«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».
Н. А. Назарбаев
Басты бет » Қазақстан тарихы » Ресей империясы құрамындағы Қазақстан » Қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық дамуы XVIII – XIX ғасырдың ортасы » 1917 жылға дейінгі Арал өңіріндегі этнодемографиялық ахуалдың қалыптасуы

1917 жылға дейінгі Арал өңіріндегі этнодемографиялық ахуалдың қалыптасуы

28.01.15

Сырдария бойы ежелден адамдар қоныстанып, егін шаруашылығымен айналысып, отырықшылдыққа ерте көшкен жер. Сырдария өзенінің арқасында бұл жерлерде ондаған қалалар орналасып, ондаған мың гектар жерлерде егіс егілген. Бір ғана мысал, Арал теңізі тартылып, Барсакелмес аралына дейінгі жерлер құрғап қалғанда оның табанынан бұрын игерілген орны айқын көрініп жатқан ондаған мың гектар жерлер, ол жерлерге су апаратын ені он метрден асатын бірнеше каналдардың орны көрінді. Бұған қоса осы жерлерден табылған қала орнында ені 90 сантиметрдей болатын көптеген диірмендер табылды. Бұл дегеніміз осы жерде мыңдаған, тіпті ондаған мың адамдар өмір сүргенін көрсететін дәлел. Бұл Сырдарияның ең төменгі, ағысындағы жағдай, ал археологиялық зерттеулер нәтижесінде Сырдың барлық бойында көптеген қалалар, ауылдар орналасып, онда суармалы егіншілікпен айналысқан ондаған, жүздеген мың адам тұрғанықталды. Кейін ол қалалардың көбісі тарихтың тәлкегіне қарай қирап, халықтың біразы көшпелі мал шаруашылығымен айналысса да, Сыр бойынан халық арылған емес.
Сыр бойы Ресей қоластына көшкеннен кейін бұл жерлерге Ресей империясының басқа аймақтарынан қоныс алмастырушылар көбейді. Патша үкіметінің қазақ жеріне қоныс аудару саясатын үш кезеңге бөлуге болады: 1) 60-шы жылдар — бұл кезеңде казактардың қоныс тепкен Орал, Сібір жерлері және Қоқандар қуылған Сырдария, Жетісу жерлеріне Ресейдің ішкі аймақтарынан қоныс аудару патша үкіметінің қолдауымен жүргізілді. 2) 70-ші жылдар — бұл кезеңде қазақ жеріне қоныс аударуға үкімет тарапынан тиым салынды. 3) 80-90-шы жылдар — бұл кезеңде Ресей шаруаларына өз бетінше үкіметтің көмегінсіз қазақ жерлеріне қоныстануға рұқсат етілді.

1866 жылдың 12 маусымында Сырдария облысына Ресейдің ішкі аймақтарынан қоныс аударушыларды жайғастыру мәселесі бірінші рет көтерілді. «Қанша адамды қоныстандыра аласыз» деген сұрауға Сырдария облысындағы форттардың ішінде тек Жөлек фортының басшысынан ғана «100 жанұяны қабылдаймыз» — деген жауап келді [1, 109 бет]. Басқалары мүмкіндігіміз жоқ деп жауап берді. 1867 жылы Кауфман генерал-губернатор қызметіне кіріскеннен Сыр өңіріне сырттан келушілер саны көбейді. Қоныс аударылғандарға бастапқы кезде жер жеке иеліктеріне берілмей, арендаға берілседе жергілікті әкімшілік бұл жердің сатылып жатқанына көздерін жауып отырды.
Патша үкіметі Орынбор-Ташкент жолын қамтамсыз ету үшін жол бойында отставкаға шыққан солдаттармен шаруалардан селолар тізбегін салуға тырысты, алайда шаруалар жер шаруашылығына құнарлы жерлер іздеп Сыр бойына келуге аса құлықты болған жоқ. Осының салдарынан ХІХ ғасырдың 70–80 жылдарына қарай Қазалы уезінде селолар болған жоқ, ал Перовск уезінде 174 жанұя 4 селоға қоныстанды [1,109 бет].

Астық шықпай қалған 1891 жылы Ресейден ретсіз көшіп келушілер көбейген кезде Сырдария облысында оларды қоныстандыратын 6 қоныстандыру комитеттері құрылды. Олардың екеуі Перовск мен Қазалыда орналасты. Бұдан кейін өңірдегі этнодемографиялық жағдай күрт өзгерді. Егер 1880 жылы өңірдегі 1000 адамның 682-сі көшпенділер болса, 1896 жылы 567 көшпенділер, 299 жері бар егін шаруашылығымен айналысатындар, 134 қала тұрғындары болған. Бұл жерде айта кететін нәрсе жер шаруашылығымен айналысқандар тек қоныс аударғандар ғана емес, қазақтар да болды. Мысалы 1880 жылы өңір қазақтарының 1,5℅ жері бар қоныстанған қазақтар болса, 1896 жылы олар 7,1℅, құраған.

ХІХ ғасырдың соңында Сыр өңірін мекендеген жанұяларда қазақтардың үлес салмағының көп болуына байланысты бала туу-деңгейі жоғары болды. Мысалы 1867–1876 жылдары Сырдария облысындағы табиғи өсім 7,8℅ құраса, Орал қазақтары көптеп қоныстанған Оралда 5℅ құраған. 1877–1886 жылдары Сырдарияда — 14,4℅; Оралда 6,2℅; 1887–1896 жылдары Сырдарияда — 4,6℅; Оралда 6,2℅ құраған. Соңғы мәліметтегі ара-қатынастың өзгеруіне себеп — мал шаруашылығындағы жұт және эпидемиялық аурулардың көбеюі. Казактар қоныстанған жерлерде әскери госпитальдардың көп болуы денсаулық жүйесінің жоғары болуына әкелді, ал көшпенді мал шаруашылығымен айналысатын қазақтар ауылында медициналық көмектің болмауы қазақтардың көптеп өлуіне әкелді. Өлкеде 1 жасқа дейінгі балалардың өлімі өте жоғары болып, бір мыңға шаққанда 240–340 нәресте өлетін [1,121 бет].

ХІХ ғасырдың 70 жылдары Перовск уезінде 100.090 адам тұрса, оның 100℅ қазақтар болған; Қазалы уезінде 62 266 адамның 99,23℅ қазақтар, 200-і орыстар болған екен. Екеуін қосқанда 162.356 адам [1,124 бет]. Байқап отырсаңыздар Сыр өңірінің ыстығынан қашқан болу керек, орыстар я басқа ұлттар, бұл жерлерге қоныстануға әсіре ынта білдірмеген. Алайда, орыс әкімшілігінің нығаюы, Орынбор мен Ташкент арасындағы жол қатынасының орнауы бұл жерге орыс тілдес басқа ұлт өкілдерінің көптеп келуіне жағдай жасады. 1897 жылғы Бүкіл Ресейлік санақ өткенде Перовск уезіндегі халық саны 133.663-ке, Қазалы уезіндегі халық 140.541-ге жетіп, қазіргі Қызылорда облысының шекарасындағы халық саны 274.204-ке жеткен. Перовскіде 1084 орыс 0,81%; 117 украин 0,08%; Қазалыда 2 821 орыс, 2%; 95, украин ұлтының 0,68% өкілдері тұрған. Қазалы қаласының халқы Перовскіге қарағанда көптеу болған. Перовскіде 5058 адам тұрса, Қазалыда 7585 адам тұрған.

Басқа ұлт өкілдерінің Сыр бойында көбеюінің төмендегідей себептері болды. Қазіргі Қызылорда облысының жерінде ХІХ ғасырдың соңында топтасып келген ірі этнос өкілдері Орал казактарының патшаның «Орал казактарының жаңа ережесіне» қарсы шыққан тобы болды. 1875 жылы 2 мыңнан аса Орал казактары Түркістан өлкесіне жөнелтіліп Қазалыға келіп қоныстанса бір жылдан кейін арттарынан жанұяларыда жіберілді. 1879 жылға дейін басы аяғы бес мың адам қоныс аударылды. Олардың топтасып орналасқан негізгі орталығы Қазалы болды. Осы жерде олар кейін Қазақстанның, Орта Азияның басқа жерлеріне тарады. Казак әскерлерінің есаулы Ливкин 1902 жылғы өз есебінде Қазалыда 1500, Перовскіде 150 казак тұрады деп көрсеткен [2, 161 бет]. ХХ ғасырдың басына дейін Орал казактары Сырдария бойындағы поселкаларға және Арал теңізіндегі аралдарға қоныстанып, негізгі кәсібі есебінде балық аулау шаруашылығымен айналысты. Түркістандағы патша әкімшілігі кезінде бұл казактардан Түркістан казак әскерлерін құрғысы келді. Алайда қаржы тапшылығына байланысты, ал негізінен бұл казактарға деген сенімсіздіктен болуы керек бұл іс іске аспады.

Қазіргі кезде бұл топтың егде жастағы өкілдері өздерін орал казактарымыз деп атасада, жастары көп жағдайда орыстармыз деп атайды. Қазір Орал казактарының Қызылорда облысындағы саны қанша екені белгісіз. Себебі 1926 жылдан кейінгі санақ мәліметтерінде олар арнайы топ есебінде көрсетілмеген. Арал суы тартылғаннан кейін көбісі Ресейге, Шымкентке көшіп кетті. Қазіргі кезде Орал казактарының облыс көлеміндегі топтасып орналасқан жерлері Жосалы кенті және Қазалы мен Қызылорда қалалары.

Орыс әскерлері Орта Азияны жаулағанда бұхара еврейлері орыс әскерлеріне көп көмек көрсетті. Сыр бойында сауда-саттықпен айналысқан Бұқара еврейлері «егер Орыстар Бұқараны алғаннан кейін бізге Ресейдегі еврейлерге берген құқықтарын берсе, біз соғыстың барлық шығынын төлеуге дайынбыз» — деп мәлімдеген болатын [3,96 бет]. Осы себепке байланысты болу керек Бұхарамен жасасқан бейбітшілік келісіміне Бұхара еврейлеріне қатысты бірнеше пункт қосылды және еврейлердің капиталының салынуына жол ашылды. ХІХ ғасырдың ортасында, Ақмешітте болған орыс зерттеушісі А. К. Гейнс өзінің «Дневник 1866 года. Путешествие в Туркестан» — атты еңбегінде, Ақмешіт қамалын орыстар алғаннан кейін қамалдағы бірнеше дүкеннің орнында бұхара еврейлерінің базары пайда болды, ал Бұхарамен Ресейдің соғысы біткесін бұл еврейлер өз жанұяларын Сыр бойына көшіріп алғысы келеді — деп көрсетеді. Көп ұзамай еврей капиталының арқасында бұхара еврейлері Ресей азаматтығын алып, Ресей көпестері гильдиясына кіріп, өздерінің сауда-саттық операцияларын кеңейтіп қазақ жерлеріне, оның ішінде бірінші кезекте Перовскі мен Қазалыға көше бастады. 1910 мәлімет бойынша Қазалыда 25 еврей жанұясы болған. Ресейдің ішкері аймақтарынан келгендер үшін Сыр бойы тұруға қолайсыз жер болса, Орта Азия ыстығына, суына үйренген бұхара еврейлері үшін үйреншікті жер болды. Перовск қамалындағы солдаттардың жағдайы қиын болды, олар түрлі себептермен әскери борышын өтеу орнын басқа жаққа ауыстыруды көздеді, тіпті бұл үшін оларды басқа жаққа соттап айдап жіберседе кетуге дайын болды. 1853–1866 жылдары Перовскі маңайындағы казактарға басшылық жасаған К. Ф. Грузьдің айтуынша, Ақмешіт қамалындағы орыс солдаттары басқа жаққа айдалып кетем ба деген оймен жазықсыз 23 қазақты өлтірген. Бұл Американы жаулаушылардың жергілікті халыққа деген көзқарасымен бірдей еді.
ХІХ ғасырдың соңында Сыр бойында тұрған ірі этностардың келесісі — татарлар болды. Сыр бойындағы ауылдарды аралап сауда-саттық жүргізумен қатар олар негізінен Казань қаласында жарық көрген араб шрифтімен жазылған діни кітаптарды таратып мұсылман дінін нығаюына жағдай жасады. ХІХ ғасырдың соңындағы татарлардың қазіргі облыс көлеміндегі нақты саны жоқ, бірақ Қазалыда орналасқан қыздар мектебінде 40 оқушы татар қызы болған, бұдан бұл диаспораның ауқатты өкілдерінің санының Қазалыда қомақты болғанын көреміз.

Қазалы татарлыры ХІХ ғасырда негізгі фирмасы Орынборда орналасқан татар миллионері Хусаиновтардың Қазалыдағы фирмасының төңірегінде шоғырланды.
1906 жылғы Столыпиннің аграрлық реформасы Ресей империясындағы шаруалардың жаңа, ірі толқынын қайтадан қазақ жерлерін басып алуға итермеледі. 1871–1896 жылдары Ресейдің басқа жерлерінен Қазақстанға 327,8 мың адам келсе, 1897–1916 жылдарда 1 301.4 мың адам келді. Байқап отырсаңыздар, мигранттар қатары алдыңғы толқынға қарағанда 4 есеге дейін өссе-де, қазіргі Қызылорда облысы кіретін сол кездегі Сырдария облысына бірінші толқында 39,2 мың, екінші толқында 40 мың адам келген. Табиғаты шұрайлы, орманды аймақтардан келгендер ыстық, шөлейт келетін Сырдария облысына, оның ішінде Перовск, Қазалы уездеріне келуге онша ынтық білдірген жоқ. Мысалға айтатын болсақ 1908–1915 жылдарда Сырдария облысында жаңадан құрылған 162 поселканың 69-ы Шымкент, 86-сы Әулие-ата уездерінде, яғни 96℅ Сырдария облысының құнарлы жерлерінде құрылды.

1917 жылы Перовск уезінде 184.8 мың адам тұрған, оның 5.7 мыңы орыстар болған. Қазалы уезінде 256,3 мың адам тұрған, оның 14,8 мыңы орыстар. Екі уезде 441,1 мың адам оның 20,5 мыңы орыстар болған.
1870 жылғы 162 356 адамнан екі уез халқы 47 жылда 441,1 мыңға дейін өскен, оның ішінде орыстар саны 100 есе өссе, қазақтар саны 2 еседен сәл асқан. Байқап отырсаңыздар орыстандыру саясатының бір көрінісі, ассимилизацияның бастамасы ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында басталған екен, алайда бұл үдерістің толық іске асуына Қазан төңкерісі кедергі болды.
1916 жылғы патша үкіметіне қарсы көтеріліс Жоңғар шапқыншылығынан кейінгі қазақтарға қатты соққы болып тиген екінші, Ақтабан шұбырынды кезеңі болды. 1915–1917 жылдар аралығында Қазақстан мен Орта Азиядағы қазақтар саны 4753,8 мыңнан 4061,3 мыңға кеміді. Бірі көтеріліс кезінде қаза тапса, екіншілері патшаның жазалаушы әскерінің қаһарынан қорқып көршілес аймақтарға, шетелге кетіп жатты. Тарихшылар арасында көтеріліс тек Торғай мен Жетісуда болды деген жаңсақ пікір бар. Шындығына келгенде көтеріліс ошақтары Қазақстанның барлық аймақтарында болды, ал Торғай мен Жетісу аймақтары көтерілістің қызған жерлері болды. Себебі патша үкіметінің көтеріліс алдындағы 50 жыл бойы жүргізген қазақтардың жерлерін алып қою саясатының қарқынды, тонаушылық пиғылда жүргізілген жерлері осы екі өлке болды. Сондықтан көтеріліс ұраны көтерілгенде ашу-ызасы ішінде қайнап тұрған халық қолына бірден қару алып шықты.

1916 жылғы Қазақстандағы көтеріліс қарулы формада ғана емес, патша әкімшілігінің бұйрығын орындамау, көшіп кету түрінде-де байқалды. Осының себебі болу керек, көтеріліс ошақтары қатты байқалмаған Сыр өңірінде-де халық санының күрт кемуі байқалды. 1916–1917 жылдары Перовск уезінің қазақ ұлты халқы 178,5 мыңнан 151,5 мыңға, яғни 27 мың адамға, Қазалы уезіндегі қазақтар 240,5 мыңнан 122,6 мыңға, яғни 117,9 мыңға кеміді. Тарихта көтеріліс ошақтары белгіленбеген 2 уездегі қазақтар саны 1 жылда 144,9 мыңға кеміп кетті. Қазақстанның басқа өңірлерінде бұндай жағдай Қытаймен шекаралас аймақтарда ғана және Орта Азиядағы қазақ диаспораларында байқалды.

Бұлда патша әкімшілігінің ішкі саясатына наразылық білдірген Сыр өңірі халқының қарсылық акциясы болды. Патша әкімшілігі қазақтарды «тыл жұмысына аламыз» деп қазақ айтқандай «артық қыламын деп тыртық қылып алды». Тыл жұмысына қазақтарды алғанды былай қойғанда І-ші дүниежүзілік соғыс кезінде майданға әскер жетпей жатқанда, қазақ даласындағы көтеріліс қайта көтеріле ме деген үреймен патша үкіметі қазақ жерінде ондаған мың әскер ұстауға мәжбүр болды. Сол кездері Перовскімен Қазалыда патша әскерінің екі Сібір полкы тұрды.
Бірінші дүние жүзілік соғыспен 1916 жылғы Қазақстандағы ұлт азаттық көтеріліс аралығында Орта Азияда, Қазақстанда үлкен этнодемографиялық өзгерістердің тағы бір себебі бірінші дүние жүзілік соғыс тұтқындарының осы аймаққа әкелінуі болды. Толық емес мәліметтер бойынша Орта Азия мен Қазақстанға 150 мыңдай Австро-Венгрия әскери-тұтқындары әкелініп 37 лагерге қоныстандырылды. Бұлардың ішінде австриялық тұтқындардан тұратын мыңдаған офицерлері мен солдаттарының бір бөлігі Перовск және Қазалы маңындағы лагерлерге орналастырылған болатын. Бұл тұтқындардың жағдайы Орта Азияда орналасқан лагерлердегі тұтқындардан әлдеқайда жақсы болған көрінеді. Орта Азиядағы тұтқындардың жағдайын сипаттайтын жағдай есебінде Ташкенттен 22 шақырым жердегі Шыршық елді мекенінде орналасқан Троицк лагерінде қамауда ұсталынған 18 мың австриялық солдаттардың 1915–1916 жылдары 6150-і тифтен мерт болуынан көруге болады. Ал Қазалы мен Перовскідегі тұтқындарға көп жеңілдіктер жасалды. Мысалға алатын болсақ Қазалы және Перовскідегі лагерлерде орналасқан офицерлерге лагерден тыс жерлерде тұруға және өзінің қаржысына үй салып, сонда тұруға рұқсат етілді. Сол кезде Қазалы және Перовскіде салынған үйлер тұтқындағы офицерлерге 150–500 сомға түсіп отырды. Офицерлердің жағдайы жақсы болса да солдаттардың жағдайы мәз болған жоқ. Солдаттар лагерлерден қашып ауылдарда тұратын жергілікті тұрғындардың үйіне барып пана және жұмыс табуға тырысты. Түркістан әскери округінің сол кездегі мәліметі бойынша 1457 солдат және 72 офицер лагерден қашқан, олардың басым бөлігі австриялықтар болған. Жергілікті халық болса тұтқындардың бұл ісіне көмек беріп отырған.

1917 жылдың ақпан революциясынан кейін тұтқындардың жағдайы онан сайын жақсарды, енді олар Перовск, Қазалы көшелерінде еркін жүріп жергілікті халықпен байланыс орната бастады. Уақытша үкімет әкімшілігі 1917 жылдың 22 маусымында тұтқындардың жергілікті әйелдермен некелесу мәселесін-де қарады. Кеңес үкіметі Брест бітіміне қол қойғасын австриялықтардың көбісі өз отанына қайтты. Алайда бұлардың ішінде Қазақстанда: Қазалыда, Перовскіде қалғандары да болды. Олар азамат соғысына қатысып, Кеңес үкіметін орнатуға қатысты, кейбіреулері, ақтар жағына шығып Кеңес үкіметіне қарсы соғысты.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.  Бекмаханова Н.Е., Многонациональное население Казахстана и Киргизий в эпоху капитализма, М., Наука, 1986, 244 бет.

2.  Сагнаева С., Очерки традиционной культуры казачества Россий, том1, Краснодар, 2002.

3.  Гейнц А.К., Дневник 1866 года Путешествие в Туркестан.// Сборник литературных трудов М. 2009, том 1.

А.Ж. Оразбақов, т.ғ.к., «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз