«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».
Н. А. Назарбаев
Басты бет » Жарияланымдар » Абайға әсер еткен Михаэлис кім?

Абайға әсер еткен Михаэлис кім?

26 Қыркүйек 2016
Абайға әсер еткен Михаэлис кім?
Абайдың ғалымдық жолын ұштаған, орыс пен қазақ мәдениетінің қайраткері, қазақ геологиялық ғылымының зерттеушісі, өлкетанушы Михаэлистің қазақ тарихындағы орны ерекше

Биыл орыс халқының ұлы перзенті, аса көрнекті ойшылы, ағартушы, географ-өлкетанушы Евгений Михаэлистің туғанына 175 жыл. Қазақ халқының төл тарихына өзіндік орнын қалдырып, шығыс өңіріне сіңірген еңбегі зор. Ол орыс пен қазақтың төл мәдениетін жақындастыруға жолайрық көпір болып, заңғар тұлғасы мен шығармашылық мұрасы, өмірін қазақ даласымен ұштастырған тарихи тұлға. 

Евгений Михаэлис 1841 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласында дүниеге келген. Жас кезінен оқуға алғыр, орыс халқының озық ойлы азаматы ретінде қоғамға өзіндік үндеуін қосады. Осылайша студенттік кезінен қоғамдық қозғалыс басшыларының бірі ретінде полицияның қатаң бақылауына ілінеді. Кейін 1869 жылы Михаэлисті Қазақстанға, яғни Семейге жер аударады. Ұлылар еліне келгенде Михаэлис статистика басқармасында іс жүргізушінің жәрдемшісі болып жұмысқа орналасады. Осы кезеңнен бастап Михаэлистің ғылыми, ағартушылық қызметі Қазақстанмен тығыз байланыста өрби бастайды. 

Сол уақытта қазақ руханиятының шамшырағы, ұлы ойшыл Абайдың рухани әлемінде орыс достары табылады. Оның бірден-бір қозғаушы әрекеті орыс ағартушы-интелегенцияларының қазақ жеріне саяси жер аударылуынан басталады. 

196ef313d0677289b3548b9548ff4829.jpg

XIX ғасырдың екінші жартысында Семей қаласына ең алғаш жер аударылып келген орыстың ұлы жазушысы Федор Достаевский болатын. 1870 жылдардан бастап келесі лек келе бастады. Сол уақытта патшалық билік жүйесіне қарсы шыққан қоғамдық ұйымдар мүшелігінде орыс интеллигенциялары мен Петербург университетінің бір топ жастары болды. Осылайша ұлт зиялылары мен интеллигенцияларын саяси қуғындау науқаны кең етек алды. Бұл туралы абайтанушы ғалым Асан Омаров «Абай: ашылмай келген сырлар» атты еңбегінде жер аударылу туралы толықтай түсіндіріп өтеді. 

«1861-1876 жылдары кіндік Ресейде «Земля и Воля» және «Народная воля» деген құпия ұйымдар болған. Аталмыш саяси қозғалыстарға Герцен мен Чернышевскийдің қалың бұқара халықтың мүддесін қорғау идеясына ұйыған кілең студент жастар тартылған болатын. Албырт жастар патшалық билік жүйесін төңкеріп тастауды көздеді. Міне, сол үшін қуғын-сүргінге ұшырап, жер аударылады», – дейді зерттеуші. 

1870 жылдардың легімен келгендер қатарында орыс зиялысы Е.Михаэлис, «Народная воляның» мүшелері Н. Долгополов, С. Гросс, А. Блэк, П. Лобановский, Н. Коншиндер болды. Осылайша 1870 жылдардың басынан Абайдың Семейдегі орыс дос-тамырлары көбейді. Солардың арасында біз сөз етіп отырған Евгений Михаэлис пен Абай Құнанбайұлының арасында қарым-қатынас берік достыққа ұласып, біріне ұстаз, біріне шәкірт болып рухани жақындасты. 

1883 жылы Ертіс жағынан орын тепкен Семей қаласының орталығынан тұңғыш жаңа кітапхана ашылды. Оны ұйымдастырушылар ұлы ойшыл Абайдың досы орыстың саяси жер аударылып келген интеллигенттері – Е.Михаэлис бастаған А.Лентьев, Н.Долгополов, П.Лобановский, Северин, С.Гросс тәрізді саяси жер аударушылар еді. Саяси жер аударушылардың келуімен Семейдегі мәдени-рухани орданың салтанат құруыда даңғыл жолға түсті. Мәдени кешендердің бірі тұңғыш ашылған  кітапхананың өмірге келуі Абай есімімен тығыз байланысты болды. Өйткені бұл кітапханада Абай түнге дейін отырады екен. Михаэлис пен Абай ең алғаш осы кітапханада кездеседі. Абайдың қимас досы айдауда жүрген Михаэлиспен танысуын абайтанушы ғалым Асан Омаров өз зерттеулерінде: «Михаэлис өзіне керек бір кітапты іздеп кітапханаға келіп тұрғанда, сол жерде Толстойдың кітабын сұрап Абай да тұр екен. Михаэлиске қыр қазағының сол кітапты сұрауы таңсық көрінеді. Сондықтан ол Абайдан «Толстой неге керек?» деп сұрағанда, Абай өзінің кітап қарастырып жүрген жайын айтады. Содан екеуі кітапханадан бірге шығып әңгімелесіп-ақ кетеді». 

152ea6bd6ab900346c15ded01a1c329e.jpg

Жер аударып келген орыс интеллигенттерінің қатарында кесек тұлға Михаэлис болатын. Өзге орыс зиялылары Михаэлистің қатарына топтасқан. «Ол дүлей талант иесі, егер айдалып кетпегенде, есімі Менделеев, Тимирязев, Сеченов қатарында аталатын еді», – деп орыс әдебиет сыншысы Николай Шелгунов өз дәуірінің тарихи тұлғасы туралы әділ бағасын  айтқан болатын. 

Абай мен Михаэлис арасында қарым-қатынас кітапхана арқылы достыққа ұласып, ұлы қазақ ойшылының ғылым әлеміндегі еңбектерінің жарыққа көруіне үлкен баспалдақ болды. Олай дейтініміз Михаэлис нұсқаған еңбектерді Абай бірізділікке салынып, оқуға көшті. Бәріміз білетіндей ХІХ ғасыр орыс әдебиеті мен мәденитінің «алтын ғасыры» айтылатын. Сондықтан да жер аударылып келген орыс зиялысы Михаэлис Абайға патшалық Ресей үкіметінің ішкі өміріндегі жаңалықтарымен, орыс әдебиетінің үздік шығармаларымен таныстырды. Г. Спенсер, Спиноза, И. Дарвин, Дрепер сынды ғұлама ғалымдар мен батыс ағартушы-ғалымдарының еңбектерін оқып-үйренуге кеңес берді. Осылайша қазақтың бас ақыны Абай: «Менің көзімді дүниеге ашқан – Михаэлис» деп оны аузынан тастамады. Абай нәр алған үшінші бұлақ – орыс мәдениетінің сусындауына Евгений Михаэлистей алыптың кездесуі зор табыс болды. 

Михаэлис пен Абай қарым-қатынасы рухани тұрғыда жақындаса түсе отырып, орыс пен батыс әдебиетін, тіпті тілдерін еркін меңгеріп кетеді. 1886 жылы Михаэлистің ұсынысы бойынша Абай Семей облысы Статистика комитетінің толық мүшесі болып сайланады. 

Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясында Михайловтың образы арқылы Михаэлистің өмірбаяны көрініс тапқан. Тіпті заңғар жазушы: «Заманы келіссе, бір халықтың маңдайына біткен ырысы дерлік»,-деп Михаэлиске жоғары баға береді. 

Ұлы орыс зиялысы өмірінің соңына дейін қазақ қоғамы үшін ерінбей еңбектеніп, 1880 жылы Ресей География қоғамы Батыс Сібір бөлімшесінің мүшелігіне сайланады. Михаэлистің Семей облысын зерттеуге арналған еңбектері Ресей География қоғамның кезекті басылымдарында жарияланды. 1882 жылы Михаэлис қызмет бабымен Өскемен қаласына ауысып, өмірінің соңына дейін жергілікті қазба байлық пен ауа райын зерттеумен айналысып, осы салад ғылыми зерттеулермен айналысады. Евгений Михаэлис жүргізген ғылыми-зертханалық еңбектері жоғары бағаланып, Ресей География қоғамының медалімен марапатталды. 1913 жылы қазақ жерінде қайтыс болып, Өскемен қаласына жерленеді. 

Сөз соңында айтарымыз, Абайдың ғалымдық жолын ұштаған, орыс пен қазақ мәдениетінің қайраткері, қазақ геологиялық ғылымының зерттеушісі, өлкетанушы Михаэлистің қазақ тарихындағы орны ерекше. 

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз