«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».
Н. А. Назарбаев
Басты бет » Жарияланымдар » Білімге сусындатқан – Семейдің Абай кітапханасы

Білімге сусындатқан – Семейдің Абай кітапханасы

03 Қазан 2016
Білімге сусындатқан – Семейдің Абай кітапханасы
Семейдегі Абай кітапханасының тұрақты оқырмандары қатарында Е. Михаэлис, Н. Долгополов, Абай Құнанбайұлы, американдық журналист, публицист Джордж Кеннан, поляк революционері А. Янушкевичтер болды

Еліміздегі ең көне кітапханалардың бірі, шежірелі тарихы бар Семей облыстық кітапханасы 133 жыл бұрын ашылған. Бүгінде ол – Семей қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы. Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің 1992 жылы 8 желтоқсандағы шешімі бойынша кітапханаға қазақтың кемеңгер ақыны Абай есімі берілді. Семей тарихы мен мәдениетінің жарқын беттерінен маңызды орын алатын кітапхана тарихы ұлы ақынның есімімен тығыз байланыста. Абайдың әлемдік әдебиет шығармаларымен сусындауына үлкен ықпал еткен де осы Семей облыстық кітапханасының ашылуы. Ендеше бір ғасырдан астам тарихы бар кітапхананың тарихына сәл шегініс жасап қайтсақ. 

ХIХ ғасырдың екінші жартысында Семей жері патшалық Ресей үшін саяси айыптыларды жазалау орындарының біріне айналғаны тарихтан мәлім. Қалада саяси жер аударылғандардың болуы қаланың мәдени-рухани өміріне тың өзгерістер әкелді. Саяси жер аударылғандар Е. Михаэлис, П. Лобановский, Н. Долгополов, С. Гросс, А. Леонтьев, А. Блектердің Семей қаласының рухани өміріне сіңірген еңбектері бір төбе. 

5b9e81c8403403599761fd7b9643efb6.jpg

Жоғары да сөз етіп отырған құнды кітапхананың ашылуына бірден-бір себепкер кесек тұлға, – Евгений Михаэлис болатын. 1869 жылы Е. Михаэлис Семей қаласына жер аударылып келеді. Ол жазасын өтей жүріп үлкен әлеуметтік жұмыстармен айналысып, түрлі зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Сол уақытта Михаэлис орыс география қоғамының «Известиясына» зерттеу мақала жазып, 1878 жылы ашылған Семей қаласындағы Облыстық санақ комитетін ұйымдастырды. Бұл комитет қазақ өлкесіндегі экономика, тарих, шаруашылық және табиғат мәселесін зерттейтін ғылыми мекеме болды. Соның қасынан шағын кітапхана қорын ашады. Өзі осы мекеменің тұңғыш төрағасы болды. Санақ комитетіне өзінің досы, қазақтың ойшылы Абай Құнанбайұлын мүшелікке кіргізді. Абай Құнанбайұлы мен Евгений Михаэлистің таныстығы, достығы сол санақ комитетінің жанынан құрылған кітапханадан басталады. 

Бес жылдан кейін 1883 жылы жоғарыдағы сөз етіп отырған Семей облыстық кітапханасына қалалық статус беріліп, тарих қойнына алтын әріппен есімі жазылады. Кітапхананың ең алғашқы кітапханашысы саяси жер аударылған тарихшы, этнограф Н. Коншин болды. Кітапхана ашылған уақытта кітап қорыда біршама көп болған. Кітапхана туралы деректерге көз жүгіртсек, алғаш ашылған уақытында 274 дана кітап болып, оны 130 оқырман пайдаланған көрінеді. 

40beb4e97848f7b7ab781db136a0d46f.jpg

Ал 1885 жылы америкалық саяхатшы Джордж Кеннан мен суретші Форст Семейге келіп, жаңадан ашылған кітапханының қорымен танысып, бай қорына тәнті болған. Ол туралы абайтанушы ғалым Асан Омаров өз зерттеулерінде былай дейді: «Екі жиһангер осыдан екі жыл бұрын, яғни 1883 жылы ашылған қалалық кітапхана қорымен танысып, оның байлығына қайран қалады. Мамандығы журналист Джордж Кеннан өзінің естелігінде былай жазады: «Мен Спенсер, Бокль, Лъюис, Милль, Тән, Леббок, Гексли, Дарвин, Лайель, Тиндаль, Уэллес және сэр Генри Мәнның шығармаларын, Скотт, Диккенс, Мариэт, Жорж Элиот, Жорж Мак-Дональд, Эккерман-Щатриан, Эдгар По және Брет Гарттың романдары мен повестерін көріп қатты таңқалдым. Әсіресе ғылыми шығармалар мол, оның көбісі саяси экономия жөніндегі шығармалар екен»,-деп таңданыс білдірген. Ендеше Михаэлис ықпал еткен кітапхана қорында шетел мен батыс Еуропаның атақты зерттеушілері мен шығармашыл өкілдерінің кітаптары болуы – бай қазынаның бірі. 

Жаңадан ашылған қоғамдық кітапхана жайлы саяси жер аударылған А.Л. Блэк былай деп жазды: «Облыстық статистикалық комитет құрылғаннан бері онда география, этнография, археология, статистика, жаратылыстану ғылымдары бойынша арнайы ғылыми және танымал шығармаларды қамтыған кітапхана жинақталған. Одан басқа 200-ге тарта ай сайын жарық көретін журналдар, түрлі ғылыми қоғамдардың есеп және протокол түріндегі толық дайын емес материалдары да бар. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында статистикалық комитет ұжымы бұл кітапхананы баршаға қолжетімді ету мақсатында қоғамдық кітапхана ашуды шешті». Сол уақыттан комитет құрастырған кітапхананы пайдалану ережесі бойынша оқырмандардан абоненттік ақы алынды. 

0a93f838f0845c5f7054ac2a8260a7c2.jpg

Семейдің қалалық кітапханасы туралы алаштың соңғы тұяғы, абайтанушы Қайым Мұхамедхановта дерек келтіреді. Ғалымның айтуынша қалалық кітапхана қорында өз уақытында мың томға жуық кітап қоры болған. «Ол замандағы Сібір қалаларындағы кітапханалардың ішіндегі ең байы деп танылған»,-дейді Қ.Мұхамедханов. 

Аталмыш кітапхана Семей зиялыларының орталығына айналған. Тұрақты оқырмандары қатарында Е. Михаэлис, Н. Долгополов, Абай Құнанбайұлы болды. Американдық журналист, публицист Джордж Кеннан, поляк революционері А. Янушкевич, орыстың әйгілі саяхатшысы П. Семенов Тянь-Шанский сияқты ірі тұлғалар да кітапханаға бас сұққан. 

Сонау XIX ғасырдан бері ғұламалар мұрасын ғасырдан ғасырға дейін сақтап, талай оқырман үшін білім ордасы болған киелі шаңырақ бүгінде жаңа заман талаптарына сай қызмет көрсетуде. Бүгінгі кітапхананың мақсаты: қала жұртшылығының сұранысын қамтамасыз ету үшін өз ақпараттық әлеуетін нығайту, оқырман қауымның ақпараттарды білуге деген талап-тілектеріне қолдау көрсету, электрондық ресурстарды тиімді қолдануға үйрету. Жалпы оқырман сұранымына жауап беретін ақпараттық орталық ретінде кітапхананың алар орны ерекше. Қазір кітапхананың кітап қоры 340 мыңнан асып, оны 17 000-ға жуық оқырман пайдаланады. Жыл сайын 400 мыңға жуық кітап өз оқырманын тауып, кітапханаға келушілер саны 176 000 оқырманды құрап отыр. Жылына кітапхана 200 тарта мерзімді басылымдарды жаздырып алады.  

Әзірлеген Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз