлеуметтік және басқа да қажеттіліктерінің жиынтығы» түсініледі.
Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстанда егемендік, аумақтық тұтастық, табысты әлеуметтік-экономикалық даму секілді өмірлік тұрғыдан маңызды ұлттық мүдделерді қамтамасыз ету бойынша тұтас проблемалар кешенін шешу жөнінде іргелі шаралар жүзеге асырылды.
Ядролық қарудан бас тарту мемлекеттің жетекші ядролық державалар тарапынан халықаралық қауіпсіздік кепілдігін алуына мүмкіндік берді. Қазақстанның құрлықтағы шекараларын заңды түрде ресімдеу оның аумағына қол сұғылмауы мен оның тұтастығына халықаралық-құқықтық кепілдіктерді қамтамасыз етті.

Қазіргі таңда елдің ұлттық қауіпсіздігінің негізгі басымдықтары ішкі және сыртқы қатерлерге (экстремизм мен терроризмге, жаппай қырып-жою қаруларын таратуға, этносаралық және конфессияаралық жанжалдарға және басқаларға) қарсы тұруды ғана білдірмейді. Қоғамдық, әскери, саяси, ақпараттық қауіпсіздікпен қатар экономикалық қауіпсіздік те мемлекеттік саясаттың шешуші факторы болып танылып отыр. Елдің қалыпты тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуде экономикалық факторлар — өндірістің бәсекеге қабілеттілігі, халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасы, қаржылық, энергетикалық, азық-түліктік және көліктік қауіпсіздікті, ұлттық экономиканың, оның ішінде оның индустриялық-инновациялық құрамдасының тұрақтылығы мен орнықты дамуын қамтамасыз ету, сондай-ақ Қазақстанды әлемдік экономикалық жүйеден оқшаулап тастауға жол бермеу үлкен рөл атқарады.

Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, жаңғырту мен технологиялық және инновациялық жаңарту ғана әлеуметтік-экономикалық дамудың жоғары динамикасын сақтауды қамтамасыз ете алады. Осы тұрғыдан алғанда, ел Президенті ұсынған «Қазақстан-2050» стратегиясы, сондай-ақ «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ" атты Жолдау қазақстандық реформалардың мазмұнын нақтылай түсіп, іргелі мағынаға ие болып отыр.

Әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру терең жаңғырту жүргізуді, ғылымды қажетсінетін экономика моделін жасауды, инвестициялар, ғылыми зерттеулер, еңбек өнімділігі-деңгейін арттыруды, шағын және орта бизнесті дамытуды, халықтың өмір сүру сапасын арттыруды көздейді272. Осы амбициялы мақсатты іс жүзіне асырудың маңызды тетіктерінің бірі Қазақстан экономикасының өңірлік және жаһандық экономикалық жүйелерге интеграциялануын тереңдету болып табылады.
Ішкі және сыртқы саясат бағытының басымдықтарын айқындай отырып, Қазақстан басшылығы интеграция — уақыт талабы, ал одан бас тарту елді әлемдік экономиканың ту сыртына ығыстырып тастайды деген пікірді негізге алды. Қазіргі әлемде бірлескен күш-жігер ғана, ағымдағы және әлеуетті қауп-қатерлер мен сын-қатерлерге лайықты жауап беруге ықпал ете алады. Сондықтан да еуразиялық интеграциялық түзілімдер шеңберіндегі ынтымақтастық елдің сыртқы саясатының шешуші бағыттарының бірі болып табылады.

Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2014 — 2020 жылдарға арналған тұжырымдамасында негізгі мақсаттардың бірі ретінде «өңірлік және халықаралық сауда-экономикалық қатынастар жүйесіне одан әрі интеграциялану» белгіленген.

Интеграцияны тереңдету жөніндегі стратегияның маңызы Қазақстан ғана емес, интеграциялық процеске барлық қатысушылар үшін-де объективті түрде арта түсіп отыр. Президент Н.Ә. Назарбаевтың пікірі бойынша, КО және БЭК елдерінің стратегиялық мүдделерінің ортақтығы, яғни олардың өз өндірістерінің бәсекеге қабілеттілігін арттырудан, шикізаттық бағыттан арылудан, инновациялық және технологиялық серпіліс жасаудың аса қажеттігінен көрінген ортақ мүдделері бірлесіп іс-қимыл жасау үшін және экономикалардың нақты өсімін қамтамасыз етуге және қалыптасу үстіндегі ЕАЭО-ны кең ауқымды әлемдегі жетекші позицияларға алып шығуға мүмкіндік алу үшін кеңістік құруға жеткізді. Еуразиялық экономикалық одақтың транзиттік әлеуетін, қазіргі заманғы көліктік-логистикалық жүйесі бар халықаралық дәліздер құру мүмкіндіктерін барынша пайдалану — барлық елдердің мүддесіндегі іс, ол еуропалық және азиялық нарықтарға тауарларды жеткізу мерзімдерін бірнеше есе қысқартуды қамтамасыз ете алады.
Бірлескен ғылыми-зерттеу орталықтары мен ортақ азық-түлік нарығын, макроөңірлік энергетика жүйесі мен бейбіт мақсатта атом энергиясын өндірудің біртұтас циклін құру, аэроғарыш кластерін дамыту және геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізу үшін күш-жігерді біріктіру — еуразиялық кеңістіктегі елдер едәуір экономикалық әсер ала отырып, толыққанды өзара іс-қимыл жасаса алатын позициялардың толық емес тізбесі осы.

Қазақстан көшбасшысы G-Global идеясын — ХХІ ғасырда әлемді сапалық тұрғыдан жаңаша құру идеясын ұсына отырып, еуразиялық интеграцияда ұлттық стратегиялық мүдделерді ұғынудың тағы бір қырын ашып көрсетті. Бұл идеяның басты мақсаты үш жетекші трендтің — жаһандану, өңірлену және ұлттық жаңару трендтерінің оңтайлы үйлесіміне негізделетін әлемдік құрылыстың тартымды моделін құру болып табылады. Мәселенің бұлайша қойылуы жаһанданушы әлемде ұлттық мүдденің мазмұны мен рөлі туралы жалғасу үстіндегі өткір пікірталастар тұрғысынан аса қажетті болып көрінеді. Жаңа әлемдік тәртіпті ұйымдастыру үшін қолайлы болып табылатын, «Төрт Т» — Trust (сенім), Traditions (дәстүр), Transparency (транспаренттілік), Tolerance (тағаттылық), — атты тұғырлы тіркесте көрініс тапқан қағидаттар жаһандық ынтымақтастық үшін-де, еуразиялық интеграция үшін-де негіз бола алады.

Бұл ретте G-Global идеясы ұлттық мүдделердің өзара қарама-қайшылығын емес, олардың арасында барынша жоғары теңгерім орнатуды көздейді.
Қазақстанның КО, БЭК, болашақ ЕАЭО секілді халықаралық экономикалық бірлестіктер құру бойынша белсенді іс-қимылға мүдделі болуы нақты экономикалық қажеттіліктерден және ұзақ мерзімді басымдықтардан туындап отыр. Бұл ретте өңірлік интеграциялық құрылымдарды құру өзіндік мақсат ретінде емес, негізгі қажеттіліктерді қамтамасыз етумен — қоғамдық прогрестің неоиндустриялық сатысына ойдағыдай көшудің іргелі шарттарын қалыптастырумен байланысты маңызды міндеттерді іске асыруға арналған тетік ретінде қарастырылып отыр.
Кеден одағына кіру Қазақстанға 170 млн. адамдық халқы бар орасан зор нарыққа шығу мүмкіндігін береді. Жасалған болжамға сәйкес 2015 жылы әрбір қатысушы елдің ЖІӨ өсімі 15%-ға жуықты құрап, ал Қазақстанның КО-ға қатысуынан болатын жалпы тиімділік 16 млрд. доллар шамасында болады деп бағаланып отыр.

Өзара саудадағы кедергілерді алып тастау КО мүшелері арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге, өзара тауар айналымының ұлғаюына ықпал етуге тиіс. Бұған қоса, әкімшілік кедергілерді алып тастау және тауарлардың еркін қозғалысын қамтамасыз ету шетелдік инвестицияларды тартуға, бірлескен кәсіпорындарды, өзара толықтырушы кооперацияны дамытуға негізгі ынталандырушы болып табылады.
Кеден одағының шеңберінде өзара инвестициялардың өсуі үшін қолайлы жағдай жасалады. КО-ға қатысу қазақстандық өндірушілер тарапынан бәсекеге қабілеттілікті арттыруға елеулі ынталандыру болып табылады.

Бірыңғай экономикалық кеңістікті құру процесіне қатысу — Қазақстанның мүддесіндегі іс. БЭК шеңберінде қатысушы мемлекеттердің шекаралары арқылы тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, қаржылық және адами капиталдың еркін қозғалысын іске асыру басқа жағдайларда шешіле алмайтын көптеген мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Мәселен, тауарлардың еркін қозғалысын жүзеге асыру өзара саудада демпингке қарсы, өтемақы, арнайы және қорғау шараларын қолдануды бәсекелестік пен субсидиялар саласында бірыңғай қағидаларды қолданумен алмастыруды көздейді.
«Төрт еркіндікті» — тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің қозғалу еркіндігін іске асыру — баға белгілеу және тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, электр энергетикасы, газ тасымалдау саласындағы табиғи монополиялардың көрсетілетін қызметтеріне өзара қолжетімділікті қамтамасыз етуді көздейді. БЭК-ті қалыптастыру және оның қызметі ДСҰ нормалары мен қағидаларын ескере отырып жүзеге асырылады, бұл ұлттық нормалар мен қағидаларды халықаралық стандарттармен сәйкестендіру үшін алғышарт жасайды.
Қазақстанның еуразиялық интеграциялық жобаларға қатысуы, әдетте, жаһандық ойыншылармен ғана өзара іс-қимыл жасасатын ҚХР-дың, Үндістанның, Жапонияның ірі нарықтарымен тең құқылы экономикалық сұхбат құруға мүмкіндік ашады.

Соңғы жылдары Қазақстанның экономикасы оң өсу қарқынын танытып келеді, бірақ ол әліге дейін елеулі тәуекелдерден толық арыла алмай отыр. Жаһандық рецессияның теріс әсері сақталып тұр, мұнайға әлемдік бағалардың тиімсіз ауытқуы орын алуы мүмкін, АҚШ және Еуроодақ экономикаларының қалпына келу барысы да бұлыңғыр болып отыр. Осының барлығы әлемдік экономиканың жай-күйіне теріс әсерін тигізіп, Қазақстандағы инвестициялық белсенділік пен өнеркәсіптің өсу қарқынына елеулі кедергі болуы мүмкін. Осы жағдайда Қазақстанның КО мен БЭК-ке қатысуы Бірыңғай кедендік аумақта өзара сауданы дамыту, тауар айналымын тездету және өнім өткізу мүмкіндіктерін кеңейтуші фактор ретінде қарастырылады.

Қазақстанның стратегиялық мүдделері жүйесінде көліктік инфрақұрылымды дамыту және оның транзиттік әлеуетін іске асыру үлкен маңызға ие. Сарапшылардың деректері бойынша, қазақстандық транзит-көлік нарығының әлеуеті 2 млрд. доллардан астамды құрайды, ал республика болса, қазір одан нақтылы түрде 800 млн. долларға жуық қаражат қана алып отыр. Бұл транзиттік әлеует толық пайдаланылмай отырғандығын көрсетеді. Болжамдық есептеулерге сәйкес 2015 жылға қарай континенттер арасындағы тауар айналымының көлемі 1 трлн. долларға жетіп, транзиттен түсетін кіріс 80 млрд. долларды құрайды.

ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Үкімет алдына 2016 жылғы қарай Қазақстанды өңірдің сауда, логистикалық, іскерлік «хабы» ретінде қалыптастыру міндетін қойды. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан үшін Бірыңғай экономикалық кеңістіктің әлеуетін пайдалану өзекті болып табылады, оның шегінде көлік-логистика желісінің интеграцияланған қызметтерін дамыту, оның бірыңғай технологиясын, сапа стандарттары мен баға саясатын жасау үшін барлық алғышарттар бар. Бұл көлік дәліздері инфрақұрылымын дамытудың технологиялық параметрлерін әзірлеу жөніндегі іс-қимылды одан әрі үйлестіру тұрғысынан да маңызды.
Қазақстан КО-БЭК шеңберінде өңірлік әріптестерімен арадағы интеграциялық жоба арқылы ҚХР-мен неғұрлым тығыз байланыс орнату мақсатында «Ұлы Жібек Жолының экономикалық белдеуі» атты жобаны жүзеге асырудағы өз мүдделерін іске асыра алады. Чуньцин провинциясынан Еуропаға және керісінше транзиттік тасымалдарды дамыту туралы қол қойылған меморандум осының айғағы іспетті, бұл Қазақстанның, Беларусь пен Ресейдің бірлескен күш-жігерінің алғашқы үлкен нәтижесі болып табылады, ол қосымша 20,5 млн тонна жүк тасымалдауды қамтамасыз етуге тиіс.
Қазақстан БЭК елдерінің көліктік инфрақұрылымына қол жеткізуді реттейтін келісімдерге қатысуға мүдделі. Жүк тасымалдарына арналған ішкі теміржол тарифтерін бірдейлендіру жүк экспортымен айналысатын және жүк транзитін жүзеге асыратын қазақстандық компаниялар үшін тиімді.

Бұл ретте мамандар осы мүддені іске асыруда мынадай елеулі қиындықтар бар екенін атап өтеді:
— өткізу нарықтарының шалғай болуына байланысты көліктік тарифтер экспортталатын тауарлардың құнын айтарлықтай ұлғайтады, бұл олардың бәсекеге қабілеттілігіне ықпал етеді;
— ҚР-да, РФ мен БР-да импорт, экспорт және ішкі бағыттар үшін әртүрлі теміржол тарифтері қолданылады;
— Ресейде теміржол тасымалдары әуел бастан қымбат, бұл қазақстандық және беларусьтік тұтынушылар мен өндірушілерге әсер етеді.
Осы проблемаларды тараптардың ұстанымдарын мұқият келісе отырып, байыпты түрде шешу тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің еркін қозғалысын нақты қамтамасыз етуді, үш ел экономикасының орнықты өсімін және олардың әлеуетін арттыруды қамтамасыз етуге тиіс.
Қазақстан үшін БЭК елдерімен отын-энергетика саласында өзара іс-қимыл жасасу үлкен қызығушылық туғызады. Қазақстан көмірсутегі шикізатын барлау, өндіру және оны Ресей мен Баларусьтің магистралдық құбыржолдары арқылы әлемдік нарықтарға тасымалдау саласында тығыз ынтымақтастық жасасуға, бірлескен өндірістерді ұйымдастыруға, сондай-ақ мұнай-газ өндіруші кәсіпорындарды бірлесіп жаңғыртуға мүдделі.
Мұндай өзара іс-қимыл республиканың мұнай-газ секторын дамытуға тән бірқатар ерекшеліктер бар болып тұрған кезде маңызды мәнге ие болады, бұл ерекшеліктерге, атап айтқанда:
— қазақстандық мұнай өнеркәсібінің ресейлік мұнайды жеткізіп беруге тәуелді екені жатады. Қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарында (МӨЗ) ресейлік мұнайды қайта өңдеу көлемі Павлодар мұнай-химия зауытында (ПМХЗ) 50%-ды және ПетроҚазақстанОйлПродактста (ПҚОП) 50%-ға жуықты құрайды.
— батыс өңірлерден газ тасымалдау бойынша газ құбыржолдарының болмауына байланысты Өзбекстан мен Ресейден табиғи газ жеткізуге тәуелділік жатады.
— қазақстандық газды үшінші елдерге тасымалдау үшін Ресейдің газ тасымалы жүйесіне бірдей қолжетімділік ұсыну және қазақстандық газға әділетті нарықтық баға белгілеу бойынша «Газпром» ААҚ-мен арадағы келіспеушіліктер.
— көрші елдерде (Әзербайжан, Ресей) теңіз жобаларын жүзеге асыру бойынша артық қуаттар мен жинақталған үлкен тәжірибенің болуы жатады, бұл олардың бәсекелестік артықшылығын күшейтеді.
— Ресейден мұнайды жеткізіп берудің шектелу немесе осындай жеткізілімдерге қатысты экспорттық баж алу тәуекелі.
— Өзбекстан мен Респйден газ жеткізуді шектеу салдарынан газдың ықтимал тапшылығы жатады.
Қазақстан еуразиялық интеграциялық жобалар шеңберінде КО-БЭК елдерімен геологиялық-барлау саласында ынтымақтастықты дамытуға мүдделі болып отыр. 2050 жылға дейін даму стратегиясында бұл бағытқа саланың әлемдік нарыққа шығу перспективалары тұрғысынан ерекше мән берілген.
Бүгінгі күні геологиялық-барлау саласын дамытуда орын алып отырған проблемаларды ішкі, сондай-ақ сыртқы ресурстарды пайдалану есебінен шешуге болады. Бұл тұрғыда Қазақстан экономикасының негізі ретіндегі энергетика саласын қорек көзімен қамтамасыз ету ісінде геологиялық-барлауға шешуші рөл бере алатын халықаралық барлау консорциумдарын құру бойынша жаңа жобаларды іске қосу Қазақстан үшін өзекті болып табылады.
Қазақстанның КО-ға қатысуы қазақстандық машина жасау мүмкіндіктерін дамыту тұрғысынан да қызығушылық туғызады. Мамандардың пікірі бойынша, жаңа кедендік тарифтерді енгізу нәтижесінде импорттық баждардың ұлғайтылуы әлемнің жетекші автомобиль компанияларымен бірге бірлескен құрастыру өндірістерін ұйымдастыруға және өнімді Кеден одағы елдерінің аумағына экспорттауға ынталандыру болуға тиіс.
Қазақстанда шығарылған автомобильдерді өткізу үшін нарық көлемін ұлғайту республикада толық циклді автоөндіріс ұйымдастыруға, қазақстандық қамту шамасын біртіндеп арттыра отырып, автоқұрауыштар өндірісін құруға мүмкіндік береді.
Қазақстан БЭК шеңберінде электр энергетикасы саласындағы ынтымақтастыққа үлкен үміт артып отыр. Еліміз үшін БЭК елдеріндегі табиғи монополиялардың көрсетілетін қызметтеріне қол жеткізу, электр энергетикасы саласындағы баға белгілеу және тариф саясаты мәселелерін шешу, сондай-ақ БЭК-ке қатысушы мемлекеттердің қатарласа жұмыс істейтін энергия жүйелерінің негізінде ортақ электр энергетикасы нарығын құру мүмкіндіктері елеулі қызығушылық туғызады. Қазақстанда электр энергиясын БЭК-ке қатысушы мемлекеттің энергия жүйесінің бір бөлігінен іргелес мемлекеттің энергия жүйесі арқылы басқа бір бөлігіне мемлекетаралық беруді қамтамасыз ету мүмкіндігінің пайда болуы ерекше маңызға ие.
Мұндай тәсіл Қазақстанның батыс облыстарында энергияның тапшы екендігіне және олардың басқа өңірлердегі электр желілеріне қосылмағандығына байланысты ерекше өзекті болып табылады. Батыс Қазақстанды ресейлік желілер арқылы транзиттік-алмастырушы схема бойынша ҚР-дың солтүстік өңірлерінен электр энергиясымен қамтамасыз ету проблемасы да жаңа интеграциялық жобаларға қатысу арқылы шешіледі. БЭК елдеріндегі табиғи монополиялардың көрсетілетін қызметтеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету Қазақстанның энергиямен жабдықтаушы компанияларының қаржы-экономикалық жағдайын айтарлықтай оңалтуға мүмкіндік береді.
Қазақстаннан энергияны ресейлік электр желілері арқылы Беларуське жеткізу мүмкіндігі тағы бір артықшылық болуы мүмкін. Қазіргі бар қажеттіліктерді қанағаттандыру елеулі экономикалық әсерге жеткізуге тиіс. Мәселен, алдын ала есептеулер бойынша 2015 жылы ҚР-да электр энергиясын өндіру оны тұтынудан жылына 2,95 млрд кВт.-ға асып түсуі мүмкін. Осы көлем Қазақстанның экспорттық әлеуетін құрайды, оны Ресейге-де, Беларуське-де жіберуге болады. 2010 жылғы бағалар бойынша және Қазақстан мен Ресейдің электр желілері арқылы электр беруге жұмсалатын шығыстарды ескергенде, 2015 жылы электр энергиясын Ресей аумағы арқылы экспортаудан түсетін болжамды пайда жылына 7,16 млрд теңгені құрайды.
Қазақстан үшін БЭК елдерімен, АӨК саласында өзара ынтымақтастық жасасу елеулі қызығушылық туғызады. Бұл қызығушылықты КО-БЭК-тің басқа елдерімен салыстырғанда Қазақстанның жалпы халық санында ауыл тұрғындарының үлесі анағұрлым көп (45,3%) екендігі-де күшейтеді.
РФ мен БР-да бұл көрсеткіш 30%-дан аспайды. Тиісінше ҚР-ға ауыл шаруашылығы өндірісінде жұмыспен қамтылғандардың Беларусьтегі 10,3% бен Ресейдегі 8,1%-ға қарағанда ең жоғары — 27,3%-дық үлесі тән.
Қазақстан КО-ға кіру мен кейіннен ДСҰ-ға кіруді агроөнеркәсіптік секторды дамытудағы басты кедергілерді: өнімділіктің төмен-деңгейін, жетілмеген технологиялық базаны және ауыл шаруашылығы өндірісінің ұсақ тауарлы сипатын еңсеру тұрғысынан қарастырады.
Бұл бойынша Қазақстан үшін БЭК шеңберінде ДСҰ-ның Ауыл шаруашылығы бойынша келісімінің талаптарына балама түрде аграрлық саланы субсидиялауға бірыңғай тәсілдерді әзірлеу үлкен қызығушылық туғызады. Бұл ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын әлемдік нарықтарға шығу кезінде неғұрлым қатаң бәсекелестік жағдайындағы қызметке біртіндеп дайындау үшін қосымша мүмкіндіктер береді.
Бұл ретте БЭК-ке қатысушы елдерде аграрлық салаға мемлекеттік қолдау көрсетудің әртүрлі болуы (Беларусьте мемлекеттік қолдау-деңгейі — 18%-ға жуық, Ресейде — 6%-ға жуық, Қазақстанда — 4%-ға жуық) Қазақстанға аграрлық саланы қолдау көлемін ұлғайту үшін қосымша мүмкіндік ретінде қарастырылады. Ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеумен айналысатын қазақстандық кәсіпорындар үшін мемлекеттік қолдаудың теңдей жағдайларын жасау ішкі тұтынуда сүтті, қантты теңдетіп қайта өңдеу өнімдері бойынша импорт үлесін қысқартуға алып келіп, кәсіпорындардың шаруашылық-қаржылық қызметіне оңынан әсер етуге тиіс, бұл жалпы алғанда, АӨК-тің қайта өңдеуші салаларын дамытуға жағымды ықпалын тигізеді. Мұндай тәсіл өнеркәсіп орындарына субсидиялар беру жағдайында да тиімді болады.
Қазақстан үшін ғарыш саласындағы ынтымақтастықты дамыту да аса өзекті болып табылады. Бүгінгі күні нысаналы ғарыштық байланыс жүйелерін құру, Жерді қашықтықтан зондтау жөніндегі, ғылыми-технологиялық мақсаттағы, дәлдігі жоғары жерсеріктік навигациялау, жерүсті ғарыш инфрақұрылымын, ғарыш саласының ғылыми және ғылыми-технологиялық базасын дамыту, кадрлар даярлау жөніндегі бірқатар міндеттерді мемлекетаралық өзара іс-қимыл жүйесінен тыс жүзеге асыру мүмкін емес.
Қазақстандық ғалымдар үшін Ресейдің ғарыш бейініндегі ірі ғылыми-зерттеу ұйымдарымен тығыз байланыс жасау үлкен маңызға ие. Халықаралық ынтымақтастық негізінде ғарыш жобаларын іске асыру арқасында Қазақстан ұлттық экономиканы қозғаушы күштердің біріне айналатын толыққанды ғарыш саласын қалыптастыра алады.
Қазақстан ғылым және қазіргі заманғы технологиялар саласындағы тығыз әріптестік байланыстарды одан әрі дамыта түсуге мүдделі болып отыр.
Үш елдің жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу ұйымдары арасында, ақпараттану, геология, экология, физика, жаңа материалдар, стратегиялық ақпараттық технологиялар, адамды, энергиялық тиімділікті, наноматериалдар мен бионаножүйелерді кешенді түрде зерттеу саласындағы ынтымақтастықты нығайту жергілікті зерттеулер негізінде ғылымды қажетсінетін өндірістерді дамытуға мүмкіндік беретін байыпты ғылыми базаны қалыптастыруға мықты негіз жасайды. Мұндай зерттеулер, әсіресе, интеграциялық процеске барлық қатысушылардың алдында тұрған ортақ міндеттерді — экономика мен экспорттың шикізаттық бағытын еңсеру, инновациялар мен жоғары технологиялар экономикасына көшуді қамтамасыз ету міндеттерін шешу тұрғысынан ерекше маңызды.
Қазақстан интеграция жөніндегі әріптестеріне өзінің ДСҰ-ға бірлесіп кіру бойынша белгілі бір мүдделерін жүктеді. 2012 жылдың жазында Ресейдің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі елдің мүмкіндіктері мени перспективаларын жаңаша бағалауға мәжбүр етті. Әуел бастан ДСҰ-ға және өңірлік интеграциялық бірлестіктерге кірудің арасында консенсусқа қол жеткізудің қиын болатынын айтқан кейбіреулердің үміті белгілі бір түрде, ақталды. Ресейдің ДСҰ-ға кіруінің келеңсіз салдарының бірі, АҚШ пен ЕО ұсынған кедендік-тарифтік қорғау-деңгейін Кеден одағындағы жұмыспен үйлестіруге байланысты қиындықтар болды. Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ДСҰ-ға кіру кезінде елдің қорғалу-деңгейін өзгерту бойынша Ресеймен бірлесіп келіссөздер жүргізу туралы ұсынысы нақ осы мәселеге негізделді.
Интеграцияның экономикалық емес факторларына келетін болсақ, олардың арасында сыртқы геосаяси жағдайлардың (іргелес өңірлердегі тұрақсыздандырушы процестер, Таяу Шығыстағы оқиғалар, Ауғанстаннан американ әскерін шығарудың күтіліп отырғандығы және соның салдарынан Орталық Азияның оңтүстік шептерінде терроризм мен экстремизм қатерінің болжамды түрде өсуі) әсері, сондай-ақ қоғамдағы ішкі саяси тұрақтылықты сақтауға деген ұмтылыс айқын болып табылады. Осы процестер ел алдына бүлдіруші үрлістерге қарсы тұру мақсатында өзара іс-қимылды тереңдету қажеттігін айқын көрсете отырып, қауіпсіздік саласында бірқатар елеулі міндеттерді қояды, Қазақстанды еуразиялық кеңістіктегі интеграцияны тереңдетуге бағыттайды.
Әрине, Қазақстанның еуразиялық интеграциядағы мүдделері КО-БЭК-ке мүше елдердің мүдделерімен тығыз астаса өрілу жағдайында жүзеге асырылып жатыр. Бұл ретте бәсекеге мемлекеттер ғана емес, өңірлер, салалар, әртүрлі меншік нысанындағы компаниялар, ТҰК-тар және олардың филиалдары қатысып отыр.
Интеграциялық бірлестіктердің қызметі шеңберінде әртүрлі топтардың, ең алдымен, бүкіл ірі бизнестің, мұнай-газ және металлургия өнеркәсібінің экспортаушы кәсіпорындарының мүдделері іске асырылып жатыр. Бүкіл ұлттық субъектілерді, оның ішінде шағын және орта бизнестің (ШОБ) қайта өңдеуші кәсіпорындарын, отандық экспорттаушылардың қалың тобын қорғау да мемлекет үшін бірінші кезекті мәнге ие.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасына бизнесті қорғау бойынша тиісті функциялардың берілуі-де, біздің ойымызша, экономикалық интеграцияның әртүрлі-деңгейлерінде қазақстандық мүдделердің сақталу проблемаларын шешуге ықпал ететін болады.
Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев 2014 жылғы 28 сәуірде ММУ-да сөйлеген сөзінде өзінің еуразиялық бастамаларының мәні «әуелден Қазақстанның, Ресейдің, Беларусьтің, сондай-ақ, Еуразия кеңістігіндегі басқа да елдердің қарапайым азаматтарының мүдделері туралы шынайы қамқорлықта» жатқанын тағы бір рет атап көрсетті.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз