«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».
Н. А. Назарбаев
Басты бет » Жарияланымдар » Ақтөбенің айбынды көрмесі

Ақтөбенің айбынды көрмесі

30 Қыркүйек 2016
Ақтөбенің айбынды көрмесі
Көрмеде Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорынан жасақталған, бұл далада ғұмыр кешкен ұлы тұлғаларға қатысты заттар мен архивтік материалдар және құнды жәдігерлер назарға ұсынылды

Музей – тарих, музей – шежіре. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Әскери-тарихи музейінде еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен «Қуатты өңірлер – Қуатты Қазақстан» атты Ақтөбе облысының Астана қаласындағы күндеріне орай, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Ақтөбе жері – қаһармандық дастаны» жылжымалы көрмесінің ашылу салтанаты өтті. 

9218967e46560d3c13ef135c1ca72cd1.jpg

Көрмеде Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорынан жасақталған көрмеде XIV-XV ғасырда ұлы ойшыл, қазақ даласын кезіп, жерұйық іздеген Асан қайғының баласы Абат батырға арнап салынған мавзолейдің макеті, эпостық батыр Қобыланды батырдың, кіші жүздің биі, әрі шешен Әйтеке бидің, Жоңғар шапқыншылығы кезіндегі, қиын-қыстау заманда үш жүздің біріккен қолына қолбасшылық еткен Әбілқайыр ханның, 1836-1838 жылдары Батыс Қазақстандағы көтерілістің басшыларының бірі Махамбет Өтемісұлының антропологиялық қайта қалпына келтірілген бейнелері, Арынғазы хан мен ержүрек батыр Есет Көкіұлының сауыты, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова туралы деректер, халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің жеке заттары, қазақтан шыққан тұңғыш генерал-лейтенант Жансен Кереевтің әскери киімі, ғарышкер Виктор Пацаевтің жаттығу киімі және өзге де архивтік материалдар мен құнды жәдігерлер назарға ұсынылды. 

2fb9dc8882f141e373af620daf6fed77.jpg

Көрменің салтанатты ашылуына ҚР Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары – тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы Мұхамеджан Қадыржанұлы, ҚР ҚК ҰӘПО бастығы Айдос Сейітқалиұлы, ҚР ҚК ҰӘПО – Әскери-тарихи музейінің бастығы Перизат Ақселеуқызы, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Дүйсенғали Мейрам Нұрланұлы және қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. 

5ea5af60213e3d658a429097a7541250.jpg

Отанды сүю – бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп, табыстау. Отанды сыйлау – тарихты білу. Баршаңызды тарихты білуге шақырамыз.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз