«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».
Н. А. Назарбаев
Басты бет » Жарияланымдар » Еділ (Атилла) (шамамен 410 жылдары туған, 453 жылы өлді)

Еділ (Атилла) (шамамен 410 жылдары туған, 453 жылы өлді)

13 Қыркүйек 2016
Еділ (Атилла) (шамамен 410 жылдары туған, 453 жылы өлді)
«Аттила есімі адамзат тарихындағы ұлы адамдар – Александр Македонский мен Юлий Цезарьдың қатарынан орын алады». Француз тарихшысы А. Тверри. «Аттила тарихы»

Әлқисса, бұрын-соңды көшпелілер империясының тарихында, оның ішінде гүн мемлекетінің ұзақ ғұмырында әлемді аузына қаратып, дүние тарихында аңыз ретінде қалған адамдардың саны үшеу ғана. Шығыста – Мөде, Түркі қағанатында – Естеми, Батыс Гүн ордасында – Еділ. 

Алайда осы үшеуінің арасында бүкіл бір қоғамдық құрылысты жойып, құлдықтың құруына себепкер болған және бүгінгі Италия, Греция, Франция, Германия, Румыния, Венгрия іспетті мемлекеттердің бытыраңқы кінәздіктерінің басын қосып, олардың тұтас ұлт есебінде қалыптасуына ұйтқы жасаған Еділдің жөні мүлдем басқа. Ол туралы батырлық дастандар неміс, француз, ағылшын тілдерінде сонау орта ғасырда дүниеге келіп, Еділдің ерлігін, адамгершілігін, ұлтына, тегіне қарамай халықты бауырына паналата білетін мейірбандығын жырлайды. 

Сол дәуірдегі Византия, Рим остгот, бургунд королдерінің ханшаларының Еділге ғашық болғаны хақындағы хикаялар да сансыз көп. Италия, неміс, француз ғалымдары «Аттила тарихы» атты ондаған зерттеу кітабын жазды. Француз драматургиясының атасы Пьер Корнель 1667 жылы «Аттила», неміс драматургі Вернер Цахариас «Гүн патшасы Аттила» атты трагедияларды сахнаға шығарды. Мұнда Еділ патша құл иеленуші Рим империясының іргесін құлатушы батыр бейнесінде суреттеледі. А.Н. Бернштам мен Ә. Марғұланның пікірлері де құнды. Еділдің тағдыры туралы тұңғыш рет қазақ оқырмандарына барынша толық жеткізген – жас ғалым Самат Өтениязов («Білім және еңбек», 1986, №6). 1980 жылдары Бурятияда «Аттила» атты балет қойылды. 

46e9040b2e61daa0ec972c3717d24fb1.jpg

Өкінішке қарай, Еуропа жұрты Аттила, Атиль, Эмиль деп атап кеткен Еділдің патшалығы мен оның жеке басы хақындағы пікірлер үнемі бір арнада тоғыспайды. Еуропа қоғамтанушылары Еділ тұлғасын ашық мойындаса, орыс ғалымдары «тағылардың баскесері», «қанішер», «жабайылардың көсемі» деген сыңаржақ пікірден арыла алмай жүр. Еділдің Римдегі құлдық қоғамды құлатудағы және Батыс Еуропа мемлекеттерін біріктірудегі алатын орнын «айналып өтіп» кетумен, не үндемей қоюмен шектеледі. Бұл IV-V ғасырларда Еуразияны тұтасынан уысында ұстаған батыс гүн мемлекетінің дүние тарихындағы әлеуметтік-тарихи, рухани-мәдени үлесін көзге ілмеуден туған еуропацентристік көзқарастың менменшіл үстемдігін аңғартады. Батыс гүн мемлекетінің құрылуының алғышарттары Мөде, Шөже, Руғила хақындағы әфсаналардан мағлұм болғандықтан біз Еділдің жеке тұлғасына ғана тоқталамыз. Әдеттегіден гөрі бұл жолғы әңгіме арқауы сәл ұзаққа созылуы мүмкін. Өйткені Еділ патшаның өмір тарихы ұзақ жылдардағы қасақана жасалған үнсіздіктің кесірінен үлкенге де, кішіге де, жалпы қалың қауымға белгісіз боп келді. Сондықтан да Еділ жөніндегі неміс, француз, Италия, ағылшын, Скандинавия елдерінің тіліндегі көне жырлардың оқиғаларын да кіріктіре баяндағанның оғаштығы жоқ сияқты. Сонымен... 

І

«Елі үшін еңіреп туған Еділ патша» (Герберт. «Аттила» дастаны, 1838 жыл, Лондон) батыс хұндарының алтын тағында он тоғыз жыл отырды. Ол 434 жылы өзінің немерелес туысы Біледіні (Бледа) өлтіріп, билікті жеке-дара қолға алады. Тақ үшін тартыс ханзадалар үшін таңсық емес. Бірақ та Еділдің мұндай қастандыққа баруының үлкен мемлекеттік маңызы болды. Ұлы патша Руғила үш ағайынды еді. Еділ Мыңзықтың, Біледі Ақтардың ұлы. Біледінің билігі кезінде гүн империясы ыдырауға айналды. Аз уақыттың ішінде орданың ынтымағы бұзылып, бірнеше ұсақ бірлестікке бөлініп кету қаупі туды. Біледі қызғаншақ әрі өзімшіл, елден гөрі өз басын жоғары ұстады. Бұл – анталаған дұшпанның ортасында тұрған гүндердің тұқымы құрып кетеді деген сөз. Оның үстіне, Рим империясынан ығысқан остготтар мен вестготтар Дунай өзеніне тығылып, бүйірден қанжардай қадалып тұрған. Еділ еріксіз туысына қол жұмсады. Оның бұл қастандығын батыс тарихшылары ақтап сөйлейді. Қалай болған күнде де Еділ гүн патшалығының тағына күшпен отырған. 

Еділ мен Рейн өзенінің арасындағы ұлан-ғайыр алқапты алып жатқан гүн мемлекеті өжет те алғыр патшаның арқасында Еуропа құрлығында алмас қылыштай жарқырап шыға келді.

«430 жылдан бастап Византия гүндерге жыл сайын алым- салық төлеп тұруға мәжбүр болды және оның мөлшері барған сайын өсе берді. V ғасырдың 30 жылдарында Батыс Рим империясы гүндердің қоныстануы үшін Паннонио провинциясын берді, оның үстіне, жергілікті тұрғындарға да солар билік етті. Гүн державасы, әсіресе, V ғасырдың ортасында қатты күшейді. 447 жылы олардың көсемі Аттила Византияға жаңа шабуыл жасады. Балқан түбегін жермен-жексен етті және астанаға қатер төндірді. Келер жылғы келісімнің арқасында теңіз жағалауындағы Дакия түгелімен гүндердің иелігіне көшті. Бұдан кейін Аттила батысқа жорық жасауға дайындалды» («Көне дүние тарихы». 3-том, 356-бет). 

45af4d789214e68ac03003c75b0027d5.jpg

Мұның барлығы оқығанда ғана оп-оңай көрінгенімен, шын мәнінде күрделі оқиғаларға, тағдыр тартыстарына толы жыл болды. Еділдің әділ патша деген аты да осы он жылдың ішінде бүкіл Еуропаға таралып еді. Оның бірнеше себептері бар. Ол кезде бүгінгі француз, неміс, грек жұртының арғы ата- бабаларының көтерілісін император аяусыз жазалады. Жеңіліске ұшыраған әскербасылары мен ұсақ кінәздіктер Еділ патшадан пана сұрап, оның қамқорлығына алынды. 435-436 жылдары Бургундардың тұңғыш королі Гүндахарды талқандауға қатысқан Еділ уақытша Рим империясымен мәміле жасасты. 

Міне, дәл осы тұста Еділ жөніндегі батырлар жыры дүниеге келді. Оны шығарған Рим империясынан озбырлық көрген ұлттар еді. Біз Самат Өтениязовтың деректеріне сүйене отырып, бірнеше жырдың мазмұнын таныстыра кетуді парыз санадық. Онсыз Еділдің тарихи тұлғасын түсіну қиынға соғады. 

Еділдің қолтығына кіріп, бас сауғалаған Исландия халқының «Эдда» атты батырлық жыры сол бір көне дәуірден хабар береді. Бұл ІХ ғасырда хатқа түсіпті. Әлқисса, король Эрманари таққа отырысымен өзінің туыс-туғандарын, бекзадаларды қуғынға ұшыратады. Халықтың зықысын шығарып, қатал жазаға тартады. Әбден мезі болған ел-жұрт гүндердің әділ де жомарт патшасы Еділдің қол астына көшіп барып, еркіндікке кенеледі. 

Екінші – VІ ғасырда шыққан «Хильдебрант туралы жыр». Халық жасағының құрамында корольдің тепкісінен қашып, гүн патшасы Еділді паналаған қарт жауынгер Хильдебрант күш жиып, қалың әскермен еліне қайтып келе жатады. Отыз жыл бойы Еділдің ордасында тұрған Хильдебранттың өз елінде әйелі мен ұлы қалып еді. Көп әскермен туған жеріне оралғанда алдынан қол бастаған жас сарбаз шығады. Екеуі жөн сұрасады. Қарт әке өз ұлын таниды, құшағын жая ұмтылады. Бірақ мұны бозбала «кәрі гүннің қулығы» деп түсінеді. Жүрегі қан жылаған қарт батыр өзінің жалғыз ұлымен жекпе-жекке шығады...

Үшінші – «Нибелунга жыры» 39 тараудан, 10 мың шумақ өлеңнен тұрады. Еуропа халқының ең ұлы халықтық эпосы. Бұл нақты тарихи деректі баян етеді. Жоғарыдағы бургунд королі Гундахардың қазасына тікелей байланысты Еділдің бургундармен соғысуына шытырманға толы мына оқиға ықпал жасады: 

Бургун кінәздігі дербес король атанып, оған Гунтер әмірші болып күн кешіп жатты. Оның айдай сұлу әдемі қарындасына батыр да сері жігіт Зигфридің көңілі ауады. Ол үлкен жеңістен кейінгі ұлы тойда Кримхильда қызбен танысып, қосылуға уәделеседі. Алайда қыздың ағасы Гунтер мынадай талап қояды. Исландия патшасының ханшасы Брюнхильданы сүйетіндігін, егер де Зигфрид жорыққа аттанып, екеуінің қосылуына мүмкіндік жасаса ғана қарындасымен некелесуге рұқсат беретіндігін мәлімдейді. Зигфрид болашақ қайын ағасының айтқанын айнытпай орындап, Брюньхильданы өзі жасандырып, Гунтердің қолына табыс етеді. Өзі Кримхильдаға үйленеді. 

Бақытты сәт ұзаққа созылмайды. Брюнхильданың әдемі сақинасы мен қамар белдігін қайын сіңлісінің тағып жүргенін байқап калады. Оны Кримхильдаға Зигфрид сыйлаған еді. Бұны көңіліне алған Брюнхильда Хаген дегенді жалдап, аңда жүрген кезінде Зигфридті өлтіртеді. Содан кейін қыздың бар байлығын, жерін, баспанасын тартып алады. Әрі қорланып, сүйгенін өлтіргеніне кектенген қыз Еділ патшаға барады. Тағдырдың тәлкегін ашық айтып, Еділге өзін әйелдікке алуын өтінеді. Келіншектің ақылына, сұлулығына сүйсінген Еділ оның тілегін қабыл етеді. Кримхильда Еділдің ең сенімді, ең сұлу қосағы болды. 

Алайда Кримхильда өзінің алғашқы бақытын ойрандаған жеңгесі мен ағасының, Хагеннің қорлығын ұмытпайды. Ол өз туысқандарын қонаққа шақырды. Ұлы тойдың ортасына таман бургунд елінің басын қосқан, Еділдің бодандығындағы Дитрих Бронский Хаген мен Гунтерді тұтқындайды. Кримхильда Хагенді өз қолымен өлтіреді. Гунтер де жазаға тартылады. Сол кезде кәрі жауынгер Хильдербрант (өз баласын өзі өлтіретін) Кримхильдаға қанжар салып, өзі әскерімен қашып кетеді. 

Міне, 435-436 жылдардағы бургунд королімен арадағы соғыс осыдан ушығып барып, жанжалға ұласып еді. Еділ жөніндегі талай қиссалардың ішіндегі шындыққа жақыны да осы «Нибелунга жыры». Сондықтан да енді әдеби туындыларға аялдамай Еділдің тікелей өзіне көшеміз. 

II 

Сонымен, Рим империясы Еділге тәуелді екендігін мойындап, алым-салық төлеп тұрды. Гүн державасы құл иеленуші қоғамды жан-жағынан қыспаққа алып, тынысын тарылтты. Ұсақ кінәздіктерге емеурін танытып, Римнің күшеюіне жол бермеді. «Гүн жорығы Рим империясы еңсесін езіп тастаған тайпалардың үмітін оятты, гүндердің батысқа жасаған жорығының дүниежүзілік тарихи мәні осында, Аттиланың әлемдік тарихи рөлі де осы еді» (А.Н. Бернштам). Айтса айтқандай, «...олар готтарды Балқан түбегіне шабуыл жасауға итермеледі. Дунайдың орта ағысына қоныстанған гүндер Орталық және Шығыс Еуропадағы ұлан-байтақ держава құрды, олардың қарамағына көптеген тайпалар бағынышты әрі алым-салықпен қоса, әскери көмек көрсетуге тиісті болды. Гүндер Римнің қос империясы бірдей есептесуге мәжбүр болған қуатты әскери-саяси күшке айналды. Римдіктер гүндерді әскери жалдамалы күш ретінде пайдалана білді, сонымен қатар, олардың жағынан үнемі қауіп-қатерді сезініп отырды» («Көне дүние тарихы». III том, 356-бет). 

5641b0daa87241a1182080a94faf3cc6.jpg

Рим мен гүн империясының арасындағы кезекті ең үлкен шайқас дәл осы жалдамалылардан басталды. Юлий Цезарьдан бері жаугер әскерлерді жасаққа алуды әдетке айналдырған империяның құрамындағы гүн сарбаздарының саны 20 мыңнан асып кетіп еді. Жалдамалының аты – жалдамалы. Бірінші орында отан емес, олжа тұрады ойларында. Еділ содан сезіктеніп, император ІІІ Валентин: «Азаматымды қайырып бер. Оларды туған-туысқандары сағынды» деді. Еділдің түпкі мақсатын түсінген император сөзбұйдаға салып, қашан кіші Феодосий гүндерді қайырудан бас тартқанша жалтарып келді. Еділ жорыққа аттанды. Херсонес қаласының жанындағы жазықта Рим әскері жеңіліске ұшырады... Римнің өзіне шабуыл жасауға Еділ тәуекел етпеді. Өйткені қалада жұқпалы індет ауруы бар деген қауесет тарады. Аштық та бас көтерген. Оның үстіне, астындағы аттарына жем-шөп табылмайтын. Сондықтан да Еділ Римді орағытып өтті. 

Екі жақ та тәуекелден бас тартты. Бірақ та римдіктердің шыдамы таусылып, 448 жылы Еділге елші жіберді. Ішінде грек тақуа тарихшысы Приск бар, бұл елшілік екі мақсатты алдына қойды. Біріншісі – гүндермен бітімге келу, оларға алым-салық төлеп құтылу. Екіншісі – Еділге у беріп өлтіру. Присктің өз жазуына сүйенсек, олар Еділдің ұстазы Едігені азғыра бастайды. Қарт қаһарманды алтынмен аптап, күміспен күптейді. Бірақ Едіге сатқындыққа бармайды. Елшілер кеткен соң бұл жайды Еділге айтып береді. Ақ көңіл Еділ мына зымияндыққа қатты ашуланып, қалайда Рим империясымен қақтығысуға сылтау іздейді. Осы арада елшілер неге Едігені таңдап алғаны түсініксіз. Бұл енді ашылмайтын құпия күйінде қала бермек. 

«Іздегенге – сұраған». Батыс Рим империясына соғыс ашудың сәті 451 жылы түсті. Рим императоры ІІІ Валентиннің қарындасы Гонорий (Онорий) гүн патшасы Еділге ес-түссіз ғашық болады. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтайды» дегендей, Гонорий өзінің жан сырын жасыра алмай: «Тордағы тотымын. Құтқара көр, Еділ! Сені көріп өлсем арманым жоқ. Әйелдікке алмасаң да, адал тілеушің болайын!» – деп хат жолдады. Гонорий өзінің ағасы Валентиннің бұған еркіндік бермегенін ашына жазды. Ер мінезді, сері көңіл Еділ Гонорийдің бұл сәлемін қабыл алды. «Ол Гонорийді өзіне әйелдікке беруді және оның қалыңмалына Батыс Рим империясының тең жартысын сыйлауды талап етті. 451 жылы Аттила Паннониядан батысқа аттанды. Оның әскерінде гүндерден басқа оған тәуелді гепидтердің, ругиилердің, герулдардың сарбаздары болды. Ол Рейннен өтіп, Мозелдегі Мецті тонады. Орлеандағы Луареге дейін жетті... 452 жылы гүндер Солтүстік Италияға шабуыл жасап, бірнеше қаланы алды, оның ішінде Миланды да өзіне қаратты. Римдіктердің жағдайының қиын болғаны сондай, әскербасы Аэцай ІІІ Валентин Италиядан қашып кетуге кеңес берді. Бірақ та Аппенин түбегінен гүндердің өзі кетті, себебі ол жерді аштық пен індет жайлай бастап еді» («Көне дүние тарихы», III том, 357-бет). «Каталун қырғыны» дегенді естігендеріңіз бар ма? Галли провинциясының солтүстік-шығысындағы Каталун жазығындағы дүние тарихында бұрын-соңды боп көрмеген шайқаста қаза тапқан гүндер мен римдіктердің әскер саны 165 мыңға жетті. Өлім мен өмірдің шайқасы, Еділдің ең соңғы ұлы майданы еді бұл. Рим империясы құлады. Немістер де, бургундар да, фанктер де еркіндік алды. Галлия мен Бельгияда, Лютецийде (Парижде) құлдар көтерілісі бұрқ ете қалды. Осы «Каталун қырғыны» құлдық қоғамның соңғы соғысы болды. Шайқастан бір күн бұрын Еділ бақсыға құмалақ аштырды. Құмалақшының айтқанының бәрі келді. Еділ жеңіске жетті. Гонориймен некеге отырды. Тағы да екі жыл Еуропаны дүрліктіріп тұрды. 453 жылы бургунд королі өзінің теңдесі жоқ сұлу қызын Еділге қалындыққа ұзатты. Илдиона ханша Еділдің жүрегін жаулау үшін «махаббат күйігіне өртеніп бара жатқанын» ашық жариялады. Қалайда Гонорийден асып түсуге тырысты. Ол мақсатына жетті де.

ІІІ 

Еділдің ордасы. Түн. Алаулар жұлдыздай жамырайды. Оттың жарығымен гүндер билеп, думан құрып жатыр. Еділдің шатырының сыртында Гонорий мұңайып жалғыз тұр. Бұл Еділ мен Илдионаның тойы еді. Таң сыз бере бастағанда Еділ патша қып-қызыл қанға бөгіп, айқайлай далаға атып шықты. Бургунд королінің қызы Илдиона Еділді өлтіру үшін қасақана оған тұрмысқа шығып еді. Гүн ордасы дүрлігіп кетті. Көз ілмеген Гонорий ханым ешкімге байқатпай шатырдың ішіне кірді. Сәлден соң әйелдің шыңғырған даусы шаңқ етті де үні өшті. Гонорий ханым сүйікті патшасынан айырған Илдиона ханшадан кегін кездікпен алды. Гүн державасының «құдай патшасы» Еділ батыр 453 жылы таңсәріде әйелдің қолынан қаза тапты. Ол Илдионаны жазаламауды өтінді, бірақ кеш қалып еді. Оның орнына ұлы Еллақты қалқанға отырғызып, хан көтеріп, таққа отырғызды. Едіге бата берді. «Орта Азиядағы гүн тайпаларының бірлестігі Орта Азиядағы көшпелі ұлыстардың басын қосты, сөйтіп, қырғыз, қазақ және белгілі мөлшерде түрікмен халқының қалыптасуына негіз қалады», – деп жазды тарихшы А.Н. Бернштам. 

Тұрсын Жұртбай, филология ғылымдарының докторы, профессор

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз