«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».
Н. А. Назарбаев
Басты бет » Жарияланымдар » Арысты атқан күн

Арысты атқан күн

27 Қыркүйек 2016
Арысты атқан күн
Алаш Орда үкіметінің төрағасы, энциклопедист ғалым, саяси қайраткер, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның дүниеден өткен күні

Әлихан Бөкейхан қатысқан төртінші экспедиция ССРО Ғылым акамедиясының Антропологиялық экспедициясының экономикалық бөлігі 1925 жылдың жазында адайлар елі Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау облыстарын зерттеуге шығады. Осы сапарда жергілік жұрт Әлихандай арысты зор құрметпен күтіп алады, хан көтереді. Сонда әйгілі тұлға өзіне тән ерекше кішіпейілдікпен мұнысы артық екенін, хан болуға тырыспайтынын, «қойыңдар» деп бір ауыз сөзден қайтарып тастайды. 

Журналист Серікбол Хасан жариялаған Әлиханның бейнесі сақталған фотосуретте алдыңғы қатарда ұлт көсемі отыр. Сонымен бірге алқалы топтың қақ ортасында ақ кепка киген, қырын қарап, қыранша қарап отырған жас Әлкей Марғұланды да көз шалады. 

6314d78bd8840a8e8d51c24ae15451ec.jpg

Әлихан Бөкейханның өмірін егжей-тегжейлі зерттеген ғалым Сұлтан Хан Аққұлы: «Осы экспедиция жұмысын ерте аяқтап, күзді күні С.П. екеуі Қызылордаға А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлыға қонаққа барып, вокзалда ұлт көсемін ҚазАССР халықкомының төрағасы Н.Нұрмақұлы күтіп алады. Қызылордадан Ақтөбеге оралған сәтінде Әлихан Сталиннің нұсқауымен тұтқындалып, Мәскеуге кісенделіп жеткізіліп, Бутыркаға жабылады. 

Қарт бәлшебек, лениншіл «ескі гвардияның» бір өкілі, Василий Шелгунов Сталиннің Кремльдегі кабинетіне есікті теуіп кіріп келіп: 

 – Коба, сен кімді тұтқындағаныңды білесің бе? Бұл бізді марксизмге үйреткен Бөкейханов; дереу босат! – дегенде, Сталин «ескі бәлшебектің» мысына қарсы тұра алмай, телефонмен «Босатыңдар!» деп нұсқау беруге мәжбүр болған», – деп жазады. 

Бұдан кейін ұлт көсемін ҚазССР басшылығы (Нығмет Нұрмақұлы) «Қазақ АССР-ның жер бойынша халық комиссарының (халком) істерін уақытша атқарушы» деген лауазымға тағайындағаны Сталинге қатты батады. Мұндай ірі мансапқа өзінің келісімінсіз тағайындап, қолын қойған Нұрмақұлын да атарға оғы жоқ. Оның 1937 жылдың қыркүйек айында білімін жетілдірсін деген желеумен алдап шақырылып, Әлиханмен бірге бір күнде атылуы осыны аңғартады. 

Әлихан Бөкейханның ел арасындағы зор беделінен қорыққан большевиктер оның Қазақстанға баруын, жүріп-тұруын мүлде шектеген. Жаралы арыстандай торға қамалып, Мәскеудегі үйқамақта он жыл тіршілік етті. Бұл жылдарда ұлт көсемі елдегі азаматтарды қабылдап әңгімелерін тыңдады, кейбір сенімді серіктеріне арнайы тапсырмалар беріп, орындалуын қадағалады. «Қызыл тіл, қолым емес кісендеулі» дегендей, ізбасарларына әр қилы ғылым салалары бойынша оқулықтар мен әдебиеттер жазуға, ғылыми-әдістемелік материалдар дайындауға жұмылдырып, оқу-ағартушылық істерді ұйымдастырды. Мәскеуде тұратын және орталыққа келіп түскен республика басшылары, ел басқарған азаматтардың (Х. Досмұхамедұлы, М. Есболұлы, Ә. Мұңайтпасұлы, М. Бұралқыұлы, М. Мырзаұлы) бірден Кремльге тартпай, Әлиханға бұрылуы, сәлем бере баруы жайындағы деректер оның беделінің өшпегенін, ұстаз тұтқандарын көрсетсе керек. 

61a63fa366ba47c68dffdc8c175c8481.jpg

Әлихан Бөкейханды 1937 жылдың 26 шілдеде НКВД бастығы Н. Ежов бастаған жендеттер қайта тұтқындаған. Тергеушілер Әлекеңді жауапқа тартып: «Сіз «Алашорданы» білесіз бе?» – деп сұрақ қойғанда: «Маған «Алаш Орданы» білесіз бе?» деп сұрақ қойма. Мен – «Алаш» партиясы мен «Алаш Орда» кеңесінің төрағасымын, «Алаш Орда» үкіметінің төрағасымын. Сондықтан да оның іс-әрекетіне толық жауап беремін. Ал «Алаш Орда» совет өкіметін мойындап, оның бұрынғы іс-әрекеті үшін ешкім де, ешқашан да жауапқа тартылмайтыны туралы Ленин қол қойған келісімнен кейін ол үкімет тарихтан кетті. Егер де Лениннің қолы оның өзі өлген соң жүрмей қалса, онда үшінші адам болып Сталин қол қойған. Ол келісім күшін жойған жоқ. Жойса, келісім бойынша, маған хабарлар еді. Мен Сталиннен ондай хат алғам жоқ. Әлде сендер оны мойындамайсыңдар ма? Онда маған жазбаша жазып беріңдер. Ал жазбасаңдар, демек, ол келісім күшінде, одан да келесі сұрағыңа көш», – деп жауап берген. 

Әлихан Бөкейханды ату жазасына кескен үкім 1937 жылы 27 қыркүйекте шығарылған және дәл сол күні шешім орындалған. Тек 1989 жылы мамырдың 14 күні ССРО Жоғарғы сотының қаулысы бойынша әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан толық ақталды. 

«Мен советтік билікті жақсы көрген емеспін, бірақ, мойындадым». Әлихантанушы С. Жүсіп мырзаның зерттеуінше, бұл – Алаштан асып туған көсем Әлихан Бөкейханның соңғы сөзі. 

Заңғар Кәрімхан

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз