«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».
Н. А. Назарбаев
Басты бет » Жарияланымдар » Аға ұрпаққа алғыс айтылды

Аға ұрпаққа алғыс айтылды

28 Қыркүйек 2016
Аға ұрпаққа алғыс айтылды
Дәстүрлі қазақ қоғамында руға, тайпаға, жүзге, ұлтқа қарамастан үлкендерге құрмет көрсету салты орын алған

Бүгін, 2016 жылдың 28 қыркүйегінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Президент залында «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті.  

Конференцияның ұйымдастырушылары Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің Ардагерлер одағы және «Ардагерлер ұйымы» АҚҰ-ның Астана қалалық филиалы тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің жетістіктері мен табыстарын атап өтуді, сондай-ақ Халықаралық қарттар күні қарсаңында аға буын жастарға өздерінің өмір тәжірибелері арқылы беріп отырған тәлім-тәрбиелері үшін алғыстарын білдіруді мақсат етті. 

Конференция басталмас бұрын қонақтар «Түркі жазбалары», «Қалыптасу тарихы» және «Л.Н. Гумилев атындағы мұражай» атты мұражайлар мен көрмелерді аралай алды. 

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің мәдени-әлеуметтік даму мәселелері жөніндегі проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі Дихан Қамзабекұлы өзінің кіріспе сөзінде былай деді: «Жақында, университетіміздің 20 жылдығына орай біз үлкен іс-шара өткіздік. Атақты ғалымдар, жазушылар, қоғам қайраткерлері қазіргі жастар туралы ойларымен, көзқарастарымен бөлісті. Көпшілігі бүгінгі жастардың білімі және шет елдерге барып жинап келетін ой-өрісі қуантатынын жеткізді. Жастар салт-дәстүрлерімізді құрметтеп, үлкендердің пікіріне құлақ асады. 

Тағы бір тілегіміз, жастарды діннің алып келетін рухани құндылықтарынан сусындай отырып тәрбиелеуіміз керек. Мешітке немесе шіркеуге қадамдарын санап басып бара жатқан қарттарды өте жиі кездестіремін. Жастар олардың қастарынан өте шықпай, тоқтап, көмектесіп, жеткізіп салса екен деймін. Біз әріптестерімізбен бірге қарттарымызға тағы қандай қолдау көрсетсек болады деген ойға жиі шомыламыз. Олардың арасында жігерлі, терең білімді және қуатты кісілердің бар екенін ескере отырып, біз ұрпақтар арасында «алтын көпір» қалыптастыра отырып, оларды студенттермен өткізілетін кездесулерге шақыра аламыз. 

b7747f6d5d2e55a95137e97fd4ae8110.jpg

Сондықтан, егер сіздердің жастарға айтарларыңыз болса, келіңіздер, университеттің және «Ардагерлер ұйымының» есігі сіздер үшін әрдайым ашық! Ал сіздердің жазбаша жұмыстарыңызды біздің журналдарымызда жариялауға болады». 

Алғыс жаудырған қол шапалақтауларға қарағанда жиналған қауым ғалымның осы ұсынысын жылы қабылдады. Келесі сөз сөйлеушінің баяндамасында өте қызықты тарихи мәліметтер қамтылды. Қазақстанның Ұлттық тарихшылар конгресінің хатшысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қабылдинов Зиябек Ермұханұлы 

«Қазақстанның Тәуелсіздік күні – Қазақстан Республикасының басты ұлттық мерекесі» тақырыбына тоқталды: «Біздер, профессорлар, оқытушылар құрамы және университеттің қызметкерлері сіздің ұрпақтың арқасында әлемдегі мықты, қарқынды дамып келе жатқан мемлекетті құра алдық. Аға буынға құрмет көрсету күні мерекесіне орай 8-сыныпқа арнаған оқулықтан бірнеше үзінді келтіргім келіп отыр, онда халқымыздың төрт мың жылдық тарихы баян етіледі: 

«Дәстүрлі қазақ қоғамында руға, тайпаға, жүзге, ұлтқа қарамастан үлкендерге құрмет көрсету салты орын алған. Мысалға, XIX ғасырдың аяғанда неміс зерттеушілерінің бірі Фон Шварц былай деп жазды: «Қырғыз-қайсақтарда сұлтандар мен батырлардан басқа, шыққан тегіне қарамастан барлық үлкен ерлер мен әйелдер құрмет пен беделге ие». Шындығында, дала қоғамында үлкендер тұрақтылық сақтап отырған. Оларға сөзсіз бағынған. Оларға ең құрметті орындар берілген. Үлкендердің көзінше жастар ешқашан дауыс көтермеген. 

ca8df2d1efc21b4f374d55a8a79e7cff.jpg

Сонымен бірге, аға буын тек қазақ халқының ғана емес, Қазақстан аумағына тағдырлары айдап әкелінген барлық ұлттардың ең үздік салт-дәстүрлерінің сақтаушысы және жеткізушісі болды. Ұлы дала елінде, Еуразияның кіндігінде үлкендерге аса үлкен құрметпен қарайтыны туралы еуропа зерттеушілерінің көбісі айтқан болатын. Бұл туралы XVIII ғасырда Миллер, Кириллов, Тевкелев және т.б. жазды. XIX ғасырдың көптеген ресей зерттеушілері әлем халықтарының ішінен көшпенділер ерекше қонақжайлылығымен, ашықтығымен, үлкендерге қамқорлығымен және құрметімен ерекшеленетінін атаған». 

«Ардагерлер ұйымы» АҚҰ-ның Астана қалалық филиалының төрағасы, Астана қаласының Қоғамдық кеңесінің төрағасы Есілов Сансызбай Сейітжанұлының құттықтау сөзі де тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің жетістіктеріне арналды.

Археология және этнология кафедрасының аға оқытушысы Татьяна Кошманның қорытынды баяндамасынан конференцияға қатысушылар еліміздің басты оқу орны – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық униерситеті туралы көптеген қызықты мағлұмат алды. Конференция аяқталған соң жиналған қауым назарына университет студенттерінің және «Ардагерлер ұйымы» ансамблінің қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз