«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».
Н. А. Назарбаев
Басты бет » Жарияланымдар » Алаш мұрасымен кемелденген тарихшы

Алаш мұрасымен кемелденген тарихшы

20 Қыркүйек 2016
Алаш мұрасымен кемелденген тарихшы
Жақында отандық тарихшылар қауымының төрінен мәртебелі орын алатын санаулы кәсіби тарихшыларымыздың бірі және бірегейі – Мәмбет Құлжабайұлы Қойгелдиев 70 жасқа толды

Ол Алаш жұртына тарихшы-ғалым, алаштанушы ретінде жақсы таныс. Білім мен ғылымның тізгінін қатар ұстаған зиялы ғалымның азаматтық келбеті қазіргі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Ол бүгінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Қазақстан тарихы кафедрасын басқарады. Сонымен қатар осы кафедраның жанынан құрылған «Айтылған тарих» ғылыми-зерттеу орталығына жетекшілік жасайды. Тәуелсіздік жылдарындағы отандық тарих ғылымында қалыптасқан Алаштану, Айтылған тарих және тағы басқа ғылыми бағыттарындағы іргелі және қолданбалы зерттеу жобалары өз нәтижесін беріп келеді. Ал кәсіби тарихшы ретіндегі оның көзқарастары мен ғылыми ой-пайымдары жүрекке жақын, қоғамға пайдалы. 

Аса қадірлі ұстазымыздың мерейлі жасқа толуына орай осыдан жиырма жыл бұрын қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Тарих факультетінің аспирантурасында оқыған кезімізде қалыптасқан ахуал мен жастардың ғылыми ортаға бейімделуі, бір кездері ғылыми жетекші мен аспиранттар арасында орныққан ресми қарым-қатынастың уақыт өте келе жылы, әріптестік-ағалық қарым-қатынасқа ұласуынан сыр шертетін ойларды ортаға салмақпыз. 

1990-ыншы жылдардың ортасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тарих, археология және этнология факультетінде «Отан тарихы» мамандығы бойынша аспирантурада оқығандар үшін сол кездегі «Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы» кафедрасының меңгерушісі, ғылым докторы, профессор Мәмбет Құлжабайұлы Қойгелдиевтің есімі ерекше аталатын. Оның Алаш қозғалысы тақырыбымен таныла бастаған кезі. Міржақыпша айтсақ, «ғылымның тұлпарына мінген» шағы еді. «Алаш тақырыбы оның басына бақ болып қонды» – дәл осы сөзді кафедраның кезекті бір мәжілісінде профессор Серік Құрманғалиұлы Жақыпбековтің айтқаны есімізде қалыпты. 

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында кафедра меңгерушілігі қызметін ғылыми зерттеулермен ұштастыра білген Мәмбет Қойгелдиев оқу процесін ғылыми зерттеу жұмыстарымен сабақтастырған еді. Сөйтіп айналасына бір топ талапты да, талантты шәкіртін топтастырды. Оның кеңесшілігімен және ғылыми жетекшілігімен Алаш қозғалысының күрделі кезеңдерін қамтитын, 1917-1918 жылдардағы Қазақстан тарихынан «Уақытша үкіметтің Қазақстандағы билік органдарының қызметі», «Қазақ комитеттері: құрылуы мен қызметінің тарихы», «Оңтүстік Қазақстан 1917 жылғы қос революция тұсында», «ХХ ғасыр басындағы Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі мұсылмандық қозғалыс», «Қазақ съездері: қаралған мәселелері, шешімдері және олардың орындалуы (1917-1918 жж.).Тарихи талдау», «Қазақстан бүкілресейлік құрылтай жиналысына даярлық және оның идеяларын қорғау кезеңінде», «Жетісу облысындағы қазақ және қырғыз халықтарының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі» сияқты ұлт тарихының өзекті мәселелері арнайы зерттеу нысанына айналды. Осылайша кеңестік тарихнамада бұрмаланған, мазмұны мүлдем басқаша сипат алған өткен тарихымыздың күрделі мәселелері бойынша жас тарихшылардың зерттеу жұмыстары қолға алына бастады. Міне, осындай игі істердің бел ортасында жүрген профессор Мәмбет Құлжабайұлының алаштану мектебін қалыптастыру кезеңі де 1995 жылғы «Қазақстан Республикасында тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасынан» кейінгі 1997 жылғы жалпы ұлттық татулық пен жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылымен, 1998 жылғы ұлттық тарих жылдарымен ұштасады. 

5610de7961882e087d2aaa0caeafe5d2.jpg

Профессор Нәбижан Мұқаметханұлы нақты атап көрсеткендей, «оның білім мен ғылым саласындағы белсенді қызметі тәуелсіздік кезеңіне сәйкес келді. Мұны ғалымның қоғамдық, ғылыми қызметінің екінші кезеңі деп қарастыруға болады». Осы кезеңде Мәмбет Құлжабайұлы тынымсыз ғылыми ізденіс жұмыстарының нәтижесінде 1994 жылы «Қазақ демократиялық интеллигенциясының қоғамдық-саяси қызметі (ХІХ-ХХ ғғ. басы)» тақырыбында докторлық дисертациясын сәтті қорғайды. Сол жылы алғаш рет Әлихан Бөкейхановтың шығармалар жинағын, 1995 жылы «Алаш қозғалысы» кітабын жарыққа шығарады. Осы тұста айта кетейік, Мәмбет Құлжабайұлы Алаш қозғалысының көшбасшысы Әлихан Бөкейханов десе, ішкен асын жерге қоятын. Бірде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясында өткен бір ғылыми жиынға қатыстық. Сонда мінберге көтерілген алаштанушы, академик, тарихшы-ғалым Кеңес Нұрпейіс: «Осы біздің Мәмбет Әлихан Бөкейханов жайлы сөз айтылса, қылышын суырып алып қорғауға дайын тұрады» деген еді. Бұл ұстазымыз туралы дәл айтылған сөз-тін, оған біздер куә болып келеміз. Өйткені Алаш қозғалысы тақырыбын, әлихантану мәселелерін ол кісідей жетік білетін ғалым жоқ десек артық айтқандық емес. Ол кісі бұл мәселені жан-жақты, әрі тереңнен түсінеді және оны басқаларға түсіндіре алады. 

Аспирантурада оқып жүрген кезімізде, кандидаттық диссертациямызды жазу және қорғау барысында біз профессор Мәмбет Құлжабайұлын әр қырынан тани бастадық. Оның үлкенге құрметін, кішіге ізетін көрдік, онысына сүйсіне қарайтынбыз, керек жерінде мінезін де көрсетіп қоятын, әрдайым әділдікті ту ететін, еңбекқорлығымен қоса талапшыл, жастарға жанашырлық таныта білетін, қолынан келсе қамқорлығын аямайтын адам. Профессор-оқытушылар құрамынан кафедраның ізденушілері мен аспиранттарына өз сабақтарын бергізіп қойып, олардың еңбегін қанаудан аулақ болуды талап ететін. Кафедра «аспиранттары мен ізденушілеріне ғылыммен айналысуға ешбір кедергі жасамауы керек» дейтін. Осындай қасиеттерімен оның беделі аспиранттар арасында да арта түсетін. Оған қызыға да, қызғана да қараушылар көбейді. Олай дейтініміз, мүйізі қарағайдай кейбір ғалым ағаларымыздың алдына барғанда, ғылыми жетекшіңе айта бар дегендей, «осы сендер, бес-алтауың бірдей бір мезгілде 1917-1918 жылдардағы проблемалар бойынша ғана жаза бересіңдер ме?» деп, бізді ащы тілдерімен бір түйреп жіберетін еді. Сонда біздер – аспиранттар «мықты болсаңдар біздің ағайымыз сияқты қазақ тарихының сол бір күрделі кезеңдегі мәселелерге арналған бес-алты диссертациялық жұмысты қатар қойып жетекшілік жасамайсыңдар ма? Өздерің ол кезеңдегі мәселелерді дұрыс түсіне алмаған соң, білмеген соң осылай дейсіңдер ғой» деп, өзара әңгімелеп қоятынбыз. 

Ғылыми жетекші ретінде профессор Мәмбет Құлжабайұлының қоятын бірінші талабы – бұрын қорғалған диссертациялардағы мәселелерді қайталамау, қазіргі тілмен айтқанда, плагиаттан аулақ болу. Әсіресе, Алаш қозғалысы тарихынан тың мәліметтер беретін мұрағат құжаттарын және түпнұсқалық дерек көздері болып табылатын «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Жас азамат», «Алаш» сияқты ұлттық мерзімді басылымдардың материалдарын сапалы пайдалануға шақыратын. 

Білім беру мен ғылымға баулу дәстүрі сақталған ҚазҰУ-дың мектебі мықты ғой, негізі. Біздер үшін осы университетті бітіріп, оның аспирантурасында оқу зор мәртебе болатын, әрине. 1990-ыншы жылдардың ортасында жоғары оқу орнында қызмет ету үшін кандидаттық диссертация қорғау міндетті болды. Ал оның жолы біреу ғана – дұрыс ғылыми жетекшің болу керек және өзекті ғылыми тақырыпты таңдау, оны бекіту, мүмкіндік болса аспирантураға түсу, одан арғысы таза еңбекпен келеді, өрге сүйрейтін жетекшің мен талаптанған өзіңе байланысты болатын. Аспирантураға түскеннен кейін ғылыми ортада көп айтылатын «егер тақырыпты дұрыс таңдасаң, ол – сенің жартылай жеңісің» деген сөздің мән-мағынасын ұғына бастадық. Ғылыми жетекшіңді анықтап, оның келісімін алу да оңай шаруа емес еді, «сөзімді қалай бастаймын», «қалай қабылдайды екен», «сенімінен шыға аламын ба?» деген сияқты сан түрлі сауалдармен басың қататын. Араға «адам» салмай, ғылыми жетекшіге тікелей өзің шығып сөйлесу үшін де біраз сатылардан өтуге тура келеді, «ақырын жүріп, анық баспасаң» ғылым жолындағы «қылкөпірден» құлап кетуің де мүмкін еді. 

18ff65058b079154446cab5a337daf6f.jpg

Университет бітіргеннен кейін араға бес жыл салып, ҚазҰУ-дың тарих факультетінің есігін қайта аштым. Осында бізге, кезінде тарих пәнінен дәріс оқыған ұстазым – Мәмбет Құлжабайұлымен кездесіп, тақырып жөнінде ашық әңгімелесудің сәті түсті. Аман-саулықтан кейін, мүмкін мені ұмытып қалған шығар деп, өзімді қайта таныстыра бастағанымда «білемін ғой, білемін» деді, оған іштей қуанып та қалдым. Содан соң, алдымен аймақтағы ЖОО-ның жағдайын баяндап, ғылымға біржола бет бұрғым келетінін айтқанымда, ол зерттейтін тақырыптардың көп екенін, бірақ алдымен қай бағыттағы тақырыпты таңдағым келетіне көңіл бөлді, біршама пікір алысудан кейін ғылыми жетекшім профессор Мәмбет Құлжабайұлы «Қазақ съездері» тақырыбын зерттеу қажет екеніне тоқталды. Сосын біраз ойланыңқырып отырып, төте жазуды білетін-білмейтінімді сұрады, мұның әлі ешкімнің тісі бата қоймаған өте күрделі тың тақырып екенін, оны кез-келген адамға ұсына бермейтінін айтып қалды. Ал мен болсам, шамама қарай сенімінен шығуға тырысатынымды жеткіздім. 

Сөйтіп Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің жолдамасымен ҚазҰУ-да профессор Мәмбет Құлжабайұлының ғылыми жетекшілігмен бір жылдық тағылымдамадан (стажировкадан) өтіп, келесі жылы аспирантураға түстім. Аспирантура кезінде үлкен мектептен өттік, ғылымдағы тазалық дегеннің не екенін білдік. Мұның бәрін ұстазымыз Мәмбет Құлжабайұлынан үйрендік, адамгершілік қағидаттарының көптеген мәселелерін де сол кісіден түсіндік. 

Аспирантураның соңғы жылында кафедраның алдын-ала қорғауынан өтіп, 1999 жылдың маусымында кандидаттық диссертациялық жұмысымды сәтті қорғадым. Кафедрадағы алдын-ала қорғау кезінде профессор Серік Құрманғалиұлы болашақта «Қазақ съездерінің қаулы-қарарлары мен шешімдерін» хрестоматия түрінде шығарып, жоғары оқу орындарында оқу процесіне енгізу керектігін ұсынған еді. Бұл идея 2007 жылы тағы да ұстазым, профессор Мәмбет Құлжабайұлының тікелей ықпалымен жүзеге асты. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында шыққан «Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы» атты көптомдығының 4-інші томы «Қазақ съездері» деп аталды. Диссертациялық жұмысты жазу мен қорғау кезінде ғылыми жетекшімнің айтқан мынадай сөздері есімнен кетпейді: «бұл тақырыпты жазып шығу үшін, алдымен оны жақсы көруің керек», «жұмысты уақытында жазып қорғау үшін, күніне жарты бет қағаз болса да жазуың керек», «бұл тақырыпты өзіңнен артық ешкім біле қоймайды», «қандай жағдай болса да, өз ұстанымыңда қалуың керек». Қазір ойлап отырсам, ғылыми жетекшімнің бұл айтқан сөздері тура тұлпарын бәйгеге қосатын бапкердің қамшылау сөздері екен, шәкіртін алдын-ала баптау, оны өзін-өзі қорғауға, терең біліммен қарулануға дайындау екен. 

ҚазҰУ-дың аспирантурасында үлкен мектептен, күрделі сынақтардан өттік, қиындығы мен қызығы мол ғылыми ортаға бейімделдік, өзіндік таным-түсінігіміз қалыптасты. Оған ұстазымыз, тарихшы-ғалым Мәмбет Құлжабайұлының ықпалы, айтқан ақыл-кеңесі зор болды дер едім. Ол үшін Ұстазыма алғыстан басқа айтарым жоқ. 

Күлпаш Ілиясова, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз