«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».
Н. А. Назарбаев
Басты бет » Қазақстан тарихы » Ресей империясы құрамындағы Қазақстан » ХVIII-ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан мәдениеті » Алаш қайраткері М. Дулатұлының қазақ әдебиеті мен өнеріне қосқан үлесі

Алаш қайраткері М. Дулатұлының қазақ әдебиеті мен өнеріне қосқан үлесі

03.02.15

Алаш идеологиясын қалыптастырушылардың бірі. М.Дулатұлының қоғамдық-саяси қызметі қазақ зиялылары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытовтармен тығыз байланысты. Қазақтың зиялы қауым өкілдері сол қоғамның ең өзекті мәселесі отарлық езгіге қарсы ұлттың санасын оятып, оны қалыптастыру жолында өздерінің шығармашылық қызметтерімен де, қоғамдық-саяси қызметтерімен де алға шығып, қалың қазақ халқын соңдарына ілестіре білді. Қазақ халқының бойындағы ұлттық рухты, сана-сезімді ояту мақсатында, халықтың көзін ашу жолында аянбай күресті. Осы мақсатта «Қазақ», «Сарыарқа», «Алаш» газеттері арқылы орасан зор жұмыстар атқарды. Жастарды қоғам ісіне тартуда, олардың ой-санасының жетілуіне қажетті мәдени-ағарту саласында жүргізген қызметтері ұшан-теңіз. Міржақып сол кезеңдегі үкіметтің жүргізіп отырған саясатын шенеп, қазақ елінің егемендігі, ел болып жерге, суға иелік ету мәселесі, қазақ шаруаларының мұң-мұқтажы, қоныс аударушылар жайлы газет бетіне мақала, сын, әңгіме, өлеңдер жариялай бастайды. Оның алғашқы үкімет саясатын сынай жазған мақаласы «біздің мақсатымыз» деген атпен 1907 жылы «Серке» газетінде басылып шығады. Ал 1909 жылы Петербургте Міржақып Дулатұлы қазақ халқының көзін ашуға талпынып «Оян, қазақ!» деген кітабын жариялайды. Ақын «Оян қазақта» патша өкіметінің қазақтардың малға жайлы шұрайлы жерлерін тартып алып, ата-баба бейітін бұзып, халықты қалай болса солай тартқылап, не тіліне, не діліне, не жеріне иелік етуге мүмкіндік бермей, әбден езіп, жаншығаны Міржақыптың жүрегіне ауыр тиеді. Осы өлеңі арқылы халықтың ауыр тұрмысын ойлап, сынға алып жазады. «Оян, қазақ!» кітабы патша үкіметіне ұнамағандықтан М.Дулатұлы қамауға алынады. 1913 жылы А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатұлылардың белсенділігімен «Қазақ» атты биресми газет шығарыла бастайды. Бұл газетте негізінен қазақ халқының қоғамдық мүдделерін көксеген жер, оқу-ағарту, ұлт, дін сияқты маңызды мақалалар жарияланды. Сөйтіп «Қазақ» газеті қазақ зиялыларының басын біріктірді. «Қазақ» газеті арқылы «Алаш» партиясын дайындауда да елеулі жұмыстар атқарды. Қазақтың ұлт интеллигенттерінің алғашқы қадамы, қазақты біріктірудегі, көзін ашудағы, сана-сезімін оятудағы жұмыстар тікелей осы газет арқылы іске аса бастады. «Алаш» автономиясы мен Алашорда үкіметін құруда Міржақып Дулатұлы көп еңбек сіңірді. Сонымен қатар М.Дулатұлы – әдебиеттің әр түрлі жанрына қалам тартқан қаламгер. «Оян қазақ!» кітабынан бөлек, екінші өлең кітабы 1913 жылы Орынборда «Азамат» деген атпен жарыққа шығады. «Азамат» жинағына негізінен нәзік лиризм тән. Мұнда ақын адамның ішкі сезім-толғаныстарын, табиғаттың әсемдігін айшықты бедерлеуге ден қойған. «Мұң», «Сырым», «Арманым» өлеңдерінің осылай аталуларында да үлкен мән жатыр. Бұл өлеңдердің лирикалық кейіпкері – ел еркіндігін аңсаған, сол үшін ғұмырын арнаған күрескер жан. Міржақыптың үшінші өлеңдер жинағы – «Терме» 1915 жылы шыққан. Кітапта ағартушылық сарындағы бірсыпыра өлеңдерімен («Шәкірт») қатар «Оян, қазақ!» рухындағы туындылар да баршылық. Солардың ең елеулісі – «Елім-ай» өлеңі. Өлең, мәңгі ұмытылмас халық трагедиясының ескерткіші, әйгілі «Елім-айды» еске түсіреді. Осы айтылған үш кітапта да ақын өлеңдерінің басты тақырыбы – ел, жер тағдыры болды. Кітаптың негізгі мазмұны халықты оятуға, әділетсіздікпен күресуге шақырған өлеңдерден тұрады. Сол себепті де автор көп қудаланып, қуғынға ұшырайды. М.Дулатұлының қазақ әдебиетінде роман жанрын дүниеге келтірген құнды шығармасы – «Бақытсыз Жамал». Бұл роман бірінші рет 1910 жылы Қазан қаласында басылып шығады, екінші рет 1914 жылы, үшінші рет 1991 жылы қазақ оқырмандарымен қайта қауышады. «Бақытсыз Жамал» романы сол кездегі тарихи-әлеуметтік шындықты шынайы да көркем бейнелеуімен, авторлық идеяның айқындылығымен өзінен кейінгі қазақ прозасының өркендеуіне үлкен жол ашты. Міржақып осы шығармасы арқылы бұдан кейін жазылған Т.Жомартбаевтың «Қыз көрелік», С.Көбеевтің «Қалың мал», С.Торайғыровтың «Қамар cұлу», т.б. романдарына жол ашты. Бұлардың бәрі де сол кезектегі аса маңызды әлеуметтік мәселеге арналды. Қазақ ауылының тұрмысы жайында жазылды. Әйелдердің бас еркі, қоғамдағы жағдайы туралы баяндады. «Бақытсыз Жамал» романының оқиғасына арқау болған мәселе де осы, ескі әдет-ғұрыптың қыспағына түскен қазақ қызының тағдыры. Сүйгеніне қосылып, бақытты өмір сүруді армандаған бойжеткеннің трагедиялық жолы. Шығарма сол кезеңдегі қазақ даласының шынайы тыныс-тіршілігін көрсететін эпизодтан басталады. ... Жайлауға жаңа көшіп қонған ауыл. Саумалкөл маңына жағалай тігілген киіз үйлер. Бие байлап, қымыз сапырған жайма-шуақ ауыл адамдары. Қыстай араласа алмай, сағынысқан жұрт енді бірін-бірі қонаққа шақырып мәз. Үй жағалап қымыз ішкен жастар... Осылайша жайбарақат жатқан ауылға патша ұлықтары келе жатқаны туралы хабар тарайды. Абыр-сабыр басталады. Ауыл сыртына үй тігіледі. Арнайы үйге келіп түскен екі ұлықты «ләббай, тақсыр» деп күткен ауылнайдың сөзінде де ерекше бір мақтаныш сезіледі. Міржақып Дулатов осы шағын көріністі суреттеу арқылы өз заманының тұрмыс-жағдайын, адамдардың психологиясын дәлме-дел береді. Ауыл адамдарының өзара әңгімелерінен, ауылнай бастаған белсенділердің іс-әрекет, мінез-құлықтарынан жазушы мол сыр ұқтырады. ...Дәл осындай абыр-сабыр сәтте ауыл қазағы Сәрсенбайдын әйелі босанып, дүниеге қыз бала келгені туралы қуанышты хабар жетеді. Дүниеге келген бұл сәби романның бас кейіпкері Жамал болатын. Табиғатынан зерек жаратылған Жамал молдадан ескіше, жаңаша оқып, хат таниды. Түрлі хисса-дастандарды көп оқиды. Бірқатарын жатқа да айтатын болады. Сөйтіп елдің көзіне түсіп, қыз айттырам деушілердің назарына ілігеді. Жамал он бес жасқа келді. Сұлулық, ақыл, парасат үшеуі бір-біріне сай келіп, Жамал сол елдің қызының алды болды. Бұл айтылмыш артықшылығының үстіне сөзге бек ұста болып, өз ойынан шығарып өлең де жазатын болды. Олай-бұлай қалжыңмен сөйлескен бозбаланы сөйлетпейтін еді. Ел ішінде тілді бозбалалардың көзі түсе бастап, шет елдерге де «Сәрсенбайда бек көркем бір ақын қыз бар» деген лақап жайыла бастады. Көркіне ақылы сай болып бойжеткен Жамалды Байжан деген бай баласы Жұманға айттырады. Қыз шешесінің қарсылығына қарамастан, Сәрсенбай болашақ құдасының байлығына қызығып, құдалыққа келіседі. Бірақ бай баласы топас, нашар болады. Жамал оны менсінбейді. Сөйтіп жүргенде бір тойда оқыған, мәдениетті, жаңаша киінген, сыпайы, әдепті Ғали деген жігітпен танысып, көңілдері жарасады. Арада біраз уақыт өтіп, қыздың Жұманға ұзатылар шағы туғанда, Жамал Ғалимен қол ұстасып қашып кетеді. Жастарды қудалау басталады. Сөйтіп жүргенде аяқ астынан Ғали ауырып қайтыс болады. Қайғыға батқан Жамал көп ұзамай Жұманға ұзатылады. Көрмеген қорлықты көреді. Ақыр аяғында бір боранды күні Ғалидың қабірінің басына барып, жылап жатып қайтыс болады. Романда оқиға желісі - суреттелетін ауыл өмірі, әр түрлі әлеуметтік топтар өкілдері арасындағы қарым-қатынастар мен жекелеген адамдар түсінігіндегі қайшылықтар шырмауына түскен Жамал мен Ғалидың мөлдір махаббаты, өз еркіндіктеріне жету жолындағы ұмтылысы осы арнада өрбиді. Ақыр аяғында трагедиямен аяқталады. М. Дулатов бұл оқиғаны кездейсоқ болған бірді-екілі жай ретінде қарамайды. Ғашықтар трагедиясын ол қазақ даласындағы әлеуметтік мәселе дәрежесіне көтереді. Сол арқылы қазақ қыздарының бас еркі, жастардың өз қалауымен өмір сүру қажеттігі туралы ой ұсынады. Жазушы үшін әйелдің бас бостандығы, өзінің сүйгеніне қосылып, өмір сүруге мүмкіндік алуы ең бір түйінді мәселе болды. Ол әйелдің арын аяққа басатын ескі әдет-ғұрыпқа үзілді-кесілді қарсы шығады. Міржақып Дулатовтың романдағы Жамал бейнесін сомдаудағы жаңалығы да өзінің осы идеясына негізделеді. Романдағы Ғали — сол замандағы оқыған, мәдениетті жастарының жиынтық бейнесі. Сырт келбетіне ақылы сай жігіт Ғалидың әрбір іс-әрекетінен, сөйлеген, жазған хаттарынан бұл қасиет айқын аңғарылады. Ал шығармадағы Байжан бай, оның баласы Жұман, сондай-ақ Жамалдың әкесі Сәрсенбай, үлкен шешесі Қалампыр - ескі психологияның адамдары. Оларға адамгершіліктен гөрі байлық, шен мақтанышы қымбатырақ. Тұтастай алғанда, «Бақытсыз Жамал» романы сол кездегі тарихи-әлеуметтік шындықты шынайы да көркем бейнелеуімен, авторлық идеяның айқындығымен өзінен кейінгі қазақ прозасының өркендеуіне дәстүрлі жол көрсетті, үлгі болды. Шығарманың орыс, қазақ әдеби сынынан кезінде-ақ жаңа жанрдың төл басы, үздік көркем, реалистік туынды ретінде жоғары бағасын алғандығы мәлім. Міржақып Дулатұлы 1925-28 жылдары Қызылорда қаласы астана болып тұрған кезде Селеверстов 17-үйде тұрған. Осы жерде өзінің көптеген әдеби туындыларын өмірге әкелген. М.Дулатұлының отбасында қазақтың сол заманының белгілі зиялылар тобы, небір майталман ақын-жазушылары мен жезтаңдай әншілері қонақта болып, осы үйден дәм татып, мәжіліс құрған. Атап айтсақ, Нәзипа Құлжанова, Ілияс Байменов, Әліби Жангелдин, Серке Қожамқұлов, Мұхтар Әуезов, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Мағжан Жұмабаев, Әлкей Марғұлан, Смағұл Садуақасов, Қошке Кемеңгеров, Әлібек, Әуелбек Қоңыратбаевтар және т.б. М.Дулатұлының қызы Гүлнар апай өзінің естелік кітабында: «Біздің үйде болған кісілерді сағынышпен есіме түсіріп, көз алдымнан өткізіп, тізімін жазып шыққанымда, есімде қалғандары ұзын саны – 114-тен астам екен», -деп сағынышпен сол жаймашуақ кезеңдерді еске алады [1, 172б.]. М.Дулатұлы осылардың әрқайсысына көмек қолын ұсынып, қазақ ұлтының дамуына, әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне мол үлес қосқан. Қорыта айтқанда, Міржақып Дулатұлының еңбектері, сол қоғамдағы атқарған сан-салалы қызметтері өскелең ұрпаққа үлгі боларлық құнды дүниелер. Тәуелсіздігіміздің тізгінін ұстайтын болашақ жастарымыз М.Дулатұлының шығармаларын оқи отырып, өздерінің таным-түйсігін қалыптасырады, болашаққа деген сенімін нығайта түседі. 

К.Т. Құдайбергенова, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, гуманитарлық ғылымдар магистрі., С.У. Тулегенов, Агроинженерия және көлікті пайдалану кафедрасының оқытушысы 

Пайдаланылған әдебиеттер: 

1. Елім деп соққан ұлы жүрек. «Ұлы тұлғалар» ғылыми-ғұмырнамалық серия. Алматы., 2002. 362б. 

2. Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010 жыл. 

3. Тарихи тұлғалар. Танымдық - көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. “Алматыкітап баспасы”, 2009.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз