«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».
Н. А. Назарбаев
Басты бет » Қазақстан тарихы » Ортағасырлық Қазақстан » Орта ғасырлық мемлекеттер. XIV-XV ғ » Тахир хан

Тахир хан

27.02.15

Қасым хан өлген соң Жайық пен Жем бойындағы өздерінің атамекендерін қайтарып алуды, осылайша батыстағы Қырым хандығының, солтүстік-батыстағы Қазан хандығының және оңтүстік-батыстағы Астрахан хандығының қыспағынан құтылуды ойластырған ноғайлар Еділ бойынан шығысқа жылжып, алғаш Мамаш ханмен текетіреске барған болса, енді 1523-1524 жылдары таққа отырған Тахир ханмен жағаласты. Олардың күшейе түсуіне қазақ сұлтандарының өз арасында басылмай қойған жікшілдік әрекеттер де ықпал жасады.

Кезінде Мамаштың хан тағына отыруына кедергі жасаушылар енді Тахирдің таққа отыруына да қарсы болып, Қазақ хандығы  тағы да біраз уақыт бос қалды. Осыны пайдаланған ноғайлар Қасым хан тұсында еріксізден Қазақ хандығына қызмет етуге мәжүр болған өздерінің маңғыт бауырларын Тахирге қарсы шығуға үгіттеді.
Тахир Қасымханның туған ағасы, өмірін Мұхаммед Шайбаниге қарсы күреске арнаған, қазақтар арасында аса беделді Әдік сұлтанның ұлы болатын. Таққа жаңадан отырған Тахир маңғыттардың жікшілдік әрекеттерін қатал жазалаулар арқылы тоқтатуға күш салды. Ал мұның өзі ол ойлағандай нәтиже бермей, маңғыттар мен қазақтардың аражігін аша түсті. Нәтижесінде 600 мыңға тарта маңғыттар батысқа, Ноғай Ордасына қарай жөңкіле көшті. Өз кезегінде осыны пайдаланған ноғайлар қазақтарға қарсы бітіспес жанжалдарды бас­тады.
Батыста көп жерден айырылған Тахирге осындайда туған анасындай болып кеткен, және кезінде әкесі Әдік сұлтанның әйелі болған, ал әкесі қайтыс болған соң әмеңгерлік жолмен қайнысы Қасым ханға тұрмысқа шыққан Сұлтан Нигар ханым енді көмекті оңтүстік-шығыстағы өзінің төркіндері болып табылатын моғол хандарынан іздестіру туралы ақыл айтты. Ол өзі кезінде алғашқы қазақ хандарына Жетісудан жер берген Есенбұға ханның бауыры Жүніс ханның қызы еді. Текті жерден шыққан, әкелеріне сенімді кеңесші және серік болған бұл апасын Тахир аса құрметтеп, оның сөзін жерге тастамайтын. Көпті көрген Сұлтан Нигар ханымның мұндай шешімді айтуына оның қартайған шағында күйеуі айбарлы Қасым ханнан қалған бір мезгілде ұрыс даласына 10 лек (1 000 000) әскер шығара алатын Қазақ хандығынан Тахирдің қарауында қалған 4 лек (400 000) ғана әскерге ие мемлекеттің қалуы әсер еткен еді. Оның үстіне жапан далада көкжал бөрідей мағынасыз жортып жүрген Тахирдің ауыр тұрмыс халі де оны қажытып жіберген еді. Моғол хандарымен өзінің арасында достық қатынастарды қалыптастыруға дәнекер боламын деп уәде берген апасының сөзінен көп үміт күткен Тахир хан, осындай жолмен ноғайларға қарсы күресте күшейіп алуға болады деп те ойлады.
Осылайша Тахир хан 1523-1524 жылдың қыс айында моғолдардың астанасы Қошқарға келді. Жақсы көретін әпкесін алып келген Тахир ханға моғол ханы Сайд хан аса үлкен құрмет көрсетті. Достық қарым-қатынастар ескі құда-жегжаттықты жаңартуға ұласып, Сайд хан Тахирдің қарындасын өзінің баласы Рашид сұлтанға үйлендірді. Алайда басы жақсы басталған бұл байланысты Тахирдің моғолдарға тәуелді қырғыздардың біразын өзіне қосып алуы бүлдірді. Осылайша Тахирдің бүгінгі күнді ғана ойлайтын тар өрісті логикасы, өзіне достық қолын ұсынған кісілерді қастерлей білмеуі, адамдармен қарым-қатынастағы аса дөрекілігі оны моғолдармен ғана емес, өзінің төңірегіндегілермен де араздастырды. Осының нақты көрінісі оның шайбандықтармен қарым-қатынастағы түсініксіз ұстанымы болды.
1525 жылы жазда Ташкентті билеп отырған шайбандық Сүйіндік қожа қайтыс болған соң Тахирдің өз жағдайын орнықтыру үшін шайбандықтармен тұрақты бейбіт келісімдерге қол жеткізуге толық мүмкіндігі болды. Өз кезегінде шайбандық өзбек билеушілері де осыған ұмтылды. Алайда екі ел арасындағы осындай жағымды ахуалды Тахирдің сауатсыз дипломатиясы тағы да бүлдірді. Өзінің төңірегіндегі өзіне наразы қазақ сұлтандарын жазалау үшін Тахир алғаш Сүйіндік қожаның ұлы Келдімұхаммедтен көмек сұрады. Алайда ол өзі достық келіссөздер жүргізіп отырған шайбанбық билеуші Келдімұхаммедтің өзіне жіберген елшілерін ешбір себепсіз тұтқынға алды және онымен шектелмей, ашық жаулықтың белгісі ретінде шайбандықтардың аймағына басып кірді. Ал мұның өзі шайбандықтар мен Тахир ханның арасындағы қантөгіс шайқасқа алып келді.
Тахир ханның жеңілісімен аяқталған, және Түркістан қаласы маңында болған бұл ұрыс, 1525-1526 жылдары қыс айының басында орын алды. Нәтижесінде Қазақ хандығының Түркістан аймағындағы біраз жерлері тағы да шайбандықтар қолына көшті. Осыдан соң Тахир хан кезінде өзіне достық қолын созған моғолдардың Жетісу аймағына басып кірді. Ол өзінің шатырын моғолдардың астанасы Қошқар қаласына жақын маңайға орналас­тырды. Осында ол өзіне бірқатар қырғыз және қазақ руларын қосып алды. Алғашқы кезде онымен бейбіт келісімге келуді көздеген моғол ханы Сайд хан бұл келісімге кезінде өзіне Тахир алып келген және содан бері Жәркендте тұрып жатқан Сұлтан Нигар ханымды тартты. Алайда Тахирдің моғолдарға бағынышты қырғыздарды өзінің жағына тартуға тырысқан, және Жетісуды өзіне қаратуды көздеген әрекеттерді тоқтатпауы моғолдарды одан алыс­тата түсті. Тахирге деген сенімдерін жоғалтқан олар, Жетісу мен Ыстықкөл аймағынан аулақ, Қашқар жеріне кетті. Төңірегіндегілерді де, өзімен келісімге келуге талпынушыларды да әрқашан жау көретін Тахир ханның түсініксіз, әрқашан айнып кетуге бейім іс-әрекеті төңірегіндегі қазақ сұлтандарын да одан бездіре түсті. Осындай наразы топ, алғаш оның ағасы, қаталдығымен Тахирге әрқашан үлгі болып келген Абдулқасым сұлтанды өлтірді және Тахирдің өзін айдаладағы жұртқа оқшаулап қалдырып кетті. Осылайша өзі билеген Қазақ хандығының беделді сұлтандарына керексіз болып қалған ол, жанына баласын ертіп, өзіне адалдығын жоғалта қоймаған аз ғана қазақтармен бірге қырғыздарға кетті. Осында, ешкімге қажетсіз болып қалған ол, биліктен жұрдай болып, қайыршы халде 1531-1532 жылдары қайтыс болды. Осылайша өз елінде халқынан қол үзген, және бедел-абыройдан айырылған тағы бір қазақ ханының денесі жат жерде қалды.

Талас Омарбеков, 
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы 
Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерттеу орталығының директоры, 
ҚР ҰҒА Құрметті академигі


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз