«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».
Н. А. Назарбаев
Басты бет » Электронды мұрағат » Ежелгі дүние артефактары » Археологиялық зерттеулер » Тақсай оба кешені

Тақсай оба кешені

27.02.15

Дегенмен, біздің дәуірімізге дейінгі дала құпиясын ашуға Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының үлесі зор. 2002 жылы құрылған орталық мамандары бүгінге дейін 60-қа жуық сармат қорғанын,  басқа да оба кешендерін қазып, зерттеді. 

Осыдан екі жыл бұрын, яғни өздерінің он жылдық мерейтойы шеңберінде орталық археологтары Теректі ауданынан «Алтын адам» тапты. Тақсай кешенінде жүргізілген қазба жұмыстары барысында ежелгі сармат кезеңіне жататын ақсүйек бай әйелдің жерленген орны табылған. Қабірде әйел адамның алтын әшекей бұйымдары, ерекше шошақ төбелі алтындаған баскиім қалдығы, соғыс көрінісі бейнеленген тарақша (гре­бень), т.б. көптеген зат болған екен. Табылған алтын бұйымдардың салмағы 3 келіге жуық.
– Бұл қабір – біздің өңірде бұдан бұрын зерттелген обалардың ішіндегі ең көнесі болып шықты. Тақсай обалар кешенінен табылған материалдар, жерлену тәсілі, оралғы заттары, сонымен қатар өртеген кезде жанбай қалған тарақта бейнеленген соғыс көрінісі ғылыми ортада үлкен қызығушылық тудырды, – дейді бізге Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы Мұрат Сыздықов.
Батыс Қазақстан аймағы тарихында бұндай жәдігерлер алғаш зерттелуде. Осы уақытқа дейін бұл өңірдің Сегізсай (Лебедевка) кешенінен табылған «алтын әйел» және Атырау облысынан табылған «сармат алтын жауынгері» жерленімдері Тақсай кешенінде табылған жәдігерлермен салыстырғанда, ақпараттық жаңа­лығы және заттардың жасалу ерекшеліктері жағынан кем түспейді.
Тақсай оба кешені архео­логиялық қазба жұ­мы­сын жүргізу үшін кездей­­соқ алынған жоқ. 1965 жы­лы жер жырту жұмыстары ке­зінде осы кешен маңынан бір­неше жәдігер табылған болатын. Мамандар оның сармат кезеңіне жататындығын анық­тады. Соның ішінде күміс ритон ғылыми ортада кеңінен белгілі болды. Арада 37 жыл өткен соң, 2012 жылы кездейсоқ та­былған жәдігер орындары зертте­ліп, бұл жерде 4 оба кешені бар екендігі анықталды. Сөйтіп, үш обада археологиялық қазба жұмыс­тары басталды. Алғашқы екі обадағы жер­ленімдерден қызықты ма­териалдар алынды, бірақ жәдігер аз бол­ды. Соңғы обадан, яғни үшінші обадағы жерленімнен қызықты және көптеген қайта­ланбас ғажайып материалдар алынды.
Барлық зерттеу жұмыстары аталмыш орталық базасында жүргізілді. Алынған жәдігерлерді өңдеп, зерттеу барысында Қазақстанның Астана және Алматы, Жапонияның Токио, Германияның Бохум және Франкфурт-Дюссельдорф, Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор, Челябинск, Пущино, Новосибирск қалаларынан мамандар мен ғалымдар шақырылды.
Алматы қаласындағы «Остров Крым» ғылыми-қайта қалпына келтіру шеберханасы мамандары орталық ғалымдарымен бірлесе отырып алтын әйелдің қайта қалпына келген мүсіндерін жасауда. Оның жетекшісі – Есік қорғанынан табылған әйгілі «Алтын адам» бейнесін қалпына келтіруші ғалым-реставратор Қырым Алтынбек. Қалпына келтірілген мүсін оба кешенінен алынған барлық түпнұсқа жәдігерлерімен бірге Астана қаласындағы Ұлттық тарих мұражайына қойылады. Ал Орал қаласында мүсін көшірмесі және негізгі артефактордың көшірмелері арнайы көрмеде көрсетілмек. Барлық қалпына келтіру жұмыстарын танымал шебер Қ.Алтынбектің жетекшілігімен талантты реставратор-суретшілер жасады. «Тақсай І оба кешенінің 6 обасынан алынған бай материалдарды бір-екі жыл ішінде зерттеп аяқтау мүмкін емес» дейді ғалым Мұрат Сыздықов. «Біздің басты мақсатымыз – осы қайталанбас ғажайып ғылыми жәдігерлерді ға­лымдарға, ма­ман­дарға, қы­зығушылық тудыратын адам­дарға таныстырып, ғылыми айна­лым­ға шығару. Бүгінде біз осы жаңалық жөнінде алғаш­қы зерттеу жұмыстарын тия­нақ­тап, арнайы басылым әзірлеу үстіндеміз. Тақсай І оба кешені бойынша әлі бір­­неше ғылыми зерттеу кі­та­бын жарыққа шығару ойымызда бар. Мұның бәрі ежелгі көшпенділердің тарихы мен мәдениеті жөнінде мағ­лұматтар алуға мүмкіндік берері сөзсіз. Скифтер мен сақтар жөнінде ежелгі және ахеме­нид көне жазбаларынан белгілі. Ал Батыс Қазақстанды мекендеген ежелгі көшпенділер туралы материалдар, тіп­ті жоқтың қасы. Сондықтан бұл жаңа­лықтың құндылығы өте жоғары. Осыған байланысты алынған барлық материалдар ұлттық тарихымыздың өткенін зерделеп, қайта қалпына келтіруде үлкен маңызға ие болмақ».

Сәкен МҰРАТҰЛЫ, Батыс Қазақстан облысы

http://anatili.kz/

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз