«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».
Н. А. Назарбаев
Басты бет » Электронды мұрағат » Ежелгі дүние артефактары » Археологиялық зерттеулер » Алтынтөбе қала жұртындағы 2008 жылғы қазба жұмысы

Алтынтөбе қала жұртындағы 2008 жылғы қазба жұмысы

25.02.15

Бұған көбіне көп ықпал еткен Елбасымыздың «Жібек жолының тарихи орталықтарын жандандыру, түркі тілдес мемлекеттердің мәдени мұраларын сақтау, дамыту және туризм инфрақұрылымын құру» туралы Жарлығы болады.

Мәдени мұраларды зерттеу, сақтау және оны қолданудағы бетбұрыс Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бүгінгі Қазақстанның алдында тұрған маңызды міндеттерімен қатар мәдени мұрамызды дамыту мәселесі жайлы айтқан үндеуімен тығыз байланысты. Осыған орай бірінші кезең 2004–2006 жж, екінші кезең 2007–2009 жылдарға арналған «Мәдени мұра» атты мемлекеттік бағдарлама жасалды. Осы бағдарлама аясында Қазақстанның көптеген қалаларындағы тарихи ескерткіштерге археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді.
Отырар өңірі тарихи-мәдени ескерткіштерге бай өлке. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Отырар аймағында ежелгі және ортағасырлық қалалар мен қалашықтар — Отырартөбе, Құйрықтөбе, Алтынтөбе, Жалпақтөбе, Оқсызтөбе, Пышақшытөбе, Көкмардан, Ақтөбе т.б. қала жұрттар, ал тарихи-мәдени архитектуралық ескерткіштер қатарында ХІІ ғ. Арыстанбаб кесене-мешіті, ХХ ғ. Икрамата мешіті, ХІХ ғ. Найман әулие (Наурызбай) кесенелері бар. ХІХ ғасырдың аяғында Отырар қирандылары мен оның төңірегінде орналасқан басқа да ескерткіштер ғалымдардың назарынан тыс қалған жоқ. Ежелгі Отырар өлкесінің археологиялық зерттеу жұмыстары ғасырлар өтсе-де тоқтап қалмай, жыл өткен сайын жалғасын тауып қарқын алып келеді. Қазақстандағы санаулы ғана ортағасырлық қалаларының бірі Отырар қала жұрты [Байпақов, 2005, 7-б]. Отырар қала жұртында алғашқы қазба жұмыстары 1884 жылдары басталды. Отырар ескерткіштерін зерттеуді төрт кезеңге бөліп қарастырған [Қожаев, 2006].

2be681fcdd6d43a5775c690aa5bbd762.jpg

1) 1884–1946 жылдары белгілі шығыстанушы Н. И. Веселовский, Археология әуесқойлары Түркістан үйірмесінің мүшелері А. К. Кларе мен А. А. Черкасов 1904 жылы шағын қазба жұмыстарын жүргізіп, траншеялар қазып, мүрделер, көптеген саздан жасалған керамикалар, ондаған мыс теңгелер тауып зерттеулер жүргізген.
2) Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (ОҚАЭ) 1947–1968 жж. А. Н. Бернштам, мұнда аздаған үйлестіру жұмыстарын жүргізілді. Алынған материалдар негізінде қаланың хронологиясы ұсынылды.
3) 1969–1991 жж. К.А.Ақышев басқарған Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы, 1989–1991 жылдар аралығында Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі зерттеу жұмыстарын жүргізді.
4) 1991 жылдан қазірге дейін т.ғ.д., академик К. М. Байпақов басқарған Ә.Х.Марғұлан атындағы археология иниституты күні бүгінге дейін зерттеулер жүргізіп келеді.
1899 жылы орыс ғалымы Н. С. Лыкошиннің «Отырардың өткені жөнінде болжам» атты хабарламасында Отырартөбенің айналасындағы төбелердің барлығы Отырардың бөлігі деп есептелетінін, осыған орай Алтынтөбеде зергерлер еңбек етсе, ал Пышақшытөбеде пышақ жасалған деп түсіндіреді [Қожаев, 2006, 45-б].
Отырар аймағының орталық бөлігіндегі ірі қалалардың бірі саналатын Алтынтөбе қалажұрты І-ХІ ғасырлар аралығын қамтиды. Қалажұрт Қоғам ауылының солтүстік-батысында, 5,5 км жерде «алаңқайлы төбе» типтес, екі қатпарлы ескерткіш. Ең биік жері солтүстік бөлігі (цитадель) жоспарда шаршы тәрізді, бұрыштары дөңгеленіп келген, көлемі 135×150 м (5 м жер¬дей горизонталь бойынша) және 75×60 м (15 м жердегі горизонталь бойынша), биіктігі 17,13 м. Солтүстік жанының ортасында жоғарыдан төмен түсетін терең сай бар. Ол пандус арқылы өтетін бұрынғы «солтүстік» қақпасының орны болуы мүмкін деген болжам жасалған. Екінші қақпа оңтүстігінде, шахристан жағында. Шахристанның биіктігі 7 м, көлемі 100×255 м, мұнаралы қорғанмен қоршалған. Қорғанның қалдықтары, біркелкі қайталанатын төбешіктері бар (мұнара орындары), аласа жота түрінде сақталған. 1947 ж. Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (А. Н. Бернштам) зерттеу жүргізген. 1949 жылы жүргізілген қазба барысында кесектен соғылған құрылыс қалдықтары бар 3 мәдени қабаты аршылған. Олардың астында күл қабаты болған. Алынған материалдарды сараптағаннан кейін б.д. І-ші ғасырлары және VІІІ-Х ғ.ғ. тән екені анықталған.
1969–1970 жылдары Отырар археологиялық экспедициясы (К.А.Ақышев) зерттеп, инструменталды жоспары түсірілген. Ал кейіннен 1986 жылы Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы қала орнын зерттеуді жалғастырған.
Қалажұртынан шығысқа қарай 1200 м жерде Алтын-Арық каналының 9 тармаққа бөлінетін күрделі су таратушысы орналасқан. Қала айналасының маңында жайдақ келген төбешіктер бар, бұлар қалыптаса бастаған рабадтың қалдықтары болуы мүмкін [Смағұлов. 2006. 8–10 бб]. Ескерткіште 1947 жылдан күні бүгінге дейін археологиялық қазба жұмыстары жүріп зеріттеліп келеді. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша өткен 2008 жылдың маусым айында, Алтынтөбе цитаделінің солтүстік-батысына зерттеу жүргізілді. Зерттеу жұмысын Ә.X.Марғұлан атындағы Археология институтының мамандарымен, және Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің қызметкерлері бірлесе жүргізді.
Зерттеу жұмысының нәтижесінде Х-ХІ ғ.ғ. тән тұрғын үй орны анықталды. Тұрғын үй 3 бөлмеден — дәліз, жатын және қамба бөлмеден тұрады. А. А. Черкасовтың «Алтынтөбе салық жинайтындардың тұрғын жайы және қазына орны» деп көрсетуі және Алтынтөбе қалажұртындағы қазбалар басқа қалажұрттармен салыстырғанда ерекше қойма бөлмелерінің табылуымен үндесіп тұрғандай [М.Қожаев, 2006, 45-б].

1f5ad17810d5aef3d188d698dda57c26.jpg

Тұрғын үйдің қабырғалары, қам кесектен қаланған, ені жалпақ. қабырғаларының ең биік сақталған тұсы 80 см, ені 3,1 см, сылағы нашар сақталған. Тұрғын бөлме ішінің көлемі 3,9×3,3 см. Бөлменің батысы мен оңтүстігіне айналма дәліз жасаған. Яғни, дәліз арқылы бөлмеге кіретін болған. Дәліздің батыс қабырға ұзындығы 4,36 см, ені 53 см, ал оңтүстік дәліз қабырға ұзындығы 4,65 см, ені 60 см. Дәліздің қабырғаларында 2 қатар кесектері сақталған, кесектерінің көлемдері 40×20x см. Оңтүстік дәліздің едені, батыс дәліздің еденіне қарағанда төмен жасалған, яғни баспалдақ арқылы түсетін болған. Баспалдақты дәліздің батыс бұрышына кесекті қырынан қойып жасаған. Жатын бөлменің солтүстік қабырғасына бойлай, қам кесектен қаланған сыпа (сәкі) жасалған. Сыпа ұзындығы 3,46 см, ені 2 м, биіктігі 60 см, кесектерінің көлемі 47×27×10 см. Беті сарғыш түсті сабан қосылған саз балшықпен сыланған. Бөлме ортасынан ұзындығы 2,95 см, ені 20 см әбден сарғайып шіріген бөрене, ағаш қалдығы, көгеріп шіріген төбе жабын қамыстарының қалдықтары және үстіне құйылған лайдың бөліктері алынды. Яғни, бұл бөлменің төбесі ортаға құлағанының бір дәлелі.
Тұрғын бөлмемен көршілес, оңтүстік жанынан астық сақтайтын қамба бөлмесінің бары анықталды. Қабырғалары жақсы сақталған, оңтүстік қабырғасы 3,4 см, солтүстік қабырғасы 5,9 см, шығыс 2,4 см, батысы 2,1 см, қабырға сылағы нашар сақталған. Бөлменің есігі батысқа қараған. Ішінде тұрмысқа пайдаланған ас-үйлік заттар, кең бүйірлі көзелер, тұтқалы құмыралар, қазанша, кіші саптаяқтар, өрнекті тұтқалы құмыралар, астық сақтайтын үлкен құмыралардың жарты бөліктері, бір орнында қалған, ағаштан шабылған табақтар табылды. Бөлме едені саз балшықпен сыланған, бөлме ортасынан қалыңдығы кей жерлерде 5 см-ге дейін сақталған өртенген бидай, мақтаның шиті, күріш қалдықтары, мата, топталып оралған жіп қалдықтары алынды. Бидай арасынан әбден шіріген орақтың басы мен пышақ алынды.

76970adc25d33d17ac52ed9e8b7ffec5.JPG

Қазба жұмыстары кезінде табылғандардың көбі ең алдымен темірден, Х-ХІІ ғ.ғ. тән саздан жасалған тұрмыстық ыдыстар. Мұндай бұйымдар әр түрлі мақсатқа арналып жасалған: азақ-түлік қорын сақтап қоюға арналған қыш ыдыстар, қазандар, асханаға керекті ыдыстар — тостағандар, құмыралар, көзелер. керемет талғаммен өрнектелген ыдыстардың қақпақтары табылды.
Қамба бөлменің іші қатты өртенген, оны ішінен алынған заттардан, қабырғаларының сылақтарынан байқауға болады [Ақылбек, Шохаев. 2008].

da8abb62a8d2f29b8aec03f15f9349c2.jpg

Археологиялық ескерткіштерден табылған өсімдіктердің қалдықтарын зерттеу адамның күнделікті өмірі мен шаруашылығы, сонымен қатар, оның қоршаған ортамен байланысын тереңірек білу деп білеміз. № 2 ші қамба бөлмеден табылған олжалар; бөлме ортасына төгілген бидай, ені 1,3 м, ұзындығы 1,5 м жарді алып жатты. Бөлменің солтүстік-шығыс бұрышына үлкен құмыра қойылған. Бұл құмыра қамба қызметін атқарған, ішінен алынған топырақ арасынан өртенген бидай қалдықтары, түбінен мақтаның тазаланған шиті және тазаланбаған мақта шықты. Құмыраның табан дм 37 см, сақталған жақтау қабырғасының биіктігі 55 см. Сондай-ақ екі көзе алынды біреуінің сыртына толқынды өрнектермен көмкеріп жасаған, ауызы тар, бүйірі кең, табаны тегіс, биік 20 см, табаны 9 дм, бүйірінің шығыңқы тұсы 23 см. Қазбаның солтүстік шекара кесіндісінен бір жерге үйілген күріш қалдығы алынды. Күріш әбден кеуіп шіріген, ұстауға келмейді.
Осындай зерттеулерді Бүкілодақтық өсімдік шаруашылығы институты 1930 жылы бастады. Олар әр түрлі ескерткіштерден алған бидай дәніне суреттеу жүргізген. 1960 жылы Молдаван ССР-і ғылым академиясының батаникалық бақшасында З. В. Янушевичтің басқаруымен триполь ескерткіштерінің керамикасының бетіне түскен өрнектерін зерттеген [Баштанник, Байпақов, Зиняков. 2001. 131 б].
Отырар алқабында егін шаруашылығы жақсы дамыған. Себебі, Құйрықтөбе, Алтынтөбе, Қоңыртөбелерден археологиялық қазба барысында табылған дәнді-дақылдардың, жемістердің дәндері негіз болады. Құйрықтөбеден бұршақ (Pisum sativum), тары (Panicum milliactum), қарақұмық (гречка) (Polygonum aviculare), жүзім дәні (Vitis vinifera), дарбыз дәні (Citrullus lanatus), Қоңыртөбеден арпа (Hordeum vulgare distichum) табылған. Құйрықтөбеден табылған бұршақ (горох) тұқымдасына жататын көптеген бұршақ тұқымының формасы үш бұрышты. көлемі: 1,3–1,7×1,5–2 мм-ге дейін. Кейбір ұрықтардың қабыршақтарының ортасы айқасып жабысқан. Бұл дымқылдың болғанын білдіреді. Бұл себілетін бұршақ (горох), Құйрықтөбенің ІХ-ХІ ғ.ғ. қабаттарынан табылған [С. В. Баштанник. 2007. 50–110 б]. Орыс ғалымы В. А. Жуковский бұндай бұршақ түрлері Алдыңғы және Орта Азияда егілетін ұсақ дәннің түрлеріне жататынын айтқан. Көлемі 1,3–1,7×1,5–2 мм, келетін дөңгелек келген қабыршақты жылтыр тарылар да кездеседі [Баштанник, Байпақов, Зиняков. 2001. 50–110 бб].
Әл-Макдиси Кедерде (Құйрықтөбеде) шарап сататын дүкендердің болғаны туралы жазды. Жүзім өсірілгенін және одан шарап жасалғанын, шүмекті қыш астау табылғаны, қоқыс шұқырларын тазалағанда жүзім сүйектері қабатының шыққаны дәлелдейді. Қазба жұмысы кезінде, махаллалардың бірінен сауда дүкендері табылған. Қала тіршілігінде базар мен сауда ғимараттары маңызды рөл атқарғаны белгілі. Ортағасырлық авторлардың куәлік етуінше, базарлар шахристанда да, рабаттардың аумағында да болуы мүмкін деген пікір айтқан [Байпақов. 2005. 10–39 б].
Алтынтөбедегі анықталған тұрғын үй орыны ерекше қамба бөлмесімен ерекшеленеді. Осындай қойнауы тың тарихқа толы қала жұрттар алдағы уақытта да зерттеле беруі керек.

Қ.Ә.Шохаев
Отырар мемлекеттік археологиялық
қорық-мұражайының аға ғылыми қызметкері

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Байпақов К. М. Ежелгі Кедер-қазіргі Құйрықтөбе. Құйрықтөбе ежелгі Кедер шаһары. Алматы 2005, 7-б.
2. Қожаев М. «Ортағасырлық Отырар, аңыздар, деректер, зеттеулер».Түркістан: Тұран баспасы, 2006 ж. 45-б.
3. Байпақов К.М., Воякин Д.А., Смағұлов Е.Ә. Алтынтөбе қала жұрты// Отырар алқабы Күйік-Мардан, Алтынтөбе, Жалпақтөбе қала жұрты. Алматы 2006. 8–10 бб.
4. Ақылбек. С.Ш., Шохаев Қ.Ә. Алтынтөбе қала жұртының солтүстік-батыс бөлігіндегі Х-ХІ ғғ. тұрғын үй орны// Ә.Х.Марғұлан институтына жіберілген қазба есебі. 2008 жыл.
5. Баштанник С. В. Археоботаническая коллекция с городища Куйрук-тобе// Земледельческая культура Южного Казахстана эпохи средневековья. Кемеров 2007. с 50–110.
6. Баштанник С.В., К. М. Байпақов, Н. М. Зиняков. Культурные растения средневекового Семиречья и Южного Казахстана по археологическим находкам// Археология, этнография и антропология Евразии. 2001. с 136.
7. Смағұлов Е.Ә. Алтынтөбе қала жұрты // Оңтүстік Қазақстан облысы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы. Алматы: «Баур» баспасы, 2007 ж. 107-112-б.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз