«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».
Н. А. Назарбаев
Басты бет » Жарияланымдар » Сұлтан Хан Аққұлы: Әлихан Әуезовтен бұрын абайтанудың негізін қалады

Сұлтан Хан Аққұлы: Әлихан Әуезовтен бұрын абайтанудың негізін қалады

27 Қыркүйек 2016
Сұлтан Хан Аққұлы: Әлихан Әуезовтен бұрын абайтанудың негізін қалады
Әлихан Бөкейханның туғанына 150 толуына байланысты әр жерде әр түрлі шаралар ұйымдастырылып отыр. Кезекті шараны Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин музейінің қызметкерлері өткізді

Мұнда әлихантанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлы Жүсіп мырза ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығы хақында әсерлі дәріс оқыды. Шараға қатысушылардың дені негізінен студенттер мен жас ғалымдар болды. Олар алаштанушы ғалым ғылымдағы жолын арнаған әлихантану ғылымы жайында басталған әңгімені ұйып тыңдады. 

Дәріс әр түрлі тақырыпты қозғады: Әлихан-150 тойы, Абай мен Әлихан, «Абай жолы», Алаш Орда үкіметі мен Түркістан автономиясының арақатынасы, ұлттық мемлекет құрудағы Әлихан қызметі, Бөкейханның саяси жолы, ғасыр басындағы алаш тағдыры, экономикалық жағдай, алаш пен Жапония байланысы, Алаш Орда және совет үкіметі, арыстың ақырғы күндері. 

66c9bc7efb3da7271f20bc4a743be5d8.jpg

«Алаш көсемінің ақырғы күні» демекші, осыдан тура жетпіс тоғыз жыл бұрын дәл осы күні Әлихан Бөкейханды ату жазасына кесу туралы үкім шығарды және табан астында соны орындаған күн. Заманында өз ұлтын теңдікке жеткізіп, шекарасын бекіттіріп, жиырма бес жылдың ішінде бай әрі қуатты мемлекетке айналдыру үшін саналы жоспар құрып, билеуші большевиктердің құтын қашырған лидер осылайша туған елінен жырақта, он жылдан аса үйде тұтқын болып ғұмырының соңын қорлықта өткізді. Ақырында «Мен Советтік билікті жақсы көрген емеспін, бірақ, мойындадым!» деп қайсар тұлғасынан танбай, жарық жалғанмен қоштасты. 

«Қазпошта» ұлттық компаниясы шығарған марка мен ҚР Ұлттық банк жасаған Әлихан Бөкейхан монетасы айналымға енді. Әлиханның тойы өзінің туған мекені Ақтоғайда аталып өтілді. Әкесі Нұрмұхамед пен анасы Бегежан жатқан Талдыбейітке Мәскеудегі бауырластар зиратынан топырағы бұйырып, Желтаудағы кіндігі кесілген жерге белгітас орнатылды. Және аудан орталығындағы мектептің алдына артынан жарқырап күн шыққан символикалық мәні бар бюсті қойылды. 

ab0da32e0a129e23c12ecafd8ab14292.jpg

Әлихан – абайтанудың басында тұрған ғалым, қайраткер. «Көп адамдар ұлы жазушы Мұхтар Әуезовті абайтанудың негізін салған ғалым деп таниды, алайда шындықтың жүзіне тура қарайтын болсақ, – дейді С. Жүсіп, – Абай алғаш таныған Әлекең болып шығады. Тіпті оның 1909 жылы тұңғыш рет Абай өлеңдерін баспадан шығарған еңбегін ескермегеннің өзінде 1889-1890 жылдары «Дала уалаяты» газетінде жазған мақалаларында ел билеу ісі мен болыстық басқару, болыстар мен атқамінерлердің әрекетін әшкерелеуде Абаймен үндес келеді». 

582e4009c74d8a8a2a718a0c51105457.jpg

Тарихшылар Қоқан автономиясы мен Алаш Орданы екі түрлі сипаттап, басшыларының бірін-бірі тыңдамаған, мойынсұнбаған дегендей деректерді таратады. Алайда бұл мәселені түпкілікті зерттеген С. Аққұлы Түркістан мухтариятын құруда Әлихан Бөкейханның тікелей қатысы болғанын айтып берді. Премьер-министрі Мұхамеджан Тынышбайұлы, сыртқы істер министрі Мұстафа Шоқай болған үкімет Әлиханның арнайы тапсырмасымен құрылғанын, Орынборда өткен бүкілқазақтық сьезге М. Шоқайдың шақырылғанын және олардың түбінде ұлттық автономияның құрамына қосылуын көрегенділікпен болжап білген дейді. 

efdb53242bb66dcf4a72f51f2269a07c.jpg

Өткен ғасыр басындағы қазақ халқының жан саны мен экономикалық ахуалын баяндаған ғалым бұл тарапта салыстырулар жасады. Айталық, қазақ өзінің экономикалық табысын жылқымен есептеп, сол арқылы әл-ауқатын көрсеткен дейді. Қазақ даласында миллиондап өрген ақтылы қойды (36 миллион болған) есептемегенде тек жылқының саны 20 миллионнан асып жығылған. Ал мүйізді ірі қараңыз әр қазақ отбасында 1700 бастан болғанын білсеңіз, сол уақыттағы қазақ ахуалы аңғарылар еді. Алайда осы «іші боқ, сырты түк» хайуанды ұқсатуды да үлкен өнерге балайтын Әлекеңнің көптеген мақалалары ауыл, мал шаруашылығына қажетті нұсқаулықтар болатын. Бұл төңіректегі әңгіме ауаны халықаралық сипатқа, Дания мен Австралия елдерінің мал мен егін, ет өнімдеріне салыстырулар жасап, ақырында Жапониядағы Мейдзи жаңғыруына ұласты. 

d19eb527100479927b02fee6016b8de3.jpg

Бұдан бөлек «Кооператив», «Игілікті іс» атты мақалаларында аграршы энциклопедист-ғалым сол дәуірде қазақ халқының тұрмыс жағдайын жақсарту үшін не істеу керектігі, қандай іспен айналысып, немен шұғылдануы тиіс жайында үндеулер жазған. 

Әлихантанушы ғалымның оқыған дәрісі тың деректерге толы болды. Тұлғалар арасындағы қайшылықтар мен кейбір даулы мәселелердегі түсінбестіктерге тыңдаушы тарапқа жауап берілді. Әлихан мен Тұрар, Әлихан мен Сәкен, әлихантану ғылымындағы сауалдарға жауап табылды. Түйінін тыңдаған қауым өзі ойлап, өзі екшеп алатындай дүние болды деп айтуымыз керек. 

Заңғар Кәрімхан

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз