«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».
Н. А. Назарбаев
Басты бет » Қазақстан тарихы » Тәуелсіз Қазақстан » Ұлт құрылысы » Тарихи сана — ұлтты ұйыстырушы фактор

Тарихи сана — ұлтты ұйыстырушы фактор

Мәселен, аңыз-әңгіме, жыр-дастан, батырлық эпос тағы сол сияқты басқа да байырғы дәстүрлі туындылардың мазмұндық құрылымында ата-баба өсиеті, өткен заман тарихын білу және қадірлеу, ондағы салт-дәстүрлерді берік ұстану, еңбекке адалдық, қоршаған қоғамға, табиғатқа қамқорлық сияқты құндылықтар насихатталады. Ежелгі өркениет дәуірлерінде-ақ тарихи таным этникалық сананы қалыптастырудың қайнаркөзі һәм халықтың жады іспетті болып, адамды әлеуметтік тәрбиелеудің үлгісі ретінде қабылданды. Гуманизм мен, ағартушылық идеялары үстемдік құрған жаңа заман кезеңінде тарихи сана тұлғаның дүниетанымын қалыптастырып, қоғамдық таным көкжиегін кеңейтуіне түрткі болды. Адамзат өркениеті дамуының мыңжылдық тарихын саналы тұрғыда түйсініп ондағы игі құндылықтар мен озық жаңалықтарды бойға сіңіру-де тек адамның тарихи танымы негізінде жүзеге асатыны қазіргі кезеңде айқын тұжырым. Сұрапыл өзгерістер мен қарқынды дамуды бастан кешіп жатқан күрделі әлемнің бір мүшесі «сен» екеніңді сезінтіп, «қоғам тарихын», «ұлт тарихын» жасауға біркісілік үлесіңді қосуға ниеттендіретін-де, отансүйгіштікке тәрбиелейтін-де сол тарихи сана. Атамекен, туған жер, патриотизм сияқты киелі түсініктердің тамырына балта шабуға бағытталған идеялардың бел алған қазіргі заманымызда бұл мәселенің өзектілігі арта түсуде.

Әрине, өткенге деген қызығушылық лайым бір биікте болмайды, бірақ қандай халық, қандай ұлт болмасын тағдырының асау өткелдерінде, дамуының қиын қыстау замандарында, тағдырын шешер соғыстар мен бетбұрыс кезеңдерінде ең алдымен өзінің тарихи жадына жүгіп шешім қабылдайтыны аксиома.

Қазір түрлі әлеуметтік топтардың, әсіресе жастардың тарихқа деген қызығушылығы біртіндеп артып келеді. Бұл қызығушылықты қолдап қана қоймай оны жастарымыздың жанжақты дамыған тұлға болып қалыптасуына қажетті тарихи сана элементтерін қалыптастыру арнасына бұрып жіберуіміз керек-ақ. Ойлау мәдениеті ең әуелі көлемді-де терең білімді қажет етеді. Тарих-бұл қазіргі ұрпақтың әлеуметтік есі, жады. Ұрпақтың жады яғни әлеуметтік есте сақтау қабілеті неғұрлым берік болса соғұрлым қоғам мүшелерінің руханилығы кемел болады және алдыңғы толқын буыннан мұра болып қалған әлеуметтік-экономикалық, мәдени тәжірибелерді тереңінен пайымдауына жағдай туады. Бір сөзбен қайырғанда, тарихи таным тұлғаның адамгершілігін арттырып азаматтылықтың қалыптасуына түрткі болады. Тарихи білім жалпы адамзаттық құндылықтардың сақталып нығаюуына және адамның өзіндік шығармашылық ой еркіндігін ортақ қоғам игілігіне жұмсауға тәрбиелейді.

Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов ұлтының ұлылығына, халқының қадір-қасиетіне сүйсінген бір тұста: «…Шалқайса — тарих шыңы бар, еңкейсе — иен елі бар», деген екен өз заманында. Түсінгенге бұл сөздің астарында телегей-теңіз ой бар. Қазақтың өте бай, қатпары қалың шежірелі тарихы бар. Күні бүгінге дейін ұлтымызды сақтап, елдігімізге ұйытқы болып келген сол — ерліктің дастанындай ұлы тарихымыз.

ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында қоғамда орын алған әлеуметтік өзгерістердің бір парасы ежелгі заманнан күні бүгінге дейінгі еліміздің төл тарихын қайта зерделеуге деген талпынысы болып табылады.

Кеңес үкіметі кезеңінде бұрмаланып келген көптеген мәселелер қайта көтеріліп өзінің жанжақты объективті бағасын алуда. Соңғы екі он жылдықта қазақ халқының этникалық тарихы ғылыми негізде жаңғыртылып, көшпенділер өркениетінің әлемдік тарихтағы орны, рөлі және өркениетке әкелген әсері зерттелуде.

Елімізде тарихты зерттеу бағытында қызмет атқарып жатқан төрт ғылыми институттың үшеуі Тәуелсіздік алған жылы құрылғандығын ескерер болсақ, отандық тарих ғылымының институциялануы үдерісінің аяқталғандығын айта аламыз. Сонымен қатар екі рет Ұлттық тарихшылар конгресі өткізілді.
Отандық тарихшы ғалымдарымыз «Мәдени мұра» және «Ғылыми қазына» сынды арнайы мақсатты бағдарламаларға белсенді қатысуда.

«Халық тарих толқынында» тарихи зерттеулер бағдарламасының қабылдануы және жүзеге асырылуы отандық тарих ғылымының жаңа кезеңінің басталғандығын көрсетеді. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында, «Қазақстан-2050» Стратегиясында және басқа да еңбектерінде қазіргі тарихшылардың алдында тұрған мәселелерді айқындап «жалпықазақстандық тұтастық" негізіндегі «ұлттың тарихи санасын қалыптастыру» міндетін айтқан болатын. Бұл тарихшы қауымның ғана емес, ұлт болып жұмылып атқатын шаруа.

Ж. ЖАҚСЫКЕЛДИНОВ, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ  Тарих факультетінің докторанты


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз